Өткен аптада Атырауда корей халқының мәдени күндері ерекше аталып өтілді. Ерекше дейтініміз, биыл Атыраудағы «Тхоньил» корей этномәдени орталығының құрылғанына 20 жыл. Қазақ елінің тәуелсіздігінің мерейтой қарсаңына тұспа-тұс келген айтулы күнге корейліктер республиканың әр аймағынан жиналды.
Салтанатты шара барысында 1937 жылы Қазақстанға жер аударылған корей ұлтының өкілдері мен оларға пана болған қазақ халқының арасындағы татулықты, достықты суреттейтін «Жерұйық» тарихи драмасы көрермен назарына ұсынылды. Фильм 1937-1945 жылдар аралығындағы саяси қуғындау кезеңін қамтыған. Мұнда қазақ даласына мәжбүрлі түрде қоныс аударылған кәрістер, немістер, түріктер, күрдтер және шешен халықтарының бастан өткерген қиындығы мен оларды шеттетпей, керісінше бауырына басқан қазақтың кең пейілділігі бейнеленген. Бұл фильмнің премьерасы 30 мамыр күні Астанада өткен болатын. Фильмнің сценариін жазған драматург Лаврентий Сон алғашқы жер аударылған кәрістерді көзімен көргендердің бірі. Фильмдегі суретші баланың прототипі де өзі. Ол «Жерұйық» драмасы қазақ жері мен қазақ халқына деген ризашылықты білдіреді деді.
Ал фильм режиссері Сламбек ТӘУЕКЕЛ 2008 жылы Алматы облысы Шелек ауылындағы ұйғыр жігіттерінің бір қазақ баласын айуандықпен қорлағанын көрген кезде бұрынғы жылдары қазақ халқының өзге ұлт өкілдерімен бірге қалай өмір сүргенін баяндайтын фильм түсіру туралы ой келгенін айтады. Осылайша ол Лаврентий Сонның пьесасына қолқа салған.
Қазақстандағы корей қауымдастығының төрағасы Роман КИМ болса, қазақ жерінде ата-бабасы салған сара жолды жалғастырушы ретінде ізін басып келе жатқан ұрпақ ретінде танылып, қазақ халқының тұлға болып қалыптасуына түрткі болғанын тілге тиек етті. «Біз қазақ халқының алдында әрдайым қарыздармыз» деді ол. Одан бөлек, Роман Ким жер аударылған ұлтқа қамқорлық жасаймын деп жүріп қазақтардың да қуғынға ұшырағанын фильмнен білгенін атап өтті.
Ал «Тхоньиль» корей этномәдени орталығының жетекшісі Владимир ПАК меймандарды мерекемен құттықтап, халықтың қандай екендігі қым-қуыт кезеңдерде, зұлмат жылдары білінетінін және қазақ халқына тағзым ететінін сөз етті.
Шараның келесі күні кәріс халқының мәдениетін дамытуға өз үлесін қосқан жандар марапатталып, Алматыдан келген республикалық корей музыкалық комедия театрының әртістері гала-концерт қойды. Театр әртістерімен бірге жақында құрылған атыраулық «Самульнори» дауылпазшылар тобы да өнер көрсетті.
Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ
Суретті түсірген В. Истомин