Атырау, 22 желтоқсан 11:19
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Қазақ қол өнерінің Арыстаны

15 900 просмотра

Қазақ халқы ежелден қастер тұтқан өнердің бірі – қол өнері. Заманалар өзгерісі оның экзотика күйінде ғана қалып қою қаупін тудырған кезеңдер де өтті басымыздан. Әсіресе, Кеңес үкіметі кезінен бастау алған батыс мәдениетіне тым асыра еліктеу ағымы бірнеше ұрпақты ұлттық қол өнерден алыс ұзатып әкетті. Осыған жаны ауыратын және осы өнермен ғұмыр бойы талмай айналысып келе жатқан өнерпаздың бірі - атыраулық шебер, ҚР Мәдениет қайраткері Арыстанбек Молдашев.

Қоңыр күздің кейде мұңлы, кейде шуақты күндерінің бірінде мен Арыстанбек ағамен жолығып, қазақ қол өнерінің қазіргі хал-ахуалы және осы салада оның тағы да не тындырып жатқаны туралы сұхбаттасқым келді. Өнерпаз аға әңгімесін сонау алыста, ақ шағылдардың арасында қалған балалық шағынан бастады:

- Мен 1935 жылы бұрынғы Новобогат ауданы, Забурын ауылында тудым. Сондағы Куйбышев орта мектебін бітірдім. Әркімге өз алтын ұясы ыстық қой. Бала кезімізде оның қадір-қасиетін біле бермедік. Берірек келе жиі еске алатын болдық. Құмаршық қағып жатқан кезде тудың деп анам айтатын. Құмаршық – тек қана құмда өсетін, тары тәріздес дәнді дақыл. Оны қараша айының аяғында қағады. Қазақ халқын қырғынға ұшыратқан 1932-нің аштығында және кешегі Ұлы Отан соғысы жылдары Нарын құмындағы елді аман алып қалған осы қарапайым өсімдік болатын.

Біздің бала кезімізде ауылдың төңірегінде бал құрағы мен қияғы сыңсыған сайлар болатын. Сол сайларға бір кезде кеме келген дейді. Теңіз тартыла келе орыны сай болып қалған.

Бала кезде жоқшылық мезгілді бастан өткіздік. Әкемнің қасында көмекші болып, ескі-құсқы бұйымдарды жөндеуге көмектесетінмін. Әкем Молдаш Сүлейменов, шешем Гүлсін Сұлтанәліқызы өмірге бірнеше ұл-қыз әкелді. Бүгінде олар бақилық болған. Әкем шебер адам еді. Ағаштан керемет бұйымдар жасайтын. Сол кісінің әсері шығар, зергерлік және өнер бұйымдарын жасауға ықыласым ауды.

- Домбыраны қандай ағаштан жасайсыз? Ол біздің Атырауда табыла ма?

- Домбыраны кез-келген ағаштан жасаған дұрыс болып шықпайды. Үндестігі онша болмайды. Шанағы қатты ағаштан, қақпағы ұрғашы қарағайдан болғаны дұрыс. Мұндай ағаштардың Атырауда табылуы қиын. Сондықтан шет елдерге шығып тұратын бизнесмендерге тапсырыс беремін. Олар тақтай күйінде әкеледі. Әсіресе, шпалға ұқсас ағаштарды жергілікті станоктарда өзіме қажетті көлемде жондыртып аламын. Ең ауыр деген жұмыстарын үйдегі шеберханамда жасап, ал мына шағын шеберханаға тек құрастыру үшін әкелемін. Электр станок, сүргі секілді құралдарым үйдегі шеберханамда. Домбыра жасаудағы ең бастапқы процеске үлкен станок керек. Ол мына АМӨЗ-дің цехында бар. Соған кестіріп алған соң суға салып иіп, екі жұма бойы суда ұстаймын. Сонда ағаш былқылдап, жұмсарады. Сосын оны иіп, майыстырып, ыссы пешке қыздыру керек. Қыздырып болған соң темір қалыпқа салып, қысып қояды. Қалып дегеніміз электр спираль жүргізілген тұрба. Соған иілген ағашты салып қоямын. Бұдан шыққан соң сушилкаға салынады. Бойындағы ылғалы кетуі керек қой. Содан соң иілген ағаш жеті қиыққа бөлініп, кесіледі. Сосын сүргімен тегістеледі. Міне, осы қиықтарды шанаққа пайдаланамыз. Ал домбыраның сағасы мен құлағын және бет тақтайын жасауды түсіндірудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Ең қиыны – шанағы.

