Атырау, 21 желтоқсан 18:25
 ашықВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

​«Жігіттеріміздің турнирдегі өнерін көрген соң осы спортқа келіпті»

3 729 просмотра

Атырау облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының «Мүгедектердің спорт клубы» КМҚК директоры Сансызбай ТОРҒАЕВПЕН (суретте) мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорттың дамуы туралы әңгімелестік.

«АУДАНДАРДА ЖҰМЫС КӨП»

Image 1Торғаев Сансызбай Салауатұлы, 40 жаста, карате годзю-рю бойынша 3-дан қара белдігінің иегері, халықаралық дәрежедегі төреші, жаттықтырушылық өтілі – 17 жыл.

- Бізде мүгедектерге арналған спорт қашан дами бастады?

- Біздің клубымыз 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс жасайды. Бұған дейін өңірде бес жыл бойы отырып ойнайтын волейбол жаттықтырушысы Бауыржан Тахауовтың жетекшілігімен мүгедек спортшылардың қоғамдық бірлестігі жұмыс жасады. Үстіміздегі жылға дейін бізде паралимпиадалықтар – тірек-қозғалыс аппараттары және көздері зақымданған адамдар ғана жаттығу жасайтын. Ал, енді клубымызға сурдоолимпиадалықтар - есту және сөйлеу аппараттары бұзылған мүгедектер қосылып, спортшылардың саны 270-ке жетті.

Клуб отырып ойнайтын волейболдан, үстел теннисінен, пауэрлифтингтен, арба үстінде билеу, оқ атудан, жүзу, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, армрестлинг, минифутболдан, жеңіл атлетика, дзюдо, грек-рим және еркін күрестен дәрістер өткізеді. 11 жаттықтырушы жұмыс жасайды. Бізде 5 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, отырып ойнайтын волейболдан ҚР құрамасы мүшелері - Жанғали Сүйеуов, Қуаныш Тәжіков, Расул Иманғалиев, Александр Демеуов және Манас Қожасов жаттығу жасайды. Олар - 2010 жылғы екінші дивизионның әлем чемпионы, 2009 жылғы жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегерлері, 2014 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлде иегерлері. Клубта, сондай-ақ, 10 ҚР спорт шебері мен көптеген спорт шеберлігіне үміткерлер жаттығу жасайды.

- Клубтың барлық мүгедектерді спортқа тартуға жағдайы бар ма?

- Облысымызда 18 мыңға жуық мүгедек бар, олардың екі мыңдайы – балалар. Егер дәрігерлер жаттығу жасауға рұқсат бермейтін мүгедектерді шегерсек, шамамен, спорт арқылы оңалту ұсынылған үш мың жарымдай адам қалады. Бұл - тірек-қимыл, көру, есту және сөйлеу аппараттары бұзылған адамдар. Яғни, жұмысымыз жеткілікті болады деген сөз.

Балаларын бізге жаттығуға әкелуге уақыт таба алмайтын ата-аналар бар. Аудандарда мүгедектер көп – бұл жақтарда жұмысымыз бастан асады.

Біз клуб бюджетіне әр жеті ауданда мүгедектер спорты бойынша нұсқаушы штатын енгіздік. Мақат, Жылыой, Исатай аудандарында бұл орындар әлі бос тұр. Белсенді, жұмысын сүйетін және сабырлы адам керек. Жалақысы 30-40 мың теңге. Егер адамның өзі мүгедек болып, олардың күйін өз басынан кешірген адам болса, бұл ақша зейнетақыларына жақсы үстеме болары анық.

Image 0- Мүгедектер үшін спорт ем болған жағдайлар көп пе?

- Атырауда «церебралды салдану» диагнозы қойылған адам көп. Оларға пауэрлифтингпен (жатып зілтемір көтеру) шұғылдану жақсы көмектеседі. Ілияс Телеуғалиевтің салмағы бізге келгенде 50 келі болатын, 25 келі зілтемірді көтерді, үнемі аяғы дірілдейтін. Спортпен шұғылданып, ол салмақ жинады, аяғын нығайтты, қазір 115 келі көтереді және 2011 жылы ҚР чемпионатының қола жүлдегері атанды. Жасұлан Бисенов мүгедек болып қалып, бірнеше жыл депрессияда жүрді. Үйде күні бойы компьютер алдында отыратын. Ол бірде теннис турниріне келіп, өзінен де ауыр халдегі адамдарды көріп, олардың ерік-жігеріне таңданады. Содан кейін өзін қолға алып, еңсесін көтереді. Қазір біз оны нұсқаушы етіп жұмысқа алдық. Мұндай оқиғалар көп.


