Облыстық мұрағат құжаттарын парақтасақ...
Атырау облыстық мұрағатында сақтаулы жатқан, әріптері жартылай өшкен, машинкаға басылған немесе бұлдыр сиямен жазылған, уақыт өте келе сарғайып кеткен ондаған қалың томдар – бұл тарих, Ұлы Жеңіске өз үлесін қосқан қала тарихы.
МАЙДАН ТҮБІНДЕГІДЕЙ
Гурьев қаласы соғыстың алғашқы күнінен бастап-ақ ерекше маңызға ие болған – ол бір жағынан Қазақстанды майданмен және майдан түбіндегі аудандармен байланыстырса, екінші жағынан – біздің қала арқылы Қазақстанға майдан түбіндегі аумақтан қауіпсіз жерге көшірілген маңызды өнеркәсіптік кәсіпорындар мен ондаған мың адам тасымалданған. Гурьев арқылы, сонымен қатар, Орал мен Сібірге Баку мұнайы жөнелтілді. Майданға қала арқылы су жолымен азық-түліктер мен оқ-дәрілер жеткізіліп тұрды.
Мұрағат құжаттары айғақтағандай, 1941 жылдың 22-23 маусымында фашистік Германияның опасыздықпен шабуыл жасағаны туралы хабарламадан кейін Гурьев мұнай техникумы мен Гурьев теміржол депосында майданға аттануға ниет білдірген еріктілер жиналысы өткен. Шілдеде қалалық әскери комиссариатта жалпыға бірдей шақыртуды күтпей, Қызыл Әскер қатарына қосылуға ниет білдірген жас гурьевтіктердің өтініштерін қабылдау және қарау басталды. Бар болғаны бір жыл ішінде Гурьев облысынан 42 мыңнан астам адам, Гурьевтен 11 мыңнан астам адам шақыртылды. Ұрыс алаңында біздің 13 мың жерлесіміз қаза болды. Олардың арасында – Кеңес Одағының Батырлары Нысанбаев Б., Березин И., Баймұханов М., Афанасьев А., үш мәрте Даңқ орденінің кавалері Махорин И. бар.
Тылда қалған гурьевтіктер күн сайын майданға көмек көрсете отырып, жанкештілікпен өздерінің фашизммен күрестерін жүргізді.
МАЙДАНДА ТОҢБАС ҮШІН
41-ші жылдың 20 шілдесінде қалалық қорғаныс қоры құрылды, ол жерге бүкіл соғыс бойына қала еңбеккерлерінен қаржылар түсіп тұрды. Мұрағатта сақталған құжаттар арасында қорға түскен сомалар туралы анықтамалар көп. Түрлі кәсіпорындар мен мекемелердің ұжымдары демалыс күндері жұмысқа шығып, осы күндері үшін жалақыларын қорғаныс қорына аударды. Тек соғыстың алғашқы он айының ішінде гурьевтіктер қорғаныс қорына 1 680 000 сом салған. Қорғаныс қорынан басқа 41-ші жылдың қазанында облыс бойынша жаппай Қызыл Әскер сарбаздары үшін жылы киімдер жинау пункттері ашылған. Жылы киімдерді жинау жұмыстарына әйелдер де, студенттер мен мектеп оқушылары да тартылған. Адамдар байпақ, бөрік, кеудеше, жейде, шұлғау, қысқаша айтқанда, майданда Отанын қорғап жүрген жауынгерлерге керек нәрселердің барлығын тапсырды. Сонымен қатар Гурьевте халықты әуе шабуылына және химиялық шабуылға қарсы қорғанысқа міндетті түрде даярлау шаралары басталды. Бұдан басқа қалада өнеркәсіп кәсіпорындарында жұмыс істеу үшін білікті әйелдерді даярлайтын қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылды. Көптеген әйелдер тракторларда, комбайндар мен автокөліктерде жұмыс істеу машықтарын меңгеріп алды.
ЗАУЫТТАР СОҒЫС ҮШІН ЖҰМЫС ЖАСАДЫ
Соғыс басталғанда Гурьевке Сталин (қазіргі Донбасс) облысы Дзержинский ауданының Нью-Йорк поселкесінде орналасқан Петровский атындағы машина жасау зауыты көшірілген. Ол жерде зауыт мұнай өнеркәсібі үшін тапсырыстарды орындап, бұрғылау станоктарын, балшық және бу сорғыларын, бұрғылау соқпа аспаптарын және т.б. шығарды. Бізде зауыт 42-ші жылдың қаңтарында Петровский атындағы Гурьев машина жасау зауыты ретінде іске қосылды. Іске қосылғаннан кейін зауыт әскери тапсырыстарды орындай бастады. Сонымен қатар Астраханнан Балық өнеркәсібі халық комиссариатының механикалық зауыты, Ленин атындағы және ІІІ Интернационал атындағы кеме жасау зауыттарының бір бөлігі көшірілді. Балық өнеркәсібі халық комиссариатының механикалық зауыты Консерві комбинаты қалашығындағы Балық техникумына арналған ғимараттың қанатына орналастырылды. Әскери кезеңде көшірілген зауыттың мақсаты – оқ-дәрілер шығару болды.
42-ші жылдың 13 сәуірінде Үлкен Пешной аралында Гурьев теңіз кемежайы пайдалануға берілді. Ол мұнай өнімдері мен әскери мақсаттағы жүктерді әрі қарай тасымалдау үшін жүкті ауыстырып тиейтін орынға айналды. Айтпақшы, осы жерде дүние жүзінде алғаш рет тіркеуге алу көмегімен мұнай өнімдерін цистерналармен суда тасымалдау әдісі қолданылды. Шілдеде 15 күн ішінде жергілікті жұмысшылардың күшімен Гурьев стансасынан мұнай базасына дейін теміржол тарамы салынды. Тамызда Гурьев арқылы майданға кавказдық мұнай өнімдері тасымалдана бастады. Бұл уақытта Гурьевке мұнай қоймасы мен мұнай өнімдерін қорғау үшін артиллериялық 471-ші атқыштар дивизионы аяқ басты.
НЕМІСТЕР БІЗГЕ ДЕ ҰШЫП КЕЛДІ
Соғыс жылдарында мұнайшыларға арналған профилакторий госпиталь ретінде қайта жарақталды. Мұрағатта диверсанттар туралы әңгімелерді растайтын құжаттар бар. 43-ші жылдың тамызында фашистік Германияның барлау қызметі Гурьевке жақын жерге арнайы тапсырма алған 16 адамнан құралған барлаушы парашютшілердің 3 тобын түсірген. Олардың барлығы ерікті түрде жергілікті құқыққорғау органдарына берілген, құрбандар болмады.
Ал, 44-ші жылдың 2-мамырынан 3-іне қараған түні Жылыой ауданының Сарықасқа деген жерінде неміс ұшақтарынан Гурьев-Қандыағаш теміржолын, Гурьев-Орск мұнай құбырын жарып жіберу тапсырмасын алған 7 адамнан тұратын диверсант парашютшілердің екі тобы түсірілген.
Ұстау кезінде олар белсенді түрде қарулы қарсылық көрсетті. Жау диверсанттары Жылыой ауданының Киров атындағы ұжымдық шаруашылығының бригадирі Атағожиевті мерт қылады. Диверсанттар тобының екі мүшесі өз еріктерімен берілді, үшеуі ұсталды.
Сол жылдың мамырында неміс ұшақтары
БЕС ГОСПИТАЛІ БАР ҚАЛА
Біздің қала майдан түбіндегі аумақтан көшірілген ондаған мың адам үшін пана болды. Эвакуациялық пункт Гурьевте 41-ші жылғы шілденің басында құрылды. Тек 41-ші жылдың қарашасына дейін ол арқылы 35 мыңнан астам адам өтті. Мұрағат томдарындағы анықтамаларға қарағанда, халық ауыр кезеңдерді бастан кешкен – сүзек, дизентерия індеттері таралып, өлім көп болған... Облыста қоғамдық моншалар көп салынып, күшейтілген санитарлық бақылау орнатылды. Жұмысқа қабілетті көшірілген жандар гурьевтіктерге қосылып, қала кәсіпорындарында еңбек етті.
