Атырауда кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 26 жыл уақыт өткен соң интернационал-жауынгерлерге арналған ескерткіш ашылды.
5 маусым күні Жеңіс саябағында Ауғанстан мен тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіш кешенінің ашылу салтанаты болып өтті. Кешен Ұлы Отан соғысы майдандарынан қайтпаған атыраулықтарды Еске алу қабырғасы мен сталиндік қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішпен бір қатарда орналасқан. Ашылу салтанатына облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ, сенатор Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ, мәжіліс депутаты Бақытбек СМАҒҰЛ қатысты.
Ескерткіш элементтерінің мәнін белгілі қазақстандық мүсінші Асқар НАРТОВПЕН бірге осы жобаның авторы болып табылатын сәулетші Саматбек БӨКЕБАЕВ түсіндіріп берді:
- Композицияның ортасында – Калашников автоматын ұстаған екі сарбаздың мүсіні. Олар бір-біріне арқаларын беріп тұр – сол соғыста майдан шебі деген мүлде болмады, жау кез келген жақтан шыға келетін. Биіктігі 3,8 метр болатын мүсін салмағы бес тонна қоладан құйылған. Сарбаздардың төбесін ала орналасқан шығыстық ақ арка алюминийден құйылған. Ол әскери қақтығыс болған Ауғанстан елін білдіреді. Арканың екі жағына қарай қызыл граниттен бұралаң қабырға қаланған, ол – Ауғанстан таулары. Тау аясында көкжиекке бет алған саптағы сарбаздар. Жауынгерлер тізбегі сегіз бағана түрінде бейнеленген.
Орталықтағы «Сарбаздар» мүсініне төрт жақтан әрқайсысында 10 сатысы бар баспалдақтар көтерілген. Дәл сонша жыл кеңес әскерлері Ауғанстанда болды. Атырау облысынан қаза тапқан 15 жауынгердің аты-жөні жазылған естелік қабырғасының жанында қоладан құйылған қара қызғалдақ орнатылған – Ауғанстаннан өліктерді жеткізген ұшақтарды осылай атаған. Қарсы бетте тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан 43 қазақстандық сарбаздың аты-жөні жазылған естелік қабырғасы орнатылған. Атырау облысы бірінші болып шекараның осы учаскесінде соғысқан ішкі әскер ротасында қаза тапқан барлық сарбаздардың есімдерін мәңгі еске сақтады. Ескерткіш құрылысы туралы ой мені 2008 жылдан бері мазалап жүрген. Облыс әкімдігі қаржы бөлген бойда кешен бір жарым айдың ішінде салынып бітті. Мен осы кешеннің құрылысына өз үлесімді қосқаным үшін қуаныштымын.
Ашылу салтанатына Құрманғазы ауданы Жұмекен ауылының тұрғыны Балжібек НЫСАНОВАНЫ шақырған екен. Оның бауыры Қадырбек ӨМІРБАЕВ 1979 жылы әскер қатарына шақырылып, бір жыл өткен соң Ауғанстаннан елге мырыш табытта оралды. Балжібек облыс билігіне ауған жауынгерлерін еске алып, тағзым етуге болатын осындай кешен ашылғаны үшін алғысын білдірді.
Сонымен бірге салтанатты шараға Екібастұздан Кеңес Одағының Батыры Николай КРЕМЕНИШ келді. Өзінің марапатын ол Ауғанстанда көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін 1988 жылдың мамырында алған. Онда ол инженерлік-саперлік батальон командирінің орынбасары болған. 26 әскери операцияға қатысып, минаны тауып, залалсыздандырған.
48 жастағы Н.Кремениш өзінің бірнеше жерлестерімен және Атырау тұрғындарымен ескерткіштің ашылуында болып, шарадан алған әсерімен бөлісті.
- Мен Атырауда осындай монумент ашылғанына қуаныштымын, - деді Николай Иванович. – Ескерткіш әдемі әрі әсерлі. Сол үшін бұл қаланың адамдарына рахмет айтамын.
Анастасия ПАСТУХОВ
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