- Домбырадан басқа не жасайсыз?

- Қазір қобыз жасап жатырмын. Зейнетке шыққан соң облыстық драма театрында директордың орынбасары боп жүрген кезімде Абай мен Жамбылдың 150 жылдығы, Құрманғазының 175 жылдығына орай қолөнер көрмелерін ұйымдастырдым. Соны облыс басшылары көріп, содан соң «қолөнер бұйымдарын шығаратын орталық ашайық, соған сізді директор қылып тағайындайық» деп, мені облыстық театрдан мәдениет басқармасына ауыстырды. Және соның ішінен аталған орталықты ашып берді. Міне, осы мүмкіндікті пайдаланып, қобыз, сандық, әр түрлі зергерлік бұйымдар, сувенирлер жасай бастадым. Сол кезде Махамбеттің 200 жылдығы тойланды. Облыс әкімінің тапсырмасымен маған 20 домбыраға тапсырыс берілді. Домбыраның бетіне Махамбеттің суреті салынуға тиіс болды. Мен домбыраларды жасап және бетіне Махамбеттің суретін салып бердім. Олар сонда келген қонақтарға сыйға берілді.

Шетелден қонақтар келсе де маған тапсырыс береді. Оларға түрлі сувенирлер даярлап бердім. Отыздан аса домбыраларым шетелдіктердің қолында жүр. Ақын Фариза Оңғарсынованың 60 жылдығына орай Қорқыттың қылқобызына тапсырыс беріліп, оны да жасадым. Дәстүрлі өнер мен қол өнерді Атырауда жалғыз насихаттап жүрген әзірге мен.

- Болашағынан үміт күттірер шәкірттеріңіз бар ма?

- Қол өнері материалдық тұрғыда байлыққа белшеден батыратын кәсіп емес. Мұның азғантай ақысы ақ тер-көк тер еңбекпен келеді. Сондықтан жастар бұған сирек жолайды. Ауырсынады. Десе де, шәкірттерім бар. Тоқсаныншы жылдары «Ұлан» оқу-өндірістік комбинаты жұмыс істеді. Онда қол өнер, ағаш шебері, суретшілік бөлімдері болды. Нұрлан, Марат деген балаларды баулыдым. Үлкендік шығар, қазір фамилиялары аузыма түспей отыр. Осы шеберханама өнер факультетінің жастары да келіп дәріс алады. Домбыра, қобыз жасау тәжірибемді олармен бөлісемін. Бәрін де шәкірттерім деп есептеймін.

Десек те, менің ең негізгі шәкірттерім – ұлдарым. Осы бір менің азапты жұмыстарыма екі ұлым көмектесетін. Екеуі де өнерге жақын. Маған еліктейтін шығар. Сандық, бесік жасайды. Маған заготовка жасауға көмектеседі. Үйленген, балалары бар. Өкініштісі, үлкен ұлым Ризабек қайтыс болды. Енді Ақылбек деген ұлым көмектесуде. Өмірге екі ұл, бір қыз әкелгенбіз. Зайыбым Мария да осыдан жеті жыл бұрын қайтыс болды. Өзім қызыммен және кішкентай немереммен тұрып жатырмын. Ұлдарымның екеуіне де үй салып бергем. Бірақ үнемі біргеміз. Шаруашылығымыз да бір. Ұлдарымның алған мамандықтары өнерге қатысты емес, бірақ оларға қаннан дарыған деп ойлаймын. Сәби кезінен менің өнеріме қызығып жүрген тағы бір перзентім, ол - қызым Сәния. Бүгінде қазақ-түрік лицейінде директордың орынбасары. ҚР Жастар сыйлығының лауреаты. Соңғы жылдары қыз ұзату тойларына лайықтап «Сыңсу» өлеңін жазған еді. Қазір бұл өлеңі көптеген тойлардың сұранысына ие болып отыр.

- Өнерімен елді тамсандырған таланттардың көбі елеусіз, көптеген пысық адамдар қол жеткізіп жатқан материалдық игіліктерді армандап қана өмір сүреді. Талант табиғатына бітетін ұяңдық пен қорғансыздық олардың көп нәрседен құр қалуына себеп болады. Ал сіздің өз әлеуметтік жағдайыңызға көңіліңіз тола ма? Мәселен, баспана, көлік деген сияқты.