«РИОҒА ЖОЛДАМА ҰТҚЫМЫЗ КЕЛЕДІ»

- Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?

- Қазақстанда мүгедектер спортын дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Өткен жылы ҚР «Дене тәрбиесі және спорт туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Олимпиадалық, Паралимпиадалық және Сурдоолимпиадалық Ойындар жүлдегерлерінің құқықтары теңестірілді. Олимпиада «алтынының» иегеріне мемлекет есебінен 3-бөлмелі, «күміс» үшін 2-бөлмелі, «қола» үшін 1-бөлмелі пәтер беріледі. Сонымен қатар, Олимпиаданың кез келген жүлдесі үшін спортшыға өмір бойы жәрдемақы төленеді.

- Сіздерде қысқы паралимпиадалық спорт түрлерінен топтар ашыла ма?

- Біз бұл мәселені отырып ойнайтын волейболдан Ресей құрамасының базалық ұжымы – Екатеринбург командасының тәжірибесіне сүйеніп қарадық. Бұл спортшылардың тең жартысына жуығы хоккейден ел құрамасының мүшелері. Алайда мұндай топтарды ашу оңай емес. Шана, арнайы хоккей таяғы, басқа да жабдықтар керек. Бір хоккейшіге қажетті кешеннің бағасы жарты миллион теңгеден кем емес. Жайлап-жайлап бұған келеміз деп ойлаймын.

- Садақ ату тобы неге жабылып қалды?

- Онда тек екі қыз ғана шұғылданды. Қазір арба үстінде билеу бойынша жаттығулар деңгейін көтеріп, Риода өтетін 2016 жылғы Паралимпиада жолдамасын алуымыз қажет. Осыған байланысты біз садақ ату жаттықтырушысының штатын би жаттықтырушысына ауыстырдық. Нәтижесінде осы жақында Астанада өткен беделді «KAZAKHSTAN OPEN-2015» халықаралық турнирінде Руслан Айтпаев 6-орын, Қуаныш Тәжіков 4-орын алды.

Жақында қол жеткізген турнирлік жетістіктерімізді айтуды жалғастырсам, біздің дойбышылар Шымкентте өткен 20 жасқа дейінгі зағип жандар арасындағы ҚР командалық жастар чемпионатында жақсы нәтижелер көрсетті: Аманқос Әбдешев «қола» алса, Мөлдір Қажимова чемпион атанып, ҚР спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындады. Сол Шымкентте болған есту мүшелері бұзылған мүгедектер арасында грек-рим және еркін күрестен ҚР чемпионатында Әлібек Құсайынов «қола» иеленді.

Қазір бізге жеңіл атлетикадан жаттықтырушы керек. Бұрын клубтың жеңіл атлетика командасын АМУ-дің дене тәрбиесі кафедрасының профессоры Нұрлан Мамбетов жаттықтырған еді, алайда негізгі жұмысындағы жүктеменің көптігінен әрі қарай жұмыс жасаудан бас тартты.

- Биыл тағы қандай жарыстар болады?

- Тамызда Павлодар қаласында Қазақстанның 4-Паралимпиадалық ойындары өтеді. Біз отырып ойнайтын волейболдан, үстел теннисінен және арба үстінде билеуден алтын ұтамыз деп үміттеніп отырмыз. Спорттың басқа түрлерінен де спортшыларды дайындау қатар жүргізіледі. Әлі уақыт бар.

Наурыз бен сәуір айларында біз қалалық спорт бөлімімен бірлесе отырып, үстел теннисі мен шахматтан ашық қала турнирлерін өткіздік. Мұндай жарыстарды өткізудің маңыздылығын айтып кеткім келеді.

Біз спортшыларымыздың өнерін облысымыздың барлық аудандарына барып көрсеткіміз келеді. Бұл осындай адамдарға рух пен жігер беруге көмектеседі.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ



7 мамыр 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.