Жақында Атырауда Мұнайдың құрлықта және теңізде төгілуі туралы конференция өтті («Ербол, сәлем айтып бар» + ҚР Президентіне үндеу» мақаласын қараңыз). Сөз сөйлеген спикер лердің барлығына жуығы зардаптары тек теңіздің биоресурсына емес, сондай-ақ, еліміздің батыс өңірі тұрғындарына қауіп төндіретін Каспий-дің қазақстандық секторында болуы мүмкін қауіпті төгінділерге алаңдау-шылық білдірді. Бұл туралы біз белгілі эколог, «Каспий Табиғаты» ҮЕҰ жетекшісі Махамбет ХАКИМОВПЕН (суретте) әңгімелестік.
- Махамбет Ғалымжанұлы, сіз көп жылдан бері Теңіз және Солтүстік Каспийдегі мұнай өндірісімен байланысты экологиялық проблемалармен айналысып жүрсіз және ең басты қауіпті теңізде мұнайдың төгілуімен байланысты қатерлерден көресіз...
- Иә, өткен конференцияда мен көмірсутегі шикізатын өндіретін кез келген ел үшін мұнайдың төгілуі ең басты экологиялық қауіп екендігін кезекті рет ескерткім келді. Бұл зардаптарды тек өңірлік емес, әлемдік ауқымда бағалау қиын, ал, апаттар әкелетін шығындарды жою үлкен қаражат пен уақыт шығындарын қажет етеді. 2010 жылдың сәуірі мен 2015 жылдың сәуірінде Мексика шығанағында не болғанын барлығымыз білеміз. Бұл апаттар өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне көп көңіл бөлмеуден қандай зардаптар болатындығының мысалы бола алады. Өзгелердің қателіктерінен үлгі алып, оны қайталамауымыз керек.
Мұнайшы мамандар мен белгілі «Гринпис» ұйымының өкілдері үлкен апаттарды басынан кешірген компаниялардың өзінде әлі күнге дейін апаттар және мұнай төгінділерімен күресудің тиімді технологиялары жоқтығын, ал олардың бар екендігі жөнінде жасап жатқан мәлімдемелері шындыққа сәйкес келмейтінін айтады. Әлемде мұндай тиімді технологиялар жоқ және Мексика шығанағы мен әлемнің басқа да түкпірлерінде болған техногендік трагедиялардан ешкім сақтандырылмаған.
Каспий өңірінің ерекше экологиялық жүйесінде апат болса, оның акваториясын толықтай тазалау туралы мәселе қозғаудың қажеті де жоқ, өйткені, бұлай жасау мүмкін емес! Түсіндіріп кетейін, Мексика шығанағы Әлемдік мұхиттың бір бөлігі және бұл су ортасының өзін өзі тазалауына септігін тигізеді. Ал, Каспий – Әлемдік мұхиттан оқшауланған су бассейні («шылапшын» сияқты). Мұнда төгілген барлық зиянды заттар ғасырлар бойы өз зардабын тигізеді.
Каспий теңізі үшін, әсіресе, Әлемдік мұхит жағдайында (мысалы, Мексика шығанағы) кеңінен қолданылатын химиялық қосындылар (диспергенттер) зиянды. Ал, қазір осы диспергенттерді Каспийде мұнай төгінділері зардаптарымен күресу үшін қолданбақшы, оны Каспий бойынша өтетін барлық конференцияларда жарнамалауда. Ғылыми деректерге сүйенсек, олар Каспий теңізі суын екінші рет ластап, оның суын, флорасы мен фаунасын улайды. Қысқасы, Әлемдік мұхит жағдайынан бір ерекшелігі, диспергенттерді Каспий теңізінің «шылапшын» жағдайында мүлдем қолдануға болмайды, яғни, тұйық құрлықішілік су айдынында бұл қалған тіршілікті қайта жоюға әкеліп соқтырады.
