Атырау, 26 желтоқсан 13:17
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Электрониканың бастан кешкендері немесе электронды қызметке ие болу нұсқаунамасы

5 959 просмотра

Электронды үкімет туралы көп айтылды да, жазылды да. Бұл үшін үкіметтің PR-кампаниясына рахмет айтамыз. Алайда іс жүзінде мұның не екенін түсіне қою қиын. Дегенмен де үкімет басындағы озық ойлы шенеуніктердің пікірінше, egov.kz порталы қарапайым халықтың өмірін әжептәуір жеңілдетпек.

Сонда қалайша? Мәселен: егер сіз пәтеріңізді сатсаңыз, сізге жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтардың жоқтығы туралы анықтама қажет болады. Оны алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚО) баратыныңыз сөзсіз. Алайда электронды үкіметтің арқасында қазір оны анағұрлым жеңіл әдіспен алуға болады. Интернет арқылы, яғни, үйден немесе кеңседен шықпай өтініш жіберуге болады. «Виртуалды» анықтаманы алу жылдамдығы орташа алғанда 1-ден 10 минутқа дейінгі уақытты алады. Керемет емес пе? egov.kz порталы арқылы тағы да біршама анықтамалар (сәбидің туу туралы куәлігін, неке туралы немесе некенің бұзылғаны туралы анықтамалар, зейнетақы жарналары туралы көшірме және т.б.) алуға болады. Сондай-ақ, түрлі төлемдер: салықтар, мемлекеттік баж салығы және тіпті жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін айыппұл рәсімдеуге болады. Үкіметтің мақсаты – мемлекеттің халыққа көрсететін барлық қызметін электронды қызмет түріне ауыстыру, бұл назар аударуға әбден лайық. Өз уақытыңызды кетіріп, жүйкеңізді жұқартудың, ұзын сонар кезекке тұрып, шенеуніктердің табалдырығын тоздырудың, күнделікті өмірімізде кездесіп жүргендей, терезенің ар жағындағы қызметкердің дөрекілігіне бетпе бет келудің қажеті жоқ. Еш күмәнсіз виртуалды бақытқа қол жеткізу үшін қадам жасап, ең болмағанда бір электронды құжатты алуды ұйғардым.

EGOV АЗАБЫ

Мен бүкіл тәжірибем «ҰАТ» (Ұлттық Ақпараттық Технологиялар) АҚ жетекші маманы Айдос САХИБИДЕНОВСІЗ жүзеге аспаған болар еді. Онымен біз, журналистер, «Электронды үкімет жаныңызда» деп аталатын семинарда таныстық. Оны аймақтық БАҚ үшін ақпарат және байланыс министрлігі ұйымдастырған болатын. Семинардың мақсаты – электронды қызметке азаматтардың қызығушылығын арттыру, egov мүмкіндіктері туралы халыққа хабардар ету.

БІРІНШІ КЕЗЕҢ

Сонымен, алдымен электронды үкіметтің порталында ең болмағанда бір электронды қызмет түрін пайдаланбас бұрын екі сатыдан өтеді: тіркеліп, электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алу керек. Бірінші қадам – тіркеу, бұл ең қарапайымы. Мен бұл қадамнан электронды цифрлық қолтаңба алғанға дейін өттім. «Тіркеу» деген сөзді тінтуірмен бассаңыз, терезе шығады. Оған өзіңіздің ЖИН-ді енгізіп, қасындағы іздеуге басасыз. Автоматты түрде сіздің аты-жөніңіз шығады (жүйе сіздің өзі идентификациялайды). Содан соң қалған алаңдарды біртіндеп толтырасыз. 

Екінші қадам – ең бастысы – ЭЦҚ алу. «ЭЦҚ алу» деген сілтемені басып, сатылы нұсқаунама аласыз. Мен одан өте алмадым. Өйткені, семинарда электронды қолтаңба алу үшін өтініш жазып, жергілікті ҰАТ-қа тапсыруды ұсынған болатын. Әрине, қалауыңыз бойынша. Мен электронды қолтаңбаны алуды көптен қалап жүргендіктен, осы жағдайды пайдаланып қалуды ұйғардым. Өтініш жазып, ҰАТ қызметкерінің электронды мекен-жайына мен үшін электронды қолтаңба алуға он-лайн өтініш берген жеке бас куәлігімнің көшірмесін жібердім. Сіз он-лайн өтінішті өзіңіз бере аласыз. Алайда ХҚО-на бір рет болса да баруға тура келеді. Он-лайн өтінішін беру кезінде өтініш нөмірін аласыз, оны сіздің өтінішіңізге жазу керек. Содан кейін өтініш пен жеке бас куәлігін ХҚО-на апарып, ҰКО (Ұлттық куәландыру орталығы) операторына тапсырасыз. Сұраныс бекітілгеннен кейін сіздің цифрлық қолтаңбаңыз бірден сіз көрсеткен электронды мекен-жайға түседі.

Бірінші кезеңнен өттік. Мен тіркелдім де, ЭЦҚ алдым.

