Атырау, 22 желтоқсан 19:48
 бұлттыВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Р.Нұғманов: «Бүкіл Құлсары автономды жылытуға көшеді»

5 859 просмотра

Кезекті онлайн-конференцияның қонағы Жылыой ауданының әкімі Рахметолла НҰҒМАНОВ.

 

ЖЫЛУ МЕН СУ ТУРАЛЫ

- Мен қазір cіздерге жазып отырғанмен, өзім тоңып барамын. Бүкіл үйде жылу жоқ. Кеше су берген еді, онда да екі сағатқа ғана. Баклажкалар мен шелектердің барлығын толтырып үлгердік. Соңғы рет ваннаға қашан түскенім есімде жоқ. Әбден жалықтым! Бұл жерден кететін уақыт жетті! Осы жердегі проблемалар ешқашан таусылмайды! Мен Құлсары қаласындағы Махамбет өткелі, 14-ші үйде тұрамын.

- Бүгінде бізді үлкен проблемамыз – жылудың жоқтығы алаңдатады. Біз қайда хабарласпады дейсіз, аудан әкіміне де, Құлсары қаласының әкіміне және Нұр Отан партиясының филиалына да бардық. Алайда жылу әлі жоқ. Бүгін 9-шы желтоқсан. Сумен қамту тұрбаларын тұрғындар өз күштерімен пластик тұрбаларға ауыстырды, баспалдақты да өздері жөндеп алды... Ал биліктің қолынан әлдеңе келе ме өзі?

Құлсары қаласының тұрғыны

Л.С.- Өз жанымнан қосарым бар. Кешегі облыстық әкімдікте өткен селекторлық жиналыста облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі Құлсарыда көппәтерлі үйлердің 100 пайызының жылумен қамтылғандығы жөнінде есеп берді. Мен Құлсарыдағы бірнеше таныстарыма қоңырау шалдым. 3-ші мөлтек аудандағы 22-үйде ыстық су мен жылу жоқ, сол мөлтек аудандағы 50-ші үйде жылу, ыстық су мен суық су жоқ екен. Бүкіл желілер шіріп кеткен. Көптеген үйлердің жағдайы жыларман халде.

- Бүгінгі күні орталық қазандықтағы жылу Құлсары қаласындағы 5 мөлтек аудандағы көппәтерлі үйлердің барлығына берілуде. Осы үйлерде барлығы 4 600пәтер бар. Егер жылу пәтерлерге жетпеген болса, онда мәселенің жертөле желілерінде немесе пәтерішілік стояктарда болғаны. Біз жылуды үйлерге дейін береміз. Негізінен бүкіл тұрғын үй қорын меншік иелері жекешелендіріп алғандықтан, ішкі желілерді тұрғындардың өздері жөндеулері тиіс.  Жылумен қамту жүйесіндегі іркілістердің салдарынан биыл біз қала тұрғындарына автономдық жылуға көшуге рұқсат еттік. Бүгінгі күні көппәтерлі үй тұрғындарының 22 пайызы газ қазандықтарын орнатқан. Жылу орталықтандырылған тәртіппен әлі де осы жылыту маусымының аяғына дейін берілетін болады. Алайда келер жылы көппәтерлі үйлердің тұрғындары автономды газбен жылытуға көшулері тиіс. Келер жылы коммуникациялар қатып қалмас үшін қазандық тек жертөлелерді жылыту мақсатында ғана жұмыс жасамақ. Пәтерлерге жылу берілмейтін болады.

Су бойынша: бүгінгі күні 4-ші және 5-ші мөлтек аудандар толығымен жаңа сумен қамту жүйесіне көшкен. Онда ауыз су тәулік бойына беріледі. «Игілік» бағдарламасының аясында жалпы сомасы 45 млн. долларға қаланы сумен қамту жүйесін қайта жарақтау жүргізіліп жатыр. Бұл жоба 2009-2011 жылдарды қамтиды және қаланың мөлтек аудандарына су құбыры желілерін жүргізуді қарастырады. Қазір жаңа су сорғылау стансасының және «Жылыойсу» КМК әкімшілік ғимаратының құрылысы салынуда. 2009 жылы мөлтек аудандарға 23 км полиэтиленді желілер жүргізіліп, 73 құдық ауыстырылған. 2010 жылы 49,2 км желі жүргізілген. Қазіргі кезде 2-ші және 5-ші мөлтек аудандардағы үйлердің жертөлелеріне су құбыры желілері ауыстырылды. «Игілік» бағдарламасын жүзеге асыру аяқталғанда, 2012 жылы ауыз сумен Құлсары қаласының бүкіл халқы қамтамасыз етілетін болады. 2010 ж. облыстық бюджет қаржысының есебінен жалпы сомасы 215,1 млн. теңгеге кварталішілік канализациялық желілерді күрделі жөндеу басталды. Енді екінші сұрақ бойынша. Әңгіме ескі 14 пәтерлі үй туралы болып отыр. Ондағы 6 пәтердетұрғындар жеке қазандықтар орнатқан. Енді 8 пәтер қалды, оларға да газ қазандықтарын орнатуға рұқсат бердік. Алайда тұрғындардан биылғы жыл аяғына дейін оларды орталықтандырылған жылумен қамту өтінішімен ұжымдық хат келіп түсті. 

