Бізге үйреншікті балабақшалар – ұзын-сонар кезек пен лық толған топтардан тұрады. Ал жеке балабақшалардың жағдайы анағұрлым жақсы. Топтағы балалар саны 15-20-дан аспайды. Олармен логопедтер, психологтар, хореографтар айналысады, оларға ағылшын тілін үйретеді. Одан басқа, заманауи ойыншықтар, қолайлы балалар керуеті (жиналмалы керуеттің орнына) және ешкіммен бөліспейтін киім салатын шкафтар бар.
Бірақ бір ғана кемшілігі – төлемақысы айына 50-70 мың теңге. Алайда, бұған қарамастан, жеке балабақшаларға да кезек көп. Кейін анықталғандай, ата-аналар сәбиіне дұрыс қарап, үйретсе болды, 100 мың төлеуге де дайын екен.
«Ата-аналарды бағасының қымбаттығы қорқытпайды. Олар балаларын қандай жеке балабақшаға беруді таңдайды. Басты критерийлердің бірі - оның орналасуы боп табылады», - дейді қалалық білім беру бөлімінің бас маманы Гүлнар ЖҰЛМҰХАНОВА.
Отбасылық бюджеттен мектепке дейінгі білім үшін жылына 600-800 мың теңге бөлгенде ата-аналар стандартты жалпыға бірдей бағдарламамен шектелмей, сәбиімен қарқынды айналысады деп күтеді. Бізге жеке балабақшалар не ұсынатынын анықтап көрейік.
Г.Жұлмұханованың айтуынша, облыс орталығында 6 жеке балабақша бар. Олардың барлығы өз қызметтерін қалалық білім беру бөлімі беретін лицензия бойынша жүзеге асырады. «Лицензия беретіндіктен бүкіл оқу-тәрбие процесін біз бақылауға аламыз. Барлық жеке балабақшалар мемлекеттік стандарттан ауытқымайды және «Алғашқы қадам», «Зерек бала» бағдарламалары бойынша жұмыс істейді. Бірақ олардың әрбіреуі қалаулары бойынша қосымша ретінде өз бағдарламасын қоса алады».
«Кампус» балабақшасы
Топта 16-18 баладан, балабақшада барлығы 36 бала бар. Төлемақысы – айына 50 мың теңге. Балабақша өткен жылы қыркүйекте Халықаралық білім беру корпорациясының Батыс Қазақстан кампусының базасында ашылды. Балалар 3 жастан бастап қабылданады.
Халықаралық білім беру корпорациясының Батыс Қазақстан кампусының директоры Жаңылсын КЕНЖИНАНЫҢайтуынша, балабақша дамытатын оқыту жүйесі бойынша жұмыс істейді. «Бізде математика, тіл дамыту, бейнелеу өнері және т.б. бойынша сабақтар жүргізіледі. Топтық сабақтардан басқа, тіл дамуы кешеуілдеген балалар үшін жеке сабақтар жүргізіледі. Сондай-ақ, бізде театр студиялары бар. Оған 5 жастағы балалар тартылады. Балабақшада тілдерді: қазақ тілін (орыс тілді балалар үшін), орыс тілін (қазақ тілді балалар үшін) және ағылшын тілін ерте үйретуге баса назар аударылады. Топта тәрбиеші мен тәрбиешінің көмекшісі жұмыс істейді, екеуі де жоғары білімді. Жеке психолог та, күзет те бар. Сондықтан ата-аналар өз балаларын алаңдамай тастап кете алады».
«Жас батыр» спорт кешені
Топта барлығы 30 бала бар. Төлемақысы – айына 30 мың теңге. Кезекте 15 адам тұр. Спорттық бейімі бар балабақша биылғы жылдың сәуірінде ашылды. 2-ден 4 жасқа дейінгі балаларға арналған. Бөбектер тобын ашу жоспарда бар. Мақсаты - дені сау балаларды тәрбиелеу. Мектепке дейінгі мекемеге баратын бүлдір-шіндердің құзырында батуттар, сақиналар, шағын қақпалар мен басқа да спорттық мүліктер бар.
«Басқа балабақшалармен салыстырғанда балаларымыз ана-ғұрлым қозғалысқа толы өмір салтын ұстанады, - дейді «Жас батыр» спорт кешенінің директоры Рашид МУСИН. – Біз «Әкем, анам және мен, жанұямыз серік спортпен» деген сияқты сайыстар өткіземіз. Әрине, біз балалардан үлкен спортшылар дайындамаймыз. Әзірге – бұл тек арман ғана. Біз олардың қабілеттерін дамытамыз. Үнемі компьютер алдында уақыттарын өткізбеу үшін ойын түрінде спортқа баулимыз. Осы мақсатты орындау үстіндемін. Қозғалыстың өзі шынығу екенін айту керек, балалар физикалық тұрғыда мығым болады. Басқалай жағынан стандартты бағдарлама бойынша оқытамыз».
