Атырау, 29 желтоқсан 06:40
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Маңғыстаулықтар Брюссельге барды

3 054 просмотра

Маңғыстау облысындағы мұнайшылар ереуілі әлі жалғасып жатыр. Өткен жексенбіде ереуілдеген жаңаөзендік мұнайшы қызға травматикалық пистолеттен оқ атылды. «Қазмұнайгаз» жұмыстан шығарылғандарды кері алмайтынын жария етті. 

ЕРЕУІЛШІ ҚЫЗҒАОҚ АТЫЛДЫ

Қазанның 9-ы күні түнгі сағат 22-лер шамасында Жаңаөзен қаласының орталық алаңында ереуілдеп тұрған мұнайшылар белсендісі Жанар САҚТАҒАНОВАҒА белгісіз біреу травматикалық қарудан оқ атқан.  Жаңаөзендегі мұнайшыларды қолдап жүрген «Халық майданы» қозғалысының белсендісі Айжангүл ӘМІРОВА бұл оқтың негізінде өзіне арналғанын айтып отыр.

- Маған бұрыннан қоқан-лоқы жасалып келеді. Сол күні Жанар екеуміз анамның үйіне бет алғанбыз. Подъезге кіре бергенде арттан тарс еткен дыбыс естідім. Бұл балалардың “хлопушкасы” болар деп ойлағанымша болған жоқ, құрбымның көмекке шақырған даусын естідім. Ол жедел жәрдем шақыр деп айқайлады,-дейді Айжангүл Әмірова. 

Резеңке оқ тиген Жанар Сақтағанованың  халі қанағаттанарлық. Бірақ оқ тиген арқасының бел тұсында үлкен ісік пайда болған.

Оның «АЖ» тілшісіне айтуынша, шақырған жедел жәрдем мен полиция бірден келе қалған. Жанардың талабы бойынша жасалған  сараптама қортындысы әзірге белгісіз. 

Қыздар Жаңаөзен ҚІБД-не арызданған. Ал Жанар Сақтағанова өзіне жасаған қастандық бойынша шағым түсірген. Полиция түскен шағымдардың тексеріліп жатқанын айтады.

 

ЕРЕУІЛШІЛЕР БРЮССЕЛЬГЕ БАРЫП ҚАЙТТЫ

«Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы мен «Ерсай Каспиан контрактор» компаниясының мұнайшылары Талғат САҚТАҒАНОВ, Амангелді ЛҰҚПАНОВ пен «Ақтау» тәуелсіз кәсіподағы төрағасы Мұхтар ҮМБЕТОВ Еуропа парламентімен Брюссельде өткен кездесуден оралды.

- Еуропалықтардың дені Қазақстанды білмейді екен. Үзілістегі әңгіме үстінде Қазақстанның қайда екенін сұрады. Ал білетіндері алдымен мұнайды айтады. Талқылау кезінде көптеген депутаттар «осыншама байлыққа ие бола отырып, қалайша жұмысшыларға  дұрыс ақша төленбейді» деп таң қалды,-дейді Мұхтар Үмбетов.

Оның айтуынша, Еуропа парламентарийлері алдымен ақпараттық, әдістемелік көмек көрсететіндіктерін айтқан.

- Еуропадағы БАҚ-тар арқылы Қазақстанда да жаңа кәсіподақтың дүниеге келгенін, аймақтарда оның филиалдарының құрыла бастағанын жария ететін болады,-деді Үмбетов.

Еске сала кетсек, бұған дейін ол  «Талмас» қоғамдық ұйымы жетекшісі Айнұр Құрманов, «Оставим народу жилье» ҚБ жетекшісі Есенбек Уктешбаевпен бірге «Жаңарту»  тәуелсіз кәсіподағын құрған болатын. Алайда Әділет министрлігі оны тіркеуден бас тартқан. Сол себепті олар енді сотқа шағымданғанмен, оған Әділет министрлігі өкілі келмеген.

Мұхтар Үмбетов осы жайды еске алып, еуропалық баспасөз құралдары бұл мәселені де жарыққа шығаратын болды, - деді.

