Неміс лагерінің тұтқыны С.П.Трусовтың тіркеу кәртішкесі.Биылғы мамырда Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында атыраулық Вячеслав ТРУСОВ марқұм болған әкесі Семен Павлович ТРУСОВТЫҢ соғыс кезінде аяқ басқан жолдарымен жүріп өту үшін қаһарман-қала Севастопольге барып қайтты. Севастопольді ержүректікпен қорғау, тұтқынға түсу, қашу, тағы да тұтқынға түсу және фашистердің Бухенвальд деп аталатын өлім лагерінен тірі қалу... Әкесінің сирек айтатын сырын есіне алған Вячеслав Семеновичтің әлі күнге дейін тамағына өксік тығылады.
ГЕНЕРАЛДАР ҚАШЫП КЕТТІ, САРБАЗДАР ӨЛГЕНШЕ АЙҚАСТЫ
Семен Павлович Трусов 1912 жылы Орынбор облысында дүниеге келген. Мектепті алтын медальмен бітіріп, содан соң әскер қатарына шақырылады.
– Әкемді Орджоникидзе қаласындағы Закавказье әскери округінің әскери училищесіне оқуға жібереді. Бұл 40-жылдың тамызы болатын. Ал 41-жылдың қыркүйегінде 20 жастағы әкем Севастополь түбіндегі Балаклава маңындағы взводқа басшылық еткен, - деп әңгімелейді Вячеслав Семенович. – Ал кешікпей 388-атқыштар дивизиясында 452-ші жеке барлау ротасының командирі болады.
1941 жылдың 12 қыркүйегінен 1942 жылдың 10 шілдесіне дейін созылған Севастополь қорғанысы кеңес әскерлері үлкен шығынға ұшыраған ауыр әрі ұзаққа созылған қорғаныс операцияларының бірі ретінде Ұлы Отан соғысының тарихында қалды. Бұдан басқа, Севастопольді алу фашистердің Қырымды жаулап алудағы соңғы кезеңі болатын. Бұл Гитлер үшін жаңа бағыттар мен мүмкіндіктер ашып берді.
– 41-жылдың желтоқсанында біздің әскерлеріміз екінші ауқымды шабуылға тойтарыс бере алды. Ал үшінші шабуылда, қарсылысымыз көп мөлшерде әскер шоғырландырып, ауыр артиллерияны жұмылдырған кезде, біздікілер тойтарыс бере алмай қалған. Оның үстіне Приморск әскерінің жоғарғы қолбасшылығы отбасыларымен бірге азаматтық киіммен, жасырынып, соңғы суасты қайықтарымен, өз адамдарымен атыса қорғанып, қашып кетіпті. Бүкіл жауапкершілік полк пен дивизия командирлеріне түскен. Оларға ешкім бағдар беріп, бұйрық бермеген, олар шамалары келгенше шайқасқан. Кескілескен ұрыс болып, адамдар аңға айналғандай құтырыныпты. Әкем сол кездегі оқиғаларды есіне алғанды ұнатпайтын, бірақ суыртпақтап бірен-саран жайттарды білудің сәті түсті, - дейді Вячеслав Семенович. – Ол өзі басшылық еткен барлаушылар ротасы туралы әңгімелеген еді. Барлау ротасы негізінен суға кеткен және бүлінген кемелердің матростарынан құралған. Бір офицерді тұтқынға алғандарын айтты. Әлгі ақсүйектер тұқымынан, Вермахттың құрметті офицері және т.б. болып шыққан. Оған сүңгі бекітілген оқталмаған винтовканы беріп, найзаласудың ұрыс тәсілдерін жаттығу үшін сүңгілі винтовка ұстаған матростар сапына өткізеді. Офицер бірер минутта жер жастанады.
Севастопольді қорғау кезінде №56 артиллериялық ДОТ Дуванкой тірек пунктінің құрамына кірді.Әкемнің бір матрос жайлы әңгімесі есімде. Ол матрос өте күшті, мығым болған. Сол кезде тұтқынға түскен немістерді жауап алғаннан кейін атып тастайды екен, өйткені кейде өздерінің де баратын жерлері болмай қалатын көрінеді. Балаклавск бухтасындағы десанттық баржада бір немістен жауап алғаннан кейін оны атуды осы матросқа жүктейді. Ал ол матрос жақындап барып, жұдырығының соққысымен бас сүйегін сындырып, мүрдені аяғымен суға итере салыпты.
