Қаламыздың тумасы, танымал режиссер әрі продюсер Киров атындағы мектепті тәмамдаған соң, оқуға кетіп, Қазақстаннан тысқары жерде танылды. Ол өзінің туған жеріне туыстарына барып, осы жерде жерленген анасына зиярат ету үшін анда-санда келіп кетеді. Ол сондай-ақ, көп жылдар бойына марқұм әкесі жұмыс істеген «Атырау Жарық» кеңсесіне де аяқ басты. Энергішілер Нұруахит БЕКМАМБЕТОВТЫҢ рухына арнап мемориалдық тақта орнатып, оны танымал ұлына көрсетті.
10 жыл бұрын Тимур біз үшін үлкен сұхбат беруге сыпайы ғана келісіп, редакцияға келіп, тіпті маған және әріптестеріме «Түнгі шолғыншы» фильмінің дискісін сыйға тартқан болатын. Бұл жолы, оның атқосшыларының айтуынша, режиссер журналистермен кездесуді жоспарламаған. Ол бірер күнге келген екен, сапар кестесі толы болғанымен, «АЖ»-ның бірнеше сұрақтарына жауап берді.
Тимур Бекмамбетовтің айтуынша, ол бұрынғыша Мәскеу мен Лос-Анджелостің ортасында жүреді. Қазір аңызға айналған MGM киностудиясының «Бен-Гур» атты ірі жобасында жұмыс жасауда.
– Бұл көне хикая, оған 2000 жыл болды. Сценарий Лью Уоллестің өте танымал «Бен-Гур» классикалық романы бойынша жазылған. Сюжет ағайынды жігіттер туралы, классикалық жағынан – кек пен кешірім туралы.
– Картинаңызда қандай актерлар ойнайды?
– Морган Фримен, Джек Хьюстон… Кино үлкен экранға келер жылдың көктемінде шығады.
– Сіз Астанаға келген кезде (Бекмамбетов Халықаралық «Astana» экшн-фильмдер кинофестивалінің негізін салушы әрі президенті) Қазақстан тарихына негізделуі ықтимал бірлескен жобалар жиі талқыланады. Олар жүзеге асты ма?
– Иә, мұндай ұсыныстар талқыланды, бірақ, өкінішке орай, әзірге нақты ештеңе жоқ. Сценарийлер байқауы өтті, бірақ Қазақстан туралы емес. Ғарыш туралы сценарий үздік болды, ол бойынша «Апполон-18» фильмі түсірілді. Бары осы.
Бекмамбетовтің «Базилевс» кинокомпаниясы көптеген байқаулар өткізіп тұрады: толық метражды және анимациялық картиналар сценарийіне, арнайы эффектілер жасаушылар үшін және т.б. 2010 жылы «Астана» фестивалінің шеңберінде компания сценарийлер байқауын жариялады. Американдық Брайан Миллер жеңімпаз атанып, оның сценарий бойынша 5 млн долларға түсірілген «Apollo 18» фильмі 25,2 млн касса жинады.
– Сіз әлі де осындай жобаларға қызығушылық танытасыз ба?
– Әрине, әрқашан.
– Сіз көп уақыттан бері Атыраудан ғана емес, Қазақстаннан жырақта өмір сүріп жатырсыз. Бұл жақта не болып жатқаны қызықтыра ма?
– Иә, әрине. Мен осы жақта тұратын туыстарыммен хабарласып тұрамын, солардан білемін.
Бекмамбетов жартылай қазақ, көп уақыттан бері Ресейде тұрады. Бірақ өз руын ұмытпаған.
- Қазақтар үшін, әсіресе батысында, ру сұрасу қалыпты жағдай. Сізге осындай сұрақ қойылды ма?
Біраз үнсіздікке қарағанда, қойылмағанын түсіндім. Дегенмен, Тимур сол сөзді жадына түсіріп:
- Шеркеш, - деп, ақырындап айтты, шамасы әдеттенбегендіктен шығар, «э» деген әріппен айтып, ішінен «дәл солай!» дегендей, басын изеді.
– Сіз соңғы рет бұл жаққа он жыл бұрын келдіңіз...
– Иә, мен бұл жақта сирек боламын, бірақ енді жиі келіп тұрамын деп үміттенемін.
– Бұл немен байланысты?
– Жасыма байланысты - уақытым көбейді, – деп күлді Бекмамбетов. – Іс жүзінде жас ұлғайған сайын, туған жерің тартып тұрады екен.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген Сәуле ТАСБОЛАТОВА