Атырау, 29 желтоқсан 06:38
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Украинаның кәмпиттерін сағынатын боламыз

3 425 просмотра

Тәттілерді қалайтын әуесқойларға өз «сүйіктілерімен» қоштасуға немесе олар үшін көп тиын-тебен жұмсауға тура келмекші.

 

Қазан айынан бастап Қазақстанда кондитер өнімдерінің кейбір түрлерін әкелуге қатысты сақтық шаралары енгізілді. Үкімет үшінші елдерден әкелінетін (Кедендік одақ құрамына кірмейтін) кондитерлік өнімдерге үш жыл мерзімге қосарлама баж салығын салу жөнінде шешім шығарды. Айталық, мәселен, ішіне салма салынған немесе салынбаған мұзды карамел, тоффи, карамелдер мен басқа да құрамында какао жоқ осыған ұқсас тәттілерге кедендік құнының 30% мөлшерінде сақтық баж салығы енгізілуде. Және ол бір келі үшін 0,27 еуродан кем болмауы тиіс. Ал, ішіне салма салынған немесе салынбаған шоколадты кәмпиттерге кедендік құнының 49% мөлшерінде салық салынады және ол да бір келі үшін 0,8 еуродан кем болмауы керек. Қанттан және оның орынын алмастырушы құрамында какао бар басқа да кондитерлік өнімдерге кедендік құнының 39% көлеміндегі сақтық баж салығы енгізілуде. Ол бір келі үшін 0,42 еуродан кем болмауы тиіс.

«Сақтық шараларын енгізу қосарлама салық салу болып табылады. Мәселен, барша жақсы көретін шоколадты кәмпиттерге бұрыннан-ақ 20 пайыз салық салынады және ол 0,6 еуродан кем болмайтын. Енді оларға 49% көлеміндегі жаңа баж салығы қосылуда және ол бір келі үшін 0,9-8 еуродан кем болмауы керек, сөйтіп барлық салынатын салық 69% жетеді»,-дейді Атырау облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Жанар БАЙҒАЛИЕВА.

Осылайша мемлекет тәттілер нарығындағы отандық өндірушілердің үлесін арттыруды жоспарлап отыр. Қазақстан кондитерлер ассоциациясы өзінің басты бәсекелесі деп украиндық өндірушілерді есептейді. Олардың импорттағы жалпы үлес көлемі 72%. Егер импорт көлемі 30 пайыздан асатын болса, онда отандық өндірушілерге айтарлықтай қауіптің төнгендігі болып табылады. Қазақстанның кондитерлік нарығында бұл цифр бүгінгі күні 41% құрап отыр. Айтпақшы, Украинаның өзінде кондитерлік өнімдер өндірісі  алдыңғы қатарда келеді, 1997-2000 жылдары оларда импортқа енгізілген баж салығы  40% болды. Соның нәтижесінде бүгінгі күні украиндық кондитерлер кеңес одағы ыдырағаннан кейінгі жылдарда көш басында келеді.

Кондитерлік өнімдерді сататын жергілікті сатушылардың бағалауы бойынша Украинадан келетін тәттілер бүгінгі күні 30-40% шамасындағы ассортиментті алып отыр. «Әзірге менің тауар қорым бар, алайда, Украинадан тағы да кәмпитті сатып алам ба, алмаймын ба, ол үлкен мәселеге айналуда. Ол тұрақты клиенттердің тапсырыс беруіне қарай болмақ. Жалпы украиндық кондитерлік өнімдер халықтың сұранысына ие, өйткені, бағасы қымбат емес кәмпиттерінің, мармеладтың және жоғары сұрыпты кәмпиттерінің де  жақсы таңдауы бар. Барлығы да тәтті. Тауар қоры азайған соң  тауар бағасын жаңа баж салығына дейін көтеруім мүмкін. Сөйтіп, тауардың өту барысын қарап көремін. Алайда, мұндай жағдайда басқа да кәмпиттердің бағасын үшінші елдерден әкелінген кәмпиттерден түсетін төменгі пайданы «жабу» үшін  көтеруге тура келеді»,-дейді өз пікірімен бөліскен Галина. Ол осы тәттілерді сату бизнесінде жеті жыл жұмыс істеп келеді.

«Идеал Маркет» компаниясының логистика тобы  департаменті және тарату орталығының басшысы  Денис ПАКТЫҢайтуынша, олар өз дүкендерінің желісі арқылы сату үшін кондитерлік өнімдердің негізгі бөлігін тікелей ресейлік жеткізушілерден алады. Сондықтан өнімдері де ресейлік өндірушілердікі. «Идеалдың» сақтық баж салығының енгізілуіне байланысты және үшінші елдерден әкелінетін тауарлар құнының өсуіне қатысты қандай саясат ұстанатындықтары әзірге белгісіз. «Біз өз жұмысымызда баса назарды тауарлардың тікелей жеткізілуіне аударамыз. Ал, кондитерлік өнімдердің түрлерін көбейту мақсатында тауардың аз бөлігі үшінші елдерден жергілікті фирмалар – дистрибьютерлерден сатып алынады. Біз бұл жағдайға қатысты қандай да бір шешімдер қабылдау үшін ойланатын боламыз және айта кету керек, кәмпиттер әлеуметтік маңызы бар тауарлар санатына жатпайды»,-дейді Денис Пак.

Атырау облысының базарлары мен дүкендер желісіне, оның ішінде «Атаба» дүкендер желісіне кондитерлік өнімдерді тікелей жеткізумен айналысатын «Жанэль» ЖШС-нің сату жөніндегі директоры Арман ҒАЗИЗДІҢ бұл жағдайларға қатысты көзқарасы сенімді. Оның пікірінше, кондитерлік өнімдердің ассортименті азаймайды. Біріншіден, қалай болғанда да контрабандалық жолмен келетін жеке тұлғалардың түрлі елдерден әкелетін өнімдерінің легі тоқтамайды. Екіншіден, көптеген шетелдік фирмалардың бүгінгі күні өз өндірістері Ресей мен Қазақстанда да бар.  Мәселен, «Сникерс», «Марс», «Ферорро» және басқалары. Сондықтан олардың өнімдері қымбаттамайды.

«Біз Атырау облысында Ресей, Украина, Прибалтика, алыс шетелдер, оның ішінде Польша, Италия және Түркия елдерінің бірқатар кондитерлік компанияларының ресми дистрибьюторы болып есептелеміз. Олардың зауыттары ТМД бойынша жұмыс жасайды. Бірақ зауыттары әрбір аймақта түрлі өнімдер шығарады. Кейін кондитерлік фирма тапсырысшы берген барлық өнімді бірыңғай тапсырысқа жинап, оны клиентке жібереді,-деп әңгімелейді А.Ғазиз. – Кез-келген өндіруші өз дистрибьюторына нақты аймақ бойынша өнімге тиісті бағасын көрсететін болады. Біздің жағдайда бұл бағалар Қазақстан бойынша ұсынылған. Сондай-ақ, барлық өндіруші өз өнімінің бағасы тұтынушы үшін қолайлы болғанын қалап, оңтайлы бағаны белгілеуге тырысады. Осыған орай олар өздерінше салықтың, шикізат бағасының өсуін және басқа да ойламаған жағдайлардың орын алуына қарай «қауіпсіздік жастығын» жасақтап қояды. Міне, біз қазір үшінші елдердегі серіктестерімізбен бірге сақтық баж салығының енгізілуін талқыладық. Нәтижесінде мынадай келісімдерге қол жетті,  біздің серіктестеріміз украиндық өнімдерді бізге бұрынғы бағадан 3-4 пайызға ғана көтерілген бағамен береді, ал, Польша өнімдері 5-6 % қымбаттайды. Түрік тауарлары бойынша әзірге ештеңе айта алмаймын». Айтпақшы, Арман Ғазиздің айтуынша, Украинадан әкелінетін кондитер өнімдерінің бағасы соңғы үш жылда үш рет қымбатсыды, бірақ, тұтынушылар соған қарамастан оны сатып алуда.

Осындай сақтандыру шараларын Қазақстанда қысқа мерзімге енгізуге бұрын да тырысып көрген, алайда, күткен тиімділікке қол жетпеді. Әзірге сақтық шаралары жүзеге асырылып жатқан үш жылдың ішінде отандық кондитерлер нарықтың көш басынан тауардың жоғары сапалылығымен және қолайлы баға белгілеу арқылы орын ала алады деген үміттеміз.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

12 қазан 2011, 18:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.