Аралас ұрыс өнері немесе ММА (Mixed Martial Arts) – кең танылып келе жатқан жаңа спорт түрі. Халық арасында ММА-ны «ережесіз ұрыс» деп атайды. Чемпиондар туралы, «ережесіз ұрыстар» туралы бапкер, ММА бойынша халықаралық дәрежедегі төреші Манап ҚАБДИЕВ (суретте) әңгімелейді.
НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ – ФЁДОР ЕМЕЛЬЯНЕНКО
- Манап, түсіндіріп беріңізші, ММА деген не?
- Тәсілдер жиынтығы бойынша біздің спорт түрі грепплинг күресіне ұқсайды. ММА «ережесіз ұрыс» емес. Оның нақты рұқсат етілген соққылары мен қапсыра ұстау ережелері жазылған. Атап айтқанда, желкеге, омыртқаға ұруға, баспен соққы жасауға, «омырылу» (табиғи бүгілуге қарсы) соққыларына тыйым салынған. Спортқа сай келмейтін іс-қимыл жасау және ережені бұзу салдарынан бәсекелесі зақым алса немесе ұрысты жалғастыра алмаса, спортшыны жарыстан шығарып тастайды.
«ЖС» АНЫҚТАМАСЫ:
Қабдиев Манап Тасболатұлы, 38 жаста, годзю-рю мен шотокан карате бойынша ҚР чемпионаттарының жүлдегері, бапкерлік өтілі - 20 жыл.
Дүниежүзілік ММА қауымдастығының негізін салушы - ресейлік палуан, бірнеше дүркін әлем чемпионы Федор Емельяненко.
Биыл ММА бойынша ІІ әлем чемпионаты өтіп, оған 38 елдің палуандары қатысты. Қазақстан құрамасы командалық есеп бойынша Ресейден кейін екінші орынды иеленді. Қазақстандық спортшылар әлем және Азия чемпионаттарында әлі де көшбасшы болады деп ойлаймын.
Қазақстанның ММА Федерациясының құрметті президенті Ерлан Қарин, ал, президенті – еліміздегі ММА-ны дамыту бастауында болған Анатолий Ким. Спорттың осы түрінің дамуына өңірімізде облыстың аға бапкері, жауынгерлік самбо мен джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бауыржан Берғали, сондай-ақ, жекпе-жек федерациясының бапкері Асқар Үмбетов, джиу-джитсу федерациясының бапкерлері Айбар Есенғалиев пен Ерболат Сатыбалдиев, «Айдар» спорт клубының бапкерлері Сағындық Мекеев пен Артур Дидаров салмақты үлес қосты.
- Биылғы жыл басынан бері сіздің спортшыларыңыз қандай жетістікке жетті?
- Жыл басында жоғарыда аталған федерациялардың жетекшілері ММА бойынша облыс чемпионатына бірге қатысып, ел чемпионатына қатысу үшін үздік палуандарды іріктеу туралы келісім жасады.
Нәтижесінде облыс құрамасына панкратионнан әлем чемпионы Самат Жақпаров, жекпе-жектен және панкратионнан ҚР чемпионы Исатай Теміров, джиу-джитсу және ММА бойынша спорт шеберлері Болатбек Теміров, Джахар Шапхатов, Аманбек Шершеналиев, Айбек Бөлекбаев, Мирас Шынтасов, Әбілқайыр Дюсалипов, Архат Мыңбаев, Жасұлан Хасимов, Амангелді Бекқалиев, Асланбек Тәженов және Фархад Қожантаев ілікті.
Орал қаласында өткен ҚР чемпионатында «алтынды» Ж.Хасимов пен А.Тәженов, «күмісті» Ә.Дюсалипов, «қоланы» А.Бекқалиев иеленді. ММА ережесі бойынша ҚР чемпионаттары мен Кубоктарында көріністі болу үшін кәсіпқойлар арасында жекпе-жек ұрыстары өткізіледі. Орал қаласында «Номадтар шайқасы 3»-ке біздің екі спортшымыз қатысты. Бірінші шайқаста Болатбек Теміров ресейлік спортшыдан ұпай бойынша жеңіліс тапты. Есесіне одан кейін шыққан Исатай Теміров бәсекелесін бірінші раундта нокаутпен жеңді.
