Атырау, 29 желтоқсан 06:12
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Жасыл желектің қаралы күндері

3 037 просмотра

Әуежай тас жолының бойына отырғызылған 8400 метасеквойя  көшетінің 85 пайызы өспей қалды.

Алдымен біздің газетіміздің туған қаламызды ауқымды көгалдандыру секілді мұндай  игілікті істерді жария етуге әрқашан да дайын екендігін ескерткім келеді. Оның үстіне, таза ауаны сақтап қалу туралы болашақтағы  жұмыстар осы жазда біздің кейбірімізді бірсыпыра шабыттандырған болатын. Редактор осындай жарияланымдарды газет бетіне жариялауды тоқтатуды талап етпегенде, газетіміз бағбандар жаршысына айналған болар еді. Алайда қазір «Бейбарыс» даңғылын әлденеше рет көгалдандыру әрекеті неліктен сәтсіз аяқталды және әуежай тас жолын көгалдандырушылар да осындай ауқымды сәтсіздіктерге неліктен тап болғанын түсініп алғанымыз өте маңызды. 

…Бас мердігер «Мұнайқұрылыссервис LTD» (әрі қарай «МҚС») көгалдандыру үшін жалдаған «Wins 3» мердігерлік компаниясының менеджері Дмитрий ПАККЕ менің басты сұрағыма жауап беру қиынға түскенін сезіп отырмын:

– Көшеттер неліктен шықпай қалды?

– Жеткілікті суарылмағандықтан деп ойлаймын.

– Сонда оларды аз суарған ба?

– Суарған, бірақ шамасы олар мол суды қажет еткен болуы керек. Ерік Мостовойдан тартылған су құбырының қуаттылығы осындай қарқынды суару үшін жеткіліксіз болған сияқты.

– Бірақ сіз метасеквойяның суды көп қажет ететінін білдіңіз ғой. Бұл туралы да жергілікті көгалдандырушылар біздегі жарияланымдарда ескерткен болатын.

– Әрине, біз мұны білдік. Бірақ осы су жеткілікті болар деп ойладық. Осы сәтсіздіктерден кейін суару жүйесі жолға қойылмайынша, қаланы көгалдандыра алмайтынымыз анық болды деп ойлаймын. Бүгінде қалалық және облыстық билік біздің тапсырыс берушіміз «МҚС» компаниясымен бірге бүкіл қала үшін бірыңғай суару жүйесін салу туралы мәселені белсенді түрде жасақтауда.

Біздің сәтсіздікке ұшыраған тәжірибеміздің артықшылықтары да бар екенін атап өткім келеді. Көшет отырғызылған жерлердегі электр өткізгіштік бойынша тұз құрамы (EC 1:5) 2,7 ms/cm-ден 0,3 ms/cm-ге дейін азайды. Ал pH (қышқыл-сілтілік балансы) 8,7-8,9-дан 6,7-ге дейін төмендеді. Ағаштар үшін оңтайлы рН – 6-дан 7-ге дейін. Яғни, осы жердегі топырақ өзінің түрін өзгерткен, қазір өсімдік өсу үшін жарамды болған. Сондықтан енді біз бастапқы тұжырымдамамызды өзгертеміз. Биік және сырттан әкелінетін ағаштардың орнына бірінші кезеңде жергілікті сұрыптарды отырғызу ұйғарылды. Бұл әрі қарай олардың көмегімен желден, күн көзінен және декоративті ағаштардың көшеттерін жазғы аңызақтан қорғау үшін жасалады.

– Ал «Бейбарыс» даңғылы қалай болмақ? Жергілікті кәсіпкерлердің бірі оны жайына қалдыру керек, қаланың өсімдіктер үшін анағұрлым қолайлы аудандарына отырғызу керек деп есептейді.

