Атырау, 23 қараша 06:11
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

​Әскери ұшқыштың тағдыры

3 406 просмотра

Image 0Ұлы Отан соғысының және КСРО ІІМ ардагері, полковник Жұма МЕДЕТОВ (суретте) 1920 жылы Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылып, тоғыз жасынан бастап Оралдағы балалар үйінде тәрбиеленген. Сол жерден орта мектепті тәмамдайды. 1940 жылы Қызыл Әскер қатарына өз еркімен кетеді, содан соң арнайы іріктеу бойынша кейін әскери сынақшы-ұшқыштар училищесі деп қайта аталған Серов атындағы Батай әскери мектебіне оқуға жіберіледі. Бұл Дондағы Ростовтың оңтүстігіне қарай 10 шақырым жерде орналасқан.

Курсант Медетов үшін оқу УТ-2 оқу-жаттығу ұшағын, содан кейін ұшу техникасын шыңдау үшін өте пайдалы деп саналатын И-16 әскери ұшағын меңгеруден басталады. Курсанттар өзара И-16 ұшағын кім меңгерсе, қалған басқа ұшақтармен де ұша алады дегенді айтатын.

Авиациялық мектептің қоныс ауыстыруына байланысты курсанттардың бір бөлігі, соның ішінде Жұма Медетов әрі қарай майдан үшін бірден жазғы кадрларды даярлауға кірісетін Балашов ұшқыштар мектебіне оқуға жіберіледі. Қысқа мерзім ішінде АНТ-40 (СБ) жылдам ұшағында ұшатын бомбалаушы ұшқыштар, сондай-ақ, штурм авиациясының ұшқыштары даярланды. Балашов авиамектебінің курсанты Жұма Медетовтің сынақ кітапшасы сақталған, онда жазғы даярлықтың негізгі пәндері бойынша тек үздік бағалар белгіленген. Жоғарғы пилотаж элементтерін орындау бойынша қосымша парақ бар, сондай-ақ, парашюттен секіру саны көрсетілген.

1942 жылдан бастап Батай және Балашов авиамектептерінің түлегі Жұма Медетов Орталық, Украина және Белоруссия бағыттарындағы ұрысқа қатысады. Алғашқы марапаттарды ол жауынгерлік тапсырмамен ұшқаны үшін алды. Қырым жартыаралын, Украинаны, Белоруссия мен Шығыс Пруссияны азат етуге қатысты. Соғыстың соңына қарай жараланып, 1946 жылы әскери қызметтен босайды. Жас болса да, тәжірибелі ұшқыш қолбасшылықтан әскер қатарында нұсқаушы ұшқыш ретінде қалу ұсынысын алады, алайда авиациямен қоштасуға тура келеді.

Бейбіт кезең басталды. Қайта оралатын жері болмады, туыстары мен жақын адамдары жоқ еді. Алайда өзімен бірге отанына, Краснодар өлкесіне баруды ұсынған майдандас досы болды. Осылайша Медетов Кубаннан бір шықты. Сол жерде милиция органына қызметке орналасты. 1947 жылдың қыркүйегінде Ташкент милиция мектебіне оқуға жіберіледі, оны 1949 жылы ойдағыдай аяқтайды. Отанына, Қазақстанға оралуға деген ықыласы маза бермейді. Мектепті аяқтағаннан кейін аға лейтенант Медетов Қазақ КСР-нің ішкі істер министрінің атына өзін әрі қарай Қазақстанның кез келген өңіріне қызмет етуге жіберу өтінішімен баянат жазады. Баянат қанағаттандырылып, 1949 жылы ол Қарағандыға ІІБ дивизионы командирінің орынбасары лауазымына алынады. 1952 жылы Жезқазған қаласындағы ҚІІБ бастығы болады. 1953 жылы Қазақ КСР ішкі істер министрінің бұйрығымен капитан Медетов Гурьев облыстық ІІБ бастығының орынбасары лауазымына тағайындалады.

Айта кету керек, соғыстан кейінгі кезеңде милиция қызметкерлері қауырт режимде қызмет етуді жалғастырды. Елде бандитизм жайлап кетті, тәртіп сақшылары алдында белең алған қылмыстарды ауыздықтау міндеті тұрды. Тәулік бойына дерлік жұмыс істеуге тура келді. Ж.Медетовті сонау қиын жылдары бірге жұмыс істеген әріптестері алғыспен және құрметпен еске алады.

1995 жылы КСРО ІІМ Еңбек сіңірген қызметкері Нығмет Серікбайұлының кітабы жарық көрді. Онда өз әріптестері туралы, өз досы Жұма Медетов туралы ерекше жылылықпен әңгімелейді. Оның кәсіби біліктілігін, өзіне де, қарамағындағыларға да талап қойғыш жан екенін және қарапайымдылық пен парасаттылық секілді адамгер-шілік қасиеттерін атап өтеді.

ІІМ органдарында 33 жыл қызмет еткен полковник Медетов жас офицерлердің бірнеше буынын тәрбиеледі, отставкаға шыққаннан кейін он жеті жыл кәсіби техникалық білім беру жүйесінде сабақ берді.

Өзінің белсенді өмірлік ұста-нымының арқасында ол жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруде салмақты үлес қосты: кездесулер өткізіп, әскери жиындар мен жорықтар ұйымдастырды. Оның қызметтестері мен шәкірттері оны алғыспен және құрметпен еске алады, оның принципшілдігін, адалдығын, борыштылық сезімі мен жауапкершілігін айтып отырады.

Ұлы Отан соғысы жылдарында көрсеткен батылдығы мен ержүректілігі үшін және одан кейін ішкі істер органдарындағы кіршіксіз қызметі үшін Жұма Медетов Отан соғысы орденімен және 20 медальмен марапатталған. Олардың арасында «Ержүректілігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Германияда жеңіске жеткені үшін», «Георгий Жуков» медальдары бар. Сондай-ақ, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

1999 жылы ол ауыр науқастан көз жұмды. Ол керемет отағасы болатын, жұбайы Лилия Имамқызымен 50 жыл тату-тәтті ғұмыр кешіп, Медетовтердің офицерлер әулетін жалғастырған екі ұл мен қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлдары – ІІМ полковнигі Медетов Серік Жұмаұлы, Атырау облыстық ІІБ бастығының орынбасары болып қызмет атқарды; Медетов Марат Жұмаұлы, ІІМ майоры, Атырау облыстық ішкі істер органдарында жедел қызметте жұмыс істеді. Қызы Медетова Раушан Жұмақызы — ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында біз өз елінің лайықты ұлы, соғыс және ІІМ ардагері Жұма Медетов секілді жандар туралы еске аламыз. Ол туралы аңызға айналған «Офицерлер» фильміндегі «Отанды қорғау деген мамандық бар» дейтін кейіпкердің сөзімен еске алуға болады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

7 мамыр 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.