Әскерлерде оқ-дәрілер тапшы болып, найзаласқан шабуылға шығуға тура келеді. Бұл ет турағыштай болған екен. Әлі есімде, әкем сарбаздардың бірі винтовкамен, ал енді бірі саперлік күрекпен шабуылға шыққанын, өзінің алғашқы найзаласқан ұрысы туралы әңгімелеген еді. Ұрыстан соң бір сарбаздың шашы ағарып кетіпті. Ал денесінде бірде-бір сызат болмаған. Қолымен басын ұстаған күйі окоптың бір бұрышына отырып алып, кешке қарай қайтыс болған.
ТЕРЕЗЕ ТҮБІНДЕГІ ТҰТҚЫНДАР КОЛОННАСЫ
1941 жылы 19 желтоқсанда 778-ші атқыштар полкі мен 452-ші барлау ротасы қорғаныс ұстаған 90.0 биіктігі.1942 жылдың 1 шілдесінде Севастопольді немістер түгелдей басып алды. Ал кеңес әскерлерінің қалғаны тағы біраз уақыт бойы ұрыс жалғасқан Херсонеске кетті. Сарбаздар эвакуацияны күте-күте тұтқынға түскен.
– Біздің мәліметіміз бойынша, сол кезде тұтқынға 70 мың адам түскен, ал немістердің мәліметі бойынша – 80 мыңнан аз емес. – деп әңгімесін жалғастырды Вячеслав Турусов. – Севастопольде мен екі қариядан бөлме жалдадым. Пәтердің қожайын әйелі бұл пәтерде соғыс кезінде де тұрғанын айтты. Ол кезде жасы 10-да екен. Ол бірде өзінің естеліктерімен бөлісті. Фашист әскерлері қалаға кірген кезде, тұтқынға түскен кеңес жауынгерлерін солардың көшесімен алып өтіпті. 20 мыңнан тұратын колонна оның терезесінен ұзақ уақыт өткен. Бәлкім, осы колоннамен менің де әкем өткен шығар...
Ол сол кезде Кенигсберг түбіндегі концлагерьде болған. Бірде қыста оларды батпақты жерге апарыпты. Ол жерде қолдарымен үлкен теректерді аралауға тиіс болыпты. Ал немістер кейін түбіріне жарылғыш қойып жарып, әлдене үшін участокты тазартқан. Осылай бір апта жұмыс жасағаннан кейін көк жүзінен американдық ұшақ пайда болып, немістер оқ жаудырған. Жауған оқтардың бірінен кейін ұшақтың моторы өшіп, бірақ ұшқышқа оны тұтқындар жұмыс жасап жатқан жерге жақын маңға қондырудың орайы келеді. Күзетшілер арасында Буханка есімді адам болған, шамасы, адами тұрғыдан біздің сарбаздарды аяйтын болуы керек. Ол сыбырлап: «Ұшаққа қарай жүгіріңдер, бәлки ұшып кетерсіңдер» депті. Менің әкем, тағы бірнеше адам сол бағытқа қарай жүгіре жөнелген, бірақ оларды басқа күзетшілер ұстап алыпты. Қашып үлгермеген қашқындардың көз алдында ұшқышты айырмен түйреп тастаған.
БУХЕНВАЛЬДТАҒЫ КӨТЕРІЛІС
Алайда өзінің арынды жігерінің арқасында Семен мен тағы бірнеше тұтқынға қашып кетудің сәті түскен.
– Олар сол кезде әлдебір кеніште жұмыс істеп жүрген еді. Ұзақ дайындалып, құм тиелген вагондармен қашқан. Өз әскеріне қарай қашқан, бірақ шағын өзеннен өтер кезде оларды неміс иттері сезіп қалады. Сөйтіп әкем қайтадан тұтқынға түседі. Бұл жолы оны Бухенвальдқа жібереді. Өлім лагерінде өткізген күндері туралы әкем әңгімелеген жоқ. Бухенвальд тұтқындарының кездесуіне бірде-бір рет бармады. Жүрегім шыдамайды деп қорықты. Мен кішкентай кезімде бізге оның тұтқында бірге болған жолдастары келді. Ересек ер адамдардың отырып еске алып, еңіреп жылағаны әлі есімде. Теледидардан фашистік концлагерьлер туралы кадрлар көрсетілсе, әкемді басқа бөлмеге алып кетуге тура келетін. Бір ғана айтарым, әкем тек темірдей жігері мен бостандыққа шығам деген сенімінің арқасында ғана аман қалды. Бұл лагерь крематориясынан құтылуға көмектескен шығар. Концлагерь кеңес офицерінің жігерін жасыта алмады.
