Атырау, 29 желтоқсан 05:50
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Астраханда Бөкей хан кесенесі бой көтерді

12 364 просмотра

12 қазанда облыс әкімі Бергей Рысқалиевтың басшылығымен Атырау кәсіпкерлері мен мәдениет қайраткерлерінің делегациясы Астрахан облысына аяқ басты.

БӨКЕЙ ХАН МЕНҰЛЫ НҰРАЛЫ

Ресми сапардың алғашқы нүктесі Қызылжар ауданының Кіші Арал ауылы болды. Онда Бөкей хан кесенесінің ашылу салтанаты өтті. 1801 жылы Бөкей хан император І Павелдың келісімімен Еділ мен Жайық өзендері аралығынан Ішкі Бөкей Ордасының негізін қалаған еді (биылғы жылы осы оқиғаның 210 жылдығы аталып өтеді). Бөкеймен бірге жаңа хандықтың аумағына 31 мыңнан аса, негізінен Он екі ата Байұлынан тараған, сондай-ақ, Жетіру мен басқа да рулардың қазақ отбасылары көшіп келді. Кейінірек Орда халқы 300 000 адамға жетті.

Бөкей ханның бейітіБөкей Ордасының орталығы - хан ордасы қазіргі Батыс Қазақстан облысындағы Орда ауданының Бөкей селосының орнында болған. Ал хандық аумағы қазіргі Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының аумақтарымен және Қазақстанмен шектесіп жатқан Ресей Федерациясының Астрахан, Саратов және Волгоград облыстарын қамтыды.

Бөкей хан 1815 жылы мамырда көз жұмған. Өз өсиетінде аманат еткеніндей, досы және рухани ұстазы Сейіт бабаның жанына жерленіпті. Ханның жанынан жұбайы Атан ханым мәңгілік орын тепкен.

Сейіт баба (Саид Бин Кулвай Саид Ғали) - Сейіт-алтаяқ руынан шыққан қарағаш-ноғай әулиесі. Ол 17 жасында Мысырға ілім іздеп кетіп, Бағдатта, Түркістанда және Үндістанда рухани құндылықтарға қол жеткізген. Бөкей хандығының ноғай даласы мен қазақ қоныстарына суфизм дінін уағыздаған. Қазіргі кезде Сейіт баба мен Бөкей ханның мұражай кешені зиярат ететін орын боп табылады. Бұл жерге күн сайын Қазақстанның, Ресейдің және басқа елдердің түкпір-түкпірінен адамдар ағылып келеді. Сейіт бабаның бейітіне қол тигізіп, жанына барса түрлі сырқаттар мен кеселдерден дауа табуға болады дейді. Күніне бейіт басына 400-дей адам келеді. Бұл жерде зиярат етуге келген жандарға арналған мейманханалар бар. Оларды әулиенің ұрпақтары күтіп алады.

Сейіт бабаның шағын ғана ағаш мазарының ішінде (суретте) құм топырақ жатыр, оған қолды малу керек екен. Бұл жерге сейсенбі күні келіп, құлшылық етіп, үш мәрте сағат тілінің бағытымен мазарды айналып өткен жөн деп есептеледі. Мазардың жанында Бөкей ханның бейітіне Санкт-Петербордан ұлы Жәңгірдің тапсырысы бойынша жасалған қабір дуал орналасқан.

Бөкей ханның жаңа мазарының биіктігі 19 метрге жетеді. Қызыл керамикалық кірпіштен өріліп, Маңғыстаудың құмды әктасымен өрнектеліпті. Бұрын хабарланғандай, бетоннан басқа барлық құрылыс материалдары Атырау облысынан әкелінген.