«Жан ерке» жеке балабақшасы (Құрсай)
Балабақша 60 орынға арналған. Үш топ (1,5-тен 2 жасқа дейінгі өте ерте жастағы, бірінші кіші топ 2-ден 3 жасқа дейін, орта топ 3-тен 5 жасқа дейін), әрбіреуінде 20 баладан бар. Төлемақысы айына 25-30 мың теңге.
«Балабақшамыз өткен жылдың желтоқсанында «Балапан» бағдарламасы бойынша ашылды, - дейді «Жан ерке» балабақшасының меңгерушісі Гүлнар ҚАБИЕВА. – Қожайындары кәсіпкерлер, өздері Құрсайда тұрады. Олар осы жердің ата-аналарына қалай қиын тиетінін жақсы біледі. Ауылда бірде-бір балабақша жоқ. Сондықтан да жаңа тұрғын үйден жеке балабақша ашуды ұйғарған. Ауламызда ойын алаңы, беседка, киіз үй және әткеншектер бар. Үш топта үш тәрбиеші, оған қоса ағылшын тілінің оқытушысы күн сайын балаларға сабақ үйретеді».
Сондай-ақ, меңгерушінің айтуынша, балабақшаның құзырында арнайы шағын автобус бар. Ол күн сайын таңертең балаларды үйлерінен алып кетіп, кешке үйлеріне апарып тастайды. Өте қолайлы екенімен келісерсіздер. Мұндай қызмет түрін пайдаланатындар үшін төлемақы ай сайын 30 мың теңге құрайды.
«Келешек» жеке балабақшасы
2010 жылы ашылды. 25 бала (2-3 жастағы және 4-5 жастағы балаларға арналған екі топтан) тұрады. Айына 70 мың теңге.
«Біз ресейлік «Радуга» және «Детство» бағдарламаларын алдық. «Радуга» логикалық (математикалық) ойлауға арналған, ал «Детство» сөздік қорды толықтырады, - дейді«Келешек» балабақшасының меңгерушісі Майра ҚҰЛШИЕВА. – Оқыту бағдарламасына математика, тіл дамыту, қазақ тілі, сурет салу, музыка сабағы, психологпен және логопедпен дәріс сабақтары кіреді. Педагогтар үнемі әр сәбидің дамуына диагностика жасап, нәтижелерін ата-аналармен талқылайды. Бұдан басқа, биылғы жылы психология ғылымдарының кандидаты, Астрахан мемлекеттік университетінің доценті Ольга Колчинаны шақырдық. Ол балаларға психологиялық (зейініне, жадына және т.б.) диагностика жасап, ата-аналарға кеңес берді. Болашақта осы тәжірибені жалғастырғымыз келеді».
«Таза бұлақ» жеке балабақшасы
2008 жылдың 1 ақпанынан бастап жұмыс жасайды. 15-25 баладан үш топқа бөлінген. Төлемақысы – 50 мың теңге.
«Біз стандарттық мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмыс жасаймыз. Қосымша бағдарлама ретінде өз жобамыз бар, - дейді «Таза бұлақ» балабақшасының меңгерушісі Сәуле ОТАРБАЕВА. – Биылғы жылы бұл – экология тақырыбы болмақ. Мақсатымыз – сәбилердің жас ерекшеліктерін ескеріп, олардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту. Ауламызда бірнеше атыз бар. Балалар тәрбиешілермен бірге оларға күтім жасайды, суарады, жеміс-көкөністер секілді түсініктермен таныс болады. Сондай-ақ, балалармен музыкант, логопед, педиатр, психолог, ағылшын және орыс тілдерінің оқытушылары, хореграф сабақ жүргізеді. Түстен кейін ұсақ моториканы дамыту үшін ойын сабақтары өткізіледі, орта және мектепке дейінгі топ балалары драма театрға қойылымдар көруге барады».
ЕРТЕ ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫ
Жеке балабақшалардан басқа, қазір ерте жастан дамыту орталықтары кең тараған. Бұлар толық емес күнге баратын топтар. Балалар тәулігіне бірнеше сағатқа, аптасына 2-5 рет қана барады. Қаламызда осындай екі орталық бар.
«Айналайын» ерте дамыту орталығы2006 жылы ашылған. Төлемақысы – айына 12-16 мың теңге. Жыл сайын орталыққа 120 бала барады.
«Бізде алты педагог бар. Барлығының балалармен жұмыс жасау тәжірибелері мол, - дейді «Айналайын» орталығының әкімшісі Лариса ШУМИЛОВА. – Біз түрлі авторлардың бағдарламаларын пайдаланамыз, соның ішінде ресейлік, мәселен, Теплякованың, Бондаренконың және т.б. бағдарламалары бар.
2-4 жастағы сәбилер үшін сабақ аптасына екі рет бір жарым сағаттан өткізіледі. Бұған дамытушы және музыкалық бағдарламалар кіреді. Тілі, шығармашылық қабілеті дамып, санауды үйренеді.
4-6 жастағы балалар үшін аптасына үш рет үш сағаттан сабақ өткізіледі. Бұл жерде мектепалды даярлық жүргізіледі. Оқуға, жазуға, математикаға, тілдерге (қазақ және ағылшын), музыка сабақтарына үйретеді».
