Атырау, 24 қараша 12:33
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Индер ауданы проблемасы қашан таусылады?

14 301 просмотра

Енді азғантай күнде әкімдердің халық алдында жылдық есебі тыңдалады. Индер ауданының әкімі тыңдарман халықтың алдында қандай жетістіктер мен олқылықтарды алға тартатыны белгісіз. Өйткені, ауданда қордаланған проблемалар жетіп артылады.

ЛЕНТАСЫ ҚИЫЛҒАН СУ ҚОНДЫРҒЫСЫ ҚАЙДА?

Жергілікті тұрғындардың арасында саябақтағы ағаштарды кесумен есте қалған аудан әкімі Ж. Рахметқалиевтің жыл ішінде атқарған жұмысына халықтың қаншалықты баға беретінін уақыт қана көрсетеді. Өйткені жұртшылыққа берген уәделердің кейбірі орындалмай қалды. Біз соның басты‑бастысына тоқталып өтпекпіз. Мәселен, сақалды құрылысқа айналған су тазарту қондырғысының лентасын облыс әкімі Б. Рысқалиев өз қолымен қиып, индерліктерге су проблемасы шешіледі десе де әлі күнге пайдалануға берілген жоқ. Республикадағы тұңғыш рет қолданысқа енеді деп күтілген американдық мембранды жүйедегі СТҚ ауданға қолайлы болмай шықты. 550 млн. теңгеге бағаланған СТҚ бүгінде халық қажетіне жарамай отыр. Өткен жылдың көктемінде аудан әкімі саябақтағы ағаштардың біраз бөлігін қиып тастап, онысы әзер дегенде көктеген болатын. Саябақта ағаштарды суару үшін су құбыры жоқ еді. Сол кезде әкім саябақтың жұмысын жетілдіру үшін бюджеттен 56 млн. теңге бөлінетінін айтқан болатын. Ол сома облыстық бюджеттен бөлінгенімен онысы ала жаздай игерілмегесін облыс кері қайтып алды. Поселкедегі көпқабатты үй тұрғындарына (130 отбасы) деп бау‑бақша егушілерге жер жыртып, су тартып бергенімен әкімнің бұл бастамасы күлкілі аяқталды. Себебі қоршалмағасын жеткілікті өнім алынбастан малға жем болып кетті. Үш айдан бері жабық тұр. Жөндеуден өткізіледі деп жеке кәсіпкерден тартып алынған қырық орындық жалғыз монша үш айдан бері жабық. Моншаның жөндеуіне бюджеттен 3 млн. 500 мың теңге бөлінеді дегені өтірік болып шықты. «Талап» базарының жыры да көп болып тұр. Базардағы саудагер өзбектер қуылған соң, баға өсіп кетті. Енді жұртшылық ұсақ‑түйек зат алу үшін 180 шақырымдағы Атырау қаласына сабылып әлек. Әкімнің саудагер өзбектердің базардан аластау туралы күштеп берген тапсырмасына қарапайым жұртшылық наразы. Бұл тұрғыда бірнеше адам «АЖ» поштасына арызданған болатын.

Коммуналдық мәселелердің проблемасы - бұл бітпейтін бір жыр. Ауданда таза су жайы толық шешілген жоқ. Су мұқтаждығы жылдарға жалғасып, халықтың ашу‑ызасын туғызуда. КОС авариялық жағдайда. Оған миллиондаған қаржы бөлінеді деген әкім сөзі желге ұшып кеткендей. Бір жылдың ішінде «Индеркомсервис» ЖШС‑ін бірнеше рет жауып, ашқан әкім қаулыларының заңдылығын жергілікті прокуратура шешпекші. Ал өткен жылы инвестиция жоба жұмыстарына бюджеттен 263 млн. теңге бөлінгенімен ауданның күрмеуі келмейтін мәселелері оңалмастан қалды.

ЕРІКСІЗ КӨШІРІЛГЕНДЕР

Әлеуметтік жағдайдағы беталыс та оншалықты мәз емес. Өткен жылдың күзінде өртенген жатақхананың он үш отбасына бюджеттен 13 млн. теңге ғана бөлінді. Ол Индербор поселкесінен үй сатып алуға жетпейтін қаржы еді. Әлділері берілген көмекқаржының үстіне бар жиған‑тергенін қосып үй сатып алса, ал кейбіреулері ауыл‑селолардан бір шықты. Себебі, бөлінген қаржының жетпеуіне байланысты олар еріксізден ауылдарға көшуге мәжбүр болды. Ал кейбірі су, жылуы жоқ жатақханаларға көшірілді. Бұған халық амалсыздан көнді, себебі  қыс басталып та кеткен болатын. Әбден тығырыққа тірелген өртенген жатақхана тұрғындарының жайы осылай болып жатқанда, бюджеттен 3 млн. 850 мың теңге әкім Ж. Рахметқалиевтің қызметтік үйінің жөндеуіне бөлінуін қалай түсінуге болар еді.

Пәтер мәселесінің шешілмеуінен кадрлардың тұрақтамауы жиі орын алуда. Мәселен, дәрігерлердің жетіспеуі осы пәтерге тіреліп тұр.   

