Ұлы Отан соғысында ерлігімен көзге түскен ефрейтор Айтқұл ЖОЛДЫБАЕВ (суретте) 3-ші дәрежелі «Даңқ» ордені, 2 рет «Қызыл жұлдыз» ордендерімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған еді. Жуырда оның ұрпақтары әкелерінің үшінші рет «Қызыл жұлдыз» орденіне ие болып, табысталмай қалғанын анықтады.
- Біз ғаламторды ақтара отырып, оның кезекті ұрыста «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталғаны жайлы мәлімет таптық. Біз қатты қуандық, біз оның ерліктерін растайтын құжаттарын бойтұмардай сақтап келеміз, - дейді Айтқұлдың ұлы Ғалымжан ЖОЛДЫБАЕВ.
Айтқұл Жолдыбаев қазіргі Тұрғызба ауылында 1924 жылы дүниеге келген. 18 жасында «Сталин» атындағы колхозда мал бағып жүрген жігіт 1942 жылы майданға аттанады. Майданда инженер-сапер болған. Оның жалғыз ағасы Мұстафа да соғыста болған.
- Әжеміз ұлдарының қан майданнан аман-есен оралуын күтіп жүрді. Мұстафа ағамыз майданда жүргенде тұтқынға түсіп, кейін сотталды. Бүгінде әкем де, оның ағасы да өмірден озып кетті, - дейді Ғ.Жолдыбаев.
Сапердің міндеті белгілі, жолды минадан тазарту үшін үнемі алғы шепте жүреді. Қауіпті де қиын тапсырманы орындауда ефрейтор Жолдыбаев талай рет көзге түсіп мақтауға ілігеді. Оның куәсіндей марапат беру парақшаларында (суретте) анық жазылған жазбалары да бар. ІІ Беларусь майданындағы ұрыстарға қатысқан ержүрек жауынгер бірнеше рет жарақат та алады. 1944 жылы Нарев өзенінен өтер кезде қанқұйлы соғыс болды. Фашистер берілетін емес. Оқ бораған шайқаста саперлер жолды минадан тазартуға алға ұмтылды. Олардың арасында Айтқұл да бар еді. Жол ашылған соң жауынгерлер алға жылжуға мүмкіндік алды. Кумяла деревнясына жету үшін жол ашып берген саперлер еңбегі жоғары бағаланды. Осы шайқаста Айтқұл жаралы болады. Могилев-Минск шоссесіндегі Волма, Слоуст және Свислочь өзендеріндегі көпірлерді тазарту, Зарановка өзенінен өту кезінде жанқиярлық еңбектері аса бағаланып, жоғарыдағы наградаларға ие болады.
- Әкем өте қарапайым адам еді. 1947 жылы елге оралғаннан кейін анамызға үйленіп, балалы-шағалы болды. Бірақ осындай ордендер алған едім деп масаттанбайтын. Ол Отанды қорғау міндетіміз деп есептейтін. Өмірбақи мал бағып, 2001 жылы 77 жасында қайтыс болды. Біз - ұрпақтары - оны мақтан тұтамыз, - дейді Ғ.Жолдыбаев.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
А.Жолдыбаевтың және оның наградаларының суреті