Бүгінде біз қатты сақтануымыз керек: өйткені, үлкен көлемде мұнай және газ өндірісі жоспарланған, ал, мұнайды құрлыққа тасымалдау мұнайдың Каспий акваториясына төгілу қаупін ұлғайтады. Ал төгінділер міндетті түрде болады, бұл қоршаған ортаға зиянын тигізбей кетпейді. Дегенмен, кейбір мамандар мұндай қауіп-қатерлерге өндірістік үдерістерді кері қарап, соңғы заманауи жабдықтарды қолдану арқылы қарсы тұруға болады деп есептейді. Алайда апаттар жаңа жабдықтарда да болады. Мәселен, 2013 жылдың күзінде Солтүстік Каспий жобасы мұнай құбырында (құрлықта) және теңіз нысандарында (Қашағанда) болған апаттар.
- Иә, бұл апаттар, менің ойымша, жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыстардың қалай жүргенін анық көрсетті: әріптестер арасында басқаруда келісімнің жоқтығы, 1 Кезеңді, яғни сынақтық-өнеркәсіптік әзірлемелерді (СӨӘ) жүзеге асыруға жауапты агент Аджип КҚО жіберген құрылыс кезіндегі көптеген ақаулар, сондай-ақ, осы компаниямен байланысты сыбайлас жемқорлық жанжалдар. Жұрттың барлығы, соның ішінде Сіз де барсыз, жобаның осындай күйге ұшырайтынын білді және сөз қылып та жүрді деп айтуға болады. Алайда конференцияларда Сіз Каспийде мұнай өндіру проблемалары туралы тек Солтүстік Каспий жобасы аясында ғана емес, кеңінен көтеріп жүрдіңіз. Бұл алаңдаушылық немен байланысты?
- Каспий теңізіндегі жағдай Каспий маңы елдерінде осы ерекше су айдынының экологиялық жүйесін сақтау тұрғысынан қашан да үлкен алаңдаушылық туғызатын еді. Қазір бұл алаңдаушылық компаниялар мен мемлекеттік қызметтердің апат зардаптарының алдын алу және жою бойынша дайындық (жауапкершілік) деңгейлерінің әр алуандығымен, Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы (әрі қарай – КТҚС) теңіз операторлары іс-әрекеттерінің келісімді еместігінен одан сайын ушығып отыр. Сонымен қатар, осы уақытқа дейін теңіз экологиясының фондық жағдайына толық талдау жасалмағаны, өңірде шұғыл әрекет ету қызметтерінің ресурстары мен құрал-жабдықтары туралы бірыңғай ақпараттық базаның жоқтығы, КТҚС-ті игерудің барлық қатысушылары арасында өзара әрекеттесу механизмдері мен жоспарларын үйлестірудің әлсіздігі де алаңдатып отыр. Бүгінгі таңда теңіз операторлары Каспий бойынша түрлі материалдар мен мәліметтерге ие, алайда олар өз құпиялылығынан бірыңғай ақпараттық базаға біріктірілмеген. Ал зерттеулер нәтижелері туралы шашыраңқы ақпараттар сын сағатта шешімдер қабылдауға және төтенше жағдай кезінде апатқа қарсы әрекеттер жасауда бағдар бола алмайды.
Мұндай жағдай шешім қабылдау құқығы жүктелген мемлекеттік органдарда да (бүгінде энергетика министрлігіне қосылған қоршаған ортаны қорғау министрлігі, ТЖ басқармасы, әкімдік және т.б.) байқалады. Себептері де сондай, яғни, олар да белгілі бір жағдайда нақты және тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік беретін ғылыми негізделген ақпараттық базаға ие емес. Ірі төтенше жағдай орын алса, қайсысының өзіне жауапкершілікті алатыны да анық емес. Бұлардың барлығына бұрынғы Ұлттық жоспарда экологиялық тәуекелдерді бағалаудың да белгіленбегенін қосып қойыңыз.
Мұндай жағдайда кезінде Ұлыбритания үкіметі жасағандай ең жаман сценарийді салу керек сияқты. Олар Арктикадағы мұнай операциялары кезінде төгінділерді жою бойынша іс-әрекеттерді тиімсіз деп белгілеген болатын. Сондықтан да КТҚС-тағы тәуекелдерді нақты бағалау қиын. Міне, дәл осы себепті мемлекеттік органдар мен СКК теңіз операторларының қызметі, ең алдымен, тек төгінділер зардаптарын жою бойынша техникалық шараларға ғана емес, апаттар мен төгінділердің алдын алуға бағытталуы тиіс.
