Атырау, 29 желтоқсан 06:04
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Қазақстан президенті дін туралы заңға қол қойды

5 893 просмотра

Қазанның 13-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Діни қызмет және діни ұйымдар» туралы заңға қол қойды.

Қазақстан президент баспасөз қызметінің бейсенбі күнгі хабарламасы бұл заңның «діни ұйымдар туралы заңнаманы олардың дәрежесі мен әрекетін нақты реттеу арқылы жаңалау, қажетті құқықтық шектеулер белгілеу арқылы, сонымен бірге конфессионалды қатынастарды реттеу саласында мемлекеттік органдардың жүйелі жұмыстарының негізін анықтауға бағыттылғанын» айтады. 

Бұған қоса президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға да қол қойған.

Қыркүйектің басынан бері қызу талқыланған құжатты әуелі мәжіліс, сонан кейін сенат мақұлдаған болатын.

Бірақ заң жобасындағы 7-баптың 3-тармағы қоғамда дау тудырған еді. Оған сәйкес, мемлекеттік мекемелерде (ұйымдарда, қарулы күштер мен әскери құрамаларда, құқық қорғау органдарында, т.б. жерлерде) діни рәсім орындауға тыйым салынған. Ал «тыйымға қарсы келгендер әкімшілік жазаға тартылады» делінген. Алайда заң жобасының мәжілісте қатаң сынға алынған бұл тұсы қоғамдық палата мен жұмыс тобының талқылаулары кезінде алынып тасталған еді.

Бұл заң жобасындағы «жаназаны тек мешіттен шығару» туралы бап та көп сыналған.

Осыған дейін түрлі халықаралық ұйымдар да бұл заң жобасы елдегі түрлі діни ұйымдардың құқығын шектейтінін айтып, заңды қабылдамауға шақырған. Олар әсіресе заң жобасындағы «діни бірлестіктерді қайта тіркеуден өткізу», олар тарататын «діни әдебиеттерді діни сараптамадан ​​өткізу туралы» ережелер діни ұйымдардың еркін жұмыс жасауына кедергі келтіретінінін айтып еді.

Құқық қорғаушылар тіпті заң жобасының атауынан «бостандық» ұғымының алынып тасталғанын айтып, "бұл заң сенім бостандығын шектейді" деген болатын.

Дін істері жөніндегі агенттік жетекшісі Қайрат Лама Шарифтың (суретте) айтуынша, бұл заң күшіне енгенше (қол қойылған сәттен бастап 10 күннің ішінде) нормативтік құжаттар дайындалады, алғашқы құжат - діни бірлестіктерді тіркеу мен қайта тіркеу нормасы болады.

Қазақстанда алғашқы дін туралы заң – «Діни наным-сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы заң» 1992 жылы қабылданған.

http://www.azattyq.org

14 қазан 2011, 17:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.