- Кезінде баспана жағдайым қиын болды. Мәдениет саласында қызмет етіп жүргенде әупіріммен алған үш бөлмелі пәтерім бар. Өзі бесінші қабатта, төбесінен су ағады. Шеберханам сыртта, гаражда. Жетпіс жылдық мерейтойымда қызым сыйға тартқан автокөлігім бар.

- Дегенмен, сіз коммуналдық пәтерде тұрып-ақ өнерде үлкен жетістіктерге жеттіңіз ғой? Бұлай дейтін себебім – мен сіздің республикалық деңгейдегі талай фестивальдарға қазылық еткен үлкен өнер адамдарынан «Халқымыздың ұлттық өнерін түгел меңгерген әмбебап дарын иесі» деген атақты ресми тұрғыда алғаныңызды білемін. 

- Иә, республикалық аренаға шығуым 1995 жылдары басталды. Бұл кезде зейнетке шығып, біржола өнерге бет бұрдым. 2000 жылы «Сегіз қырлы» атты өнер фестиваліне 30-ға тарта бұйымдарымды алып бардым. Оның ішінде домбырадан басқа қобыз, зергерлік бұйымдар бар еді. Жұрт қызыға қарады. Мен сол жолы тек қолөнерімен шектелмей, домбыра тартып, ән салып, бас жүлдені жеңіп алдым. Кешегі университеттің 60 жылдығында да Алғыс хат тапсырды. Жалпы, мәдениет саласында жүргеніме биыл 55 жыл болған екен.

- Сізді әскер қатарында жүргенде суретші болды, маршал Жуковтың портретін салды деп есіп едім...

- Ол рас. Әскери бөлімінің суретшісі, писары болдым. Ерекше есімде қалғаны - маршал Г.Жуковтың портретін салғаным. Портрет майлы бояумен салынған, биіктігі екі метр болатын. Бірақ арада аз уақыт өткенде КПСС Орталық комитетінің бас хатшысы Н. Хрущев Жуковты қорғаныс министрі қызметінен алып тастады. Тіпті, партия қатарынан шығарып, армияның барлық постысынан босатып, 1958 жылы отставкаға жіберді. Оған лениндік принциптерді бұзды деген кінә тағылыпты. Біз де саясатқа орай, портретті қабырғадан алып тастауға мәжбүр болдық. Бірақ мұның маған саяси тұрғыда еш зияны тиген жоқ. Керісінше, үйге кетерде жақсы суретші болғаным үшін сержант шені мен Алғыс хат берді...

- Аға, жақсы көретін жазушы-ақыныңыз және әнші-композиторыңыз кімдер?

- Әдебиет пен өнер адамдарын бөла-жара атағым келмейді. Бірінен бірі өтеді. Бала кезде бізді ата-ана мен ұстаздан кейін тәрбиелеген солардың шығармалары ғой. Кітап оқып өскен ұрпақтың отаншылдық сезімі күшті болады. Басқа мысалды айтпағанда, кешегі желтоқсан оқиғасында да ұлт намысын қорғаған сол көркем әдебиет оқып өскен ұрпақ қой...

- Қандай тағам түрін сүйсініп жейсіз?

- Аш құрсақ балалық шағым үнемі көз алдымда тұратындықтан шығар, өз басым тамақ таңдамаймын. Десе де, балықты ерекше жақсы көремін. Асқазаныма да жайлы тиетіні осы.

- Өмірлік қағидаңыз?

- Алла тағаладан бейнет көрмей өтуді тілеймін. Ауырып жатып қалмай, өмірімнің соңына дейін өнеріммен болсам деймін. Өйткені мені жасартатын да, өмірімді ұзартатын да өнер. Немерелерімнің қызығын көрсем деймін. Күнделікті өмірдің күйбеңі мен кейде еңсені басатын проблемаларды ойламауға тырысамын. Осыдан кешке үйге барған соң да кешкі асымды ішіп алып, түнгі сағат 10-11-лерге дейін шеберханамда жұмыс істеймін. Домбыра жасаймын. Жұрт сандыққа, қобызға тапсырыс береді. Бұрынғы шағын қобыздар қазір сәннен қалды. Бәрі бүгінге талапқа сай скрипка-қобызға көшуде. Мұны Атырауда тұңғыш рет мен жасадым. Бүгінде өнер академиясында осы қобызбен дәріс оқытылып жатыр.

Сұхбаттасқан Тарас НАУРЫЗӘЛІ

1 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.