Апат болған жағдайда Каспийдің өзіндік ерекшеліктерін есепке ала отырып, не болатынын болжау қиын. Бұлар - су айдынының оқшаулығы, экологиялық жүйесінің толықтай қорғалмағаны, шельфтің таязындағы теңіз суының ағысы (штормдар, толқындар, судың тартылып кетуі және т.б.), мұнай төгінділерінің таралу аймағының да белгісіздігі, аридті климат жағдайы, қыста мұз қатуы және басқа да КТҚС өңірінің ерекшеліктері.
Әрине, позитивті әзірленімдер мен халықаралық тәжірибе кейбір тәуекелдер мен қауіптерді есептеп шығаруға, техникалық және адам қателіктері себептерін түсінуге, осындай жағдайлардың жиілігін және олардың зардаптары нәтижелерін бағалауға мүмкіндік береді. Каспийде мұнай төгілу қаупіне қарсы тиімді әрекет ету үшін бізге дәл осындай жүйелі көзқарас керек. Жақсы үлгі ретінде голландық тәжірибе – Ұлттық мұнай төгінділеріне қарсы әрекет ету жоспарына енгізілген «экологиялық сезімталдықтың онлайн-атласын» қабылдауға болар еді. Ол құжатта ТЖ жағдайында кім қай жерде, жекеленген теңіз немесе жағалау учаскесінде не жасау керектігі анық жазылған. Біздің Ұлттық мұнай төгінділеріне қарсы әрекет ету жоспары 2000 жылы қабылданды. 10 жылдан кейін осы құжатты КТҚС-ті игеруге қатысушылар ТЖ жағдайында қай жерде қалай әрекет етуін білу үшін қолданбалы нұсқаулыққа айналдырғысы келіп, бірлескен ревизия жүргізілген еді. Осы жоғарыда аталған мәселелердің барлығы OSPRI сияқты халықаралық компаниялардың ұсыныстарымен бірге жаңа Ұлттық жоспарда көрініс табу керек еді. Алайда мұның барлығы әлі күнге дейін жасалған ЖОҚ!
- Менің пікірімше, қарапайым мұнайшыларға қарағанда астаналық кабинеттерде отырған шенеуніктер мен компаниялардың топ-менеджменті Каспийдегі ауқымды мұнай өндірісінен болуы мүмкін қауіпті қаперлеріне де алмайды. Мемлекеттің іс-әрекеттері тіптен ақылға сыймайды. Алдымен Солтүстік Каспий аймағын табиғат қорығы деп жариялап, кейін оны Солтүстік Каспий консорциумына мердігерлік учаске ретінде береді. Мұндай мысалдар аз емес. Осындай жағдайларда теңізді қорғауға қандай нақты ұсыныс бересіз?
- Каспийді экологиялық қорғау үшін кез келген мүмкіндікті (техникалық әдіспен шектелмей) пайдалану керек, яғни, экономикалық, заңдық, дипломатиялық, қоғамдық және басқа да мүмкіндіктерді қолдану қажет. Геосаясат пен ғаламдық экономикалық мүдделері Қазақстанды Қашағандағы теңіз мұнайы ресурстарын кең көлемде игеруге (8 млрд тонна алынатын қоры бар) мәжбүрлейтіні сөзсіз. Осыдан 12 жыл бұрын бекітілген (2003 жылғы 16 мамыр, №1095) ұмытылмас «ҚТҚС игерудің мемлекеттің бағдарламасын» бір шолып өтейік.
Онда мұнайды өндірудің жылдар бойынша кестесі қаралған: 2006 ж. – 8 млн тонна, 2007 ж. – 11 млн тонна, 2008 ж. – 14 млн тонна, 2009 ж. – 21 млн тонна, 2010 ж. – 40 млн тонна, 2011 ж. – 52 млн тонна, 2012 ж. – 64 млн тонна, 2013 ж. – 76 млн тонна, 2014 ж. – 88 млн тонна. Ал 2015 жылы – 100 млн тонна (газ 63 млрд текше метрге дейін).
