Атырау, 23 қараша 05:58
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

​Қарапайым қаһарманның жазбасынан

3 272 просмотра

Image 0«Ардақты артық көруші Ағамызға, тағы басқа жолдас-тарыңа інің Шайрманнан сағынышты сансыз сәлем. Бөтен айтар сөзім жоқ. Тек қана амандық білдіру. Амандық білу. Ағай, өзің де аман боларсың. Бұл жақта біздер аманбыз... Ағай, енді бізді бір жаққа жүргізер білемін, неге десең, біздің қасымыздағы балдарды киіндіріп жатыр. Енді бізге хат салма. Қош, сау бол. Көргенше күн жақсы болсын...

Хат жазушы Булеков Шайрман.»

Бұл 1945 жылдың 3-сәуірінде жолданған хаттың үзіндісі... Сол кездегі 18 жастағы балаң жігіт Шайырманның ауылдағы ағасына жолдаған сәлемі. Сарғайған қағаздағы жазулар жақсы сақталыпты. Бәрі анық көрініп тұр. Шайырман Бөлековтың осы секілді өз қолымен жазған хаттары мен естелік жазбаларын ұрпақтары жақсы сақтаған.

«Ұлы Отан соғысының 55 жылдығына орай Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының естелік киносын көріп, менің де есіме соғыста жүріп өткен жолдарым түсті» деп бастайды естелік жазбасын Шайырман аға.

Шайырманның әкесі мен шешесі колхозда еңбек етіп, Бақсай ауданында (қазіргі Махамбет ауданы) Фурманов колхозының қой-ешкісін баққан екен. 1941 жылы соғыс басталған кезде алдымен Шайырманның әкесі Бөлек Байжанов майдан даласына аттанады, ал кейін, 1942 жылдың жазында ағасы Қадыржан Бөлеков да әскер қатарына қосылады.

«Колхоздың қой-ешкісін бағу шешем екеуміздің үлесімізге тиді. Сол кезде мен 16 жаста болатынмын. 1943 жылы менің әкем соғыс даласында жараланып, елге жарымжан болып оралды. Кейін ағай да бір аяғын түбінен беріп оралды. Ал, оған сол соғыста берілген «Ерлігі үшін» медалі араға 40 жыл салып, кеш жетті. Енді кезек маған да келді. 1944 жылдың күзінде мен де Қызыл әскер қатарына шақырылып, ауылдан аттандым» деп жалғастырады аға.

Ауылдан Гурьев қаласына дейін өгіз жеккен арбамен жеткенін де айтып өткен. Гурьевте вагонға отырып, пойызбен Орынборға жол тартқан. Сол вагонмен барған сарбаздар 365-полктің құрамына орналасады.


«ЕШКІМ ҚАЛМАДЫ»

Image 0«Полк құрамында 4 ай бойы соғыс құралдары мен қаруды қалай қолдануды үйрендік. 1945 жылдың наурызының соңына таман бүкіл полкті қатарға тұрғызып, «кімде-кім соғысқа өз еркімен барғысы келсе, қатардан екі қадам ілгері шығыңдар» деген бұйрық берді. Менің қасымда бір ауылдан шыққан жігіттер болды. Біз бәріміз жетеу едік. Әне-міне соғыс аяқталады деген сенім бар еді. Бүгін соғысқа аттанып, ертең өліп қалса, қандай өкінішті болар еді... Бірақ бәріміз де өз еркімізбен майдан даласына барамыз деген тілек білдірдік. Сол күні бәріміз моншаға түсіп, соғысқа аттанып кеттік».

Әрі қарай Шайырман ағаның естелігінде соғыс даласына кірген кезі суреттеледі. Сол наурыздың аяқ жерінде Германия жеріне жетіп, сол жерде тағы он шақты күн әскери дайындықтан өткен. 21 сәуір күні 334-полк құрамында Жуков бастаған І Беларусь майданына соғысқа кірген екен.

«Алғашқы кірген жеріміз жазықтық, ашық алаң екен. Алдымызда 400-500 метрдей жерде аласалау тоғай көрінеді. Сол тоғай ішінде немістер бекініс жасап алған. Біздер ашық алаңға шыға бергенде немістер пулеметтен және минометтен оқ жаудырды. Сол жерде біздермен бірге барған Гурьевтің жігіттері оққа ұшты. Көбі жаралы болды. Ауылдан бірге шыққан жолдастарым Киікбай Жолмақов мен Жәрдем Күлетов табан астында снаряд тиіп, оққа ұшты. Сол жерде масқара шығынға ұшырадық. Немістер кешке дейін бас көтертпеді, атысты тек кешке қарай тоқтатты.

