Атырау, 19 сәуір 21:13
 ашықВ Атырау +19
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Тереңірек қазу керек

3 682 просмотра

Image 2Атырауда "АтырауГео-2015" ІІІ халықаралық ғылыми геологиялық конференциясы өтті. "APEC Petrotechnic" ғимаратына жиналған қазақстандық геологтар Каспий өңіріндегі терең қабаттағы кешендердің мұнайгаз өнімділігі мен құрылысының проблемаларын талқылады.

ҚОРЛАР КӨБЕЮДЕ. ӘЗІРГЕ - "ВИРТУАЛДЫ"

Залға жасы келген адамдардың жиналуы мен жастардың мүлдем аз болуы мемлекеттің жиырма жыл бойына геология саласын елемей келе жатқанын дәлелдеді. Енді Қазақстанға "жеңіл" мұнай болмайтын дәуірде жаңа кадрлар даярлауды басынан бастауға тура келеді. Шараға энергетика вице-министрі Ұзақбай ҚАРАБАЛИН қатысу керек болатын. Алайда соның алдында ғана оның Атырауға сапары болмай қалды. Дегенмен, біздің қолымызда Ұ.Қарабалиннің конференцияда жасамақ болған баяндамасының мәтіні бар. Оған сүйенсек, өткен жылғы мұнай бағасының құлдырауы әлемдегі ірі компанияларды тиімділік жағына қарай "ресурстардың, білім мен инновацияның анағұрлым салмақты жүгін қалыптастыру арқылы" қайта құрылуға мәжбүр етті. Таяуда Total президенті: "барреліне 50 доллардан жұмыла кірісу 100 долларға қарағанда анағұрлым жеңілдеу" деп, дәл айтқан еді. Қарабалиннің бағалаулары бойынша, бүгінде әлемдегі ірі 800 кеніштің 600-і өндірудің жоғарғы шегінен өтті. 2020 жылға қарай дәстүрлі мұнай үлесі 75 пайыздан аспауы, ал 2040 жылға қарай тақтатасты және қиын алынатын қорларға жол беріп, әлемдік мұнай өндірісінің 50 пайыз шамасын құрауы мүмкін.

Жер шарындағы 5-7 км тереңдікке дейінгі бүкіл негізгі мұнай барланып болды. Саланың болашағы - ауқымды инвестициялар мен жойқын технологиялық шешімдерді талап ететін өте тереңдіктегі қолжетімділігі қиын мұнай. Әлемдік мұнай-газ қоғамдастығы 7 км-ден астам тереңдікте супер алып кеніштер болуы мүмкін деп Жер бетіндегі екі орынды бөледі: олар Мексика шығанағы мен Каспий маңы ойпаты. Соңғысы Қазақстанда кейінгі жылдары жүргізілген 15 шөгінді бассейндерінің және арнайы Атласта бейнеленген кешенді зерттеулерімен расталады. Сонымен, қазақстандық қорлардың жаңа бағасына сәйкес, алынатын қорлардың бағалау көлемі 22 млрд тоннадан 3 есеге - 76 млрдқа дейін өсті. Ең ірі қорлар Каспий маңындағы шөгінді бассейнге - 63 млрд тонна шамасында шоғырланған. Сарапшылардың пікірінше, бұл жерде 20 шақты ірі кеніштердің ашылуы мүмкін.

Image 0

"ЕУРАЗИЯ" ҮШІН $500 МИЛЛИОН

Баяндамада "Еуразия" геологиялық жобасы туралы еске алынды. Хронологиялық тәртіппен ол келесі кезеңдерді білдіреді:

1) Әлемнің жетекші мұнай-газ компанияларымен консорциум құру (Қазақстанда мұндай тәжірибе бар).

2) Заманауи технология көмегімен өткен жылдардың геологиялық-геофизикалық материалдарының бүкіл кешенін жинау және өңдеу;

3) Бөлінген өңірлік траверстер бойынша ауқымды геофизикалық зерттеулер жүргізу.

4) Аса терең тірек-параметр ұңғымасын бұрғылау.

Осы мәселеде әлемдік тәжірибе өте мардымсыз.