Мұның бәрін табалау үшін тізбектеп отырған жоқпын. Мұны бір нәрсені қалау мен оны алу мүмкіндіктерінің сәйкес келуі керектігін еске салмақшымын. Сондай-ақ, бұларға қоршаған ортаны сақтауға бұлжымас экологиялық және қаржылық жауапкершілік бар болғанда ғана қол жеткізу керек. Алайда бүгінгі күнге дейін теңіздің қазақстандық секторын экологиялық сақтандыру бойынша бірде-бір келісім жоқ. Әлемде мұндай шарттар жауапкершіліктің міндеттілігін білдіру болып есептеледі. Бұл мәселе турасында Қазақстанда барлық деңгейлерде ұяла үнсіз қалып жүр, ал бұл Консорциумда жауапсыз және сенімді ұстаным қалыптастырған: «мұндай шарт жоқ болса, ешқандай жауапкершілік жоқ!».
Мұның барлығы Қазақстанда қолданыстағы 2009 жылғы 30 желтоқсанда бекітілген № 234-IV «ҚР-ның міндетті және өзара сақтандыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы» Заңы бар болса да жүзеге асып жатыр. Бұл Заңның маңызды шарттарының бірі экологиялық қауіпті шаруашылық түрлерін және басқа да қызметтерді жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалар «Міндетті экологиялық сақтандыру шартын» жасамай, өз қызметтерін жүзеге асыруға құқылары жоқ. Әрине, толықтай сақтандыру оның әр алуан түрлерінің жиынтығынан тұратыны белгілі, ал мен қоршаған табиғат ортасына келтірген зияны үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілік сияқты сақтандыру түрі туралы мәселе көтеріп отырмын.
Жоғарыда айтылғандарды түйіндей келе, мемлекеттік органдарды ең болмаса экологиялық қауіпті шаруашылық түрлерін және басқа да қызметтерді жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғаларда, әсіресе, КТҚС-те жұмыс жасайтын мұнай компанияларында азаматтық-құқықтық жауапкершілік туралы сақтандыру полистері бар-жоғын тексеруге шақырамын. Ал мұндай сақтандыру полисі жоқ болса немесе ҚР қолданыстағы заңдарын мойындамаса, қызметтеріне тыйым салу керек!
Айтпақшы, қазақстандық тараптан басқа да нақты ұсыныстар болды. Мәселен, халықаралық тәжірибеде қолданылатын стандарттар бойынша әзірленген Мұнай төгінділері үшін қаржылық жауапкершілік қорын құру ұсынылды. Алайда бұдан СКК бірден, міз бақпастан бас тартты. Бұл жағдайда келесідей кеңестер беремін. Осы мәселе бойынша барлық теңіз операторлары шешім шығарумен емес, бос сөзбен айналысып жатқанын көргеннен кейін ҚР Үкіметі үлкен мемлекеттік табандылық танытып, ҚР заңдарына жаңа түзетулер енгізуі қажет. Олар бойынша Каспий сақтандыру қоры (қандай болса да) құрылмайынша, ешкім Каспийден мұнай өндіре алмайтын болуы керек. Қатаң талап қажет! Әйтпесе, өз елінің күнделікті мүдделерін қорғамайтын Үкімет неге керек?
- Махамбет Ғалымжанұлы, біз анықтағандай, NCOC мен Қазақстан арасындағы 2014 жылғы желтоқсанда қол қойылған соңғы келісімде Консорциум сақтандырудың мұндай түрін қарастырған («Қашаған: бәрі сақтандырылды, тек...» мақаласын қараңыз), ал біз еш сақтандырылмағанбыз!
- Бұл келісімде тараптар өндірістік, қаржылық және басқа да мәселелерді реттегендей болды, алайда өздерінің бұл Келісімдерін құпия деп жариялады. Олай болса, олардың барлық жұмыстарымыз қауіпсіз деп сендірулері халықтың Каспийді қорғау және сақтау мәселелері бойынша уайымдарын еш сейілтпейді. Тараптардың мұндай шарттары құпия бола алмайды, өйткені, оған кім сенеді? Сонымен қатар, мұндай құпиялық қазақстандық және халықаралық өндіру саласындағы ашықтық бастамасының (ӨСАБ) және Қазақстанда республикалық заңдардан биік тұратын халықаралық заң ретінде бекітілген Орхус Конвенциясының белгілі ережелерін толықтай бұзу болып табылады.
