«Атыраубалық» АҚ жұмысшылары мамыр айынан бері алмаған жалақыларын талап етіп мекеме алдына жиналды. Кәсіпорынның жұмысшыларға қарызы 40 миллион теңгеден астам.
АРТЫҚ ЖҮК ПЕ?
Естеріңізге сала кетсек, кәсіпорын пайда әкелмегендіктен және құрал-жабдықтың тозығы жеткендігі салдарынан өткен ғасырдың 90-шы жылдары Қазақстанның балық өнеркәсібінің жалғыз флагманы жеке компанияға сатылған еді. Кейін жеке тұлға оқсатпады деген желеумен мемлекетке қайтарылған болатын. Сол жолы тозығы жеткен зауытты қалпына келтіріп, жаңа, заманауи кәсіпорынға айналдырады деген үмітпен «Жайықбалық» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылған еді. Бұл үшін миллиардтаған қаржы да бөлінді. Алайда әлі күнге дейін «Атыраубалық» АҚ ұжымы жаңа мекеме құрамына қандай құқықпен кірмек және оған үкімет пен облыстың миллиардтаған қаржысынан не бұйыратыны түсініксіз. Жұмысшылар наразылығы «Атыраубалықтың» жаңа «Жайықбалық» КММ үшін бас тарта алмайтын бұғау болатыны да түсінікті, өйткені 700 балықшы мен өнім өңдеушілерді далаға қалдырып кетпейді ғой. Бұған қоса балық мөлшері де жыл сайын кеміп барады...
«КАССАДА АҚША ЖОҚ!»
Балықшылар наразылығы қазанның 3 күні таңертең басталған. Кейін олармен сөйлескен зауыт басшылығы ақшаны кешкі сағат 17-де төлеуге уәде берген.
«АЖ» тілшісі жұмыс күні соңына қарай зауыт алдына келгенде күздің ызғарына қарамастан жұмысшылар мекеменің сыртындағы алаңда жиналып тұр екен. Олардың дені зейнеткерлікке жасы таяп қалғандар болып шықты. Көбі отбасының жалғыз асыраушысы немесе көп балалы аналар. Жалақысын талап еткендерді коммуналдық мекеме басшылығы жұмыстан шығарумен қорқытатын көрінеді.
Солардың бірі Роза ИЩАНОВА (суретте) бұл тығырықтан шыға алмадық дейді.
-Бас директор Василий Кузьминға арызданып барсақ ол «төленсін» деп бұрыштама соғып береді. Ал бухгалтер қайда барсаң онда бар, ақша жоқ, деп айқайлайды. Біз өзіміздің заңды еңбекақымызды сұрағанға кінәлі болып отырмыз. Бізге отбасымызды асырайтын жұмыс пен жалақы керек. Біз соны талап етеміз, - деді әбден ашынған әйел.
«КІМГЕ ЖҰМЫС ЖАСАП ЖАТҚАНЫМЫЗДЫ БІЛМЕЙМІЗ»
Оларды мамыр айында алдымен 15 күнге, содан соң оған апталап күн қосып ақысыз еңбек демалысына жіберген. Сол ақысыз демалыс созыла келе бес айға жетіпті. Жұмысшылар еңбек шартын мүлдем көрмедік дейді. Сондықтан да олардың заңды еңбек ақы мөлшерінің де қанша болуы керек, жұмыс графигі мен шартынан да хабары жоқ.
- Инфляция өсіп жатса да, біздің жалақымыз деңгейі 8-18 мыңнан көтерілмейтін «тұрақты жалақы». Оған тіпті ауланған, тазаланған балықтың да мөлшері әсер етпейді,-дейді Роза Ищанова. -Бұрында жекеменшік тұста жалақымыз 40-50 мың теңге еді. Маусым кезінде 70-80 мыңға дейін алып жүрдік. Былтыр облыс әкімі Бергей Рысқалиев бізбен болған кездесуде «енді мемлекет қарамағына өттіңіздер, жағдайларың бұрынғыдан да жақсы болады, жалақыларың өседі, уайымдамаңыздар» деген. Уәде қайда, біз қайда?
Балықшылар өз құқықтарын қорғайтын кәсіподақтың жоқтығын да жасырған жоқ.
-Мекеме басшылары бізбен сөйлеспейді, соңғы жиналыстың қашан өткені де есімізде жоқ. Ал кәсіподағымыз жұмыс берушінің оң қолы. Арамызда 250 мың теңгеден несие алғандар бар. Олар оны қалай қайтарады? Осы да әділдік пе?-деді жұмысшылардың бірі.
Ал механик Бауыржан СҰЛТАНОВ мекеме құрылымы өзгергеннен бері тіпті өздерінің қайда жұмыс істейтіндерін түсінбей жүргендерін айтады.
-Бізге былтыр «Жайықбалық» болдыңдар деп, мотордың бәрін осы мекемеге бөліп тастады. Енді адамдар «Атыраубалықта» ма, «Жайықбалықта» ма түсінбей дал. Тартымның басында «Агросервис» деп тұр. Әйтеуір жұмыс жасап жатырмыз. Кімге жұмыс жасап жатырмыз? Мүмкін ортада біреулер 3 жалақы алып отырған болар? –дейді.
Расында, Атыраудағы мұнайшылардан кейінгі ауыр еңбек осы балықшылардікі. Балықты аулаудан өзге, оны тұздап, қақтау, суық суға жуу, сызды жерде жұмыс істеу оңай емес әрине.
- Сонда мекеме басшысы жалақы жоқтығын немен түсіндіреді?
- Балық жоқ дейді. Бос сөз. Балық тонналап келеді. Мұздатқыштардың іші балыққа толып тұр. Мұндағылардың көбі тартымға да шығады, сондықтан мән-жайды толық біледі,-дейді Сағитжан АЙТМАҒАМБЕТОВ.
ШЕНЕУНІКТЕР ТЕКСЕРУГЕ УӘДЕ БЕРДІ
Жұмысшылар арасынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің еңбек қатынастары жөніндегі бөлім бастығы Әліпқали ДӘУЛЕТИЯРОВТЫ көрдік. Ол өзінің жұмысшылар арызымен танысуға келгенін айтты.
- Қазір ешнәрсе дей алмаймын. Осы жайды жоғарыға жеткізу үшін келіп тұрмын. Мекеменің цифрларымен танысуы керек, сосын жалақыны төлеттіру бағытында шара қабылдаймыз,-деді.
Ал қала прокуроры Халидолла ДӘУЕШОВ мекемеге жедел тексеру жүргізетінін айтып, жұмысшылардың тарауын сұрады.
- Менің 5 көмекшім бар, ертеңнен бастап тексеру ұйымдастырамыз. Тексеру жөнінде тәжірибеміз жетеді. Бізге 3 күнге уақыт беріңіздер. Мына жерде тұрмаңыздар. Жалақыны не себепті бермегенін тексереміз,-деп сендірді прокурор.
Аздан соң «Жайықбалық» бас директоры Василий КУЗЬМИННІҢ де төбесі көрінді.
- Мен сендерге айттым ғой, шешемін деп. Маған уақыт беріңдер,-деді ол жалынышты күйде.
В.КУЗЬМИН: «БАЛЫҚТЫ САТҚАН БОЙДА...»
- Үкімет бізге былтыр 1,5 млрд. теңге, ал биыл 2 млрд. теңге бөлді. Бірақ мұның бәрі тек құрал-жабдық сатып алуға жұмсалды: кемелер, ау құралдарын алдық. Зауытты жаңалауға әлі бір тиын да бөлінген жоқ.
- Сонда бұл қалай болғаны, облыстан сіздерге 7 млрд. теңге бөлінетіні айтылған еді ғой?
- Иә айтылды ғой. Бірақ мен сізге қаржының тек жаңалауға бөлінгенін қайталап айтам. Біздің цехтарымыздың бәрі ескі, қалбырлау цехы мүлде тоқтап тұр. Аулаған балығымызды тиын-тебенге өткізіп отырмыз. Мамыр айында тек теңізден ауладық, оның өзі бар болғаны 300 тонна. Бұл зауыт үшін не болады? Бұрынғы қожайындарда да қалған қарыздар бар. Біз қарызға белшеден батып отырмыз. Егер жаңалау болмаса зауыт жабылады деуге болады.
- Олай болса жалақыны қалай төлекмексіз?
- Ауланған балықты сатып төлейтін боламыз. Осы айда балық ауланғанымен, оны сатып үлгергеніміз жоқ. Бұл тез бітіретін шаруа емес.
- КММ болған соң не өзгерді? Модернизация қашан басталмақ? Сіздерге бір мерзімді атап отыр ма?
- Ол бізге байланысты емес, оны үкімет шешеді. Әзір ештеме дей алмайын. Ақша тек құрал-жабдық үшін ғана бөлініп жатыр.
- Ал облыс қанша қаражат бөліп отыр?
- Нақты соманы дөп басып айта алмаймын, біртіндеп бөліп жатыр.
- Енді не істемексіз?
- Жұмысшылармен есептесу үшін сатылатын балық есебінен алдын ала төлем аламыз. Қазіргі басты міндетіміз осы болып тұр.
Сәния ТОЙКЕН
Суретті түсірген В.Истомин және автор