Атырау, 21 желтоқсан 17:50
 ашықВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

​«Джеки Чан» және классика

3 100 просмотра

10 мамырда «Атырау» ДСК-нде 1998-2000 ж.т. кадеттер арасында грек-рим күресінен ел чемпионаты өтті. Жарыс қорытындысы және өңіріміздегі классикалық күрестің дамуы жөнінде облыстың аға жаттықтырушысы Ербол ӘДІЛБАЕВ (суретте) әңгімелеп берді.

Image 2











«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ:

Әділбаев Ербол Мұратоллаұлы, 37 жаста, жоғары санатты жаттықтырушы, еңбек өтілі - 20 жыл.

- Чемпионатты өткізудің мақсаты жасөспірімдер арасындағы әлем және Азия чемпионаттарына қатысатын ұлттық құрама сапына мықты палуандарды іріктеу болды. Оған барлық облыстардың, Алматы мен Астана қалаларының спортшылары, сондай-ақ, Алматы облысындағы «Дәулет-Жаркент» және олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров атындағы күрес клубтарының шәкірттері қатысты.

Облысымыздың қоржынына екі «қола» жүлде түсті: 63 келіге дейінгі салмақта менің шәкіртім Ғаламат Саматов пен 85 келіге дейінгі салмақта мақаттық Асқар Бақытжанов көзге түсті. Асқар, негізінен, еркін күреспен шұғылданады, алайда біз оның «классикаға» өтуіне келісім алдық.

Чемпионатты өткізу бойынша барлық шығындарды облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы (президенті, «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Қайрат Оразбаев) өз мойнына алды. Атап айтсақ, федерация күрес кілемдері мен жеңіс тұғырларын сатып алды. Мұндай тұғырлар тек Астана мен Алматыда болатын. Енді біз де халықаралық жарыстар өткізу құқығына ие болдық.

Жарыстың құрметті қонағы ретінде 1996 жылғы олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко, күні кешеге дейін ҚР құрамасының бас жаттықтырушысы болған, 2004 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері Георгий Цурцумияны дайындаған ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мейірхан Рахметов және ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Нұрмахан Тінәлиевті тәрбиелеген Мұратбек Қасымханов келді.

Чемпионатқа барлығы 300-ге жуық адам қатысты.

ЖЕҢІМПАЗДАР ЭСТАФЕТАСЫ

- Атыраудағы грек-рим күресінің ең жарқын өкілдері кімдер?

- Елімізде «классика» жақсы дамып жатыр, облыс құрамалары арасындағы бәсекелестік өте жоғары. Алайда біз жыл сайын ел құрамасына өзіміздің жаңа өкілдерімізді беріп отыратынымызды барлығы біледі.

Алғаш құрама мүшесі Владислав Чигрин болды, ол 1994 жылы ҚР чемпионатын жеңіп, ТМД құрамасы сапында Венгрияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысып, үздік сегіздіктің қатарына қосылды. Ол, сондай-ақ, Ж. Үшкемпіров жүлдесіне арналған шеберлер турнирінде «алтын» алды.

Одан кейін эстафетаны Валентин Тен қабылдады. Ол бірнеше мәрте ҚР чемпионы болды, ересектер арасындағы әлем чемпионатына қатысты. Азия кубогының иегері және Александр Карелин жүлдесіне арналған халықаралық турнирде жеңімпаз атанды. Ол бүгінде ересектер арасында әлем чемпионатына қатысқан жалғыз атыраулық болып отыр.

Спорт шебері Берік Қарақұлов В. Тен күрескен жылдары өнер көрсетті, ол да ұлттық құраманың мүшесі болды. Олардан кейін эстафета менің шәкіртім Мырзабек Атбаевқа (қазір марқұм болған) ауысты. Ол да бірнеше рет ҚР чемпионы атанып, 2004 жылы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Image 1Евгений Поливадов - ортада. 2008 жылы осындай нәтижеге – жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының «күмісіне» Мейрамбек Тұрғалиев қол жеткізді. 2010 жылы жаттықтырушылар Батырбек Баймұратов пен Рашид Мусиннің шәкірті Илья Насточенко жастар арасындағы Азия чемпионатының «алтынын» жеңіп алып, атыраулықтар арасында алғаш рет грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алды. Ол қазір де күресіп жүр. Мамыр айының аяғында Шымкентте өтетін академик Мардан Сапарбаевты еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнирге қатысады.

Содан кейін жарқылдап Евгений Поливадов шықты. Ол өткен жылы Азия чемпионы және Нанкинде өткен І Жасөспірімдер Олимпиадалық Ойынының қола жүлдегері атанды.

Грек-рим күресін насихаттауда басқа өңірлерден қалып келе жатқанымызды мойындаймын. Атырауда таэквондо, дзюдо, муай-тай танымал. Осындай жағдайда «классика» жаттықтырушысына балалар арасынан мықтыларын таңдап алу қиын. Алайда біз қол қусырып қарап отырған жоқпыз...

«ЖОЛДАМАЛАР ҮШІН КҮРЕСЕМІЗ»

- Рио олимпиадасының жолдамаларына үміткерлер бар ма?

Image 0

- Мирас Рахметоллаев деген жақсы спортшымыз бар. Шапшаңдығы үшін оны әзілдеп Джеки Чан деп атайды. ҚР құрамасында ол әзірге екінші нөмірлі спортшы, алайда болашақта көшбасшы болады деген сенімдемін. Мирас кезіндегі И. Насточенко сияқты жастар арасындағы Азия чемпионатына қатысады. Ол 19 жаста, ересектер арасында да белдесе алады, алайда біз оны сақтап отырмыз - құрдастарының арасында тәжірибе жинасын.

Биыл әлем чемпионатында әр салмақтан бес үздік спортшы 2016 жылғы Олимпиадаға жолдама алады. Әр салмақ бойынша екі жолдама Астана қаласында өтетін ҚР президенті кубогында сарапқа салынады. Насточенконың намысқа тырысатын кезі келген сияқты. ҚР құрамасында 96 келіге дейінгі салмақта ол талдықорғандық Марғұлан Әсембековтен кейін екінші тұр. ҚР президенті кубогына ел құрамасы сапында қатысуға тағы бір үміткер – Дамир Күзембаев. Ол Алматы облысының тумасы, алайда қазір Атырау қаласы атынан жарысқа шығып жүр. Дамир әскери қызметкерлер арасында әлем чемпионы және ҚР құрамасында Н. Тінәлиевтен кейін екінші нөмірлі болып табылады.

- Алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Шымкент қаласында мамыр айының аяғында бірінен соң бірі өтетін М. Сапарбаевты еске алуға арналған ересектер арасындағы турнир мен жастар арасында Ж. Үшкемпіров жүлдесіне арналған турнир осы жылдың ең басты емтихандары болмақшы. Бұл жарыстарға И.Насточенко, М.Рахметоллаев, Д.Күзембаев, Алмаз Мұратоллаев, Дәулет Әмірғалиев, Е.Поливадов, Асылбек Қосаманов, Г.Саматовтар барады.

Біз көрсетіп отырған үлкен қолдаулары үшін облыстық күрес федерациясының президенті Қайрат Оразбаев пен федерацияның атқарушы директоры Кенжебек Шахметовқа алғысымызды айтамыз.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

21 мамыр 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.