Семен Павлович Бухенвальдтағы көтеріліс дайындап жатқан штаб құрамында болды. Тарихи мәліметтерге сүйенсек, 45-ші жылдың 8 сәуірінде қоқыс шелегінің түбіне орнатылған радиоқабылдағыш арқылы астыртын жұмыс істеушілер одақтастардың шабуылдаушы әскерін көмекке шақырған.
11 сәуірде лагерьде көтеріліс басталады. Тұтқындар 80 шақты эсэстіктер мен күзет сарбаздарын қарусыздандырып, тұтқынға алады. Азат етілген лагерьге алғашқы американдық барлаушылар жетеді. 13 сәуірде лагерьге американ әскері кіреді.
– Әкем сол кезде бір американдық майор-танкистпен танысып, соғыс біткенше бірге шайқасыпты. Әлгі майор әкемді өзімен бірге Сан-Францискоға кетуге көндірмек болған. Өйткені, бұрынғы тұтқынды отанында не күтіп тұрғаны белгісіз еді. Дегенмен, соғыс аяқталған кезде әкем отанға оралып, бірқатар тексерулерден аман-есен өтіп, Кеңес Әскерінің қатарында қызметін жалғастырған. 46-шы жылы ол қысқартуға ұшырап, әскерден қайтарылады. Әкем сөйтіп үйге оралған. Бейбіт кезде ол жанашыр болған лагерь күзетшісіне алғысын білдіру үшін КСРО Қорғаныс министрі арқылы оны ГДР-дан табуға әлденеше рет әрекет еткен. Бірақ онысы нәтиже бермеді.
АТЫ ЖОҚ БИІКТІКТЕ
Трусов Семен Павлович 90-шы жылдарда.…Семен Павловичтің ата-анасы үшін ұлының тірі, аман-сау күйде екендігі туралы 45-ші хабарды алғаны ғажайыпқа толы үлкен қуаныш болды. Өйткені бұған дейін оның хабар-ошарсыз кеткені туралы қағаз келген еді.
Үйіне келген кезде Семен Павлович Орынбор теміржол техникумына оқуға түскен, үйленген. 50-ші жылы зайыбымен бірге жолдамамен Гурьевке келеді. Осы жерде паровоздың от жағушысы, машинисттің көмекшісі, машинист, ал кейінірек – теміржол басқармасында инженер болып жұмыс жасады. Ол 1993 жылы көз жұмған.
– Мамырда Севастопольде болған кезде, мен сол кездің картасына және әскери ақпарларға сәйкес, әкем басшылық еткен 452-ші жеке барлаушылар ротасы қорғаныс ұстаған жерлер мен биіктіктерді таптым. Мекензи тауларында, Инкерман қалашығында, дәлірек айтқанда Камышли ауылында болып, 1941 жылы 19 желтоқсанда (дивизия штабының ақпарына сәйкес) 778-ші атқыштар полкі мен 452-ші барлау ротасы қорғаныс ұстаған 90.0 биіктігін көзіммен көрдім, - деп әңгімелейді В. Трусов. – Бір кездері ұрыс болған, әкем мен мыңдаған басқа да сарбаздар ұрысқан жерлерден блиндаждарды, окоптар мен дзоттарды көрдім...
Тамара СУХОМЛИНОВА
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ Бухенвальд - Тюрингиядағы Веймар қаласының маңында салынған Германия аумағындағы ірі концентрациялық лагерьлердің бірі. 1937 жылдың шілдесі мен 1945 жылдың сәуірі аралығында лагерьде 250 000 адамдай тұтқын болды. Лагерь құрбандарының саны шамамен 56 000 тұтқын деп бағаланып отыр. 1945 жылдың 11 сәуірінде Бухенвальдке америкалық әскер жақындағанда онда көтеріліс басталып, нәтижесінде тұтқындар шегінген СС құрамасынан лагерьді жаулап ала алды. Осы оқиғалардың құрметіне Халықаралық фашистік концлагерьлердегі тұтқындарды босату күні аталып өтіледі. Бухенвальд аумағы КСРО-ға берілгеннен кейін, 1945 жылдың тамызында онда № 2 НКВД арнайы лагері ұйымдастырылды. Кеңестік мұрағаттардың мәліметтеріне қарағанда, 1950 жылы лагерь таратылғанға дейін онда 7000 астам тұтқын қаза тапқан. 1958 жылы лагерь аумағында мемориалдық «Бухенвальд» кешенінің негізі қаланды.