Мұндай жобалар шиеленіскен факторлармен (аса үлкен қысымдар, аса жоғары температуралар, жабдықтарға ерекше талаптар) үнемі бетпе-бет келеді. 2015-2017 жылдар кезеңінде жобаға 140 млн доллардай қаржы салу қажет болады. Тірек-параметр ұңғымаларын тікелей бұрғылау 360 млн долларға шығады. Баяндамада айтылғандай, "Еуразия" жобасына Шеврон, Шелл, CNPC, BG, Total, ONGC, Роснефть, Лукойл, инжинирингтік - Халибёртон, Бейкер Хьюз, Шлюмберже және т.б. қызығушылық танытқан. "Олармен мемлекеттік-жеке серіктестік және тәуекелдерді бөлісу тұрғысында кездесулер өткізілді. Тартымды салық ортасын ұйымдастыру жөніндегі халықаралық тәжірибеге талдау жүргізілді".

ОҢТҮСТІККЕ ГАЗ КЕЛУ ҮШІН

ҚР Инвестиция және даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай НҰРАБАЕВ өз сөзінің барысында ағымдағы жылы мемлекеттік бюджет есебінен жалпы құны 120 млрд теңге тұратын "2015-2019 жылдары геологиялық барлау" бағдарламасын жүзеге асыру басталғанын хабарлады. Оның 14,5 млрд-ын көмірсутек шикізатын барлауға жұмсалады деп болжанып отыр. Нұрабаевтың айтуынша, биыл мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 12,2 млрд теңге, оған қоса Ұлттық қордан 6 млрд теңге бөлінді. Оның 3,2 млрд теңгесі Н.Ә.Назарбаевтың елдің оңтүстік өңірлерін газбен қамту қажеттілігі туралы тапсырмасы тұрғысынан, жеткіліксіз зерттелген бассейндерді зерттеуге жұмсалады.

"ҚазМұнайГаз" ҰК бас геологы Мұхит САУРАМБАЕВ таяу жылдарда барлау үшін болашағы бар шөгінді бассейндерінің арасында Каспий маңы, Маңғышлақ, Үстірт-Бозащы, Торғай, Шу-Сарысу, Ертіс маңын атап өтті. Мұнда Каспий маңы бассейнінің үлесіне бүкіл қордың 80 пайызы тиеді.

- ҚМГ Статегиялық серіктестермен бірге тікелей қатысатын жобалардың ішінен "Еуразия жобасын", Өріктау жобасын (У-5 ұңғымасын қайта іске қосу, тереңдету және сынау - 6000 м) және тереңдігі 6700 м болатын ұңғыманы бұрғылау жоспарланған Шығыс бортының терең бөлігіндегі Қоскөл жобасын (Ақтөбе облысы) атаймын.

Саурамбаев ҚМГ "Еуразия" жобасын ілгері бастыруды қолдаушылардың бірі болғанын және қазіргі кезде Жобалау тобының жұмысын қаржыландыратынын еске салды.

Оның айтуынша, ҚМГ-да Қазақстанның мұнай-газ саласы үшін өзектілігі бойынша анағұрлым мақсатты зерттеулер жүргізу - Каспий маңы ойпатынан аз күкіртті мұнайды іздеу жұмыстары байқалады.

Image 1


Біз ұзақ уақыт бойына "тақтатасты" көмірсутекке қатысты шүбәланып келдік. Нәтижесінде Қазақстанның ауқымды аумағы ықтимал қорлар картасында "зерттелмеген жер" болып қалады. Ал АҚШ-тың 2014 жылдың қорытындысы бойынша "tight oil" есебінен мұнай өндіру бойынша тәулігіне 12 млн баррельге қол жеткізіп, бірінші орынға шыққанын көріп отырмыз.
Солтүстік Америкада "тақтатас кеніштерінде" өндіруді жүздеген компаниялар жүзеге асырады. Технологияның қол жеткізілген деңгейі шекті қысқа мерзім ішінде нақты учаскеде мұнай өндіруді жұмылдыруға, сондай-ақ өңдеу процесін уақытша тоқтатуға мүмкіндік береді.
Тақтастасты көмірсутектің өзіндік құны барреліне 80 доллар деңгейде екендігі туралы пікір ағымдағы баға конъюнктурасы жағдайында бұзылады. Оның үстіне, шығындар деңгейі баррель үшін бар болғаны 20-30 долларға жеткендігі туралы және қоршаған ортаға теріс әсердің төмендегені туралы ақпарат тарала бастады.
(ҚР энергетика вице-министрі Ұзақбай ҚАРАБАЛИННІҢ "Қазақстанның жер қойнауының әлеуеті: Проблемалар, инновациялар мен перспективалар" мақаласынан - «Нефть и газ» журналы, №3, 2015 жыл)

"ЕМБІМҰНАЙГАЗ" ҮШІН "ЖАҚСЫ УАҚЫТ ЕМЕС

«Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры Құрманғазы ЕСҚАЗИЕВТЫҢ айтуынша, 5,5 мыңнан астам адам жұмыс жасайтын ол басқаратын мекеме мұнай бағасының төмендеуі салдарынан қолайсыз кезеңді бастан өткеруде. Қазір "шығындарды оңтайландыру" жүргізілуде. Жақында ғана мекеме "ҚМГ БӨ" бас компаниясына дамудың жаңа стратегиясын ұсынды. Соған сәйкес, таяудағы бес жыл ішінде мұнайдың өзіндік құны қазіргі барреліне 66 доллардан 52 долларға дейін түсуге тиіс.

Есқазиев атап өткендей, бүгінде ЕМГ алдында қорларды толықтыру проблемасы тұр. Бүгінде барланған қорлар 74 млн тонна мұнайды құрайды. Оның 40 пайызы қиын шығарылатын қорға жатады. Қазіргі орташа жылдық 2,8 млн тонна өнім әрі кеткенде 15-20 жылға жетеді. Сондықтан "ЕмбіМұнайГаз" бүгінде болашақ кеніш ретінде ақтөбелік-астрахандық көтерілу аймағының бірнеше келешегі бар учаскелерін (Қошалақ Забурын блогы, Новобогат дөңесі, Теңіз маңы) қарастырады. Ол жердегі мұнайдың орналасу тереңдігі 7,5-тен 9 км-ге дейін құрауы мүмкін. Жалпы мұнайдың геологиялық қорлары алдын ала бағалаулар бойынша, 1,8-ден 2,5 млрд тоннаға дейін, газ - 0,9-дан 2,3 трлн текше метрге дейін құрайды. Есқазиев геологиялық үлкен қауіп барын жоққа шығармады, сондықтан бағалау және барлау кезеңінде ЕМГ инвесторлардан қаржылар тартады. Алдын ала бағалаулар бойынша, коммерциялық табуға дейін осы мақсат үшін 826 млн долларға дейін қажет болады. ЕМГ басшысы геологиялық барлаудағы ғылыми зерттеу бағытын дамытудың маңыздылығын атап өтті. Атап айтқанда, ол таяуда "Шелл" компаниясының геохимиялық зертханасын "КаспийМұнайГаз" ғылыми-зерттеу институтына бергенін айтты ("Мұнайшыларға арналған теңдесі жоқ зертхана"). Сонымен қатар, "Шеврон" компаниясының осы институтқа петрофизикалық зертханасын беретінін хабарлады.

Конференцияға қатысушылардың Есқазиевпен әңгімесі ЕМГ-нің жаңа ғимаратына экскурсия барысында жалғасты:

- Иә, біздің мұнайдың өзіндік құны жоғары, барреліне 66 доллар. Ол неден қалыптасады? 22 пайыз - бұл еңбекақы төлеу қоры, 32 пайыз - салықтар. Егер осының бәрін алып тастайтын болса, 30 доллар шеңберінде өзіндік құн шығады. Бірақ біз бұл баптарды алып тастай алмаймыз, - деді ЕМГ басшысы. - Мұнай бағасы 50 доллар болған кезде өзіндік құнның жоғары болуына қарамастан, біз шығындарды оңтайландыру есебінен бірінші тоқсанда жоспарланған минус 9 млрд теңгенің орнына плюс 2 млрд теңгемен шықтық.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ


1 маусым 2015, 22:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.