Атырау, 28 наурыз 20:08
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

​Алғашқы бензол алынды

5 440 просмотра

Image 0

3 шілдеде Атырау мұнай өңдеу зауытының Хош иісті көмірсутегілер өндіру кешенінде (ХКӨК) тауарлық бензолдың алғашқы партиясы алынды.

- Бұл біздің сүйікті Астанамыздың туған күніне сыйлаған тартуымыз,- деп мәлімдеді ресми қосу рәсімінде Қайрат ОРАЗБАЕВ.

Айта кетсек, ел үшін елеулі оқиға астаналық мәртебелі қонақтардың қатысуынсыз өтті. Бұл рәсімге шақырылғандар арасында ҚР энергетика министрі Владимир ШКОЛЬНИК, бірінші вице-министр Ұзақбай ҚАРАБАЛИН, «ҚМГ» АҚ басқарма төрағасы Сауат МЫҢБАЕВ, «ҚМГ – өңдеу және маркетинг» АҚ бас директоры Данияр ТИЕСОВ бар еді.

Салтанатты рәсімге тек Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ, қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ, «Синопек Инжиниринг» компаниясының қазақстандық филиалының директоры Чжэн ФУЦЯН, «Казстройсервис» компаниялар тобының қазақстандық филиалының басшысы Сергей КОЛЕСНИКОВ және зауыттың құрметті ардагерлері сияқты «өз адамдарымыз» ғана қатысты.

Естеріңізге салсақ, ХКӨК-те қосу-баптау жұмыстары өткен жылғы желтоқсанда ҚР президенті Н. НАЗАРБАЕВТЫҢ қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір барысында басталған еді.

- Бүгінде технологиялық процестердің көп бөлігі қалыпты режимде тұр. Біз 103 бірлік санды октаны бар жоғары октанды компонент шығарамыз, бұл бізге АИ-80 бензинінің өндірісін тоқтатып, еліміз қатты мұқтаж болып отырған жоғары октанды бензин өндіруге көшуге мүмкіндік берді,- деді Қ. Оразбаев. – Бұдан да жоғары К3 және К4 стандарттарына көшу үшін бізге автокөлік бензинінің экологиялық түрғыдан ең зиянды бөлігі – бензолды бөліп алу қажет болды. Міне, бүгін әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие, сондай-ақ Қазақстанның болашақ мұнай-химиялық кластерінің шикізаты болып табылатын бензолдың алғашқы партиясы алынды. АМӨЗ Қазақстандағы ең алғашқы мұнай өндіруші кәсіпорын болды, ал бүгін мұнай-химияның тұңғышы болып отыр.

«Синопек Инжиниринг» компаниясының қазақстандық филиалының директоры Чжэн Фуцян:

- Біз өз мақсаттарымызға жету үшін қиын жолдардан өттік. Алайда біз мұратымызға жеттік. Бұл қондырғымен біз Қазақстанда бірінші рет К3 стандартты бензин, бензол, сығылған газ және т.б. өндіре аламыз. Біз тамыз айының аяғында параксилол өндіру қондырғысын, ал келесі жылдың соңына қарай Мұнайды терең өңдеу кешенін (МТӨК) іске қосамыз деп кепілдік береміз.

ӘСКЕРИЛЕРШЕ...

Бензол өндіру қондырғысын қосу рәсімі әскерилерше тиянақты және тез өтті. Көз алдымызда ХКӨК операторы анализатордан химиялық анализ жүргізуге арналған сынаманы алғаш рет алып, оны зауыттың орталық зертханасына берді. Зертханада жасалған жұмыстардың барлығы үлкен мониторда көрініп тұрды. Бірнеше минуттан кейін зертханашы анализ нәтижелері туралы хабарлады: бензолдың құрамы 99,97%, бензол нормаға сәйкес келеді.

ХКӨЕ операторы бас директорға әскерилерше мәлімдеп, қондырғыны іске қосуға рұқсат беруін сұрады. Басшының «Рұқсат етемін» деген сөзінен кейін мониторда кранды салтанатты түрде бұрады. Қ. Оразбаев барлығын тауарлық бензол өндірудің ресм ашылуымен құттықтады.

- Мұндай жетістік қазақстандық өңдеу саласы тарихында бұрын болған жоқ. Бензол бүгінде қымбат тұратын өнім. Ол әлемдік нарыққта үлкен сұранысқа ие, одан пластикалық қоспалар, химиялық талшықтар, қазіргі замандағы өмірімізде үлкен маңызға ие бір қатар тауарлар дайындалады. Параксилол – одан да бағалы, қымбат өнім. Оның базасында түрлі тауарлар шығаратын ондаған, жүздеген кәсіпорындарды дамытуға болады.

