Мақтым әже туралы мен бір сыйлы адамнан естідім, оған сенбейтіндей менің еш негізім болған жоқ, алайда бұл оқиға менің жұмыс жоспарыма «күмәнді, тексеру керек» деген ескертпемен енді. Дегенмен, екі рет жесір қалған, тыл еңбеккері, «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған, өмір бойы мұнай саласында жасап, 100-ге толған қазақ әжей мәнді өткен өмірінің соңында баспанасыз қалыпты дегенге кім сенеді?
ТІЗІМДЕ БОЛҒАН ЖОҚ
Мақтым әжені мазаламас бұрын мен алдымен таныстарымен, кейін немересімен, содан кейін ғана жалғыз қызымен сөйлестім. Бұл тарих сырттан тон пішкендей емес, құрметтеуге тұрарлық екен, алайда аянышты. Әжейдің қазір тұратын жері жоқ. Кезінде майдангер жұбайына берілген пәтер ол өлгеннен кейін сатылып кеткен. 90-жылдары отбасының барлық жинағы жойылып, әкесінің жаназа қаделерін өткізуге алған қарыздардан құтылу үшін қызы оны тиын-тебенге сатып жіберген. Сол кезде бұл үй бос тұрған, қыздары Күнзада қарттарды өз қолына алып, барлығы – ата-анасы және үш қызы – Доссорда кең аулалы жеке үйде бірге тұрды. Әжей ауырып, үнемі күтімді қажет етіп, Күнзада жұмысты тастады. Қыздар өсіп, жан-жаққа кетті, үй де иелерімен бірге ескіріп, тоза бастады, бір күні тұруға мүлдем жарамай қалды. Кәрі науқасты қарап жүрген соңғы дәрігер (жастар көзі көрмейтін, екі ауыр жарақаттан азап шегіп, қан қысымы үнемі көтеріліп жүретін кемпірді қараудан бас тартатын) ауылдан кеткенде олар Мақтым әженің соғыс жылдары сіңірген еңбегі үшін пәтер бере ме деген үмітпен қалаға көшеді. Үміттері де себепсіз емес еді, соғыс жылдары алған медалі заң жүзінде Мақтым әжейді соғыс ардагерлерімен теңестіретін. ҚР «Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, мүгедектеріне және оған теңестірілген тұлғаларға жеңілдіктер беру және әлеуметтік қорғау туралы» Заңына сәйкес ол жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғысқа қатысушылармен теңестірілген (9-бап 3-тармақ: «Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi және мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен марапатталған адамдар жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жөнiнен соғысқа қатысушыларға теңестiрiлген адамдардың басқа да санаттары деп мыналар танылады»). Осы Заңның 11-бабында былай делінген: «Соғысқа қатысушыларға әлеуметтiк қорғау шаралары ретiнде мынадай жеңiлдiктер мен кепiлдiктер берiледi: 1. Егер Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамаларынасәйкес тұрғын үйге мұқтаж деп танылса және бұрын бiрiншi кезектi пәтер алу құқығын пайдаланбаған болса, жергiлiктi атқарушы органдар, ұйымдар оларды бiрiншi кезекте тұрғын үймен қамтамасыз етедi».
Жеңілдіктер туралы, тұрғын үйге кезекке тұру керектігі жөнінде әже білмеді, оған бұл туралы ешкім де айтпаған сияқты: ол 2009 жылдан бері тұрғын үймен көмектесу туралы талай өтініш жазды, бұл оны автоматты түрде пәтер кезегіне қояды деп ойлаған шығар. Алайда маған әкімдіктен оның пәтер алушылар тізімінде жоқ екенін хабарлады. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметтері бойынша медальдармен марапатталғандар тізімінде де әжей жоқ екен, яғни, тиесілі жеңілдіктерге де қол жеткізе алмайды. Міне, осындай жағдай – адам бар, өмір сүріп жатыр, үміттенеді және күтеді, ал, қағаз жүзінде ол жоқ.
- Мақтым ИБАҒАЛИЕВА Доссорда, Центральный, 161-1 мекенжайында тіркелген. Қарапайым тыл еңбеккерлері қатарында, - дейді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Балдай ӨТЕҒАЛИЕВА. – Оған медаль берілген, алайда ол құжаттарын тапсырмаған. МЗТО-ға, аудандық әлеуметтік қорғау бөліміне құжаттарын тапсырсын.
