Атырау, 29 желтоқсан 05:36
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Авангард «Теңізшевройлдың», Алмагүл Аджиптің еншісінде

5 432 просмотра

Облыс басшылығы биылғы жылы Атырауды көгалдандырудың кешенді бағдарламасын  жүзеге асыру жұмыстарының басталғандығы  жөнінде жариялаған еді. Көгалдандыру науқанының негізгі бөлігін табиғат пайдаланушылар қаржыландыратыны айтылған болатын. Алғашқылардың бірі болып «АМӨЗ» директоры Талғат БАЙТАЗИЕВ хабарласты. Ол зауыт күшімен қала көшелерінің бірін көгалдандыруға ұсыныс білдірген. Оның артынша басқалары да қолдау таныта бастады.

- Қалалық билік табиғат пайдаланушылардың қолдауымен Атырау аумағын учаскелерге бөліп, учаскелерді көгалдандыру үшін компанияларға таратып беруге шешім қабылдады,-деп әңгімелейді облыстық табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Ербол ҚУАНОВ. – Компаниялар саябақтар мен желекжолдарды көгалдандыру тұжырымдамасын өз беттерінше жасақтауда. Сонымен, «Теңізшевройлға» Авангардты көгалдандыру, НКОК-Аджип ККО-ға  Алмагүл мөлтек ауданы мен оған жақын маңдағы көшелер берілсе,  «ҚазТрансОйл» Авангардтағы автокөлік көпірінен Сәтбаев-Құрманғазы жол қиылысына дейінгі учаскені қолға алса, «Ембімұнайгаз» ӨФ – Махамбет көшесін, АМӨЗ – зауыт маңындағы аумақтарда жұмыс жүргізетін болады.  

Бастапқыда көгалдандыру бағдарламасымен жергілікті бюджет есебінен мамандандырылған мемлекеттік «Зеленстрой» деп аталатын кәсіпорын құрылмақшы болғандығы естеріңізде болар. Бұл кәсіпорын зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін, Техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) және Жоба-сметалық құжаттарды (ЖСҚ) жасақтауға, сондай-ақ, Бірінші Президент саябағының құрылысы, каналдар мен жасанды су қоймалары үшін керек еді. Бюджеттік қаржылардан тыс қаржыға қала айналасына, қала сыртына (Теңіз және Қарабатан) орман қорғау жолақтарын және АМӨЗ маңына, сондай-ақ, Жайық өзенінің жағалауына саябақтар, қалалық саябақтар салу жоспарланған еді.

- Бірқатар компаниялар өздеріне қандай да бір әлеуметтік нысандарды: мектеп, балабақшаларды көгалдандыру үшін бөліп беру туралы хаттарын жолдады. Бізде, Атырауда аулалары үлкен мектептер қатары көп және оларда бірде-бір көшеттің жоқ екендігі анық. Мәселен, біз қазір қалалық жоғары оқу орындарының аумағын көгалдандыруға ниет білдіріп отырған бір ірі компаниямен келіссөз жүргізіп жатырмыз,-дейді Е.Қуанов.  – Біз сондай-ақ жанар-жағар май стансаларының иелерін де шақырдық.

- Ірі мұнай компаниялары үшін көгалдандыру шығындары қосымша шығындар бабына жазыла ма немесе оларды табиғат қорғау шаралары деп есептей ме?

- Көгалдандыру табиғат қорғау шараларының тізбесіне кіреді. Және ол ең тиімді шара болып есептелуі тиіс. Әйтпеген жағдайда қызық жайт  орын алады: тек соңғы 5 жылда жер қойнауын пайдаланушылар «табиғат қорғау шаралары» үшін 260 млрд. теңге жұмсаған, алайда, біздің аймақтағы экология одан еш жақсара қойған жоқ.  

- Атырау айналасында орман жолағын жасау жөніндегі жұмыстар қазір  қандай қарқын алуда?

- Тікелей қала айналасындағы, яғни, бірінші айналма жол бойынша біз қалалық әкімдікке жер учаскесін бөліп беру үшін хат жолдадық. Қазір сәулетшілер осы мәселеге орай жұмыстануда.

- Қарабатан жақтан келетін экологиялық жағымсыз әсерлерден қалалықтарды қорғап тұруға тиісті екінші айналма жол бойынша қандай жұмыстар қолға алынуда?

- Бұл келесі кезеңге кіреді. Біз бұған бірте-бірте қол жеткізетін боламыз. Бағдарлама 2020 жылға дейін есептелген. Менің ойымша, тағы 5 жыл уақыт керек болады. Осындай кең масштабты көгалдандыру жұмысына миллиондаған көшеттер керек. Біздің тәлімбақтарда мұндай мүмкіндіктер жоқ. Сондықтан да қазір үлкен орман тәлімбақтарын құру мүмкіндігі қарастырылуда. Тәлімбақ үшін қолайлы жер біздің ойымызша, Махамбет ауданы болады деп отырмыз. 

- Осы жылдың  жаз айында Әлиев-Сатыбалдиев даңғылын көгалдандыру бойынша өткен науқанның аяқсыз қалғандығынан кейін редакция жергілікті және астаналық гидрогеологтардан кеңес алған болатын. Олардың пікірінше, бұл аудандарда жер асты суларының деңгейі жоғары және ол даңғылды көгалдандыруға тырысқан барлық әрекетті нәтижесіз етті. Дәл осындай жағдай қаланың басқа аудандарында да байқалуда. Гидрогеологтар егер осы проблеманы қазір шешпеген жағдайда болашақта бұл жолдарымыз бен биік құрылыс ғимараттарына да ауыз салуы мүмкін деп отыр.

- Осы даңғыл ауданында су бақылауға алынбаған септиктердің құрылысынан көтеріледі. Ал, жалпы жер асты сулары туралы тақырып қосымша зерттеулерді қажет етеді.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

13 қазан 2011, 18:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.