Келесі кешен бізге Еуро 5 стандарттарына сәйкес бензин, дизельдік отын, авиациялық керосин, сығылған газ алуға мүмкіндік береді, ал бұл - экологиялық жоғары деңгейлі өнім.

- Бензолды қазір қалай қолданылады?

- Қазір бензол экспортқа шығарылатын болады, түрлі нарықтарды қарап жатырмыз, бұл – Ресей, Қытай. Жалпы бензол кез келген елге шикізат ретінде өте қажет. Ал болашақта, қазақстандық мұнай-химиялық кластерлік кәсіпорындар дайын болғанда біз барлығын мұнай-химия шикізаты ретінде өзімізге қалдырамыз. Алайда зауыт екі нұсқада жұмыс жасай алатынын ұмытпаған жөн: 100 пайыздық жоғары октанды бензин өндіру және бензол мен параксилол өндіру. Бұл өте ыңғайлы сызба, әр түрлі бағытта жұмыс жасауға мүмкіндік береді, барлығы ішкі нарықтың талаптарына сәйкес жүргізіледі.

Жаңа кешен білікті мамандар үшін 270 жұмыс орнын ашты.

- Бұл өте үлкен кешен, мұнда барлығын қосқанда бес технологиялық қондырғы, 20-дан аса жалпызауыттық шаруашылық бар. 270 адамның бір бөлігі зауытымыздағы тәжірибелі мамандар болса, бір бөлігі - теориялық тұрғыда дайын, Қытай, Ресей зауыттарынан бірнеше оқу кезеңдерінен, іс-тәжірибеден өткен қызметкелер.

Естеріңізге салсақ, АМӨЗ бен қытайлық «Синопек Инжиниринг» компаниясы арасында ХКӨК салу туралы келісімшарт 2009 жылғы 29 қазанда жасалған еді. Қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Даму Банкімен бас несиелік келісімге қол қойылған еді.

ХКӨК қондырғысында мұнай өнімдерінен бензолды бөліп алу арқылы жоғары октанды бензин, сондай-ақ Қарабатандағы болашақ мұнай-хамиялық кешенге шикізат – бензол мен параксилол алуға болады. Қондырғының толық қуаты – жылына 133 мың тонна бензол мен 496 мың тонна параксилол.

- Шикізатпен толық қамтамасыз ету қолға алынғанда, біз тек осы қондырғыдан 750 мың тонна жоғары октанды бензин шығара аламыз,- деді Оразбаев.

НЕСИЕНІ ҚАЙТАРАТЫН УАҚЫТ

Жоғарыда айтқанымыздай, ХКӨК құрылысы несиелік қаражатқа жүргізілді. АМӨЗ қолда бар жеке несиелік келісім негізінде ҚДБ және қытайлық «Эксим Банкпен» несиелік келісім жасады. Несиелік қаржының көп бөлігі қытай банкінен, ал 15%-ы ғана Қазақстанның Даму Банкінен алынды.

Бұл мәселе нақты мәліметтерді біз АМӨЗ-дің күрделі жөндеу және реконструкция жөніндегі басқарушы директоры Нұрлан КЕЙКИННЕН білдік:

- Несие зауыттың барлық мүлігін, соның ішінде салынып жатқан қондырғыларды кепілге салу арқылы (барлығы ҚДБ-ға салынды) 10 жыл мерзімге алынды. Алғашқы он жыл жеңілдікті кезең болып белгіленіп, зауыт төлемнен босатылды. Осы жылдан бастап негізгі несиені қайтару басталды – қаңтарда біз алғашқы траншты төлесек, шілдеде екіншісін орындаймыз. Жылына екі рет төлейміз. Несиені өтеу мөлшері – 55 млн долларға жуық. Оған қоса банктік

үстемақы бар. МТӨК құрылысы үшін үш банкімен – қытайлық «Эксим банк», қазақстандық ҚДБ және JBIC жапон халықаралық ынтымақтастық банкімен – келісім жасалды. Несиенің жалпы сомасы - 1 млрд. 680 млн. доллар. Үлкен бөлігі – қытай ақшасы, шамамен 250-270 млн долларды жапондық және қазақстандық банктер бөлісті. Несие ҚМГ-ның кепілдігімен алынды. Шарты да сондай. Алғашқы траншты 2017 жылы жасаймыз.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген автор

6 шілде 2015, 18:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.