Атырау, 27 қараша 09:42
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Қарт Еділді қырық елдің әуені тербетті

3 560 просмотра

Биылғы қыркүйектің тамылжыған күндері астрахандық тамырлар мен қандастар үшін дүркіреген өнер мерекесімен есте қалатын болды. Өйткені мұнда Еділдің асау толқындарына үн қосып, көне тарихи қаланы әр халықтың дәстүрлі музыкасының сұлу үніне бөлеген «Голоса Золотой степи -2011» атты 3-халықаралық этнографиялық фестиваль-байқау өткен еді. РФ Мәдениет министрлігі мен «Астраханьские песни» орталығы ұйымдастырған шараға қырық елдің таңдаулы таланттары қатысты. Біздің Қазақстаннан барған екі дүлділіміз бас жүлде мен үшінші орынды еншілеп оралды. Соның бірі, бас жүлдені қанжығасына байлаған күллі алаш жұртына әйгілі дәстүрлі әнші Ерлан Рысқалимен сұхбаттасқан едік.

ҚАЗЫЛАР ҚАЗАҚ ӘНІНЕ ТАМСАНДЫ

-Ерланжан, жүлдең құтты болсын! Көзімізді ашқалы көргеніміз Жайық болса да, Арқа әндері дегенде атыраулықтар ішкен асымызды жерге қоямыз. Әрине, тек Арқа емес, Жетісу мен Батыс мектебінің небір інжу-маржандары да сенің бұлбұл ұя салған көмейіңнен төгіліп жататынына куә боп жүрміз. Ал Астрахан жұрты қазақ әнін қалай қабылдады?

-Әр халықтың тек қана дәстүрлі музыкасы таразыға түскен бұл өнер додасында 1000-нан астам өнерпаз бақтарын сынады. Оның ішінде Қазақстаннан, Ресейден, Украинадан, Тывадан, Шри-Ланкадан келген дәстүрлі музыка өкілдері болды.

Осымен үшінші рет өтіп отырған фестивальды ашқан РФ Мәдениет министрлігінің аймақтық өкілі Ирина Тарасова музыка тілінің ешқандай аударманы қажет етпейтінін, әрі фестиваль кезіндегі шығармашылық жүздесулер Ресей мен өзге де елдер арасындағы мәдени байланыстар мен достықтың нығаюына кепіл болатынын атап өтті.

Шынымен де, байқау кезінде өнерпаздар арасында бір-біріне деген көңіл жылылығы сезіліп тұрды. Ал Астраханда тұратын қандас бауырларымыз тіптен марқайып қалды. Қазақтың музыкасын сағынғандарын айтып жатыр. Өзім сегіз ән орындадым. Өзге елдерде де небір мықтылар бар екен. Жалпы, біздің қазақстандық қазылардай емес, орыстар әділ ғой, ешқандай бұра тарту болған жоқ. Оларда бір риза болғаным, алғашқы екі тур өткеннен кейін әділқазылар мен өнерпаздар дөңгелек үстелге жиналады екен. Сол кезде алғашқы екі турда қазылар шешіміне көңіліңіз толмаған болса, оларға сұрақ қоя аласыз. Сол кезде олар келесі тураға өтпей қалған өнерпаздардың өтпеу себептерін еш бұлтартпас дәлелдермен, музыкалық тұрғыда сауатты түрде талдап, түсіндіріп береді. Өз кемшілігіңді сол кезде толық сезініп, тырп ете алмай қаласың.

-Қазылар құрамында тек Ресейдің өнер өкілдері болды ма?

-Жоқ. Онда Ресеймен қатар, Польшадан, Тывадан, тіпті Шри-Ланкадан келген өкілдер болды. Бір жағынан, өзге елден келіп отырған соң да олар ешқандай көңілжықпастыққа бармайтын шығар. Әйтеуір, біз әділдіктері үшін риза болдық. Олар Ақан серінің, Әсеттің, Мұхиттың композиторлық пен ақындықты және әншілікті бір бастарына жинаған өнер дүлдүлдері екенін білмейді екен. Дөңгелек үстел кезінде қазылар: «Қазақстаннан келген әншілердің өнері бізді қатты таңқалдырды. Бірақ байқау шарты бойынша сіздер ұсынған репертуарлық бағдарламада ән авторлары толық көрсетілуі керек еді. Мәселен, мында Ақан серінің әні дейді де, өлеңін жазған ақын көрсетілмепті» деген ескертпе жасады. Біз мұны естігенде әуелі күліп жібере жаздадық. Сосын ол заманда әнді өлеңімен қоса шығару және орындау бір адамның басындағы өнер болғанын түсіндірдік. Олар қатты таңғалды. Содан соң бізге: «Байқауға көптеген өнерпаздар бесік жырын ала келді, сіздерде неге ол жоқ?» деді. Біз: «Қазақта бесік жырын еңкейген кәріден бастап, он жасар балаға дейін кез-келген адам айтады. Оны айту үшін консерваториялық білім алудың қажеті жоқ, сол себепті сіздерге тек кәсіби тұрғыда орындалатын дүниелерді алып келдік» деп жауап бердік. Осының бәріне олар тәнті болды.