Л.С.– Егер, мәселен, осы үйге әлі күнге дейін жылу берілмеген болса, орталықтандырылған жылуға 100 пайыз қосылған деп қалайша есеп бересіз?

- Бұл үй қаланың ескі бөлігіндегі басқа 5 үй секілді соңғы уақытқа дейін жалпыүйлік шағын қазандықтардың көмегімен жылытылып келген болатын. Алайда мұндай қазандықтардан тұрғындарға жылу жарытып бармаған соң, олар бұдан бас тартқан еді. Биылғы жылы осы үйлердің бір бөлігі өз пәтерлерінде жеке газ қазандықтарын орнатып алды. Тиісінше, енді олар жалпыүйлік қазандыққа кіріптар болмайды. Алайда қазандық орнатпаған қалған пәтер тұрғындары (қаржыларының жетіспеуіне байланысты деп түсіндірді олар) бізге өздерін бұрынғы шағын қазандыққа  қосуды өтінген хатпен шыққан еді. Монополистерден рұқсаттар алынып, бұл үйлер қосылған болатын.

Л.С.– Сіз қомақты шығындар кететін болғандықтан орталық жылытудан бас тартатындығыңыз туралы әлденеше рет атап өткен болатынсыз. Инфрақұрылымның тозығы жеткендіктен жылу тиімсіз шығындалған. Алайда қазір жертөлелер жылытылатын болды деп отырсыз. Басқа тәсілге көшкен жөн емес пе? Мәселен, шағын қазандықтар салса немесе электрмен жылытылатын кабельдер қолданса. Оның үстіне Құлсарыда ПИК жоқ, сондықтан алдағы уақытта жертөлелерді кім қолға алмақ?

-Біз барлық жолдарды қарастырдық, оларды алдағы уақытта да қарастыра береміз. Алып қазандық тұрып қалмауы тиіс деп есептейміз. Ал басқа әдістердің артықшылықтарымен қоса кемшіліктері де бар. Жертөлеге балалардың түсіп кетуі мүмкін екенін ескерсек, электрмен жылытатын кабельдер қауіпті болмақ. Екінші сұрақ бойынша – ПИК болмағандықтан жертөлемен алдағы уақытта қалалық әкімдіктің айналысуына тура келеді. 

ТУБЕРКУЛЁЗТУРАЛЫ

- Жылыой ауданында туберкулезбен ауыру 38 пайызға өскен. Сіз бұл өсімді бұрын тексерілмеген тұрғындар арасынан науқастар анықталды деп түсіндірдіңіз. Облыстық әкімдік сіздің жорамалыңызға күмән келтірді. Сіз өз пікіріңізде қала бересіз бе? Және жаңа туберкулезге қарсы аурухананың құрылысы неліктен бірнеше жылға созылып кеткенін тіүсіндіріп берсеңіз екен.

Бауыржан Б.

- Анықталған науқастар санының өсуі бұрын тексеруден өтпеген тұрғындарға және уақытында емделмеген науқастарға бақылауды күшейтуден туындаған. Олардың әжептәуір бөлігін науқастанып қайта түскендер мен түрмеден босап шыққандар құрайды. Қазіргі уақытта әзірге жаңа туберкулезбен күрес ауруханасы іске қосылған жоқ. Жылыой ауданының туберкулезге шалдыққан науқастары Мақат аудандық туберкулезге қарсы аурухана мен облыс орталығына барып емделеді. Жаңа аурухананың құрылысы республикалық бюджет есебінен және қаржының бөлінуіне қарай салынуда. Қазіргі кезде құрылыс аяқталып қалды, ғимаратты қабылдау комиссиясы жұмыс жасауда. Нысанды тапсыру 29-30 желтоқсанға жоспарланған. Бүгінгі күні аурухана штатына жергілікті кадрлар жинақталған. Бұдан басқа, ересектер мен балалар фтизиатрларынан басқа, ауруханада лор, стамотолог және басқа жеке сала мамандары жұмыс істейтін болады. Бас дәрігер болып бұрын аудандық емхананың орынбасары боп жұмыс істеген Г.Қалиева тағайындалды.

