Атырау, 21 желтоқсан 07:11
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

«Ербол, сәлем айтып бар!» (+ҚР президентіне үндеу)

4 384 просмотра

Image 1Атырауда Каспий маңы мемлекеттерінің мемлекеттік органдары мен жеке компаниялар өкілдерінің қатысуымен «Экология және отын-энергетикалық кешендегі өнеркәсіптік қауіпсіздік. Теңіздегі және құрлықтағы мұнай төгіндісі» атты конференция өтті.

Бұған ТМД елдерінде мұнай-газ бизнесінің негізгі бағыттары бойынша осындай шараларды ұйымдастырушы ретінде маманданған Confidence Capital компаниясы бастамашы болды. Дегенмен, маған конференциядан тысқары кезде түсіндіргендей, мұндай шараларда британдықтар демеуші компаниялардың өнімдерін де алға жылжытады екен. Мәселен, 2013 жылы Алматыда Қашаған: мұнай төгіндісіне дайын емес») осылай болды, бұл жолы Атырауда да бірнеше сессия мұнай төгіндісін жинауға арналған жабдықтарға арналды.

Дегенмен де мұндай конференцияның форматы мұнайшылар мен экологтардың қатысуын жобалайды, олардың баяндамалары көбінесе ақпаратқа толы болып келеді.

Өкінішке орай, конференцияға шақырылған ҚР мемлекеттік бас экологиялық инспекторының орынбасары Талғат ТӨРЕБЕКОВ келмеді. Сонымен бірге шақырылған спикерлер тізімінде Каспийдің солтүстік-шығыс бөлігіндегі жұмыстарға рұқсат құжаттарын беретін Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің өкілдері болмады.

КӨРШІНІҢ ҚОРҚЫНЫШЫ

Маңғыстау облыстық әкімдігінің табиғи қорлар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Орынбасар ТОҚЖАНОВТЫҢ баяндамасы қызықты болды. Онда Каспий экожүйесінің негізгі тұрақсыздану факторлары көрсетілді:

Табиғи: геодинамикалық тұрақсыздық, Орта және Оңтүстік Каспийдің лай шығаратын жанартауы, теңіз деңгейінің тербелісі. Ал таяу болашақта осы өңірдің сейсмикасының артуына байланысты тағы бір проблема туындауы мүмкін. Баяндамашы Солтүстік Каспийдің картасынан жарылған төрт жерді көрсетті.

Техногендік: өзендер арқылы өнеркәсіптік сарқындылардан ластану, суға кеткен ұңғымалардан ластану, Каспий өңірінде мұнай кенішін игеруден туындаған және жүзбелі құралдардың жалпы қуаттылығының көбеюінен (2000-нан астам қазақстандық кеме, оның 300-і – ірі тонналы) заманауи техногенді ластану.

- Бұл кемелер күн сайын су түбіндегі кеңістікті үлкен бұрандаларымен «дүрліктіріп», су түбіндегі ағзаларды жояды. Ал таяу жылдары флот көбейе түседі, - деп жасырмады Тоқжанов өз қорқынышын.

Оның айтуынша, Каспийдің қазақстандық бөлігінде игеріліп жатқан кеніштердің барлығы дерлік биоқорлар мекендейтін учаскелерде орналасқан.

Биологиялық: басқа теңіздердегі бөгде ағзалар түрлерінің қоныстануы.

Браконьерлік: бекіре тұқымдастардың қорлары жойылу шегінде тұр, аналық үйірлер толықтай дерлік ауланды, популяция жасанды өсіп-өну арқылы сақталып отыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Энергетика министрлігінің өкілдері конференцияда болмағандықтан, Тоқжанов Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Ербол ҚУАНОВҚА «Ербол, сәлем айтып бар!» деп, конференция ұйымдастырушыларынан теңіздің солтүстік бөлігінде әрбір аймақ үшін рұқсат етілген техногенді жүктемені белгілеп, экологиялық аймақтандыру бойынша жұмыстар жүргізу; кемелер үшін трассалар мен құбырлар құрылысының дәлізін бекіту; шаруашылық қызметінің барысында және ТЖ туындаған жағдайда экологиялық зиянды бағалау әдістемесін әзірлеу; Теңіздің маңғыстаулық секторында мұнай төгіндісіне әрекет ету базасын құру туралы мәселені шешу жөніндегі ұсыныстарды хаттамаға енгізуді өтінді.

Бұдан басқа, ол теңіз кенішін игеріп жатқан табиғат пайдаланушыларға кеніш төңірегіне жасанды рифтер орнатуды ұсынды. Оның айтуынша, бір жыл ішінде жасанды рифтерді қалың балдырлар басып, оған теңіз фаунасының көптеген өкілдері орын тебеді екен.

РЕСМИЛІКТІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ

Image 0

Мұнай төгіндісі кезіндегі көпдеңгейлі даярлық және әрекет ету туралы «Oil Spill Response Limited» (OSRL) компаниясының экология және еңбек қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі директоры Деклан ДРИСКОЛ баяндама жасады. Естеріңізге салсақ, OSRL компаниясының негізін бір кездері Exxon Mobil, Chevron, ConocoPhilips және басқа жетекші корпорациялар салған болатын. NCOC Солтүстік-Каспий жобасының операторы ретінде OSRL-дің қауымдастырылған мүшесі болып табылады.

Қатысушыларды компанияның Қашаған мұнайы құрамында көп мөлшерде бар күкіртті қосылыстарды бейтараптандыру қабілеті қызықтырды. Дрисколдың айтуынша, OSRL мұнайдың химиялық құрамына Пәкістан мен Үндістандағы төгінділерден кейін анағұрлым зер салып қарай бастаған:

- Біз құрамында улы заттар бар және диспергенттер қолданылған төгінділерді жою жөніндегі хаттамалармен жұмыс жасау кезінде «Бритиш петролеумнен» өнеркәсіптік химиктерді шақырдық. Бізге процестің өзін түсіну маңызды болатын.

Баршаны Каспийде ауқымды төгінді орын алған жағдайда (басымызға бермесін) OSRL құтқару экспедициясы Атырауға қаншалықты жылдам келе алады деген сұрақ қатты қызықтырды. Жайық-Каспий Орхусс орталығының директоры Шынар ІЗТІЛЕУОВАНЫҢ айтуынша, жақында өткен мұнай төгінділері жөніндегі ОБСЕ конференциясында NCOC өкілдері кедендік және шекаралық рұқсаттарды ресімдеуге бір апта кететінін мәлімдеген.

- Біздің қызметкерлеріміз үнемі кезекшілікте болады, апат орын алған жағдайда сол жерге 1-3 сағат ішінде ұшып жетуге әзір. Тәжірибе көрсеткендей, салмақты апат болған жағдайда, біздің базадан мамандардың ұшып шығуы және келуші жабдықтар үшін рұқсат процедуралары әдеттегіден анағұрлым жылдам жасалады, - деп мәлімдеді Д. Дрискол. - Тек елге кіру кезінде бір рет қана қиындықтар туындады, бұл Үндістанда болды, бірақ онда да шарасыз болмадық. Алайда, біздің пікірімізше, осы процедураның барлығын алдын ала, мұнай төгінділеріне әрекет етудің Ұлттық жоспарында жоспарлау керек.

Маған жақын маңда отырған NCOC-тың бұрынғы басшыларының бірі, қазіргі «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ қызметкері салмақты апат болған жағдайда ТЖ министрінің шетелдік құтқарушылардың кіруіне тікелей нұсқау беруге құқығы бар екенін атап өтті.

WE TRUST IN NCOC

Атырау мұнай және газ институтының профессоры Әкімғали КЕНЖЕҒАЛИЕВТЫҢ «D» аралының маңында су түбіндегі шөгінділердің күкірторганикалық қосылыстармен ластанғаны туралы баяндамасынан кейін пікірталас басталып кетті. Оның айтуынша, бұл жерде мұнайдағы күкіртсутек құрамы 22 пайызға жеткен.

Солтүстік-Каспий кенішін игеру және Теңіз кеніші әсерінің нәтижесінде теңіз «қышқылдана» бастаған.

- Шығарындылар, соның ішінде Теңіз кенішінің шығарындылары Каспийге құйылып, оларға ылғал сіңіп, су түбіне шөгеді де сол жерге жиналады, - деді Кенжеғалиев.

Оның айтуынша, Қашағаннан мұнай өндіру қарсаңында АтМжГИ ресейлік ММУ-мен бірлесіп, қаржының тапшылығынан әзірге D аралының маңына ғана ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген. 5 бақылау стансасы орнатылып, су түбіндегі шөгінділерге 9 сынама жасалды. Талдау Атырау мен Мәскеудегі аккредиттелген зертханаларда жүргізілді. 2012, 2013 және 2014 жылдары алынған сынамалар су түбіндегі шөгінділерде қарапайым күкірт құрамы бар екенін, сондай-ақ, онда күкірторганикалық қосылыстардың және 30-дан астам түрлі химиялық заттардың бар екенін көрсетті.

Алайда, су түбіндегі шөгінділерден табылған күкірт және күкірторганикалық қосылыстардың мөлшері шекті рұқсат етілген концентрациядан (ШРК) аса ма, оны анықтау мүмкін емес. Өйткені мұндай ШРК жоқ.