-Өзің қандай әндер орындадың?

-Өзім «Аңшының әнін», батыс мектебінен Молдабайдың әнін, Ақан серінің, Жаяу Мұсаның, Кененнің әндерін, Ақтамбердінің толғауларын, жалпы, бас-аяғы сегіз ән орындадым. Түгел тырп етпей тыңдады. Арқа, Батыс, Жетісу мектептерін түгел қамтыдым. Музыкада тілдік кедергі жоқ деп РФ мәдениет министрлігінің өкілі Ирина әпкеміз айтпақшы, қазылар алқасы әндеріміздігі ұлттық нақышты терең түсінген тәрізді. Оған мынау қанжығамызға байлап келген бас жүлде дәлел болса керек.

«КОРИФЕЙЛЕР МОЙЫНДАҒАН ҚАЙРАН ӘКЕМ!»

-Тамаша екен! Ұзағынан болсын! Ал, енді, Ерланжан, сені жұрт біресе Арқаның, біресе Жетісудің жігітіне жатқызады. Осының ақиқаты қайсы? Қазаққа мұның бәрі керек қой.

-Олай етуінің мәні бар. Мен бесінші класты бітірген соң арман қуып, Жетісуға, нақтырақ айтқанда, Алматыға жол тартқам. Оған дейін өзімнің туып-өскен ауылым, Шығыс Қазақстан облысы, Шұбартау ауданындағы Қосағашта тұрдым. Ал Алматыға бару мақсатым – А.Жұбанов атындағы музыка мектебіне түсу еді. Арманым орындалды. Одан кейін консерваторияны түгестім. Енді, Семейде туып, Жетісуда мектеп бітірген соң осы екі өлкенің де азаматы боламын ғой. Дегенмен, құлағыма алғаш сіңісті болғаны Арқа әуендері. Шығыстың Семей жағы Арқаға жатады ғой. Біздің елде Байжігіт деген шертпе күйдің шебері және Абайдың ақын шәкірттерінің бірі, композитор, әйгілі «Бозқараған» «Перуайым», «Шұбартау», «Шыңғыстау» әндерінің авторы Уәйіс Шондыбайұлы деген аталарымыз болды. Әйгілі әнші Санақ Әбуов болса өзімнің ұстазым.

-Бұдан бұрын журналистерге берген бір сұхбатыңда әкеңнің Семей радиосына жазылған дауысын іздеп жүргеніңізді айтыпсың. Соны таптың ба?

-Әзірге жоқ. Табуға ниеттімін. Әкем, шыны керек, классикалық деңгейдегі әнші болды. Мысал үшін, әйгілі Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменовтермен бір деңгейде тұратын. Оны аталған ағаларымыздың өздері де мойындап, әкемнің төбесі көрінгенде: «О, «Дударай» келе жатыр, «Қаламқас» келе жатыр» деп мәз болатын. Осы екі әнді әкем түбін түсіріп айтушы еді. Амал не, ешқандай дауысы бейнетаспада сақталып қалмады. Дастархан үстінде айтылған әндерінің таспалары бар еді, өкінішке орай, менің бауырларым балалықпен оның үстіне қазіргі азған заманның «Біржандары» мен «Әсеттерін» жазып тастапты. Бірақ, әкемнің достары Семей радиосының қорында сақталған дауысы болуы керек дейді. Соны асықпай отырып іздеп, тауып алу бір үлкен мақсатым болып отыр. Әкем төрт рет инсульт алған еді. Әндерін үлкен сахналардан жазып ала алмауымызға бұл жағдай да себеп болды. Ол кісі Семей мал дәрігерлік институтында оқып жүрген кезінде де көркемөнерпаздар ұжымының белді мүшесі болыпты. Сонда Жүсіпбек Елебековтың шәкірттері әкемнің әнін тыңдау үшін туу Алматыдан әдейілеп келеді екен. Тіпті мен өзім де өз даусымның әкемнің дауысына жетпейтінін білем. Сол кезде бала болсам да, құлағыма әбден сіңісті болып қалған ғой. Мәселен, Біржанның «Жонып алдысын» маған әкем үйреткен болатын.

