Атырау, 5 қараша 14:59
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 489.36
€ 533.45
₽ 4.99

ӨНЕРДІҢ ҚҰНЫ ҚАНША?

11 102 просмотра

Өткен аптада «Ақжелкен» шығармашылық орталығында «Өсер елдің өрнегі» атты жергілікті суретшілер мен қолөнершілердің бір жылдық есептік көрмесі өтті.

Бұның өзге көрмелерден ерекшелігі – залға қойылған туындылар сатылымға шығарылды. Үйін қымбат жиһазға толтыруға құмар атыраулықтар қылқалам шеберлерін қалай бағалайды екен? Ой бөліскен суретшілер пікірі де сан алуан болды.

Бұл аталмыш орталықта ұйымдастырылып отырған 12-ші көрме екен.Бір жыл ішінде орталықта Атырау қаласының қылқалам шеберлері ғана емес, Алматыдан Рашид Құлбатыров, Оралдан Қуандық Мәдір мен Бекжан Жұмабаев, Индер ауданынан Тілек Халин секілді өнер өкілдері жеке көрмелерін өткізуге мүмкіндік алды. Осылайша, орталықтың арқасында Атырау облысының суретшілерін халыққа таныстыру миссиясы орындала бастады. Одан бөлек, осы орталықтың ұйымдастыруымен жергілікті суретшілер тобы жазды күні Бесікті ауылындағы «Тұлпар» лагеріне табиғат аясында сурет салуға (плэнерге) шықты. Сарала жапырақтарымен есте қалатын күз мезгілінің қазан-қараша айларында табиғатқа шығып сурет салды. Көзбен көріп, көңіліне түйген табиғаттың әсем көріністерін ақ қағазға түсіріп, айналасын әрлендірді. Қаламызға белгіліқылқалам иесі Камила ЖАПАЛОВА осындай плэнерлерге шығып тұру суретші үшін аса маңызды екенін айтады. «Көз алдындағы табиғат көрінісін көбіне реалистер салады ғой. Ал портрет салатындар үшін ол кішкене қиындау болуы мүмкін. Олар авангардизмге жақын ғой. Бірақ оқу бағдарламасында бәрібір осы плэнерден бастайды. Себебі, суретшіні бірінші шабыттандыратын - табиғат. Оны салмаған суретші суретші емес. Бұл - тәжірибе» дейді ол. Ал суреттер бағасы суретшінің дәрежесіне, тәжірибесіне байланысты қойылады деген пікірде. Және оның айтуынша, суретші өзін қалай бағаласа, сондай-ақ, оның шығармасын халық қалай қабылдаса, сол деңгейге сәйкес қойылады. Мәселен, көрме залындағы күнбағыс өсімдігінің ортасында ұя салған құстардың тіршілігін баяндайтын үш суреті - триптих туындыға жатады. Оның үшеуінің бағасы 700 доллар тұрса, ішіндегі үлкені 500 долларға бағаланып отыр. Сондай-ақ, Камила «Суретшілер салған суретіне кеткен материал шығынын есептемейді. Бұл онда базар болып кетеді. Мұнда тек суретшінің таза өнерін ғана бағалайсың. Жүрегі қалаған баға қойылады. Әрине, жаныңнан шыққан шығармамен айрылысу қиын, бірақ ақша керек болған соң сатасың. Енді бір суретшілер тек тапсырыс алу арқылы коммерциялық сурет салады. Ол сатуға жеңіл. Ал шығармашылық еңбекті талап еткен шығармаңмен қоштасу қиын» десе, әуесқой жас суретші Ғазиза ӘКІМНИЯЗОВА болса басқа ұстанымда. Ғазиза керісінше, сурет салуға кеткен материалдар (бояу, рамка, кенеп т.б.) шығынын жапсам болды дейді. Ол «Түнгі шабыт» туындысын 15 мың теңгеге бағалап отырғанын айтты. «Менің үйімде суреттерді ілетін жер жоқ. Мен көп салатындықтан, олар толып жатыр. Дүкендерде де сатылуда. Портреттерді де тапсырыспен саламын. Базарда бір портретті 15 мың теңгеден 40-50-60 мың теңгеге салса, мен 10 мың теңгеге-ақ саламын. Онда да ағайын-туыс, таныстарым салдырады. Ал ең бастысы – маған суреттерім біреуге ұнап қалып, соны қаншаға алғысы келсе сол бағаға беріп жіберемін» дейді. Оның айтуынша, қазір натюрморт, табиғат көрінісі бейнеленген картина, портреттерге сұраныс көбірек. Ал Махамбет ауданына қарасты Сарайшық ауылынан келген кәсіпқой суретші Әмина ҚАБЕСОВА көрмеге «Сарайшық» атты туындысын әкеліпті. Әмина апай ауылдағы мектепте бейнелеу өнері пәнінен сабақ береді. Оның жеке көрмесі әлі өтіп көрмеген. Ал кейбір суреттерін аудан әкімдігі сатып алып жатыр екен. Ол көп жылдан бері тапсырыс арқылы портрет салып келеді. Икемім солай деп түсіндіреді онысын. Оның бір салған портреті 15 мың теңгеден төмен түспейді екен.

