Атырау, 28 желтоқсан 15:30
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Балаларды құл ретінде пайдаланған ба?

2 851 просмотра

Атырау қаласының тұрғыны Мәдина СӘЛІМГЕРЕЕВА балаларының еңбекақысын төлеуде әділетсіздіктердің  болғанына шағымданды.

Көп балалы ананың жайын әбден түсінуге болады. Бір үйлі жан осы  балалардың алатын аз-мұз тиын тебеніне қарап отыр. Оның үстіне, Мәдина апаның  қарауында  қазір үйде өздігінен қозғала алмайтын бір қол, бір аяғы жоқ 22 жастағы туабітті мүгедек ұлы да бар.

АНАНЫҢ ШАҒЫМЫ

 Ана балаларының жайын былай баяндады: 

- Менің 23 жастағы ұлым Бауыржан СӘЛІМГЕРЕЕВ «Ақ Жайық» қонақ үйіндегі «Сұңқар Секьюрити» күзет компаниясында үш жылдай жұмыс істеді. Бір апта түні бойы қонақ үйді күзетіп, аптасына бір күн ғана демалды. Сол үшін небары 40 мың теңге жалақы алды. Бұл жерде еңбек заңы бұзылып отыр деп есептеймін, - дейді ашынған ана.

Мәдина Сәлімгереева жалдамалы жұмысшының заңды талап қоюға еш құқы жоқ екеніне ренжулі. Мәселен, Бауыржанға жұмыс беруші түнгі уақыттағы жұмысқа төленетін еңбекақы деңгейі басқаша болуы керек деп санайды. Ал оның 17 жастағы тағы бір  ұлыЕрғали ЕРМЕКҚАЛИ жаздың мезгілінде «Пивной дом Кабиев» ЖШС-де жүк тасушы болып жұмысқа орналасқан екен.

- Бұл мекеме басшылығы да жұмыс күні аяқталған соң ақшасын төлейміз дегенімен, ақша түскен жоқ деген сылтаумен көк тиын берген жоқ. Балалар таңғы 8-ден кешкі 11-ге дейін сыраларды түсіріп, жабық фургонда ыстықта қиналған. Фургон ішінен сыртқа шықса  жұмыстан шығарып, жалақысыз қалдырамыз деп қорқытқан.  Мекеме басшысы мен қарамағындағылары 50 градус ыстықта қойма аумағындағы қоқысты мәжбүрлеп сыпыртқан. Ал түскі асқа лас ыдыспен шикі су қосылған құр макарон берген, - дейді Мәдина Сәлімгереева.

Оның  «Пивной дом Кабиев» ЖШС-і басшысымен әңгімесі еш нәтиже бермей отыр.

Бұған дейін Ерғали «Жолбарыс» қосалқы мердігерлік компаниясында біраз еңбек етеді. Бұл компаниядан да жалақы ала алмапты. Ең өкініштісі, Мәдина апайдың ұлдарының қолдарында осы аталған мекемелерде жұмыс істегендігін растайтын ешбір құжат, бірде-бір еңбек келісім-шарты жоқ.

ЖҰМЫС БЕРУШІНІҢ  УӘЖІ

Біз бұл мәселені анықтау үшін аталған мекемелердің басшыларымен сөйлестік. «Сұңқар Секьюрити» ЖШС-нің бас директоры Жанарбек ШАХШАЕВ Бауыржан Сәлімгереевтің жұмыстан өз еркімен шығып кеткенін айтады. Мекеме басшысының айтуынша, оған дейін «Ақ Жайық» қонақ үйін «Номад секъюрити» ЖШС-і күзеткен екен. Бауыржан сол мекемеден осы «Сұңқар Секьюрити» мекемесіне ауысқан.

- Біз оны жұмыстан шығарғанымыз жоқ. Жұмыс барысында болмашы ескертулер жасалады. Біздің алдымыздағы компанияда біраз уақыт жұмыс істеуі мүмкін. Ал бізде үш жыл емес, 2,5 ай уақыт істеді. 40 мың теңге жалақысы төленді. 

- Ал түнгі ауысымға қосымша ақы төлене ме?

- Жоқ, бізде белгіленген еңбекақы бойынша төленеді.

- Ал жалпы еңбекақысы уақытымен беріле ме?

-Біздерде ешқандай кідірту жоқ. Келесі айдың онына дейін жалақыны уақытында алып тұрады.

Аталмыш мекемеден білгеніміздей, мұнда ең төменгі жалақы - 30-35 мың теңге. Және оның өзі істеген жылына байланысты белгіленеді екен.

Бұдан соң біз Ерғали Ермекқали істеген мекемеге бардық. «Пивной дом Кабиев» ЖШС-нің Атырау филиалының директоры Сыражадин ЕРЕЖЕПОВ арызбен танысқанымен, комментарий беруден бас тартты. Бірақ ол арызда баяндалған жайттарды толықтай жоққа шығарды.  Оның айтуынша, Мәдина апайдың ұлы дұрыс жұмыс істемегендіктен өтірік шағымданып отыр.

«Пивной дом Кабиев» ЖШС-нің бас кеңсесі Ақтөбе облысында екен. Сондағы мекеменің атқарушы директоры Жұмабек МЕҢБАЕВПЕН ұялы телефон арқылы байланысқанымызда уақыты жоқтығын айтып, әрі  «Ақ Жайық» газетімен  жұмыс жасамайтынын ескертіп, трубканы қоя салды.

ЗАҢГЕР ТҮСІНІКТЕМЕСІ

Еңбек жағдайына байланысты заңгердің пікіріне жүгіндік.

Адвокат Равиль ХАМИТОВ:

- М.Сәлімгереева аталған шағымы бойынша Атырау облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау Департаментіне шағымдануы қажет. Жұмыс берушілердің қай-қайсысы да еңбек туралы заңды өрескел бұзып отыр. ҚР Еңбек Кодексінің 32-ші бабына сәйкесті жұмыс беруші міндетті түрде жазбаша түрде еңбек шартын жасап, оған тараптардың қолдары қойылып, бір данасы қызметкерде сақталу керек. Ал ҚР Еңбек Кодексінің 129-бабына сәйкес, түнгі уақыттағы жасаған жұмыстың әр сағаты қызметкердің күндік сағаттың ставкасы негізге алына отырып, көлемінде бір жарым есе жоғары мөлшерде ақы төленуі тиіс. Егер балаларының қолдарына еңбек шартын бермек түгіл көздеріне көрсетпеген болса, осы заңдылықтардың бұзылғанын анықтау үшін Атырау облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау Департаменті аталған мекемелерді тексеріп, оларға тиісті шара қолданып, шағымданушы М.Сәлімгерееваға жазбаша түрде жауап қайтаруға тиісті. Тек сол кезде ғана балаларының кем төленген еңбек ақыларын қуынып алуға мүмкіндік болады.

КӨНБІСТІК

Бұл еңбек дауына байланысты Бауыржан да, Ерғали де үнсіз қалуды шешті. Бауыржан өзі жұмыс істеген күзет қызметіндегілердің аузын аша қалса қоқанлоқы көрсетуі мүмкін екендігінен сескенеді. Ал Ерғали болса, өзі секілді алданған жастардың көп екендігін білгендіктен бірдемеге қолы жететіндігіне сенімсіз.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

29 қыркүйек 2011, 16:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.