ОЛАР НЕМЕН ТЫНЫСТАП ОТЫР?

- Таяу жылдары ТШО Теңіз кенішінің аумағынан өндірісті кеңейтуді жоспарлап отыр. Соның салдарынан онсыз да ахуалы мәз емес экологияға да түсетін күш артып барады. Осы тұрғыда ТШО өкілдерімен кездесу өткіздіңіздер ме? Осы мұнай өндіруші компания басшылығының алдына қандай мәселелерді қояр едіңіз?

Тимур С., Құлсары

- Жұртшылық тыңдауында біз ТШО алдына Жаңа Қаратон поселкесінен экологиялық мониторингтің стационарлық қосынын орнату туралы шарт қойдық. Бұл ұсыныс аудан тұрғындарынан шыққан болатын. ТШО зауыттарындағы үнемі тасталатын шығарындылар ауаның құрамына әсер етеді. Бұл өзгерістерге осындай қосындарда бақылау жасауға болады.

Л.С.– Сіздің ұсынысыңызды ТШО қандай мерзімде қарастыруы тиіс?

- Біз оларға 2011 жылдың бірінші тоқсаны аяқталғанша уақыт бердік.

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ТУРАЛЫ

-  Таныс қаржы полициясының қызметкері Жылыой ауданының ескі кәсіпшілігінде жергілікті «Антибиотиктер» билік етіп отырғанын әңгімелеген еді. Олар мұнайды өндіріп алып, иелене қояды. Құқыққорғау органдарының бірде бірі осы аузы ашылған шүмекті жаба алар емес. Оның үстіне ескі кәсіпшіліктегі инфрақұрылымнан қалған нәрсенің барлығын талапайлап бітірген жаңа қожайындар пайда болды.

Жақсыбек Т., Құлсары

- Соңғы жарты жыл ішінде мұнайды ескі кеніштерден ұрлау фактілері тіркелген жоқ. Біз аудандық құқыққорғау органдары мен «Жылыоймұнайгаз» ӨФ-на осы ақпаратты тексеріп, алдағы уақытта жағдайға бақылау жасап отыруды тапсырған болатынбыз. Ал мемлекеттік инфрақұрылымды беруге қатысты ақпарат шындыққа жанаспайды. Соңғы бір-екі жылда бірде бір нысан жеке қолға сатылған жоқ немесе жекешелендірілген жоқ. 

- Ірі мұнай кенішінің жақындығына қарамастан ауданда жұмыссыздар мен кедейшілік шегінде өмір сүріп жатқан адамдар көп. Неліктен? Жұмыссыздық пен тұрмысы төмендер жөніндегі статистиканы айтып өтсеңіз.

Талғат Ж.

- Бізде жұмыссыздар өте көп дегенмен келіспеймін. Соңғы кездері бізде жастардың жұмысқа орналасу көрсеткіші өсіп жатыр. Атап айтқанда, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша. Аудан аумағында ірі компаниялар көп. Жоғарғы оқу орындарын, тіпті беделді оқу орындарын бітірген жастарды жұмыс берушілер тәжірибелері жоқ деп жұмысқа алудан бас тартады. Ал бағдарлама бойынша және қоғамдық жұмыстарда бір жыл жұмыс істеген адам бірқатар нәрселерді үйреніп, жұмысқа орналасып кетіп жатады.

Жыл басында жұмыссыздар ретінде 3267 адам тіркелді. Оның 1866 -сы 17-29 жас аралығындағы жастар. Төленетін қоғамдық жұмысқа 622 адам тартылды, кәсіби оқуға және қайта оқуға 790 адам, «Жол картасы» бағдарламасы бойынша жастар тәжірибесіне 151 адам жіберілді, әлеуметтік жұмыс орындарына 61 адам жұмысқа орналастырылды. Тұрақты жұмысқа 1359 жас орналасты. Атап айтқанда, «ЮСС»-ке - 112 адам, «НБ Факторияға» - 72, «Саянға» - 61, «Атырауинждорстройға» - 52, «Мұнайгазқұрылысқа» - 42, «Тенгизнефтестройға» - 36, «Серади-сервиске» - 33, «Бизнесстройкомпанияға» - 28, «Темірәліге» - 21, «Сапастройсервиске» - 18, «Интертаскоға» - 11 және т.б. Жастар тәжірибесіне жіберілгендерден тұрақты жұмысқа 42 адам орналастырылды. Атап айтқанда, аудан әкімдігінің жанындағы бөлімдерге - 7, ауданның орта мектептеріне - 5, ауданның заң департаментіне - 4, «Ғимарат» ЖШС-не - 3, «Қазақтелеком» телекоммуникациялар бөліміне - 3, ауданның салық департаментіне - 2, «Қарашүңгіл» ЖШС-не - 2, «ЮСС»-ке - 2, «Сенімді құрылысқа» - 1, «Мұнайгазқұрылысқа» - 1, және т.б.

ҚҰЛСАРЫ ҚАЛАСЫ ТУРАЛЫ

- Қамыскөл көлінің жағасын тазарту, абаттандыру шаралары қарастырылған ба?

Айнагүл Д., Құлсары

- Қала құрылысының жоспары бойынша біз Құлсары арқылы өтетін Құрсай өзенінің жағасын абаттандырмақпыз. Таяудағы жоспарымызда қала тұрғындары демала алатын жағалау салмақпыз. Қамыскөл көліне келер болсақ, көлге қолтықтасып жатқан аумақтардың бір бөлігі жеке кәсіпкерлерге жалға берілген. Оны тазалау және абаттандыру солардың міндеттеріне кіреді. Сол жерде қалалық жағажай да орналасқан.

Л.С.–Ал тікелей қалаға жалғасып жатқан қоқысқа толы жағалаудың жағдайы ше?

- Бұл бөлік секторларға бөлінген, олардың әрбіреуіне қаланың осы ауданында қызмет істейтін бірқатар кәсіпорындар мен мекемелерді бекіттік. Олар әлсін-әлі тазарту сенбіліктерін өткізіп тұрады.

- Л.С.– Екі жыл бұрын Құлсарыда далалыққа мектеп салынған болатын. Оқушылар әлі күнге дейін осы мектепке бару үшін қиындықтар көруде. Сол кезде аудандық әкімдік қалада оны салу үшін бос жер болған жоқ деп түсіндірген еді. Алайда мейрамханалар, банкет залдары мен сауда орталықтарын салу үшін жер табылып жатыр. Осындай нысандарды салу үшін қала шеңберінде өткен жылы және биыл қанша жер учаскесі берілді? Және әлеуметтік нысандарға қаншасы бөлінді? Таяу жылдары Құлсарыда және қаланың қандай аудандарында қанша мектептер мен балабақшалар салынып, тапсырылатын болады?

- Шынымен де, осындай мектептер салынды. Мұғалімдер мен оқушылардың мектепке жету үшін қиындықтар көретіндігіне келіспеймін. Өйткені өткен жылы мұғалімдер мен балаларды тасымалдау үшін үш микроавтобус пен ПАЗ автобусы бөлінген болатын. Бірнеше жайттарды түсіндіре кетейін. Жоба бойынша оқушылар тұрақты мекендейтін интернатымен қоса мектеп салынады деп жоспарланған болатын. Алайда кейін жоба өзгерді. Бұдан басқа, «Болашақ» деген атаумен осы жерде тұрғын үй массиві салынады деп жоспарланған. Оралмандар мен аудан тұрғындарына бұл жерден жеке тұрғын үй құрылысын салуға 1800 учаске бөлінді, алайда дағдарыстың салдарынан құрылыс тоқтап қалды.

Биылғы жылы Құлсарыда 2 жаңа балабақша мен жұмыс жасап тұрған балабақшаға 2 жалғама салу үшін бірнеше жер учаскесі бөлінді. 600 орындық мектеп құрылысына, жаңа стадиондар мен емханалар салуға жер бөлінді.

Соңғы жылдары қала шеңберінде ірі ойын-сауық орындарын салуға жер учаскелері берілген жоқ.

Дайындаған Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

6 қаңтар 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.