Атырау, 29 желтоқсан 05:38
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Ұлттық қолөнерді дамыту өскелең ұрпақтың борышы

19 847 просмотра

Ұлттық қолөнерді дамыту үшін не істеу керек? Бабадан қалған дәстүрді қайткенде шашауын шығармай ұрпаққа қалдыруға болады? Бұл сауалдарға жауап  жуырда өткен семинарда ізделді. Оған қаладан және аудандардан әуесқой және кәсіпқой қолөнершілер қатысып, өз бұйымдарын көрмеге ұсынды.     

ОН САУСАҒЫНАН ӨНЕРІ ТАМҒАНДАР

Исатай ауданы Зинеден ауылынан келген 64 жастағы Сәуле ҚАБДЕШОВА қолына түскен кез-келген заттан қолданысқа қажетті дүние жасап шығаруға құмар. Ол қамшы да өреді, ою-өрнек салынған құрақ көрпе мен көпшіктерді де жасайды. Киіз басып, алаша да тоқиды екен. Соңғы кездері жастардан үйренген өнерді де меңгеріп алды. Қағаздардан мүсін жасап, аққулар бейнесін дүниеге келтіреді. Сәуле апа он баланы дүниеге келтірген батыр ана. Өнерінің жалғасын көру үшін келіндері мен немерелеріне білген-түйген нәрсесін үйретіп келеді. Өзі былтырғы құрылған әжелер ансамблінің мүшесі. Батыр ана үстіндегі ақ көйлекті де өзі тігіп алған. Немере-жиендеріне де көйлек, шұлық, қолғапты өз қолынан тігіп немесе тоқып алуға тырысады. Ол қолөнеріне бейімділігі ана сүтімен дарыған деп біледі. 

- Анам шебер адам болған. Ерте қайтты. Ол жастайынан ер адамдарға аң терісінен құлақшын, әйел адамдарға костюм, бешпетті керемет етіп жасаған кісі. Ер кісілер оған көптеп тапсырыс беріп, тіпті кезекке тұрған, - дейді.

Исатай ауданынан келген тағы бір қолөнерші Гүлзабира ҚАРАҚҰЛОВА болса, тек қана матамен жұмыс істейді. Ол семинарға кимешек, төсек көрпе, көпшік тыстарын және кішкентай қыз балалардың бас киімдерін тігіп әкелген. Өзі 2003 жылы Қарақалпақстаннан көшіп келіпті. Гүлзабираның негізгі мамандығы есепші. Бірақ, есепшілікті қойып, бес жылдан бері тігін өнері арқылы күн көріп отырған жайы бар.

Ал Қызылқоға ауданы Сағыз селосынан келген қолөнер шебері Жайлау ТАЛАСОВ – кәсіпқой қолөнерші. Ол саз балшықпен жұмыс істейді. Алайда, қазір саз-сырнай жасайды демесеңіз, қолөнерден мүлдем қол үзген. Семинарға әкелген дүниелер кезінде жасалғандары. Талас 1998 жылдан бері саз-сырнай дыбысын жетілдіру бағытында Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясымен шығармашылық байланыста жұмыс істеп келеді. Оның бүгінгі кәсібі - фотоға түсіру. Фотосуретшілік қызметін күнкөріс үшін таңдаса, жүрегінің қалауы – қолөнер.

- Қолөнерге деген қолдау, сұраныс болмағаннан кейін онымен айналысуға деген талпынысым басылған болатын. Филармонияға саз-сырнайларды ақша табу үшін жіберіп отырған жоқпын. Еңбегім болғасын, жалғасын тапсын деген ой ғана. Қазір Алматыдан бір жарым октавалық саз-сырнай жасауға сұраныс түсіп тұр. Қазақта ондай саз-сырнай осы уақытқа дейін болған емес. Болат Сарыбаев деген академиктің үлгісі бойынша жетілдіріп жатырмыз, - дейді шебер.

Талас қазір Балбұлақ ауылының сазын зерттеп жатқанын айтады. Бұрын Қызылсай деген жерден алып жасап жүрген. Тағы бір айта кетерлігі, Таластың әйелі де қолөнер шебері. Олар екеуі кір сабын қайнатумен 1996 жылдан бері айналысып келеді. Қазір ертедегі қазақ халқының әдісі бойынша қайнатылатын кір сабынға әр қаладан түскен тапсырыс та баршылық екен. Оны тапсырыс берушілер гигиена үшін емес, емдік дәрі ретінде алып отыр. Солардың бірі - тері аурулары үшін. Бұл кір сабын итсигек шөбінің сілтісінен жасалады. Оған ірі қараның майы қосылады.  

Таластың кір сабын жасауды қолға алғаны да бекер емес. Бұл да бір ұмытылып бара жатқан кәсіп болғасын жаңғыртуды шешкен. Ол көрмелер Шымкент қаласындағыдай «тірі мұражай» секілді ұйымдастырылса дейді. Тірі мұражай деген сөз – көрмеге жұмыстарымен келген қолөнершілер сол жерде халық алдында өнерлерін іс жүзінде де паш ете алады.

Қолөнерші Гүлмира ЕСКЕНДІРОВА - Атырау қалалық саңыраулар қоғамының мүшесі. Ол көрмеге қуыршақтар жасап әкеліпті. Қуыршақ жасауды бала күнінен армандаған. Өзі аталмыш қоғамдағы оқу-өндірістік цехында тігінші болып жұмыс істейді. Оның қолынан тігілген қуыршақтар қазірдің өзінде балабақшаларда сұранысқа ие. Атап айтсақ, қазақ ертегілерінің кейіпкерлеріне тапсырыстар басымырақ. Қуыршақ жасауды Гүлмира кітаптардан оқып үйренген. Осы саланы жетік меңгеруді көздейді. Ал ол үшін арнайы курстарға баруға әзірге мүмкіндігі болмай отыр.

Облысқа танылған қолөнерші Нұрсұлтан ҚАЛИЕВ әріптестері алдында өзімен бірге көрмеге алып келген туындыларының қалай жасалғанын әңгімеледі. Сондай-ақ, қолөнершілердің бір-бірімен жиі бас қосып тұруы, тәжірибе алмасу арқылы шығармашылық еңбекке серпін береді, - дейді.  

Ал белгілі модельер-суретші Гүлмаржан МАХАМБЕТ өзінің сән үлгілерін таныстырды.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген автор

6 қазан 2011, 12:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.