- Ал, бұл оған не береді?
- Облыстық және республикалық бюджеттен жылына 25 мың теңге бірреттік төлем мен ай сайын коммуналдық қызметтерге 2 мың теңге алады.
«БІЗ ТОҚТАУСЫЗ ЖҰМЫС ЖАСАДЫҚ»
Бізде өзімізге тиесілі дүниелерге пысық, қайсар, ең бастысы, білікті болсаң ғана қол жеткізе алатындай үрдіс қалыптасқан. Әжейдің уақытпен мүжіліп, сарғайған еңбек кітапшасына «сауаты төмен» деген белгі қойылыпты. Ол бір кездерде «ликбез» курсынан өтіпті, қол қойып үйренген, ал өз жұмысына тәжірибе барысында үйренген, егіс даласында кетпен мен күрек ұстап, қарамайға шомылған...
- Ерлер мүлдем болған жоқ қой, біз солар үшін де, өзіміз үшін де жұмыс жасадық, - деп еске алады Мақтым әжей. – Жұмыстар еш тоқтаусыз, тәулік бойы жүрді. Бір кесе шәй ішіп, келесі жұмысқа жүгіретін кездер болды. Ескене кен орнына оператор болып тіркелдім, алайда бізді әрқашан анда-мында лақтыра беретін: түнімен құбыр жүргізетін орларды қазсақ, күндіз өндірісте жұмыс жасадық, үзіліс кезінде майдан үшін шұлық та тоқып үлгердік. Бұл бір ауыр уақыт еді ғой. Фашистер алға қарай ұмтылды, майдан шебінен жиі өтіп кетіп жүрді. Біздің басшыларымыз олар бір ылаң жасайын деп жүргендерін айтатын. Біздің Гурьев облысында әскери жағдай енгізілді, осы жерде бірнеше рет неміс ұшақтары де ұшып өтті, олардың дауыстарын да айырып үйрендік, біздікілерден гүрілі ерекше. Жау бомба тастап, өндірісті бұза алатын еді. Егер өндіріс бұзылса, майданға қалай көмектесеміз. Сондықтан аса сақ болдық. Бізге түнде жарық көздерін пайдалануға тыйым салды, түнгі қараңғыда қазып, мұнай өндірдік. Біз басшылықтың барлық бұйрықтарын орындап, тоқтаусыз жұмыс жасауға барлық күшімізді салдық. Техника жетіспеді. Ескенеде бір трактор мен бір электрмен дәнекерлеуші болды, олар еш демалмастан бұрғылау цехтарында жұмыс жасады. Ауыр жүктерді жылқы және түйе жеккен арбамен тасыдық. Ұңғыманың көп бөлігі сор далада орналасқан, құрғақ күндердің өзінде ат шаптырым өндірістік алаңды айналып өту оңай болмады. Мен ол кезде ересек болдым, соғыс басталғанда 25-те едім, біздің арамызда кішкентай қыздар да жұмыс жасады. Әсіресе, қыста қиын еді, сол жылдары қыс қарлы, суық болды. Қазіргі қыс жаздай ғой. Қар өте көп болды. Біз тұлып киіп, әрең қозғалатын едік, қолғап киіп жұмыс жасау ыңғайсыз болғандықтан, жалаң қол кірісетінбіз. Адам бәріне де үйренеді екен, соғыс аяғына таман қолымыз аязды сезбейтіндей халге жетті.
Күнзада апа анасының қолы содан бері үнемі ып-ыссы болып жүретіні, қыста қолғап кимейтіні туралы айтты. Әйелдер бар ауыртпалықты ерлермен бірге көтерді, алайда Мақтым әже олар туралы үнемі айтып отырады:
- Ердің аты - ер. Ол бізге шыдамдылықтың үлгісіндей болды. Жеңіс үшін барлығын құрбан етуге даяр еді. Олар майданға қанша мұнай керек болса, сонша мұнай беруге ант етті. Бұрғылау шебері Рамазан Есқариевтің атын бәрі білетін еді... Ол 14 күн бұрғылайтын ұңғыманы 4 күнде қазып шықты дейтін. Айтып-айтпай не керек, олардың жасағандары ерлік еді ғой. Тағы есімде бар, бригадир Сәуір Әжібаев ұңғымадан атқан газ лақтырындысын ауыздықтаған деп айтатын. Байшонаста Нәбира мен Балғанымның ерліктері ел аузында жүрді. Өндірісте қол босап, әңгіме айтатын уақыт болғанда (ай, әйелдер-ай!), бір-бірімізге «Ерлерді қуып жете алмасақ та, Нәбира мен Балғанымнан үлгі алып, абыройға жетуіміз керек» деп отыратынбыз...