– Біз топырағын қопсытып қойдық, жақын күндері қайтадан отырғызамыз. Бұл қазан айының ортасында жапырақ түскен кезден бастап қарашаның ортасына дейінгі кезең. Ол жерге көшет отырғызуға болады. Қарағаштың кездейсоқ түскен тұқымы өсіп шықты ғой. Биыл көктемде жауын-шашын көп болып, ол канализацияның ағынды суларымен араласып, көшеттерді шығармай тастады. Келер жылы осындай деңгейде жауын-шашын түспейді деп ойлаймыз. Осы жердегі су құбырын жөндеген еді. Біз қайтадан бос жерді «қаздық» (тұздан шайдық). Сондықтан кешікпей көшеттерді отырғызу жұмыстарына кірісеміз. Бастысы, тамырлары жерсініп, жайылып үлгерсе екен дейміз. Сонда су деңгейінің әлсін-әлі көтеріліп тұратынына қарамастан, көшеттер де тірі қалады. Даңғыл бойындағы үйлердің аулаларында ағаштар өсіп жатыр ғой.

– Гидрогеолог Сабыров пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары «Бейбарыс» бойындағы көшеттердің өліп қалуына жолдың орталық бөлігіндегі дренажды астаушалар себеп болып отыр деп растағаны есімде. Олар суды бойына жинап, содан соң ол топырақ бетіне шығады екен. Осындай күйде көшеттерді отырғызу қаншалықты орынды?

- Астаушалардағы суды үнемі ағызып жіберіп отыру керек. Басқа жолы жоқ. Тіпті оларды ашып, өзара жалғаса да, жер бедері тегіс болғандықтан, су ешқайда кетпейді. Мәселен, бізде Алматыдағыдай еңістік жоқ. Сондықтан су тұрады. Сіздердегі ахуал оңай емес деп айттым ғой. Бірақ біз алған бетімізден қайтпаймыз... Бұдан бірдеңе шығу үшін осы жерде үш жыл отыру керек. Бүкіл жергілікті ерекшеліктерді зерттеу қажет. Осы жерді ұнатып, оған жан-тәніңмен берілуің керек. Адамдар бізге басқаша көзбен, құрметпен қарай бастағанын, қиын жағдайда қолдайтынын байқап жүрмін. Таксистер де танитын болды...

…Соңғы айтқаны, мені елжіретіп жіберді. Көгалдандырушылардың беттерінен қайтпайтыны жүрегімді жылытты. Дегенмен де, бәрібір мынадай ой басымнан шықпай қойды: егер әуел бастан-ақ жергілікті мамандардың кеңестеріне құлақ салса қалай болар еді? Сол кезде «МҚС» ЖШС директорының міндетін атқарушы Николай ФОМИННІҢ: «Мен жергілікті агрономдардың пікірін білу қажет деп есептемеймін» деп мәлімдегені есімде. Бір қызығы, көгалдандырушыларға бәрібір жергілікті мамандар мен гидрогеологтардың көмегіне жүгінуге тура келді. Көктемде «Бейбарыстағы» сәтсіздіктің себебін анықтау барысында біз көгалдандырушылармен бірге келіспестен, белгілі бір адамдар мен ғылыми мекемеге хабарласыппыз. Ондаған жылдар бойына жинақталған тәжірибені жоққа шығарудың қандай қажеті бар еді?! Қазіргі бизнесмендердің сүйікті принциптері – азғантай салым салып, тез нәтиже алу. Ал көгалдандыру секілді мұндай істе бұл мүлдем орынсыз нәрсе.

Мені және біздің оқырмандарымызды тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі мен бас мердігер жасаған осындай ауқымды жобалардың келісім-шарттағы құны неліктен аяқ астынан коммерциялық құпия бола қалғаны қатты таң қалдырды. Былайша айтқанда, бұл біздің құрметті депутаттарымыз бекіткен бюджет ақшасы ғой. Ал «Бейбарыс» даңғылында «МҚС» жүргізген жұмыстардың құнын бізге ақыры ешкім айтпады.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген В. Истомин

13 қазан 2011, 17:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.