Біз қазір міндетті сақтандыруы бар Каспий теңізін сақтау бойынша ұлттық және халықаралық бағдарламалар жасау қажеттігі туралы мәселе көтеріп жүрміз. Сондықтан да біздің қоғамдық ұстанымымыз бен беретін кеңесіміз келесідей: сақтандыру мәселелері нақты шешімін тапқанша Каспий шельфінде мұнай өндіруге мүлдем тыйым салып, сәйкесінше, сол жердегі жұмыстардың барлығын консервациялау қажет. Әлемнің дамыған елдерінде осылай жасайды. Мысалы, АҚШ-тың Мексика шығанағындағы немесе Ұлыбританияның Солтүстік теңіздегі мұнай компанияларының экологиялық бұзушылықтары үшін жауапқа тартылғанын естідіңіздер ме?! Ал ҚР мен СКК арасындағы Шартта мұндай бұзушылықтарға, неге екені белгісіз, тек қазақстандық тарап қана жауап береді. ҚР – тәуелсіз ел ме, әлде колония ма? Егер Қазақстан тәуелсіз мемлекет болса, басқа «өркениетті» елдердегідей, қолданыстағы СКК-мен жасалған Шарттан бұл бапты алып тастап, СКК және басқа да теңіз операторларының қаржысынан Сақтандыру Қорын жасау қажет. Өйткені, олардың КТҚС-да жүзеге асырылғалы отырған қызметтері Каспий теңізінің тіршілік етуіне тікелей және шынайы қауіп төндіреді.
Бұл жағдайда, әрине, СКК компаниялары жобадан кетеміз деп бізді қорқытар (бірінші рет емес), алайда бұған мұңаймай, қуануымыз қажет. Ал Каспийдің мұнайына иелік етушілер емес, мердігерлер қашан да табылады! Сондай-ақ, ең бастысы, КТҚС кен орындарының барлығын консервациялап тастау керек, ал ұрпағымыз 21 ғасырдың ішінде бұл қорды жаңа қауіпсіз технологияларды пайдалана отырып, дұрыс игеретіні сөзсіз.
- Дегенмен, Солтүстік Каспий жобасына $50 млрд-тан аса қаржы салынды ғой, ал әріптестер жобаны консервациялау туралы алып-қашпа әңгімелерге қарамастан өз инвестицияларын қайтаруға мүдделі...
- Ал үшінші деңгейлі алғашқы апат кезінде экологиялық зардаптармен қатар Қазақстанның 21-ғасыр бойына қарызға батып қалатынына не айтамыз? Өйткені, барлық өтемақыларды жабу үшін Қазақстанның мемлекеттік бюджеті де, Ұлттық қоры да, азаматтарының жеке қаражаттары (Форбс тізіміне ілінген қазақстандық миллиардерлердің қаржысын қоссақ та) да жетпейді. Мысал үшін көптеген елдерде болған апаттар зардаптары үшін кеткен айыппұлдар, өтемақылар және басқа шығындарды еске түсіріңіздер. Естеріңізге салсам, әлемде жыл сайын 8-10 үшінші деңгейлі апат орын алады, ал 1-2 деңгейлі апаттарды жүздеп санауға болады.
Қазақстанның КТҚС-та көмірсутегілер өндіруге асықпауы керек деген ұстанымға мынадай уәждер айтамын: 1. Каспий мәртебесі әлі күнге дейін нақты анықталмаған, бұл жағалаудағы мемлекеттер арасында мүмкін болар проблемалар мен дау туғызуы мүмкін, өйткені, мұнай өндіру тек КТҚС шегінде ғана жоспарланған. 2. Қандай жағдай болғанда да, КТҚС-та жоспарланған мұнай өндіру көлемі жоғары өзіндік құнына байланысты алдағы онжылдықтарға дейін пайда әкелуі екіталай. Осылайша, «консервациялау нұсқасын» таңдауға себеп бар, яғни, ҚР Солтүстік Каспийдің көмірсутегі ресурстарын игеруге асықпауы қажет.