ДЕМЕУШІЛЕР ДӘРІПТЕЛДІ

Бөкей хан мазарын салуды ұйымдастырушы - ҚР мемлекеттік қызмет істері жөніндегі облыстық агенттік басқармасының бастығы Мұхит Ізбанов, ал демеушілер -  облысқа танымал кәсіпкерлер Аманжан Рысқали, Амангелді Барақатов, Әбдібек Бисенов, Орынғали Алдекенов, Мұрат Жақабаев, Әділ Жұбанов, сондай-ақ мәжілісмен Болат Қонарбай, сенатор Сәрсенбай Еңсегенов, «ҚазТрансойл» АҚ Батыс филиалының басшысы Фердинат Мамонов екендігін естеріңізге саламыз.

- Бұл жандардың артық қаржылары жоқ, бірақ шынайы жүректері бар, - деп сипаттады атыраулық меценаттарды Ресей Федерациясындағы ҚР Өкілетті елшісі Зауытбек ТҰРЫСБЕКОВ (суретте) кесененің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде. Ол Еуразия мемлекеті ретінде Қазақстанның қалыптасуына өз үлесін қосқан Бөкей ханның рөлін ерекше атап өтті.

- Бөкей хан – Біртұтас қазақ мемлекетінің бір бөлігіне айналған жаңа мемлекеттік құрылымының негізін салушы. Жайық пен Еділ өзендерінің аралығына Бөкей ордасын қалаған ол қазақтардың мемлекеттік құрылымының шекарасын кеңейтті. Осынау мемориалдық кешен тек бізге ғана емес, өз тарихын білу үшін келешек ұрпаққа да қажет.

Астрахан облысының губернаторы Александр ЖИЛКИН уақытша бос жатқан (шығысқа қарай қалмақтардың бір бөлігі көшкеннен кейін) өзен аралығына қазақтардың қоныстануы арқасында мал шаруашылығы дамығанын атап өтті.

 

ІСКЕР СЕРІКТЕСТІК

Мазардың ашылу салтанатынан кейін делегация Астрахан облысы губернаторының резиденциясына бет алды. Ол жерде А.Жилкин мен Б.Рысқалиевтің келіссөздерінен кейін екі тараптық серіктестік мәселелері бойынша кеңес өткізіліп, астрахандық және атыраулық кәсіпкерлер арасындағы меморандумға қол қойылды. Рысқалиев Қиғаш өзені арқылы шекарааралық көлік қозғалысы өтетін көпірді «Достық» көпірі деп атауды ұсынды. Оның айтуынша, осы көпір ашылғанда екі ел арасындағы сауда-көлік қозғалысы әжептәуір артқан. Тек «Қараөзек» шекаралық өткізу қосыны арқылы жүк көлігі қозғалысының қарқындылығы 1,5 есе көбейген.

Астрахандықтар, губернатор Жилкиннің айтуынша, атыраулық кәсіпкерлерге кеме жасау саласындағы, бекіре тұқымдас балықтар санын қалпына келтіру технологиясындағы өз жетістіктерін, сондай-ақ, логистикалық, медициналық және білім беру қызметтерін ұсынуға дайын екен.

- Бізде Астрахандағы менталитет ерекше. Біз басқа аймақтардағыдай кәсіпкерлерді ұлттық белгісі бойынша өзіміздікі және бөтен деп бөлмейміз, - деп мәлімдеді А.Жилкин.

Іссапар алдында шекаралық серіктестік ахуалы жөнінде таратылған ақпаратта айтылғандай, біздің облысымыз бен Астрахан облысының арасындағы тауар алмасуды әзірге тең құқылы деп атауға болмайды. 2010 жыл ішіндегі 103,1 млн. доллар болатын сыртқы сауда айналымының 17,3 млн. доллары экспорт үлесіне тиеді, ал импортталған тауар 85,8 млн. доллар болады. Бізге Ресейден негізінен құрылыс материалдары, автокөліктер, жабдықтар, азық-түліктер әкелінеді. Сапар барысында Б.Рысқалиев сондай-ақ, балық өсіруге мамандандырылған «Белуга» АҚБ кәсіпорынына барды. Сөйтіп, сапар екі облыстың шығармашылық ұжымдарының бірлескен концертімен аяқталды. Атырау облысынан оған Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның музыканттары қатысты.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суреттерді түсірген автор

19 қазан 2011, 17:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.