Атырау, 27 қараша 09:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Қырандар ажалын электр желісінен тауып жатыр

11 286 просмотра

Облыстық табиғи ресурстарды және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы 6-10 киловольт кернеулі электр жеткізу желілерінің құстарға әсерін зерттеу бойынша ғалымдар жүргізген жұмысты қаржыландырған еді.

Зерттеу жұмысын алматылық «Казэкопроект» институты және «Дронт» экологиялық орталығы (Нижний Новгород қаласы, Ресей) жүргізіп отыр.  «Дронт» орталығының ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының кандидаты Марк ПЕСТОВТЫҢ (суретте) айтуынша, электр жеткізу желілері құстардың ірі және сирек кездесетін түрлерінің өліміне жиі себеп болып табылады екен. Бұл проблема сонау ағаш бағандарды темірбетонды тіректерге ауыстырған кеңестік дәуір тұсында пайда болған. Оның мәнісі мынада екен, ағаш тіреулер  электр қуатын нашар өткізген. Осындай тіреуге дем алу үшін қонған ірі құстардың қанаты сымдарға тигенімен оларды ток соқпаған.

Облысымыз жартылай шөл дала аймағында жатыр. Бұл жерлерде жыртқыш құстарға қонатын биік ағаштар да, төбешіктер де  жоқ. Сондықтан да олар бағандарға қонады. Магистралды желілер кернеулігі 6-10 киловольт электр жеткізу желілеріне қарағанда құстарға ешқандай зиян келтірмейді. Өйткені, ондай тіреулер ток өткізбейтін толық алқалармен жабдықталған.

6-10 киловольт электр жеткізу желісінің темірбетонды тіректерінің «қаңқасы» металл шыбықтардан тұрады, бұл шыбықтар жоғарыға қарай ажыратқыш істіктермен салмаға, одан жалаңаш сымдарға жалғанады. Бұл салма темірбетон тірек ішіндегі жерге кететін шыбықтарға қосылып, жерге жалғанған болып табылады. Ал, құстар үшін бұл салма қонуға ыңғайлы болады. Олар қонады да қанаттарын қаққанда электр сымына соғылып, бірден жерге сұлай құлайды. Биологтар осы себепті 6-10 киловольт электр желілері бар тіреулерді «өлтірушілер» деп атайды. Облыстық табиғи ресурстарды және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы  баланстарында осындай қуаттылыққа ие электр желілері бар барлық кәсіпорындарға олардың алып жатқан ұзындығына қатысты ақпарат ұсынуға өтініш жасаған болатын. Олардың барлығы бірдей жауаптарын берген жоқ. Ақпарат ұсынғандардың мәліметтері бойынша облыста ондай желілер 6 мың шақырымнан кем түспейді екен. М.Пестовтың айтуынша, олардың жалпы ұзындығы 10 мың км-ден кем емес көрінеді. Біздің облысымыздың аумағынан кіші болып келетін Қалмақстанда ондай желілер 14 мың км жерді алып жатыр. Оларда да осындай жартылай шөл далалы аймақ және құстар өліміне қатысты да осындай проблема. Бұл желілер орасан зор шығындарға ұшыратып отыр. Құстардың қонуы салдарынан қысқа тұйықталу орын алып, одан кәсіпорынның электр құрал-жабдықтары істен шығып жатады. Алайда, бұл жеке кәсіпорынның ісі болғанымен, қанаттылардың өлімі мемлекетке келтірілген залал болып есептеледі. Жануарлар әлемі нысандары өлімінің құнын өтеуді қарастыратын нормативті құжаттар бар. Мәселен, жылан жегіш бүркіттің өлімі 400 айлық есептік көрсеткішке (1 АЕК 1 521 теңгеге тең, демек, бір жылан жегіш бүркіт үшін салынатын айыппұл 600 мың теңгеден асып кетеді - М.С.),  үкі- 200 АЕК, дала бүркіті- 20 АЕК бағаланады. Облыс аумағында жыртқыш құстар барған сайын азайып барады.

Осынау орын алған ахуалдан шығудың мүмкіндігі бар. М.Пестовтың айтуынша, велосипедті ойлап шығарудың қажеттілігі жоқ, озық тәжірибелерді қолданса болғаны. Мәселені шешудің бірнеше нұсқалары бар. Бірінші: әлемнің көптеген елдерінде қазір жалаңаш желілер емес, оқшауландырылған сымдар қолданылады (1-сурет). Олар ТМД елдерінде шығарылады және кеңінен қолданылып келеді. М.Пестов ондай сымдарды көктемде Жылыой ауданында электрмен Каспий құбыры консорциумы қамтамасыз ететін жүйелерден көрген.

