Атырау, 29 желтоқсан 06:22
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Индердегі «зейнетке шықпаған» қондырғылар

3 267 просмотра

13 мың халқы бар Индербор поселкесіндегі ескі су қондырғысы жазатайым істен шықса, онда Жайықты жағалай қонған елдің сусыз қалу қаупі бар.

 

ЖАЗЫҒЫ – СУ СҰРАҒАНЫ

Жыл сайын көктем басталысымен индерліктер дүрлігеді де жатады. Өткен жылдың 12 мамырында ауыз суға зар болған жүздеген тұрғын аудан әкімінің кабинетіне басып кірген болатын (Оның бейнежазбасы «АЖ» тілшісінің қоржынында сақтаулы. - Л.Қ.). Биылғы жылдың бірінші маусымында поселкеге келген облыс әкімі Бергей Рысқалиевті ашынған елу шақты адам айқаймен қарсы алған болатын. Бұл билікке жақпады. Әкімнің осы сапарынан кейін су сұрап,  ереуілдеткендердің үш-төртеуі аудандық сотқа дейін жеткізіліп, біреуі айыппұл төледі. Аудан әкімі Ж. Рахметқалиевтің кабинетіне талтүсте басып кіріп, облыс әкімі Б. Рысқалиев мінген машинаны тоқтатпақ болғандардың әрекеті еш нәтиже бермеген сыңайлы. Халықты сумен толықтай қамтамасыз ете алмай отырғанына қарамастан, биліктегілер төлемақы төлемейді, деп бар кінәні тұрғындардың мойнына артқысы келеді.

Әлқисса, облыс әкімі келіп кеткеннен кейін үш ай жарымда Индербор поселкесінде не өзгерді?

 

АБОНЕНТ БАЙЛАНЫС АЯСЫНАН ТЫС ЖЕРДЕ

Индер ауданының әкімі Жангелді Рахметқалиевпен кездесу оңай емес. «АЖ» тілшісі бірнеше сұрақтарына жауап алу мақсатында сан рет қоңыраулатқанынан ештеңе шықпады. Хатшы қыз «жиналыс болып жатыр» болмаса «шығып кетті» деген жауаптан танбады. Әкім Ж. Рахметқалиевтің ұялы телефонына бірнеше рет шыққанымызбен, жауап бермеді. Ал коммуналдық мәселелерге жауапты аудан әкімі орынбасарының орны бір айдан астам уақыт бос тұр.

 

ҚЫЗЫЛ ЛЕНТАЛЫ НЫСАН - КӨЗ ҚҰРТЫ  

«Дербес Құрылыс» ЖШС жасаған жаңа су құбырының қызығын тұрғындар әлі көрген жоқ. 2007 жылы басталған 550 млн. теңгенің мембранды жаңа су тазарту қондырғысы (СТҚ) әлі қабылданған жоқ. 2010 жылы 7 шілдеде аудан әкімі Ж. Рахметқалиев өзі бас болып, облыс әкімі Б. Рысқалиев қызыл лентаны қиып, «индерліктер суға қарқ болады» дескен. Меркелеткен жаңа СТҚ-ның бір басына жететін әлегі бар болып шықты. Бастапқыда жаңа қондырғыдан су бере бастағанымен, булану алаңындағы шайынды қалдық су толып кетіп, жұмысын еріксіз тоқтатқан. Сонымен бірге қалқымалы су айдау станциясының осы кезге дейін төлқұжаты, пайдаланылған материалдардың сертификаты, құрастырған мекеменің лицензиясы жоқ болып шықты. Станцияда техникалық қауіпсіздік шаралары сақталмағандықтан, адамның токқа түсу қаупі бары анықталған. Жоба бойынша қалқымалы су айдау станциясы мен су тазарту қондырғысының арасы тұтас темір тұрбамен жалғануы тиіс бола тұра, іске аспаған. Бұдан басқа да жетпестіктер салдарынан нысан әлі күнге қабылданбай тұр. Бірінші маусымдағы ауданға сапарында Бергей Рысқалиев: «Егер жаңа нысан бірер айдың шамасында іске қосылмайтын болса, мердігер сотталады» деген болатын. Сонымен, жарты миллиардты «жұтып қойған» жаңа қондырғыға қосымша ТЖ қорынан жергілікті бюджет арқылы 90 млн. теңге қаралып, жұқа қабатты өзен суын  тұндыруға арналған резервуар құрылысын жүргізу мақсатында «ЦентрСтройЛТД» ЖШС-мен19 тамызда келісім - шарт жасалған. Келісімге сәйкес, қаржының отыз пайызы мердігерге аударылған. Бірақ құрылыс жұмысының мардымсыз жүргізілуі салдарынан қазанға тиесілі 45 млн. теңге игерілмей, қарашаға жылжыту көзделуде.

- Біз жұмысты жүргізгенімізге бір апта болды, қашан аяқталатынын айта алмаймын. Осылай күн ашық болып тұрса, жақсы. Жаңбырлы болса жұмыс тоқтайды немесе кідіріске ұшырайды, - дейді серіктестік прорабы Сайын РАХМЕТОВ.

 

ЖОҚТАН БАР ЖАСАУ

Поселкенің халқы ауыз суды ескі су қондырғысынан ішіп отыр. Бұл ескі қондырғы 1974 жылы қолдануға берілген. Қырық жылға жуық жөндеу көрмеген қондырғының кез келген уақытта істен шығуы ғажап емес. Оны операторлардың өзі мойындап отыр. Су жинап, түрлі химикатпен араластырғыш қондырғы тесіліп қалса, онда су беру тоқтатылады. Қондырғы әбден ескірген, тозған, жамаумен тұр. Сырғытпалар, су құбыры қырық жамау тесік. Су құбырынан аққан суда есеп жоқ, сарылдап далаға ағып жатыр.

 - Қазір судың 15-17 пайызы осы жерде жоғалып жатыр, ол кері Жайыққа ағады, бірақ оның зияндылығын ешкім ескеріп жатқан жоқ. Құрылғылар істен шығып кетпесе деп тілейміз. Бүкіл поселке осыған қарап отыр, - дейді СТҚ бастығы Марат ХАМЗИН.   

Хамзиннің айтуынша, қазір мұнда екі насос қана су айдап тұр, ал жаңа қондырғы іске қосылса, он насос жұмыс жасамақшы. Бұл дегенің токты қазіргіден төрт есеге шығынға батырады деген сөз. Тұрғындарды сумен қамтушы «Индергаз» ЖШС-нің бастығы сегізінші адамға өзгерген. Жаңа бастық келгеніне үш-төрт күн болғанын, сол себептен көп ештеңемен таныс еместігін айтып ақталды. Серіктестіктің бережағы бастан асады, тамыздың еңбекақысы сексенге жуық адамға енді берілуде.

 - Біз мекемеге қаншама ескертпелер мен айыппұлдар салдық. Тіпті соңғы күндері ескі су қондырғысын жаппақ та болғанбыз. Бірақ бюджеттен қаржы қаралып, ескі қондырғының кейбір бөліктерін ауыстыратын болғасын ол райымыздан қайттық. Дегенмен хлоратор қазір істен шығып тұр. Су хлорланбай тұр, - дейді Индер аудандық МСЭҚБ бастығы Шолпан ЕРЖАНОВА.

Қазір поселкеде екі мың текше метр су берілуде.

 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

19 қазан 2011, 18:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.