Мақтым әжей де ешкімнен кем жұмыс жасаған жоқ. 1945 жылғы 6 маусымда оған «Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалі табыс етілді. Мұнай өндіру операторы, кейіннен ірілендірілген мұнай кәсіпшілігінің слесарі және газ ісі бойынша оператор соғыстан кейін депутаттыққа да ұсынылды.
- Депутат Мәскеуге барып, сөз сөйлеуі керек болатын, ал ол сауатсыз, орысша да сөйлей алмады, - дейді қызы Күнзада.
Мақтым әжейге саяси мансаптан бас тартуға тура келді. Өзінің туған «Қошқан комбинат Эмбанефть» мұнай кенішінде (1944 жылы оны Ескенеден осында ауыстырған) жұмыс жасап, зейнеткерлікке шықты. Қарауыл болып жұмысқа кірді. Әбден қартайғанша қарап отырмады:
- Ешқашан қарап отырған емес, - дейді қызы еске алып, - Қой-ешкі бақты, кез келген жұмыстан бас тартпайтын... Тынымсыз адам еді. Кейіннен жамбасы сынып, екі ота жасалды, сонда да жігері жасымады. 94 жасқа келіп, зағип болғанша өзін-өзі күте алатын еді.
Күнзада апа анасын дәретханаға және моншаға көтеріп алып барады. Есін білгенмен, жас бала сияқты, күн мен түнді ауыстырып алған, күндіз ұйықтап, түнде көз ілмейді. Осы кезде оған әңгіме айтатын адам керек, ол өз жұмысы, соғыста жоғалған бірінші күйеуі, соғыстан «әскери тұтқын» атын таңып келген екінші жұбайы туралы айтады. Ол фашистік қамаудан қашып шығып, бүкіл Еуропадан өтіп, елге келгені үшін елуінші жылдарға дейін мемлекеттік қауіпсіздік комитеті бақылауында болған. Туған Семей қаласына қайтуға рұқсат бермей, Гурьевтің жыңғылды кен орындарына жұмысқа жіберіпті. Осы жерде ол Мақтыммен танысыпты.
«БӘРІ КЕТТІ ҒОЙ, БӘРІ»
...Қалаға көшіп келген Мақтым әже қартайғанда жалдамалы үйлерде көшіп-қонып жүр. Жиендерінің аналары мен әжелерін қолдарына алуға мүмкіндіктері жоқ. Соңғы бір-екі жылда кезінде өздері көмектескен қыз қолына кіргізді. Жастар жұмыста болғанда Күнзада үйді жинап, бала қарайды. Алайда бұл отбасы да ажырасып, дүние-мүліктерін бөліскелі жатыр. Енді біраздан кейін Әжей осы уақытша баспанадан да айырылады.
Біз осылар туралы Күнзада апай екеуміз әңгімелеп отырғанымызда әжейдің «Күңгірт аспан, бәрі қан қызыл түсте...» деген сөзін естідік.
Мен Мақтым әженің өткір иықтары әлсіз дірілдегенін байқадым. Біз үнсіз қалдық. Ол белгісіз бір жаққа қарап, нақтырақ айтсақ, зағип көздерімен өзінің өткеніне қарап, баяғыда өлген адамдардың атын атайды, әжім беттерін жас жуды:
- Сол кезде күн қан қызыл тартып бататын. Соған қарап тұрып, бір жерде тағы да қан төгіліп, жақындарымыз өліп жатыр деп ойлайтынбыз. Біз жоғары қарап, өкіріп жылайтынбыз: Бәрі кетті ғой, бәрі...
Ол дыбыссыз жылайды, жаның түршігеді... Қатты аяп тұрмын, алайда бетіме арсыз күлкінің келе қалғанын қарашы: бір жағынан аяп, бір жағынан елжірейтіндей сәбидің қайғысы сияқты, құшақтап, көңілін көтергің келеді. Қызы анасына сөйледі, міне, әжеміз ортамызда, шынайы өмірде. Маған: - Көмектес, қарғам, өз үйімде өлгім келеді... - дейді.
Жалғыз менің қолымнан не келеді?
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА