Азғырлықтар "шекаралық" комиссиямен кездесті
Азғыр ауылының Мәдениет үйінде ҚР парламенті сенатының депутаты Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВТІҢ, инвестициялар және даму министрлігінің көлік комитетінің төрағасы Әсет АСАБАЕВТЫҢ, ҚР Шекара қызметі директорының орынбасары Мұхтар САБИДОЛДАНОВТЫҢ және министрліктер мен шекара қызметінің басқа қызметкерлерінің жергілікті тұрғындармен кездесуі өтті.
ЕГЕР "БАЛҚҰДЫҚ" ҚҰРМАНҒАЗЫ" БОЛСА
Басты тақырып Ресей шекарасын кесіп өту тәртібі болды - бұл Азғыр тұрғындары үшін өзекті мәселелердің бірі.
С. Еңсегенов жиналғандарға мәселені 2012 жылдан бері шешумен айналысып келе жатқанын хабарлап, осыған қатысты үкіметке жіберілген хаттардың уақытын атады. Соңғы хаттардың ҚР инвестициялар және даму министрлігі мен ҚР Шекара қызметіне жіберілуі Азғырға жоғары шенді комиссияның келуіне себеп болды.
Өз баяндамасында ҚР Шекара қызметінің шекаралық бақылау бас басқармасының бастығы Жәнібек ТӨЛЕБАЕВ "Балқұдық" шекаралық қосыны шекаралас аумақта тұратын Қазақстан мен Ресей азаматтарының қатынасына арналғандығын еске салды. Басқа азаматтар бұл жерден шекара арқылы өте алмайды.
- Азғыр тұрғындары Ресей аумағына тек жеке жеңіл көлігімен өте алады және шекаралас ауылдардың аумағында үш тәуліктен артық болмайды. Олар Ресейден бір қолға 35 келіден аспайтын салмақта тауарлар мен азық-түліктер әкеле алады. Алайда Кеден Одағының құрылуына байланысты шешілуі қажет бірқатар мәселелер туындады. Егер "Балқұдыққа" Котяевкадағы "Құрманғазы" секілді көлік бақылау қосыны мәртебесі берілсе, бұл шектеулер автоматты түрде жойылады. Бұл жағдайда Азғыр тұрғындары "Балқұдық" бекетінде жүк көлігімен шекарадан өте алар еді, көп көлемде тауарлар әкеле алар еді. Ол үшін тиісті инфрақұрылым - екі жолақты жол, көліктерді тексеруге арналған жабдық, әкімшілік ғимарат және қызметкерлер штаты қажет. Облыстық әкімдік инвестииялар және даму министрлігі үшін құжаттар пакетін дайындауы тиіс. Министрлік өз кезегінде Ресей Федерациясының тиісті веомостволарымен келіссөздер жүргізуге тиіс. Екі тарап арасындағы келісімге қол қойылғаннан кейін бақылау-өткізу қосынын салуға кірісуге болады.
Еңсегенов Қазақстан бойынша мұндай мемлекеттік шекарадан өту қосындары 105 екенін, бұл бүгінгі күні адамдардың, тауарлар мен қаржылардың еркін қозғалысын қарастыратын Еуразиялық экономикалық одағының негізгі принципіне қарама-қайшы екенін мәлімдеді.
"АЙЫРМАШЫЛЫҒЫН СЕЗІНІҢІЗ!"
Құрманғазы аудандық мәслихатының депутаты, "Нарын" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мансұр ҚУАНШАЛИЕВ эмоцияға беріле сөйледі:
- Біздің басты талабымыз - шекара арқылы жүк көліктерін өткізсе дейміз. Қыста бір сиырға 20 орамшөп қажет екенін есептеу қиын емес. Бізге Оралдан оны бір орамын 6-7 мың теңгеден әкеледі, ал Ресейдің іргелес аумағындағы Харабали қаласында бір орам жоңышқа 2,5 мың теңгеге шығады. Айырмашылық бар ма? Неге бізге осыны пайдаланбасқа? Бұл жерден Харабалиға дейін бар болғаны 60 шақырым.
Шекарашылар ахуалды жұмсартып: "Қазір шекара арқылы өткізу орны сағат 10-нан 20-ға дейін ашық, ал 16 мамырдан бастап сағат 8-ден 22-ге дейін ашық болады" деді.
Залдан бір ер адам қолын көтеріп, орнынан тұрды да, президиумда отырғандардан шектеу алынып тасталатын нақты мерзімді атауды талап етті. Ауылдастары оған қолдарын шапалақтап қолдау көрсетті. Асабаев нақты мерзімді атай алмайтынын, өйткені бәрі өз министрлігіне байланысты еместігін, Ресей өз тарапынан көлік бақылау қосынын салудан бас тартуы мүмкін екендігін айтты. Осындай айқынсыз сарында кездесу аяқталды.
Атырауға қайтар кезде комиссия мүшелері Азғырдағы Я-13 немесе «Ява» қондырғысына (суретте) барды. С. Еңсегенов сәуірде кеңес ядрошыларының осынау бірегей туындысы ҚР Ұлттық ядро орталығына берілгенін, бұл нысанды Ресеймен бірге пайдалану туралы келісім бар екенін еске салды. КСРО дәуірінде бұл жерде жарылыс әдісімен жасанды алмастың тәжірибелік өндірісі ұйымдастырылған. Алайда олардың өзіндік құны өте жоғары болып, жобаны жауып тастаған еді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор