Атырау, 27 қараша 09:35
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Ақбөкендердің орынын сипап қалмайық

8 478 просмотра

Ресей мен Қазақстан ақбөкендерді сақтап қалуға үндеген келісім жобасын жасап шығарды. Құжатқа таяу уақытта РФ табиғат ресурстары мен экология министрлігі және ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі қол қоюы тиіс.

Екі мемлекет енді шекаралық аудандардағы ақбөкендердің саны мен жүру бағыттарын бірге қадағалап, ақбөкендер санын сақтау шараларымен бірге қамтамасыз ететін болады. Алайда сақтайтын ақбөкен қалды ма?

- Өткен жылы Атырау, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының тоғысқан жерінен бірнеше ақбөкен көрдім. Ал биыл оларды көргенім жоқ. Дегенмен кей жерлерден біздің топ ақбөкендердің нәжістерін байқады. Бұдан ақбөкендер мүлдем жойылмаған деген қорытынды жасауға болады, - дейді облыстық обамен күрес стансасының аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу және эпизоотология зертханасының меңгерушісі Федор САРАЕВ.

Браконьерлік осынау жоғалып бара жатқан жануардың басты сорына айналған. Онымен Атырау орман және аң шаруашылығы аумақтық басқармасы күресуі тиіс.

- Ақбөкендерді атуға 2020 жылға дейін тыйым салынған. Ал біздің есебімізде әзірге біреу ғана бар: Ганюшкин селосынан Өзбекстан азаматы 62 жұп ақбөкен мүйізі салынған дорбасымен ұсталды, - дейді басқарма бастығы Сақтап ӘЛІПҚАЙЫРОВ. – Бірақ біз даланы үнемі аралап жүреміз. Биылғы жылдың 20 маусымында құқыққорғау органдарымен бірге Балқұдық ауданына шықтық. Браконьерлерді таппадық, бірақ 14 ақбөкеннен тұратын шағын үйірді көрдік. Содан соң ІІД-не жануардың мүйіздерін сатып алатын адамдарға қатысты шаралар алу өтінішімен шықтық. Ешқандай шаралар алынбады.

- Сіздерде ақбөкендерді қорғаумен неше адам айналысуда?

- Аз. Басқармадағы мемлекеттік инспекторлар бар болғаны 6 адам. Оларға Атырау облысындағы 11 миллион 800 мың гектар жерді бақылауға алу мүмкін бе? Бұдан басқа, браконьерлерде тез жүретін джиптер бар. Ал біздегі итті де қуып жете алмайтын «УАЗиктер» ғана. Тағы бір проблема – браконьерлерге қамқор боп жүрген «крышалар». Көбінесе бізге 180 градусқа бұрылып, алды-артымызға қарамай кетіп қалуға тура келеді. Оның несін жасырайын, баршаға белгілі жайт қой, - деп ақтарылды облыстың бас қорықшысы. – Күшіміз тең емес екенін өзіңіз түсініп отырсыз ғой.

- Қазақстан мен Ресей арасындағы келісімге қол қойылғаннан кейін бір нәрсенің өзгеруі мүмкін бе?

- Үміттенемін. Тек кешігіп қалмасақ екен. Жақында Орал қаласының орман және аң шаруашылығы инспекциясындағы әріптесіммен хабарластым. Олар ұзақ жылдар бойына бақылауға алып отырған ақбөкендер тобын жоғалтып алыпты. Жануарлар із-түссіз ғайып болған.

- Жалпы қанша ақбөкен қалыпты?

- Менің мәліметтерім бойынша, еділ-жайық тобынан 10-12 мыңы ғана қалған. Біз Ресеймен осы топқа қатысты келісім жасаған едік.

Анастасия ПАСТУХОВА

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ

2002 жылы Дүниежүзілік табиғат қорғау одағы ақбөкенді  «CR», яғни, «жойылып кету қаупі бар» деген санатқа енгізген.  Бүгінде ақбөкендер тек Қазақстанда, Өзбекстанда, Ресейде (Астрахан облысы мен Қалмақстанда) және Батыс Моңғолияда мекендейді.

19 қазан 2011, 18:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.