Сондай-ақ, қалада жаралы сарбаздарды емдеу үшін госпитальдар ұйымдастырылды. 1942-44 жылдары Гурьевте №2967 (Пионерлер үйінде), №4116 (Мұнайшылардың демалыс үйінде), №4038 (Куйбышев атындағы мектепте), №3941 (консерві комбинатының аумағында), №1383 (мұнай техникумында) госпитальдар жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде әскери госпитальдарда 9 мыңнан астам жаралы жауынгер ем алды, олардың 93-і ұрыс кезінде алған ауыр жарақаттан көз жұмды.
АУЫСПАЛЫ ҚЫЗЫЛ ТУ – БІЗДІҢ ШОПАНДАРҒА
Мұрағат құжаттарына сүйенсек, ұжымдық шаруашылық қызметкерлеріне де оңай тимеген. 42-ші жылы мал өсіретін шаруашылықтарда мал басының күрт азаюы әлденеше рет тіркелген. Мамандар жетіспеген, мал үшін жем-шөптің тапшылығынан жағдай қиындаған. Көктемгі-қысқы кезеңде, жолсыз уақыттарда бүкіл село, кеңшарлар мен ұжымдық шаруашылықтар сыртқы әлемнен оқшау қалды. Айтпақшы, осынау қиын кезеңде Гурьев облысында қойдың көбеюіне жағдай жасайтын «СЖК» (сыворотка жеребых кобыл) препаратын дайындау жөніндегі ерекше зертхана ұйымдастырылған...
Сөйтіп, село майданды жерге қаратпады – 45-ші жылдың 18 наурызында қалада облысқа Мемлекеттік қорғаныс комитетінің Ауыспалы Қызыл туын және 44-ші жылы мал шаруашылығын дамытудың мемлекеттік жоспарын орындаудағы жоғарғы көрсеткіштері үшін алғашқы сыйлықты табыстау жөніндегі салтанатты митинг өтті.
ПОЧЕПТІ ҚАМҚОРЛЫҚҚА АЛДЫ
Өздерінің тауқыметі мен қиыншылықтарына қарамастан, жерлестеріміз ерікті түрде фашистерден азат болған қалаларды қамқорлыққа алды. Мәселен, 44-ші жылы гурьевтіктер соғыс кезінде оккупацияда болған РСФСР-дің Брянск облысының шағын Почеп қаласын қамқорлыққа алды. Почептіктерге көмек ретінде 400 мың сомнан астам қаржы аударылды. Үй тұрмысына қажетті бұйымдар, балалар мекемесіне арналған жабдықтар, 31 мың келі азық-түлік жіберілді.
1945 жылдың қаңтарында Гурьевке алғаш рет теміржол бойымен жылыту үшін көмір жеткізілді. Осы уақытқа дейін қала тұрғындары үйлерді мазутпен және қамыспен жылытатын.
8 мамырда қалада Берлинде Германияның қарсылықсыз тізе бүгуі туралы актіге қол қойылуына байланысты салтанатты шаралар өтті.
Ал, келесі күні, 9 мамырда қаланың тұрғындары Жеңіс күнін тойлады. Алайда осы бақытты күннен соң іле-шала соғыс кезіне қарағанда қиындығы кем түспейтін уақыт басталды – бейбіт өмір ұзақ уақыт қалпына келтірілді. Адамдар бір-біріне көмектесуді жалғастырды. Мәселен, 45-ші жылы №2 «Ширина» деп аталатын жүк ауыстырып тиейтін Гурьев мұнай базасының ұжымы майдангерлер мен соғыс мүгедектерінің отбасына көмек көрсету қорын құру бастамасын көтерді. Бұл бастаманы қала мен облыстағы басқа кәсіпорындар мен мекемелер де қолдады.
Облыстық мұрағат материалдары бойынша дайындаған
Тамара СУХОМЛИНОВА