Келесі күні немістің тағы бір поселкесінде қиян-кескі соғысқа қатыстық. Сол ұрыста менің ауылдас жолдастарым Досқалиев Қайролла, Жалғасбаев Аманбай, Құрақбаев Мүрсәлі жараланып, госпитальға жөнелтілді. Бұл ұрыста қатарымыз едәуір сиреп қалған болатын...».

Келесі күні тағы бір поселкеге бекінген немістер біздің әскерге күшті қарсылық көрсетіп, сол ұрыста Шайырманның ауылдасы Ізімберген Егізбаев жараланып, санбатқа кетті. Соғыста ауылдастардан Бәшімбай Орбисенов екеуі ғана қалады. Келесі күні тағы бір ұрыста Бәшімбайдың екі көзінен оқ тиіп, ол да кетеді. Сөйтіп, ротада қазақ балаларынан жалғыз қалған Шайырман уайымға түседі, жүрегі ауырады. «Олай-бұлай боп кетсем, бетімді жабатын ауылдас та, иманымды оқыр бір қазақ та қалмады-ау» деп қатты ойланады. Соғыстың аты – соғыс. Елді аңсайды...


«МАРАПАТТЫ БЕРГЕН СЕБЕБІН АЙТАЙЫН»

Шайырман бір күні пулемет ротасына ауыстырылып, доңғалақты пулеметке оқ бағыттаушы болып тағайындалады. Жанындағы орыс жігіті Володя да оқ тиіп қаза болды. Сөйтіп, пулеметтің тұтқасы Шайырманға тиді. Пулеметтің тұтқасынан түспей, көзін тас жұмып алып, немістердің бірнеше шабуылын тойтарған Шайырман осыдан кейін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады (полк қатарында атқыш боп соғысқан Шайырманның қолына 1945 жылдың маусым айында орден кітапшасы да тиеді).

Сөйтіп, мамырдың басында құрамында Шайырман соғысқан полк Берлин көшелеріне кірді. Бірақ ұрыс жау толық тізе бүгілгенше жалғаса берді.

«8 мамыр күні түске дейін қала көшелерінде атыс толастамады, - деп жазады Шайырман. - Сол күні тек түс ауа толық тыныштық орнады. Сол 9 мамырға ауған түні біз тыныш ұйықтадық... Жеңіс тойын Берлинде тойладық. Мен Қызыл әскер қатарындағы борышымды ары қарай жалғастырып, елге 1953 жылы ғана оралдым».

Шайырман аға соғыстан кейін жазған бір хатында «Қызыл жұлдыз» орденімен не үшін марапатталғанын түсіндіріп өтіпті: «Ал, ағай, сұрағыңызға жауап берейін. Маған «Красная звезданы» берген себебі – біз сегіз жауынгер болып жүз шақты немісті қолға түсірдік. Ал «Берлинді алғаны үшін» медалін Берлин қаласында соғысқанымыз үшін берді»...

Елге аман-есен оралған Шайырман үйлі-баранды болып, дүниеге 8 бала әкеліп, тәрбиелеп өсірген. Ұзақ жыл өмір сүріп, 2003 жылы дүние салды.

Шайырман ағаның балаларының айтуынша, ол өте қарапайым болған. Тіпті, «Қызыл жұлдыз» орденінің бұл өлтірмесе, немістер оны өлтіретінін білген жас жігіттің көзін жұмып алып, пулеметті сатырлата атқаны үшін берілгенін де айтып жүріпті. «Мен батыр емеспін, олар мені жай ғана өлтіре салар еді, сол себепті пулеметтен айрылмадым – бір мезетте көзімді ашсам – жаныма біздікілер келген екен.

Нағыз батырлар, нағыз ерлер – 45 жылдың Жеңіс шеруіне қатысқандар, біздерге оларға жету қайда. Біздер тек Мәскеудегі шеруге 46 мен 47 жылдары қатыстық, батырлардың орнын алмастырдық. Олар елге демалуға кетіп еді» деген сөздерін ұрпақтары естерінен шығармайды. Бұл оның қарапайымдылығын, атаққұмар еместігін білдірсе керек. Бұл нағыз қаһармандықтың белгісі.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суреттер отбасылық мұрағаттан

7 мамыр 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.