Олар келтірген мәліметтерді Қашаған кенішін өнеркәсіптік іске қосқаннан кейін салыстырмалы талдау үшін негіз етіп алуға бола ма деген сұрағыма, Кенжеғалиев мақұлдап жауап берді. Осы жерде Тоқжанов микрофон алып, Кенжеғалиев айтпаған нәрсені айтты. Каспий теңізінің қазақстандық секторында экологиялық зерттеу жүргізетін ғылыми-зерттеу институты жоқ екенін, атап айтқанда, апат болған жағдайда тигізілген зиян мөлшерін есептеу әдісі жоқ екенін айтты.

- Сонда қазіргі уақытта NCOC ұсынып отырған мәліметтерді салыстыратын ештеңе жоқ болғаны ма? – деп қайта сұрадым мен Кенжеғалиевтан.

- Солай болғаны, иә… - деп жауап берді профессор сәл мүдіріп.

ҚР қоршаған ортаны қорғау ақпараттық-аналитикалық орталығы бас директорының орынбасары Людмила ШАБАНОВА құрлықта мұнай кеніші игерілетін жерлерде, бұрғылау платформасы, жасанды аралдар, қорғаныс құрылғылары маңында жан жақты, соның ішінде спутниктік мониторинг қажет екендігі жөнінде баяндама жасады.

Мәліметтер Атырауда өңірлік мониторинг орталығына және Астанадағы орталыққа тұрақты жіберілуі тиіс. Тек осы жағдайда ғана табиғат пайдаланушылар мемлекеттік органдардан ешқандай штаттан тыс ахуалды жасыра алмайды.

Жергілікті қоғамдық қызметкерлер – экологиялық-құқықтық сараптама орталығының директоры Галина ЧЕРНОВА, «Каспий табиғаты» ҮЕҰ төрағасы Махамбет ХАКИМОВ және басқалар да баяндама жасады. Конференцияда Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВҚА «Атырау жұртшылығының үндеуі» оқылды.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІНЕ ҮНДЕУ

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Атырау қаласының әрі қарай дамуына, өңірде жаңа өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық нысандардың салынуына байланысты қоршаған ортаны қорғау, жергілікті билікке сенім деңгейі және өзара қарым-қатынас мәселелері тұрғындар үшін аса өзекті болып табылады.

Профильдік министрліктің өкілдері Қазақстанда мұнайға бірыңғай орталықтандырылған есеп жүргізу әлі қамтамасыз етілмегендігін мойындайды. Жергілікті билік органдарына компанияның ішкі істеріне араласуға «кеңес берілмеген» осы тұрғыда мұнайдың, мұнай қалдықтарының заңсыз айналымы және оларды кәдеге жарату/өртеу нәтижесінде зиянды заттардың есептелмеген көлемі атмосфераға тасталады. Шығарынды көздері және осындай шығарындыларға кінәлілер, әдетте, анықталмайды және жауапкершілікке тартылмайды. Баяндалған және өңірдегі жалпы экологиялық ахуалға әсер ететін басқа факторларды ескере отырып, Сізден:

1. Өңірдегі мұнай және мұнай өнімдерінің айналысына бақылау жасау қызметін Атырау облыстық әкімдігінің пайдасына қайта белгілеу мүмкіндігін қарастыруды және:

- Қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп шығарындылардың ықтимал көздері мен нысандарды анықтауды,

- Осындай нысандарға тиісті датчиктер қондырып, жұмыстарына үнемі дистанциялық мониторинг жүргізіп және қажетті ықпал ету шараларын алуды;

- Атырау қаласынан 30 шақырым радиуста таяудағы 24 сағатта тиеу/түсіру жұмыстарын күтпейтін жылжымалы теміржол құрамынан бос экологиялық аймақты анықтауды;

- Техникалық күкіртті сақтауға және оның тозаңдануына жол беретін тәсілдермен тасымалдауға тыйым салуды;

- Облыс аумағында мұнай қалдықтарын шығару және кәдеге жаратудың ескірген технологиясын пайдалануға тыйым салуды, әрі қарай тек қалдықсыз жаңа технологияларды ғана қолдануға облыс басшылығын міндеттеуді өтінеміз;

2. Сонымен қатар, Сізден Қазақстан Республикасының жаңа Парламенті мен Сенатының құрамына Атырау облысының және Атырау қаласының қоғамдық ұйымдарынан үміткерлер үшін бір орыннан бөлу мүмкіндігін қарастыруды өтінеміз.

Құрметпен, Атырау облысынан сайлаушылар өкілдері

5 мамыр 2015, 11:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.