Сарайшық тұрғындары осы уақытқа дейін болып көрмеген табиғаттың сыйына қарық болды. Біздің өлкеміз ұмыта бастаған Каспий майшабағы өзенде құжынап жүр.
Жергілікті тұрғындар майшабақты жалаң қолмен жинап алады деуге болады. Өзен суына сүзгі ау салып, бір сүзгенде жүздеген күміс шабақтарды алып шығады. Бұрынғы кездердегідей шабақтарды қуырып, бұқтырып, тұздап, маринадтайды. Мәз-майрам болып, қайран қалысады.
«КазНИИРХ» ЖШС Атырау филиалының жетекші ғылыми қызметкері Юлия КИМ Жайықтың тұщы суында теңіз балығының пайда болғанына таң қалмады. Алайда ағыс бойымен жоғарыға осылайша алысқа шыққанын ғалым есіне түсіре алмады:
- Сарайшыққа дейін жеткендей жағдай болған емес. Ал жалпы майшабақтың өзен суында жүруі жиі кездесетін құбылыс. Мәселен, ол Еділде тұрғылықты мекендеушіге айналған. Жайық өзенінде де 2005-2006 жылы оның бар екендігі тіркелді, ол сол кезде өзен суына мол келген еді. Майшабақтың бұл түрі тұщы суға басқалардан оңай бейімделеді. Жайыққа да тұрақталуы әбден мүмкін. Оның қазір мол болуының басты себебі, бәлкім, 90-шы жылдардан бастап бізде майшабақ кәсіпшілігімен айналыспайтындықтан шығар. Іс жүзінде бұл шабақты шынайы кәсіп етпеген, жалпы массада аулаған. 90 жылдары біздің флотымыз талан таражға салынғаннан кейін игеру лимиті де жоқ, алайда жыл сайын ол 8 мың тоннадай көлемде сияқты.
Бір сөзбен айтқанда, көбейіп кеткен. Мәселе мынада екен. Юлия Анатольевнаның айтуынша, бұл түр - қарапайым шабақ - Каспийдегі кең тараған басқа "бадырақ көз" және "анчоус тәрізді" екі түріне қарағанда кәсіпшілік үшін онша тартымды емес. Ол екеуі ірірек әрі құнарлылық сапасы жоғары, оның үстіне оларға жарық әсер етеді, оларды аулау оңайырақ.
Танымал ихтиолог Каспий майшабағының Жайыққа "шабуыл жасауының" тағы бір ықтимал себебін атады:
- Ол әдетте Каспийдің солтүстігінде жағалаудағы тұщыланған учаскелерде уылдырық шашады. Бірақ теңізде қазір мұнай игеру салдарынан кеме жүзу белсенділігі жоғары, сондықтан балық тыныштық іздейді.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген Зинат ОРЫНБАСАРОВА