- Ең бастысы біздерді аса ірі халықаралық кәсіподақтар ұйымы қолдайтын болды. Басты үмітіміз - халықаралық мұнайгаз кәсіпшілігі кәсіподағында.  6-10 қазанда Брюссельде өткен кәсіподақтардың халықаралық конференциясында бельгиялық кәсіподақтар  маңғыстаулық мұнайшыларды қолдауға шақырды. Олар президент атына үндеу хат жолдамақ,-дейді Мұхтар Үмбетов.

 

«ҚАЗМҰНАЙГАЗ» БӨ» МЕН «АЗАТ ЖСДП» БІР-БІРІН ТҮСІНБЕЙ ҚАЛДЫ

Өткен аптада Жаңаөзенде болып қайтқан «Азат ЖСДП» партиясы лидерлері Болат ӘБІЛОВ  пен Әміржан ҚОСАНОВ жұмысшылар мен билік арасында делдал болуға тырысқан еді.

Олар Жаңаөзен қаласы әкімі Орақ САРЫБӨПЕЕВ пен «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы басшысы Киікбай ЕШМАНОВ және мұнайшылар өкілдері қатысқан дөңгелек үстел  өткенін мәлімдеген болатын. Олар 250 адамның кері жұмысқа алынатынын жария етті. Алайда «ҚМГ» БӨ» оппозиционерлердің бұл айтқандарын жоққа шығарды.

-Жұмыстан шығарылғандарды қайта қабылдауды қарастырмаймыз да. «Келіссөздер үстеліне отырдық» деп жар салу арқылы Әміржан Қосанов пен Болат Әбілов «біз Маңғыстау мұнайшыларына көмектесіп жатырмыз» деп өздеріне ұпай жинап жүр. Келіссөз жүргізілген жоқ. Олар тек кездесейік деді, біз келістік, компания өз тұғырнамасын жеткізді,-деді «Қазмұнайгаз» БӨ» бұқарамен байланыс жөніндегі менеджері Дәулет ЖҰМАДІЛ. -Негізгі әңгіме «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы өзінің мерді-герлік және еншілес кәсіпорындары аясынан құрған қосымша 250 жұмыс орыны туралы ғана. Еңбек кодексін ашып қарасаңыз, мұнайгаз өндірісінде ереуіл жариялауға мүлдем болмайтыны жазылған. Біздің әрекеттеріміз заңға сай. «Өзенмұнайгаз» жалақысына көңілі толмай жүр еді, сол жалақы да енді көзден бұлбұл ұшты. Ал олар талап етіп отырған салалық 1,8 және аумақтық 1,7 коэффициенттері заң негізінде толық төленіп келеді.

«Азат ЖСДП» саяси партиясының жетекшісі Болат Әбілов «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» компаниясының болған келіс-сөзді қалай  терістеп отырғандарын түсінбей дал. Ол дәлелдеу қажет болса фото және бейне жазбалар бар екенін мәлімдеді.

-Көшеде тұрған мыңға тарта адам болғанымен, олардың әрқайсысының артында 5-6 адам тұр. Бұл 5-10 мың  қазақ аш қалады деген сөз. Мұнайшылар арасында 20-30 жыл еңбек өтілі бар мамандар бар, оларды кері жұмысқа алуы керек,-дейді оппозиционер.

Маңғыстаудағы «ҚМГ» ӨФ және «Қаражанбасмұнай» АҚ  жұмысшыларының ереуілі мамырдың аяғында басталған. Содан бері 2000-ға тарта жұмысшы жұмыстан босатылған. «ҚМГ» БӨ» баспасөз қызметі өткен тоғыз ай ішінде «ҚМГ» 3 789 мың тонна (тәулігіне 102 мың баррель) мұнай өндіргенін хабарлады. Бұл өткен жылдың осындай кезеңіндегіден 685 мың тоннаға аз.

Сәния ТОЙКЕН

13 қазан 2011, 18:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.