Атырау, 29 желтоқсан 05:59
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Жағалаудың жанашыры кім?

2 623 просмотра

Редакцияға Жайық өзенінің жағалау аймағына бей-берекет салынған құрылыстарға қатысты шағымдармен қоғамдық бірлестік өкілдері мен қала тұрғындары хабарласты.

«Коттедждер Жилгородоктағы өзен алқабынан бой түзеген. Ол жерге 5 қабатты үй салынған. Жанында жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай жаңа «сарайлар» қаптап кеткен. Ал су қорғау аймағы ше? Өзен алқабынан қандай да болмасын құрылыстардың салынуына жол берілмеуін сұраймыз», - деп жазады қала тұрғындары.

 

«Бізге нақты заң бұзушылықтарды көрсетіңіздер»

Атырау және Маңғыстау облыстарының аймақаралық жер инспекциясындағылар алдымен «сыпайы» түрде қолданыстағы заң актілеріне сілтеп құтылды.

«Тексеру жүргізілуі қажет болатындай жер немесе су заңнамасының нақты бұзылғандығы көрсетілмеген, - делінген инспекция бастығының орынбасары Сапаргелді Өтепбаевтың қолы қойылған жауапта. – Атап айтқанда, Жилгородоктағы қандай нақты нысанның қолданыстағы ҚР заңнамасын бұзып салынғандығы және қандай заң бұзушылық болғандығы көрсетілмеген».

Ал «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» ҚР заңының 5-бабына сәйкес, мәселенің мәні баяндалмаған өтініштер қарауға жатпайды. Бұдан басқа, «Мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» ҚР заңының талаптарына сәйкес, жеке және заңды тұлғаларды тексеру прокуратура органдарына міндетті тіркелгеннен кейін жүзеге асырылады.

Әрі қарай жер инспекциясындағылар биылғы жылы басқа мемлекеттік құрылымдармен бірге жер заңнамасының, соның ішінде, су қорғау аймақтары бойынша сақталуына қатысты тексеру жүргізілгендігін хабарлады. Тексеру коттедждер мен Жилгородоктағы 5 қабатты үйлерді қамтыған. Олар 35 метрлік су қорғау аймағына кірмейді екен.

 

«Бұл бар болғаны жағалау нығайту бекіністері»

Табиғат қорғау прокуратурасы Жилгородоктағы құрылыстардың су қорғау жолағынан тысқары тұрғанын жазбаша түрде растады. Бұдан басқа, облыстық әкімдіктің 2010 жылғы 25 наурыздағы «Атырау облысы шеңберінде Жайық пен Қиғаш өзендерінің су қорғау аймағы мен жолақтарының шекарасын белгілеу туралы» №66 қаулысымен осы аудандағы су қорғау жолағының шекарасы жағалау нығайту бекіністерімен белгіленген болатын.

Әрі қарай, есу базасынан университет стадионына дейінгі ауданда жағалау нығайту бекіністері салынуда. Жұмыстар, шынымен де, су шаруашылығы құрылысынан басқа, түрлі құрылыстар салуға тыйым салынған өзеннің су қорғау жолағында жүргізілуде. Прокуратура сендіріп отырғандай, жағалау нығайту бекіністері су шаруашылығы құрылысына жатады екен. Жер учаскесін бөлу мен құрылыс жобасы «Су қорларын реттеу, пайдалану және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы» мемлекеттік мекемесімен мақұлданған.

«Бұдан басқа, ҚР Су кодексінің 126-бабына сәйкес, су нысандары мен су қорғау аймақтарындағы және жолақтарындағы жұмыстар өкілетті органдардың келісімімен жүргізілген. Осыған байланысты табиғат қорғау прокуратурасы осы бағытта тексерулер ұйымдастыру үшін өкілетті органдарға тиісті тапсырмалар берді. Осы жауапқа келіспеген жағдайда сіздер жоғарғы сатыдағы прокуратураға немесе сотқа жүгінуге құқылысыздар», - деп хабарлады табиғат қорғау прокуратурасындағылар.

 

Облэкология жағдайды анықтайды

Ал редакция қала тұрғындарының өтініштерін жолдаған тағы бір мекеме Жайық-Каспий экология департаменті 7 қыркүйекте қала әкіміне «өзеннің жағалау аймақтарындағы құрылыстарға қатысты жағдайды түсіндіру жөнінде» хат жолдағандығын хабарлады.

Дайындаған Лев ГУЗИКОВ

19 қазан 2011, 18:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.