Бұған қоса, «Қашаған» теңіз кен орнын игерудің қазір тоқтатылуы СКК-тің болашақта мұнай өндіру мерзімдерін еріксіз қысқартады. Содан кейін ғана кен орнын игеруді ҚР үшін қазіргі консорциуммен жасалған әділетсіз шарттан көп тиімді жағдай ұсынып отырған ұлттық оператор жүргізетін болады. Осылайша СКК міндетті түрде өзіне мұнай өндіру мерзімдерін ұзартуды ұсынады, ал Қазақстан келісуге мәжбүр болады. Алайда, бұл жағдайда, яғни, Қашаған бойынша Шарт талаптары өзгеретін болса, ҚР СКК бойынша әріптестеріне экологиялық сақтандыруды жүзеге асыруды міндеттеуі қажет (тағы да қайталаймын!) және Каспий теңізін қорғау және сақтау бойынша халықаралық бағдарлама қабылдауы керек. Қоғамдық ұйымның өкілі ретінде мен КТҚС игеру талаптарын тәртіпке келтіру және өзгерту бойынша осындай тарихи мүмкіндікті тек нағыз «ақымақтар» ғана жіберіп алады деп ашық айта аламын.
- Сөздеріңіз сезімге толы, алайда шенеуніктер сізді тыңдайды деп ойламаймын. Қоғамның айқайына, олар дұрыс нәрселер айтып жатса да, шенділер ешқашан да құлақ аспаған. Мысалға, Солтүстік Каспий мұнай төгінділеріне қарсы әрекет ету базасы. Қоғам экологиялық ҮЕҰ тұлғасында сол жерлерде салуға болмайды деп мәлімдеп, соттасуға дейін барған еді. Соттан жеңілді, база салынды. Ал бірнеше жылдан кейін ол пайдасыз деп танылды!
- Қоғамның өз пікірін білдіру бостандығы мен шығарған дүние емес. Ол ел азаматтарына мемлекеттік істерге араласу құқығын берген ҚР Конституциясының 33-бабына негізделген. Бұған бүкіл әлемдік Орхус Конвенциясы мен халықаралық ӨСАБ толық қолдау бола алады. Орхус Конвенциясы қоғамның ақпараттарға қолжетімділігін, шешімдер қабылдауға қатысуын және сотқа жүгіну құқықтарын айқындайды.
Тағы бір ұсыныс: мемлекеттік органдар мен мұнай компаниялары адам құқығы мен табиғатқа деген көзқарастарын, стратегиялары мен тактикаларын өзгертуі қажет. Сонда ғана бәрі өзгереді! Егер мәселе, бұл жағдайда экологиялық проблема, еш шешімін таппай, тек бетін жауып қоя берсе (билік пен компаниялар), экологиялық емес проблемалардың туындағанына таңданудың қажеті жоқтығы белгілі. Бұл әлеуметтік-экономикалық және басқа да талаптары бар проблемалар, тіпті, сепаратизм және басқа да келеңсіздіктер туғызуы мүмкін, ал бұл қоғамның тыныштығын кетіреді.
«Каспий Табиғаты» ҮЕҰ өз қызметін «Азаматтық Құрылтай» қоғамдық қауымдастығының мүшесі ретінде ҚР экологиялық заңдарының бұзылуы сияқты фактілерді басшылыққа алады және біреудің кінәсін дәлелдеумен айналыспайды (бұл құзыретті органдардың жұмысы). Біз тек белгілі бір мәселелердің шешілуіне қоғам тарапынан қатысамыз. Сондықтан да тараптардың барлығының қызметтерін шоғырландыруға және қоғамның барлық секторларымен коммуникациялар (пікірлер, заңдар, сын, шешімдер іздеу, ұсыныстар және т.б.) қалыптастыруға тырысамыз. Егер бар тарапты белгілі бір мәселені шешуге топтастырсақ, бұл нағыз демократиялық принциптердің жүзеге асуы болар еді!
Сұхбаттасқан Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА