18 маусым күні Рамазан айы басталады. Осыған байланысты біз ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан МАНСҰРОВҚА ораза ұстау жөнінде сауалдарымызды жолдаған болатынбыз.
- Батыржан Берденұлы, оразаны бірінші рет ұстайын деп жүрген адам нені ескеруі қажет?
- Сауалыңыз өте орынды. Шынында айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазан әлем мұсылмандарының сағына күтіп, қимай қоштасатын айы. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі», - деп айтқан. Ал бұл айда жасалған әрбір жақсы амалдар елеусіз қалмай, сауабы еселеп артады. Алғаш рет оразаға ниет еткен кісі үшін ең алдымен шөлдеу, қарны ашу немесе шаршау секілді әдеттегі нәрселер қорқынышты болуы мүмкін. Дегенмен, оразаға ниет қойған кісіге Алланың берер күш-қуаты бар екенін ескерген жөн.
- Рамазан айының басында үш күн, ортасында үш күн, соңында үш күн ашығуды місе тұтатындардыкі - ораза ұстаған болып санала ма?
- Бұған ешбiр негiз жоқ. Мұндай үш күндiк нәпiл оразалар басқа қасиетті айларға ғана тиесілі. Мұны рамазан айының оразасымен шатастырмаған жөн. Рамазан айында толық бір ай ораза ұстау парыз. Құран және хадисте де нақты бекітілген. Алла Тағала былай дейді: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды... Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын...», - («Бақара» сүресі, 183,185-аяттар) делінген.
- Ораза кезінде таңғы асты әдейі тойып ішетіндер бар...
- Қомағайлық әрі ашкөздікпен тоя тамақ жеуді шариғатымыз құп көрмейді әрі ол денсаулыққа да зиянды болып табылады. Ең бастысы, ораза тәнді тазартып қана қоймай, жан-дүниеге рухани қуат беретін әрі нәпсіні тізгіндеп, тәрбиелеуге жетелейтін құлшылық.
- Оразаның қандай пайдасы бар?
- Қысқаша айтқанда асқазанды тазартады, дененің ауырлығы мен семіздігін тоқтатады, бір жыл бойы тыным таппай жұмыс істеген ас қорыту жүйелері дем алып, ретке келеді.
- Оразаны бұзатын не нәрселер?
- Таң атқаннан күн батқанға дейінгі аралықта жеу, ішу, жыныстық қатынаста болу (ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды), дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар укол қабылдау және темекі тарту, әдейі құсу әрі ауыз толы құсықты жұту.
- Оразаны не бұзбайды?
- Ұмытып ішіп-жеу, қан алдыру, ауыз, мұрынды шаю, шомылу, төбеден су құйынып жуыну, бойды дәретсіз таң аттыру, еріксіз құсу, көзге сүрме жағу, еріксіз тамағына түтін, тозаң, шыбын кіру, түкірік жұту, тістің арасындағы бұршақтан кішкене нәрсені жұту.
- Ораза кезінде түкірік жұтуға бола ма?
- Болады, ол табиғи қажеттілік. Бірақ әдейілеп ауызға толтырып түкірік жинап, оны жұтып отыру оразаға кедергі болады.
- Ораза ұстауға шамасы келмейтін жандар қайтпек?
- Олар дінімізде «фидия» садақасын беруге міндетті. Бұған ауруларынан айығу үміт етілмеген жандар мен ораза ұстауға шамасы жетпеген қарт кісілер жатады. Олар оразаның орнына әрбір күні үшін бір кедейді тамақтандырады. Фидияны ақшалай беруге де болады. Бір кедейді отыз күн таңда және кешке тамақтандыру немесе алпыс кедейді бір күн таңертең немесе кешке тамақтандыру жеткілікті.
Айнұр САПАРОВА