ЕРЛАНҒА ҒАШЫҚ БОЛҒАН СЕРГЕЙ

-Сенің хас өнерді түсінер тыңдарманды тәнті қылатын бір қасиетің – классикалық өнерді пір тұтып, жеңіл әуендерге жоламайтының. Соңғы кезде репертуарың тағы қандай інжу-маржандармен толықты?

-Репертуарым уақыт санап байып келеді. Осы жолы Сергей Стрельников деген Астраханның бір дүлдүлімен таныстым. Ол  біздің Әлібек Дінішев секілді сол жақтың мықты вокалисі екен. Осы кісі қасымнан қалмай қойды. «Ерлан, сенің өнеріңе ғашық болып қалдым. Сен енді опералық әндерді де айтсаңшы. Әрине, домбыраң жақсы, оны тастамайсың ғой. Бірақ, сен бұларды опералық әнші тәрізді айтпа, өзіңнің ұлттық бояуыңмен айт, сонда сені дүние жүзі бағалайды. Осылайша қазақтың дауысын, қазақтың ән салу мәнерін әлемдік сахнаға алып шығасың» деп, маған DVD дискіге жазылған 100 шақты ән берді. Міне, осы сапарда осындай ғажап олжаға кенелдім. Құдай қаласа, Алматыға жеткен соң соны ашып, көруге құмартып отырмын.

Тағы бір көңілімді марқайтқан жайт - «Қазақтың әндері» атты антологиялық жинаққа менің орындауымда 20 ән енді. Сонымен қатар, Александр Затаевичтің кітабынан біраз әндерді репертуарыма қостым. Абайдың «Сен мені не етесің?» деген әнін тауып алдым. Оны кезінде Ниязбек Алдажаров деген кісі Абайдың ағасы Тәкежанның аузынан жазып алыпты. Сіз білетін шығарсыз, Сыдық Мұхмеджановтың Абай өлеңіне жазған «Өзгеге көңілім тоярсың» деген туындысы бар ғой. Бірақ бұдан өзге тап осы өлеңге Абайдың өзінің де жазған әні бар екен. Атын «Өлеңді қайтып қоярсың» деп қойыпты. Затаевич мұны Мұхамед Салықов деген кісіден жазып алған. Сондай-ақ, «Топайкөк» деген әннің басқа бір нұсқасын таптық.

-Бәрекелді! Енді саған көбінесе эстрадаға қатысы бар бір сұрақ қойғым келіп отыр. Соңғы жылдары, әсіресе, көзі жоқ авторлардың әндерін бұзып айтушылар көбейді. Әннің кебір иірімдеріне өз қалауларымен мысықтың мияуына ұқсас «әуендер» қосып айтатын «әншілер» көп. Сенің бұрын қазақ радиосында қызмет істегеніңді білеміз. Сол кезде көркемдік кеңес арқылы болсын, осыларға тыйым салып, күрескен кезің болды ма?  

-Әрине, ондай сәттер кездесті. Талай көркемдік кеңестерде әннің табиғатын қорғау үшін ағаларымызбен ренжісіп қалған кезіміз де болды. Әнді түрлендіріп айтқанда гүлдендіріп айтса сөз басқа ғой. Ән халықтың қазынасы, авторлардың жүрегінен шыққан перзенті. Оған сезімге түрпідей тиетін бір нәрселерді қосып айту қиянат. Мен мұндайға куә болған кезде ешкімнің бет-жүзіне, атақ-абыройына қарамаймын. Бұл менің парызым деп білемін. Ақыры сол көркемдік кеңеспен сөзім жараспай кетіп тындым ғой.

-Жуырдағы бір «Кеш жарық» бағдарламасында сен Қасымның әнін айтып тұрғаныңда қилы-қилы ойға беріліп, Қасымның баспанасыз жүргені есіме түсті. Сенің көзіңнен де мұң көрдім. Сол сәтте «Қасымдық мұңның сынығы Ерланжанда да бар емес пе екен?» деп те ойланып қалдым...

-Дәл тауыпсыз. Дегенмен, баспанасыздық жалғыз менің басымдағы проблема емес қой. Қаншама әдебиет пен өнер тарландары Алматы төңірегінде баспанасыз жүр. Құдай қаласа бола жатар. Алла отбасымды амандық пен ынтымағынан айырмасын. Ал баспанаға қайғырып жүрген мен жоқ. Барлық жағынан бірдей беріп қойса тағы болмайды. Адам міндетті түрде бір жағынан олқы тұруы керек қой. Сонда ғана тәубешіл болмақ.

Сұхбаттасқан Тарас НАУРЫЗӘЛІ        

29 қыркүйек 2011, 17:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.