2-3 жастағы сәбилерді негізінен балалар ұжымына бейімделу үшін әкеледі. Олар үшін аналарымен бірге сабақтар өткізіледі. Мектепалды даярлық үшін одан үлкен жастағы сәбилер келеді. Оларды ата-аналары 2-3 сағатқа қалдырып кетеді. Әкімшінің айтуынша, мектепалды даярлыққа қыркүйек айының басында жазылған жөн. Ал сәбилерді жыл бойына қабылдай береді. Тегін сынақ сабағына жазылуға да болады.
«FasTracKids-Atyrau» ерте дамыту орталығы.Сабақ құны айына 8-ден 15 мыңға дейін.
«Біздің орталық екі бағыт бойынша жұмыс істейді, - дейді «FasTracKids-Atyrau» меңгерушісі Зейнеп АСТРАХАНЦЕВА. – Бұл американдық FasTracKids әдісі. Ол 40 елде қолданылып келеді. Сабақ аптасына бір рет дәстүрлі және дәстүрлі емес 12 пән бойынша 2 сағатқа өткізіледі. Сондай-ақ, ағылшын (американ) тілін үйрену, хореография, орыс және ағылшын тілдерінде сәбилердің шығармашылық қабілеттіліктерін дамыту сабақтары жүргізіледі. Көркем студия да бар.
Екінші бағыт: ресейлік бэби-клуб – 8 айдан бастап 6 жасқа дейінгі сәбилердің ақыл-ойын ықыласпен дамыту. Бұл негізінен Николай Зайцевтің әдісімен жұмыс жасайды. Сондай-ақ Мария Монтессоридің, Дьенештің, Борис Никитиннің, Глен Доманның, Новикованың, Косинованың және көптеген басқа да педагогтардың әдістері қолданылады. Бізде талантты қызметкерлер жұмыс істейді, олар конкурстан, міндетті оқытудан өтіп, Зайцевтің сертификатын алады. Сабақ ұзақтығы – аптасына бірден үш мәртеге дейін 1-1,5-2 сағатқа келу жолдары қарастырылған. Сәбилер жыл сайын қабылданады, тегін сынақ сабағына телефон арқылы жазылуға болады».
Басқа да көптеген заманауи ата-ана секілді Әлия да ерте оқыту мәселесіне ерекше ықыласпен қарайды. Сондықтан да өзінің 2 жастағы ұлы Әлиханды жеке балабақша мен Ерте дамыту орталығына апарады.
«Біз барып жүрген жеке балабақшаны жұмысымнан қашық болмаған соң таңдадым, - дейді ол. – Ол жердегі тәрбиешілер жақсы, сәбиім де үйреніп кетті, қазір сол жаққа қарай жүгіреді. Ол жердің күтімі де жақсы, сәбиім үйге таза боп келеді. Балабақша ғимараты үлкен, жеке жатын бөлмесі де бар.
Не нәрсе көңілімнен шықпайды? Егер сәби балабақшаға бармаса, мейлі бір ай болсын, бізге қайта есеп жүргізілмейді. Бармаса да, толықтай айлық соманы төлеуге тиіспіз. Біздің топта қазір 24 сәби бар. Бірақ 10-15-тен артық қабылдамаймыз деп уәде берген еді.
Жексенбі сайын Ерте дамыту орталығына барамыз. Оқуды, санауды үйренеміз, геометриялық пішіндерді жаттаймыз, оларды жасаймыз, сурет саламыз. 1,5 сағаттан тұратын бір сабақ барлығын қамтиды. Сәбиіме қатты ұнайды. Ол сол жаққа жүгіріп, мен туралы ұмытып та кетеді. Біз тек бір ай ғана бардық, нәтижесі де бар. Мен үйретпесем де сәбиім 20-ға дейін еш қиындықсыз санайды. Топта көп дегенде 4 сәби бар.
Біз жеке балабақшаға бармас бұрын, Ақтөбедегі жеке балабақшалардың біріне барып үлгердік. Ол жердегі төлемақы айына 20 мың теңге. Балабақша анағұрлым жақсы жарақталған, екі қабатты үлкен ғимаратта, жасыл-желекке малынған ауданда орналасқан. Жүріп жатқан көліктер жоққа жақын. Балабақшаның артқы жағы тоғайға ұласқан. Топта 13 бала бар. Бірінші қабатта үлкен спорт залы, музыкалық кабинет бар. Мұның бәрі анағұрлым арзанға түседі».
Тіпті қомақты ақшаның өзімен ата-аналар таңдай алмайды. Балалармен білімді қызметкер жұмыс істейтін жерге қабылдану мүмкін емес, орын жоқ. Енді болашақта саны емес, сапасы да арта түсер деп үміттену ғана қалады. Қалалық білім беру бөліміндегілер хабарлағандай, тағы екі жеке балабақша ашылмақ. Бірі қаладағы Пионерия көшесінде, екіншісі – Балықшыда. Рас, олар әлі лицензия алмаған, ұйымдастыру мәселелерімен және жиһаздар сатып алумен айналысуда.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА