Астана. 22 маусым. ҚазТАГ – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіру жөніндегі келіссөздердің аяқталуына байланысты Қазақстан халқына үндеуі жолдады, деп хабарлады елбасының баспасөз қызметінен.
«Еліміз аса маңызды тағы бір тарихи оқиға қарсаңында тұр. Біз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келіссөздерді табысты аяқтадық», - делінген дүйсенбі күні Ақорданың сайтында жарияланған хабарда.
Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу біздің экономикамызды жаңа көкжиектерге бастайды. Кәсіпорындарымыздың шетел нарықтарына шығуын қамтамасыз етеді. Ал тұтынушылар үшін тауарлар мен қызметтердің кең ауқымына таңдау жасауға жол ашады.
Бүгінде сауда-саттығымыздың 90 проценті Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдерге тиесілі. Қазақстан шетелдік инвесторлар мен серіктестер үшін бұрынғыдан да тартымды бола түседі. Жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндіктер туады. Біз бұл нәтижеге жету үшін 19 жыл табанды түрде жұмыс жүргіздік, келіссөздер оңай болған жоқ. Осы жылдары біздің үкімет және сарапшыларымыз елімізге тиімді шарттарға қол жеткізу үшін талмай еңбек етті. Біз Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақтың талаптарын ұштастыра алдық. Бұл ретте ұлттық мүдделерімізді де қорғай білдік.
ДСҰ-ға мүше болу – күллі Қазақстанның жеңісі. Бұл – еліміздің жаһандық экономиканың бөлінбес бөлшегі ретінде мойындалуының айғағы. Ұйым мүшелігіне Бес халықтық реформаны іске асыруға кіріскен кезеңде қадам басуымыздың символдық мәні бар.
Біз жаһандық нарық шарттарына сай болу үшін үлкен дайындықтан өттік. Отандық өндірушілерге қолдау көрсетіп, бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасадық. Бірыңғай кедендік және экономикалық кеңістікте шыңдалдық. Алдымызда әлі де ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Бәсеке күшейеді. Оған дайын болуымыз керек. Себебі, шетелден келетін тауарларға біз шекарамызды ашамыз, тауар Қазақстанға көптеп келетін болады. Сапасы жоғары болса, бағасы төмендеу болса, ол тауарларды халық тұтынып, біздің тауар өндіретін кәсіпорындар жұмысының тоқтап қалу қаупі бар. Барлық бизнесмендерге менің талайдан бері айтып келе жатқаным сондықтан: бәсекеге сай болу керек.
«ДСҰ беретін артықшылықтарды пайдалана білетінімізді дәлелдеу қажет болады. Бұл Қазақстанның қолынан келеді және біз әлемнің озық елдері қатарынан лайықты орын аламыз деп кәміл сенемін», - деп сенеді Н. Назарбаев.
Бұрын хабарланғандай, 22 маусымда ұйымға кіру туралы құжаттар топтамасы формальды түрде мақұлдау үшін жұмыс тобына беріліп, одан соң ұйымның бас кеңесі мен ДСҰ-ның 161-ші мүшесіне бекітуге берілді.
Еске салсақ, Қазақстан ДСҰ-ға кіру туралы өтінішті 1996 жылы 29 қаңтарда берді.
ДСҰ – әлемдік сауда саласында қадағалау функциясын атқаратын жалғыз халықаралық ұйым. Оның негізгі мақсаты – сауданы одан ары либералдандыру және бәсекелестіктің әділ шарттарын қамтамасыз ету. ДСҰ 1947 жылдан бері жұмыс атқарған тариф және сауда жөніндегі бас келісімнің мұрагері болып табылады.
Дереккөз: ҚазТАГ
В Атырау -3