ЕКІНШІ КЕЗЕҢ

Компьютерге ЭЦҚ орнатпас бұрын, Tumar CSP криптовайдерін жүктеп алу керек. Маған түсіндіргендей, бұл бағдарламасыз менің электронды қолтаңбам egov порталымен өзара жұмыс істей алмайды екен. Сондай-ақ, менің порталдағы жұмысымның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Java бағдарламасын жүктеу қажет екен. Екі бағдарлама да сол сәтте порталда ЭЦҚ алу кезінде ұсынылады. Жүктелінген бағдарламаларды іске қосып, орнату керек. Орнатылған криптовайдер: «Пуск-Программы-GammaTech-TumarCSP Конфигуратор» арқылы іске қосылады. Осы жолды таппас бұрын мен бірнеше рет осы әрекетімді доғармақ болдым. Алайда, бағыма қарай, бейнетім текке кетпепті. Кішкене ғана жеңіске шаттанған мен алға қарай батыл кірістім. ЭЦҚ-ды ашып, оны өзімнің компьютеріме сақтап қойдым. Онымен әрі қарай не істеу керек? Tumar дегенге қалай түсіру керек? Түрлі терезелерді басып, ІТ-технологиясын игеру жөніндегі мүмкіндігім азайғанын түсіндім. Жұмыс күнінің аяғында дәнеңе шығара алмаған соң, Айдосқа қоңырау шалдым.

Оның көмегімен келесі әрекет тізбегін жүзеге асырдым. Компьютерге сақталған кілтті екі рет басып, ол жерден GOST және RSA форматында кілттерді экспорттадым да оларды файл ретінде іске қостым. Содан соң барлық әрекетті «Далее» дегенді басып, орындауға көштім.

GOST форматындағы кілтті орнатып бола бергенде, экранға профайл таңдау деген шықты, әдетте F-sistem көрсетіледі; егер кілт ақпарат салғышқа сақталған болса, флешка немесе е-токен (мұның не екенін кейінірек түсіндіремін) көрсетіледі.

Tumar-ға GOST форматындағы кілтті импорттаудың екінші әдісі – бұл Tumar-ды іске қосып, F-sistem профайлын белгілеп, пайда болған төменгі терезеге тінтуір арқылы кілтті орналастыру керек.  RSA форматындағы кілтті импорттаудың қажеті жоқ, ол жүйеге кірерде рөл ойнайды.

ЭЛЕКТРОНДЫ ҚЫЗМЕТКЕ БІР ҚАДАМ

Ақыры, бәрі де дайын болды, енді мен электронды қызметті пайдалана аламын. Зейнетақы жарналары туралы анықтаманы алып көрейін. egov.kz порталына кіріп, «салымшының ақшалай қаржысы туралы ақпаратты беру» дегенді таңдадым. Маған порталда авторизациялануымды сұрады. Менің ЖИН-ім мен паролімді енгізу үшін бос алаңдары бар терезе пайда болды. Осы жерде тағы бір кедергіге тап болдым. Бірақ ол менің кінәм еді. Айтып өткенімдей, мен ЭЦҚ алмас бұрын тіркелген едім. Сондықтан паролімді ұмытып қалдым. Барлық мүмкін деген нұсқаларды қолданғаннан кейін, ештеңе шықпаған соң, «парольді ұмыттыңыз ба?» дегенді бастым. Тағы да өз ЖИН-імді енгіздім. Менің электронды жәшігіме маған парольді жібергендігі туралы хабарлама келіп түсті. Рас, мен оны келесі күні ғана алдым. Порталдың кең тараған тағы бір проблемасы – ол ұзақ «ілініп тұрады».

Тағы да авторизация жасап, ЖИН мен электронды үкімет порталы берген (шүпірлеген әріптері бар) парольді енгіздім. Анықтаманы алу процедурасы үш қадамнан тұрады: толтыру, қол қою және өңдеу. Tumar арқылы қол қоюдың реті болмады. Айдостың айтуынша, соңғы кездері Tumar мен электронды үкіметтің өзара жұмысында қателіктер жиі жіберілетін болған. Қазір бұл кең таралған проблемалардың бірі. «Мұндай жағдайда веб-браузерді толықтай жаңартуға болады», - деп кеңес береді бізде ҰАТ мамандары.