Осыдан кейін біздің спортшыларымыз Щучинскіде ҚР ММА Федерациясы ұйымдастырған оқу-жаттығу жиындарынан өтті. Ол жерде ҚР аға бапкері Баян Жанғалов мамырда Худжанд (Тәжікстан) қаласында өткен Азия чемпионатына қатысу үшін үздік палуандарға іріктеу жүргізді.
Ж.Хасимов Азия чемпионы атанды. «Қоланы» А.Тәженов иеленді. Өзінің екінші жеңісін Исатай Теміров кәсіби аренада ұстап қалды, ол екінші раундта ринг қожайындарының өкілін нокаутқа түсірді.
Жақын арада ҚР құрамасының мүшелері тағы да Щучинскіге оқу-жаттығу жиынына бармақ. Қыркүйектің басында қала чемпионатында мықты палуандарға кезекті іріктеу жүргізуді жоспарлап отырмыз. Жеңімпаздар қазан айында Өскеменде өтетін ҚР Кубогына жолдама алады. Кубокта өздерін жақсы көрсете алғандар қарашада Прагада өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын болады.
«РИНГТЕ 12 САҒАТТАП ТӨРЕЛІК ЕТУГЕ ТУРА КЕЛЕДІ»
- Мәселен, Атырауда ММА бойынша ел чемпионатын өткізу үшін қанша қаржы керек?
- Лайықты деңгейде ММА бойынша сайыстар өткізу үшін әжептәуір қаржы бөліну керек. Ережеде сайыстың көріністі болуы үшін арнайы әсерлердің – құбылып тұратын музыканың, прожектордың, арнайы жарықтандырудың болуы қарастырылған. Төменгі қабатында тартылған торы бар арнайы ринг сатып алу керек. Қаламызда ММА-ны дамытқаны және дәріптегені үшін осындай ринг сатып алуға қаржы тауып беретін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Н.Ермұхановқа және оның орынбасары Г.Қаленоваға алғысымызды білдіреміз.
- Ережелердің көптігін ескерсек, рингтегі рефери өте білікті болуы керек қой.
- Иә, солай. Бұрын облыстық сайыстарда рефери ретінде тек мен шығатын едім. Қазір маған шәкіртім Еркебұлан Сабыржанов көмектеседі.
Мен 9 жылдан бері аралас ұрыс өнері бойынша жекпе-жектерге төрелік етіп келемін. Әлем және Еуропа чемпионаттарында, Әлем және Азия кубоктарында төрелік еттім. Халықаралық санаттағы төреші курсынан өткен кезде Виктор Корнеевтің қолынан сертификат алдым. Ол М-1 жекпе-жектеріне төрелік ететін әлемдік дәрежедегі рефери.
Өкінішке орай, Батыс Қазақстанда ММА бойынша төрешілер көп емес. Білікті реферилердің тапшылығы салдарынан кейде облыстық сайыстарда рингте 12 сағаттап жұмыс істеуге тура келеді. Қазақстан бойынша кәсіпқой рефери төртеу. Олардың ішінде екеуі – халықаралық дәрежеге ие – мен және төрешілер алқасының басшысы Павел Кан.
ММА бойынша облыстық турнирлер түрлі ұрыс өнері өкілдерінің жеке шеберлігі мен жігерін тексеру болып табылады. Оған жекпе-жек және джиу-джитсу шеберлерімен қатар облыстық «Намыс» кекушинкай карате федерациясының, «Қайсар» дәстүрлі карате және тай боксы спорт клубының спортшылары қатысады. Біздің турнирлерімізге кикбоксшылар да қатысуды жоспарлап отыр. Жағдайды пайдалана отырып, облыстық ММА федерациясының президенті, облыс әкімі аппаратының шаруашылық басқармасының басшысы Арман Кенжехорұлына, «Ембімұнайгаз» АҚ өндірісті автоматтандыру және ақпараттық технология департаментінің директоры Болат Нысанбаевқа, «Ембімұнайгаз» АҚ жалпы мәселелер жөніндегі бас директордың орынбасарының міндетін атқарушы Қуандық Қалидуллинге алғысымды білдіргім келеді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