КАДРЛАРДЫ ҚОЛҒАПША АУЫСТЫРЫП...

Негізі Индер ауданы проблемаларының қордалануына аудан әкімдерінің жиі ауысуы себепші. Төрт жылда бес әкім өзгерді. Ж. Рахметқалиевтің өзі аудандағы оныншы әкім. Дегенмен ауданның ахуалы жаман. Бюджеттік қызметкерлердің, соның ішінде сала басшыларының аудан әкіміне наразылығы іштен ғана тұтануда. Ал әкім болса ауданның кадрларын қабілетсіз деп те атады.

‑Мен аты‑жөнімді айтпаймын, себебі ертеңгі күні жұмыстан қуылатыным сөзсіз. әкімдікте болған жиналыстарда ар‑намысқа тиетіндей сөздерді халық сеніп отырған әкімнен есту өте ауыр. Сөгіс алмаған адам кемде‑кем. Кадрларды бағалау деген онда атымен жоқ, жұмысқа деген құлшыныс жоғалды. Қашан жұмыстан шығарады деген үрей ғана бар. Негізі ауданда 37‑ші жыл орнады деуге болады. Әкім айналасындағы өзінің «сенімді» адамдарынан басқасы бірдеңе айтуға қорқады. Дәл осылай жалғаса берсе бір күні ауданда бас көтерулер бой көтеретіні анық. Мұны мен торықаннан айтып отырғаным жоқ,‑дейді білікті сала басшысы.

Өткен жылдың бюджет қызметкерлерінің қысқартуына жиырма екі адам ілікті. Оған дейін де кадрлардың өзіндік концерті басталып та кеткен болатын. Аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысы, білікті маман А. Серікқалиева аудан әкімінің орынсыз кінәлауларынан кейін облысқа кетіп қалуына тура келді. Одан кейін оның орнына бір маман облыстан (негізі Қызылқоға ауданының тумасы дейді‑мыс) келгенімен екі ай жұмыс жасап, неге екені белгісіз табанын жалтыратты. Оның орнына тәжірбиелі экономист Б. Қашқынов келіп, ол да азғантай жұмыс жасап, мұражайдан бір шықты. Енді келген төртінші экономистің қашанға дейін жұмыс жасайтыны жұмбақ. Аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бұрынғы бастығы, жергілікті кадр А.Қабиев та жұмыстан кетіп, оның орнына қаладан маман әкелінді. Жөнді жұмыс жасамағасын ол да орнын тастап кетті, енді қаладан басқа маман шақырылды. Коммуналдық сала басшылары да қолғапша ауысуда. Бұл саланың тұралап қалуының мәнісі басшылықтың жиі ауысуынан дейді мамандар. Аудан әкімінің орынбасары, аппарат басшысы, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру, кадрмен жұмыс және мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы бастығы «даладан» келді. Соңғы екі маман қысқартулар жүріп жатқанда келгенін айта кеткен жөн. Және бұлардың біреуінен басқасы Қызылқоға ауданының тумалары. Ал әкім Ж. Рахметқалиев қызылқоғалық.

‑Қысқартулар жүріп жатқанда тыстан маман шақыртудың қажеті қанша?

‑Мен бұрынғы әкім Нәутиевтің кезінде келгенмін. Ауданда ауыл шаруашылығы маманы жоқ, барын шақыртқанымен ықылас білдірмеді. Еңбекақысы аз, айқайы көп, келмейді. Сосын  ауыл шаруашылығы бөлімі бастығы боп Атыраудан келді. Аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру, кадрмен жұмыс және мемлекеттік құқық бөлімі меңгерушісін заңгерлік білімі болғасын басқа жақтан алуға тура келді, өйткені аппаратта заңгер жоқ,‑дейді аппарат жетекшісі Қайрат НҰРЛЫБАЕВ.

‑ Неге аппаратта заңгер бар емес пе еді?

‑ Жоқ ол контрактымен уақытша алынған. 

‑ Резервте тұрған кадрлар бар ма?

‑ Тек ветеринар дәрігер ғана бар. Кадр жетпейді.

16 Еңбек Ері шыққан ауданда ауыл шаруашылығы маманы жоқ деу қалай болар екен?! Тыстан келген мамандарға үй де керек емес пе?! Онсыз да экономикасы тұралап тұрған ауданда пәтер мәселесін шешу қосымша қаржыны керек етеді. Білікті, жергілікті басшыларды көтермелеу жағы да ойсырап тұр. Тәуелсіздік күніне ауданнан бірден бір адамның наградаға ұсынылмауы қалай?

Біз аудан әкімі Жанкелді РАХМЕТҚАЛИЕВТЕН комментарий алуды ұйғарғанбыз. Кабинетіне кіріп шыққан хатшы қыз әкім бос еместігін жеткізді. Қашан босайтынын білмек болғанымыздан да түк шықпады, әкім қалта телефонын көтермеді. Біз кетісімен «таз ашуын тырнадан алады» дегендей, күзетші «АЖ» тілшісін әкімшілікке кіргізгені үшін Рахметқалиевтен ұрыс естіпті.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА        

Суретті түсірген автор

6 қаңтар 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.