Губкин атындағы институттың ең алғашқы атыраулық түлегі Нәбидолла ТӘЖІҒҰЛОВТЫҢ мысалынан біздің өңірден де өз Ломоносовтарымыз шыққанына көз жеткізуге болады. Ол Мәскеудегі мұнайшылардың бас оқу орнының дипломымен өз еліне сонау 1953 жылы оралған екен.
«МҰНДАЙ АЗАПҚА ШЫДАУ ҚИЫН»
23 жастағы майдангердің өмірі орныққандай болып еді: ол үш жылдан бері ауыл мектебінде мұғалім болып жасады, соғыстағы жаралары жазылып, ауыр жарақаттан кейін аман қалған оң көзімен айналасына қарауға үйренген еді.
...Екі ай карантиннен кейін Нәбидолла 101-інші жеке қазақ ұлттық атқыштар бригадасы құрамында әскерлеріміз шабуылға шығып жатқан Смоленск түбіне келді. Ол алдыңғы шепте тек екі ай ғана болды, осы уақытта кескілескен айқасқа түсіп, барлық жерлестерінен айырылып, өзі екі ауыр жарақат алып үлгерді. Алайда 18 жастағы қатардағы жауынгер Тәжіғұлов өзінің соңғы айқасында ерлігімен көзге түсіп, кейіннен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Сол айқастан кейін ол дала госпиталінде есін жиып, жарқыншақпен жараланған иығы мен сол жақ бетіне ота жасалды. Тағы бір жарқыншақ көзіне тиген екен. Көзді наркозсыз алып тастауға тура келді...
- «Мұндай азапқа шыдау мүмкін емес деп ойладым» дейтін әкем, - дейді марқұм ардагердің ұлы Нұрлан. – Алайда ол бұған төзе біліп, үйге оралды. Ең бастысы – тірі.
Осылайша, мектепті үздік аттестатпен бітірген Нәби ауыл мектебінің жалғыз оқытушысы болды. Ал бұдан кейін 23 жастағы ардагер кенеттен заттарын жауынгер дорбасына жинап алып, кетіп қалды. Мәскеуге...
АУЫЛДАН ШЫҚТЫ ДА, МӘСКЕУГЕ ТАРТТЫ
Нәби ағайдың тұйықтығынан болар, күтпеген жерден кәсібін өзгертіп, жоғары оқу орнын таңдауға кім немесе не әсер еткенін ешкім білмейді. Алайда бүкіл Одақ көлеміне әйгілі Мәскеу мұнай институтына тапсыруға бел буған осы әрекетінің жүзеге асатынына жалғыз өзі ғана сенген шығар. Ол өзінің 17-ауылынан шықты да, Мәскеуге тартты. Бірде жаяу, бірде жолшыбай көлікке мініп, қабылдау емтихандарына бір барды. Оқи алатындығы жөнінде қабылдау комиссиясын қалай көндіргенін құдайдың өзі білсін, ауылдан шыққан, қазақ мектебін бітірген бала сол уақытта орыс тілін шала-шарпы білетін еді. Соғыста үйренген «лечь», «встать», «в атаку» және «вперед» деген сияқты командир пәрмендерінен құралған сөздік қоры онша бай емес еді...
Алайда Нәби үшін осы да жеткілікті болды, ол емтиханнан еш сүрінбей, мұнай институтының тау-кен инженері мамандығына түсті. Кейіннен өзі мойындағандай, оқу өте қиын болған. Өзге тілдегі кәсіби ақпараттар ағынын меңгеру оңай емесі анық... Бес жылдан кейін ол үздік дипломмен және орыс тілін терең меңгеріп, үйіне оралды. Еңбек жолын Комсомольск кен орнынан бастады және өмір бойы мұнай саласында қызмет етті.
«ГУБКИННЕН АҚЫМАҚТАР ШЫҚПАЙДЫ!»
Комсомольскіде жас түлек қол еңбегін механизациялаудан бастады. Бұл жетістіктері көзге түсіп, оны «Доссормұнай» МГӨБ-ке ауыстырды және көп ұзамай осы жерде бас инженер болды. Он жылдан аса уақыт ірі мұнай басқармасының барлық өндірістік бөлігі, барлық технологиялық үдерістер мен мұнай өндіру оның мойнында болды. Жанына жақын осы жұмысқа қатысты барлық мәселелерге бей-жай қарай алмайтын.
- Әкемнің бірбеткейлігі мен принципшілдігі жөнінде әріптестері арасында көп аңыздар тараған, - дейді Нұрлан. – Бір оқиғасы өте қызықты. Бірде жоғары жақтан тексеруші келіп, үлкен жиналыс өткізеді. Мәскеуден келген бастық бір нәрсеге риза болмай, барлығына еш себепсіз қатты зекіп, «білімсіз ақымақтар» деуге дейін барады. Әкем шыдай алмай, үстелді жұдырығымен бір ұрып: «Губкиннен ақымақтар шықпайды!» - деп қатқыл айтып, есікті тарс жауып шығып кетеді. Бір қызығы, ол жұмыстан кеткен болармын деп шешіп, өзін өзі жұбата бастағанда, жиналыс біткен соң мәскеулік бастық оны шақырып алып, қызып кеттім деп кешірім сұраған екен.
Тәжіғұлов өзінің орнында қалып, туған кәсіпорнында зейнеткерлікке шыққанға дейін бейбіт жұмыс жасады. Нәбидолла ағай сол кездегі есеп бойынша кеш үйленді. Ол өзінің сүйген жары Шархатты 29 жасында кездестірген. Жеті бала өсіріп, олардың екеуі әке жолын қуып, мұнайшы атанды. 2003 жылы қайтыс болғанға дейін ол өз балалары мен немерелеріне соғыста қалай болғанын айтпастан кетіпті.
- Соғыс туралы айтқысы келмейтін, ал жұмысы, бейбіт өмір туралы суыртпақтап бірдеңе айтқызуға болатын еді. Ең жақсы көретін нәрсесі немерелерін бағу еді, - дейді ардагердің ұлы.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Сурет Тәжіғұловтардың отбасылық мұрағатынан алынды