Атырау, 29 желтоқсан 06:01
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Мерейтойдың жарқылы астында елеусіз қалған ардагерлер

7 024 просмотра

Доссорда қарт кеніштің ғасырлық тойы өтті

АДВОКАТ ЛЕБЕДЕВ, ШТАБС-КАПИТАН ЛЕМАН ЖӘНЕ АҒЫЛШЫНДАР

Доссор жайлы әңгіме қозғағанда Қарашүңгілді ауызға алмау мүмкін емес. Қазақ мұнайының тарихы да осы мекенмен байланысты.

Кәрі Ембінің  мұнай кәсіпшілігінің  игерілуіне байлыққа кенелуді көздеген ресейлік ұсақ  кәсіпкерлер себеп болғаны ел есінде. Солардың бірі адвокат  Юрий Лебедев Қарашүңгіл аймағында  мұнай бар екенін байқап,  оны барлауға  өтініш білдіреді. Алайда  оны толық игеруге  қаржысы аздық еткендіктен ол өз арызын отставкадағы гвардия  штабскапитаны Леманға 26 мың рубльге сатқан еді. Осылайша ең алғашқы мұнай  кәсіпшілігі конторын ашқан Леман және Ко дүниеге келеді.

Ал 1899 жылы Оңтүстік Ембідегі Қарашүңгілде 25 мың тоннаға жақын жеңіл мұнай берген мұнайгаз фонтаны атқылаған еді. Алайда  тез әрі  оңай пайдаға кенелуді ғана көздеген Леманның  тобы өз шығындарын өтей алмады. Ол ағылшын  және неміс кәсіпкерлерімен  келіссөз жүргізе бастады. Ресейлік кәсіпкер Леманның  ұсынысы  қызықтырған ағылшындар өз геологтарын қазақ даласына аттандырады. Кеніштің болашағына көзі жеткен олар Леманнан мұнай концессиясы құқын сатып алады.

Кейін 1911 жылы 29 сәуірде Доссордағы №3 ұңғымада сапасы өте жоғары, құрамындағы керосиннің  мөлшері  70 пайыздан да көп  мұнай бұрқағы атқылайды. Осылайша Ембідегі ірі мұнай өнеркәсібінің негізі қаланады. Кейін әлемдік биржаларда  алыстағы қазақ сахарасындағы  аса сапалы  май  жайлы аңыз тарап кетеді. Лондон биржасы Ресей байлығын игеруге  арналған 5 млн. стрелингтен астам жаңа акцияларын шығарады.

АҚСАҚАЛҒА АРНАЛҒАН БЕЙСБОЛКА

Содан бері  100 жыл өтті. Доссорда не өзгерді? 9 мыңға жуық поселке  тұрғындарымен сөйлесе қалсаң айтатындары ауыз су тапшылығы, жұмыс жоқтығы.  Ғасырға  жуық уақытта бұл мекенді  жасыл желекке бөленген  оазиске айналдыруға болар еді. Егер майдан түскен  ақша  өзімізге жұмсалса деп армандайды ауыл тұрғындары. Олармен келіспеуге де болмайды.

Содан соң бір топ  зейнеткер мұнайшылар өткеннен сырт шертеді.

86 жастағы зейнеткер  Жібек СЕГІЗӘЛИЕВА Доссор тарихын қолымен жасағандардың бірі. Брезент шалбар, резеңкі етікпен май мен су кешіп жүріп мұнай өндіргендердің бірі. Еңбегі бағаланбай қалған жоқ. Сол кездегі аса жоғары марапаттар саналатын Ленин, Еңбек Қызыл ту ордендерін кеудесіне тақты. Қазақ ССР Жоғарғы советінің депутаты, Коммунистік партияның  Х- съезі делегаты, обком мүшесі, аудандық, ауылдық советтердің  депутаты болды.

- Доссордың 100 жылдығы қарсаңында біреулер келіп сүйінші сұрады. «Әже, еңбегің ескеріліп машина бермек екен деген. Машина тұрмақ салтанатты жиынның өзіне  азар шақырды,-деп кейиді  кейуана. Одан соң қайта естелігіне оралады:

- Ол кез қиын болды ғой. Бір мотормен 28 ұңғыма  жұмыс жасайды, біреуі тұрса  қалғаны қатар тоқтайды. Ағаш качалкаға әліміз келмейді.  Әсіресе түнгі ауысымда көзге түрткісіз  қараңғыда  жұмыс істеуге тура келеді. Соғыс уақыты, жарық көрінсе  жазалайды. Күндіз жұмыс істеп, түнде  жалғыз түйемізден алынған жүннен шұлық тоқимыз. Оның кімге тиетіні де белгісіз, бірақ майдандағыларға көрсеткен жәрдеміміз,-деп еске алады ол.

Ғұмаров  ШАЙХИМЕДДИН - байырғы мұнайшы, көнекөз оператор. Жастайынанжетім өссе де қария өміріне  разы. Еңбегімнің жемісін көрдім, көз алдымдағы  ұл-қыздарым бар байлығым деп санайды.  Бірді–екілі көз жұмған балаларынан қалған 9 жетім немересін  қанаттандырған. Жалаң қолымен май өндірген 80  жастағы еңбек ардагеріне бөлінген «Доссорға -  100 жыл» ескерткіш медалін той біткен соң  үйіне беріп  жіберіпті. 

- Медалі үшін әрине рахмет... Кезекке тұрып көлік алу дәстүрі бар еді   мен еңбек еткен жылдары. Алайда  сол кезден келе жатқан жең ұшынан жалғасқандардың салдарынан қолы жеткендер ғана оны міне алды.  Машинасын қойшы, тым құрымаса  бір баламды өзім істеген мекемеге  жұмысқа орналастыра алмағаным жаныма қатты батады,-дейді ол кемсеңдеп.

«АЖ» тілшісімен кездесуге келген зейнеткерлердің ішіндегі «ең жасы» 73-тегі Ғалия БАТАНОВА мен 74 жастағы Галина ЕВСЮКОВА болып шықты.

Доссор кенішінде еңбек жолын бастағанда Ғалия 9 кластық білімі бар 21 жастағы  жас  қыз екен. Қоғамдық жұмыспен операторлықты  қатар алып жүрген Батанова  отбасының да ұйытқысы бола біліпті. Комсомолдық жолдамамен келген жас маман өз сөзімен айтқанда «от звонка до звонка» жұмыс жасаған.

Ол жүз жылдықта   құлағалы тұрған баспанасын  жөндеуге  жәрдем аламын ба  деп үміттенгенін жасырмайды.

- Инженерлік мамандығы бар немеремді жұмысқа алу мен үйімді жөндеуге  көмек сұрап талай арыздандым. Оған жауап бермек түгілі, кеңсенің есігінен де қаратпайды. Ал  жүз жылдықта бізге  футболка мен бейсболка  сыйлады. Оны не істемекпіз?  Сатсаң да ешкім алмайды,-дейді Ғалия Батанова.

74 жастағы жас зейнеткер  Галина Николаевна  Евсюкованың да өз тарихы бар.  Іші кеуіп болмайтын, қолдан қолға өтетін суға малшынған резеңке етік пен үш жылда бір таратылатын мақта  фуфайканы есіне алады ол алғашқы кезекте.

- Бірде линия үзіліп кетіп  апат орын алды. Жалпы апат дегеніңіз кеніштегі  жиі кездесетін жайт еді. Үзілген тұсты ораймын деп жатқанымда бетіме мұнай атқымасы бар ма? Үйге қалай жеткенімді білмеймін, бетімді  жуып үлгердім. Абырой болғанда көзім аман қалды,-дейді зейнеткер әйел.

Кеніште  40 жылдан астам уақыт  еңбек  еткен Галина  Евсюкова баспанасыз бірде ұлын, бірде қызын сағалап жүр.  Кенішпен құрдас  үйін жөндеп алар жағдайы жоқ. Арзан деген гастарбайтерлердің өзі жұмысы үшін 60 мың теңге сұрапты. Бойында қайраты, алдында  жұмысы барда оған қолы жетпеген. Енді  пәтер сұраса сен төлей алмайсың, зейнетақың жетпейді, - дейтін көрінеді. 

- Аса бай әрі қуатты «Қазмұнайгаз»  қалайша өз зейнеткерлерінің қайыршылықта өмір кешуіне жол береді. Ал 100 жылдықта  көптеген жас мұнайшылардың құнды  сый-сияпаттарға ие болғанын естідім. Бізді ұмыт қалдырды. Әлеуметтік жәрдем жайлы ауыз ашсам маған әлде бір ұжымдық келісімді ұсынады. Онда  өлгендеріңді жерлеу үшін төленеді,  наурызда 15 мың теңге төлейміз деп жазылған. Мен әлі тірімін ғой. Бірнеше күн болса да  бейнетімнің зейнетін көргім келеді. «Қазмұнайгаздың» басшылары  Доссорға бір сәт  көзін ашып   қарасын. Мұнайлы бай аймақтың адамдары  қайыршылықпен өмір сүріп жатқанын  көрсін, мойындасын,-дейді ол.

«ТОЙМАЙ ЖАТЫР МА ТАҒЫ?»

 «Жайықмұнайгаз» МГӨБ басшысы  Талғат ТАСҚЫНБАЕВ  зейнеткерлер жайы туралы селсоқ жауап берді.

- Олар кезінде жұмысын жасап, алатындарын алды емес пе? Тоймай жатыр ма тағы?-деді  басқарма бастығы.

Бұл шамасы  қарттарға  көрсеткен құрметі болуы керек деп түсіндім. Ол сөзін ары қарай жалғады: 

- Футболка мен бейсболкаға менің қатысым жоқ. Оны «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» берген. Мен тек бекітілген тізім бойынша  тиісті адамдарды шақырдым. Бағалы сыйлықтар жұмыс істейтіндерге берілді. Бермесек олар да ертең арыз жазуы мүмкін. Зейнеткерлерге алғыс хат тапсырдық.

Доссордың 100 жылдығы  тұсында естіген жайт пен еске алған тарихтан екі ұшты ой қалды санада. Алдағы той -  Байшонасқа 80 жыл. Алайда ол бөлек, келесі  әңгімеміздің тақырыбы.

Сәния ТОЙКЕН

Суретті түсірген автор

6 қазан 2011, 20:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.