«КӨБІНЕ БЕЙБАРЫС ПЕН МАХАМБЕТТІҢ СУРЕТІН СҰРАЙДЫ»

Қысқасы, ұққанымыз, бүгінде елімізде суретшілер еңбегінің бағасын реттейтін орталық жоқ. «Ақжелкен» орталығындағы он адамнан тұратын суретшілердің шығармашылық кеңесі де бағаға қатысты тақырыпты талқыға салып жатпайды. Әр суретші бағаны қалай қоям десе өзі біледі. Кәсіпқой суретші Әділқайыр ЖАНТАСОВ (суретші) та нақты белгіленген баға жоқ, саудаласқан кезде бағаны түсіресің дейді. Суреттерді жоғары бағамен сату аукцион кезінде ғана комиссия шешімімен бекітілетінін айта келе, осындай аукцион елімізде бір рет, онда да Алматыда өткізілгенін және оны ұйымдастырушының ғана бір жұмысы сатылғанын сөз етті. «Бізде сурет туындыларын үлкен бағамен сатып алатындай өнерді қолдаушылар мен меценаттықпен айналысушылар әзірге табыла қойған жоқ. Көбіне мерейтойға, арнайы мереке күндерінде, сырттан келген қонақтарға сыйлау үшін ғана тапсырыс беріп жатады. Әр суретшінің бағасы әр түрлі. Әр суретші бағаны өз деңгейі мен жасалған материалына байланысты қояды. Бірыңғай баға жоқ бізде».

- Ал бұл жағдай шетелде қалай? Оларда бағаны реттейтін орталық бар ма?

- «Шетелде де ондай бағаны нақты реттейтін ешкім жоқ. Бірақ, оларда бізге қарағанда, әр суретшінің туындыларын зерттеп, өнерін бағалап, олардың коллекциялап жинап, көрмесін ұйымдастырып, оған тек қана шетелдіктерді шақырып әкеліп, таныстырып, көрсететін меценаттықпен айналысатын жеке адамдар бар. Ұйымдастырылған көрмелерде суретшінің туындылары сатып алына бастаса, суретшінің беделі мен шығармалар бағасы өседі. Көбіне қазіргі қымбат бағаға сатылып жатқандар бұрын дүниеден өтіп кеткен суретшілердің шығармалары. Жастардың шығармаларына көп сұраныс жоқ. Әрі кеткенде, 2000-3000 доллардан алатын болар. Бірақ, миллиондап сатып алатындар жоқ. Бізде әр суретші өз көрмесін өздері ұйымдастырады. Суреттерін де шетелдіктерге келіскен бағаға сатады. Былайша айтқанда, әр суретші өз күнін өзі көріп келеді».

- Атыраудағы суреттерге деген сұраныс қалай?

- «Сұраныс әрқалай болып жатады. Көбінесе Бейбарыс сұлтанның, Махамбет батырдың тұлғасына, Атырау қаласын айшықтайтын көріністер мен табиғат көрінісіне байланысты сұраныс туып жатады. Кейбір шетелдіктер суретшінің шынайы болмысын көрсететін шығармашылық жұмыстары болса, бірен-саран өтіп жатады. Бізде сурет өнерін көбі түсінбейді. Оларға жылтыраған болса болды, әдемілігіне қарап алады. Ал көркемсурет деген өте күрделі дүние ғой. Мысалы кенептен бастап, бояудың технологияларын пайдаланып жасау керек. Сонда шығарма ұзаққа сақталады. Ал көбі келіп, 15-20 мың теңгенің жылтырақ, арзан жұмыстарын алады. Ал ол Қытайдан шыққан кенептер, жартылай синтетика. Ол жұмыстар құнын бірден жояды. Негізінен табиғи кенепте жазылу керек. Ол кәдімгі қап».

Көрмеге Әділқайырдың алты суреті қойылған. Олардың ішінен «Алғашқы қар», «Бөрібасар» шығармаларын ерекше атап өтуге болады. Мәселен, «Бөрібасар» туындысы қасқыр мен иттің алысып жатқанын бейнелеу арқылы қоғамдағы күресті айғақтайды.

Көрме соңында суретшілер клубының отырысы өтіп, онда Әділқайыр Жантасовты жылдың шығармашылық тұлғасы деп таныды.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген

30 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.