Екінші нұсқа: ажыратқыш істіктердің орынына төмен қарап тұратын ілінгіш ажыратқыштарды қолдану керек (2-сурет). Бұл жағдайда сымдар траверстен төмен орналасатын болады. 

Үшінші нұсқа: Ресейде ажыратқыш істіктер үшін сымдарға арналып пластикалық қалпақшалар өндірісі жолға қойылған (3-сурет). Бұл құрал құстарды жалаңаш сымдардан бағаннан бір метр жерге дейінгі қашықтық аралығында қорғай алады.

М. Пестов әңгімелейді:

«Көктемде біз Атырау қаласынан теңіз жағалауымен шамамен үш жүз шақырым жүріп Ембі өзенінің сағасымен Қарсақты жағалай одан әрі Құлсарыға, кейін Мақат пен Индерге жеттік. Жүрген уақыттың ішінде біз далада 6-10 киловольт электр желілерін жағалай өттік. Жолдың жартысына жеткен кезде бірде-бір құс өлігін таппадық. Мұны көшіп-қону жолдарының араласуымен, көбеюдің төмендеуімен түсіндіруге болар. Мүмкін біреулер біз келгенше тазалық жұмысын жүргізер? Бізде балансында осындай электр желілері бар кейбір компаниялардың өлген құстарды жинап, көмдіріп тастайтындығы туралы мәліметтер де жоқ емес.

«Орта Азия - Орталық» газ құбыры маңында орналасқан электр жеткізу желісінің шамамен 130 шақырымында «ҚазТрансгаз» ұлттық компаниясына тиесілі, яғни, Құлсарыдан Мақатқа және Мақаттан Индерге дейін баратын жолда өте қауіпті электр желілерін көрдік. Ол жерлерде тіпті, құстардың өліміне аса қауіп тудыратын металды мұртшалары бар бағандар (4-сурет) да тұр. Және ешқандай қорғаныш құрылғылары жоқ.

Бұл жерден біз 32 өлген құсты жинап алдық. Олардың жартысына жуығы - дала бүркіттері. Көпшілігі жаңадан қанаттары қатайған құстар. Дала бүркіті Қазақстанның қызыл кітабына енген. Бұдан басқа, біз бұл жерден көксары құстардың өлімтігін де таптық. Бұл құс Ресейдің қызыл кітабына енгізілген екен. Күні бүгінге дейін бұл құстардың кең тараған түрі болып келгенмен, қазір саны азайып барады.  Мен мынадай бір мұңды көріністің куәсі болдым. Көксары құстың жұбы тура тіреу түбіне ұя салған екен. Шамасы ыстықтан көлеңкеге тығылғанға ұқсайды. Ұяны айнала үлкен құс ұшып жүрді. Ұяда екі жұмыртқа жатыр. Ал, екінші бір құс бағанның жанында өлген күйі жатты. Ғалым ретінде айтар болсам, тірі қалған құстың балапандарын қоректендіретін ешқандай мүмкіндігі жоқ. Тіпті, бір ғажайып болып, балапандар тірі қалған күннің өзінде де ұядан  ұшып шықпақшы болғанда оларды ток соғып өлтірері анық.

Тек жергілікті құстар ғана өлім құшып жатқан жоқ. Ұшып бара жатқан құстар да өліп жатыр. Мәселен, жылан жегіш бүркіт басқа аймақтарға – Атырау облысының оңтүстік және шығыс аймақтарына  ұя салады. Осыдан бірнеше жыл бұрын менің әріптесім, жергілікті өлкетанушы Федор САРАЕВ осы электр желісінің  астынан ителгінің өлекселерін тапқан. Бұл сирек кездесетін, бағалы құстардың бірі, оған салынатын айыппұл мөлшері 700 АЕК құрайды.

Біз қарап, көзбен көрген электр жеткізу желілері мұнай кәсіпорындарының катодтық қорғау желілеріне жатады, яғни, бұл электр желілері мұнай құбырларын таттануға қарсы қорғануды қамтамасыз етеді. Баланстарында осындай желілері бар кәсіпорындар құстарды да қорғауды қолдарына алуына болады ғой. Жүргізілген жұмыстар қорытындысы бойынша облыстық табиғи ресурстарды және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында таяуда мәжіліс өтпекші. Мәжіліске осы желілерді балансына алып отырған мекемелердің барлығы шақырылатын болады. Менің ойымша, осы мәжілісте барлық өзекті мәселелер шешіледі деген үміттемін», -деп әңгімесін аяқтады М.Пестов.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суреттерді түсірген В. Истомин және М. Пестов

6 қазан 2011, 12:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.