Біз өтінішке ақпарат салғыш арқылы қол қойдық: компьютерде сақталған ЭЦҚ орналасқан жолды көрсеттік (оған өз ақылым жете қоймас еді). Менің сұранысым өңдеуге жіберіліп, бірнеше секунд ішінде бірегей нөмірге ие болдым. Оны көшіріп алып, «Қызмет көрсету тарихы» бетшесін ашып, ЖИН енгізіп, бірегей нөмірді түсіру керек. Міне, ғажайып! Менің зейнетақы жарналарым туралы электронды анықтама дайын болды. Кәдімгі құжат секілді. Анықтаманың оң жақ жоғарғы бұрышында бірегей нөмір орналасқан (кешіріңіздер, менің зейнетақы жарналарым секілді, оны да суреттен көре алмайсыздар – С.Т.). Дәл осы нөмір бойыншамемлекеттік органдар менің мәліметтерімнің дұрыстығын тексереді. Анықтаманың астыңғы жағында менің электронды қолтаңбам тұр, кәдімгі штрих-код сияқты. Адам нанғысыз. Өзімді мақсатыма жету үшін маған зұлым күштер мыңдаған кедергілер келтірген ертегідегідей кейіпкер сезіндім. Көп уақытым кетті (жұмыс күнімнің жартысынан көбі), жүйкем жұқарды (осы уақыт ішінде он мәрте ызадан жарыла жаздаған болармын), ал нәтижесінде бұл порталды әурелегенше, қарапайым қолданушыға ХҚО-на жүгіріп барған оңай шығар деген тұжырымға келдім. Редакция жиналысында электронды үкіметтің не екенін, оны нақты өмірде қалай қолдануға болатынын түсініп көремін деп уәде бермегенде, egov-пен баяғыша қош айтысқан болар едім.

Сөзімді түйіндер болсам, электронды үкіметті енгізу және дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның техникалық бөліміне жауап беретін «ҰАТ» АҚ мамандарына айтар тілегім, егер халық электронды үкіметті қолдануға көшсін десеңіздер, порталды жеңілдетіңіздер.

ПАЙДАЛЫ КЕҢЕСТЕР:

1) Алғаш рет электронды кілтті ЭЦҚ алу үшін он-лайн өтініш берген компьютерден ашу керек.

2) Электронды қызметті іссапарда, еңбек демалысында немесе басқа кез келген компьютерде отырған кезде пайдалана алуыңыз неғайбыл. Өйткені Tumarкриптовайдерінсіз ЭЦҚ порталмен өзара жұмыс істей алмайды. Егер осы бағдарламаны бөгде компьютерге жүктесеңіз ғана жұмыс істемек. 

3) ЭЦҚ – бұл сіздің өз қолыңызбен қойылған қолыңыздың электронды баламасы болғандықтан, оның заңды күші бар. Сондықтан оны қатаң құпиялылықта сақтау керек. 

Электронды кілтті компьютерде қалдырмаған жөн, оны қауіпсіз е-токен ақпарат салғышта сақтаған жөн. Флешкадан айырмашылығы – оның өзінің антивирустық бағдарламасы бар және бөгде компьютерден вирус жұқтырмайды. Е-токенді кез келген компьютерлік дүкеннен сатып алуға болады, бірақ ол флешкадан қымбат тұрады (салыстырыңыз, 32 Мб е-токен –5-6 мың теңге, 8Гб  флешка – 3-4 мың теңге).

Өз пароліңізді құпия сақтаңыз. Бірінші пароль электронды үкімет порталына кіру үшін қажет болады. Екіншісі – сертификаттың, яғни, кілттің өзінің паролі, қызмет көрсету кезінде қол қою үшін қажет.

4) Егер сіз электронды кілтіңізді жоғалтып алған болсаңыз, ҰКО бөлімшесіне барып, электронды кілттің жоғалғандығы туралы арыз жазу керек. Сіздің ЭЦҚ-ды бірден қолжетімсіз етіп тастайды. Егер қажет болса, жаңа ЭЦҚ шығару үшін қайтадан өтініш жазыңыз. Бізге семинарда түсіндіргендей, теориялық тұрғыда кілтті әр апта сайын жоғалтуға және әр мәрте сайын жаңасын шығаруға болады екен. Тегін түрде. Дегенмен, мұндай ұқыпсыздықтың іс жүзінде неге апарып соғарын кім білсін?! Алаяқтарға артық мүмкіндік беруге жол ашпаған дұрыс.

5) Электронды түрдегі құжат пен қағазға түсірілген құжат бірдей заңды күшке ие.

6) ЭЦҚ алғаннан кейін, барлығы үшін анықтама алуға болмайды. Барлық анықтамалар мен басқа құжаттарды тек өз атына ғана алуға болады.

7) Коммерциялық қызметті төлеу – әуе, теміржол билеттерін сатып алу, екінші деңгейлі банктердің қызметтері – банктегі жеке есеп-шот, немесе халықаралық төлем кәртішкесі арқылы жүзеге асырылады. Кәртішке бойынша төлемді жүзеге асырмас бұрын осы кәртішкеге қызмет көрсету келісім-шартының шарттарына көз салыңыз. Кейде Интернет бойынша төлем алынбауы мүмкін.

ЦИФРЛАР

Оңтүстік Корея электронды қызмет бойынша көшбасшы деңгейде. Өткен жылы Қазақстан 48-ші орынға ие болған, биылғы жылы 24-ші орынға алға шыққан. 2010 жылдың 25 желтоқсанында миллион электронды анықтама берілген. Таяу болашақта балабақшаға кезекке тұру үшін қалалық білім беру бөліміне өтініш беруге болады.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

5 қаңтар 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.