Атырау, 23 қараша 09:11
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

​Атырау тарихы жансыздың көзімен

4 474 просмотра

Image 0Сланов атындағы облыстық кітапханада «XVIII-XX ғасырлардағы орыс ақпарат көздеріндегі Атырау тарихы мен мәдениеті» көптомдығын таныстыру рәсімі өтті. Алғаш рет Атырау облысы және барлық батыс өңірі туралы әр түрлі тарихи және топографиялық деректерді жүйелендіру қолға алынды.

Кітап Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау аясында шығарылды және тек Атыраудың ғана емес, сондай-ақ, қазіргі Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Маңғыстау облысы аумағындағы тарихи оқиғалар туралы баяндайды. Өлкеміздің төңкеріске дейінгі кезеңі тарихына арналған бірыңғай әдебиетті жасау идеясын Атырау облыстық тарихи-мәдени жәдігерлерді қорғау, реставрациялау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясы көтерді. Жинақта Атыраудың тарихи кезеңдеріне арналған сирек кездесетін, ерекше материалдар берілген.

- Мұндай кітап алғаш рет шығарылып отыр. Біз бірінші томға материалдарды өткен жылдан бастап жинадық, Санкт-Петербургке, Мәскеуге және Астраханға археологиялық экспедициялар ұйымдастырылды, - дейді кітаптың құрастырушысы, Атырау облыстық тарихи-мәдени жәдігерлерді қорғау, реставрациялау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекцияның басшысы Мұхамбетқали КИПИЕВ (суретте). - Көптомдықтың «Атырау өңіріне жасалған жолсапарлар туралы жол күнделіктері мен қызметтік жазбалар» тақырыбымен шыққан бірінші бөліміне 18-ғасырдың алғашқы ширегі мен 20-ғасырдың басына дейінгі кезеңді қамтитын ғалымдар мен саяхатшылардың 18 мақаласы енгізілген. Соның ішінде Атырау облысының көне тарихына, географиясына, флорасы мен фаунасына қатысты ең алғашқы жарияланымдардың бірі – 1732 жылы Хиуаға біздің аумағымыз арқылы саяхат жасаған Иван Густаво Гербердің жол күнделіктері бар. Гербер Бранденбургте дүниеге келген, 1710 жылы І Петрге қызметке орналасады. 1731 жылы ол император Анна Иоанновнаның тапсырмасымен саудагер кейпіне еніп, жансыз болып, Хиуа мен Бұқарға әскери-барлау экспедициясын бастап барады. 90 беттік еңбек кезінде неміс тілінде жарияланған, ал, орыс тіліне біздің басылым үшін арнайы аударылды. Сондай-ақ, ұлты неміс, Ресей империясының ғылым академиясында қызмет еткен К.Ф. Гебельдің кітабынан 20 беттей ақпарат алынды. 1834 жылы ол Жәңгір ханмен кездесіп, қазіргі Атырау аумағында болған. Аудармамен АМУ оқытушысы Гүлмира Жеңісова айналысты.

Барлығы 5 том шығару жоспарланып отыр. Биыл шығарылатын тағы екі том батыс қазақтары және Атырау өңірінің тарихы мен этнографиясына арналады. Қазақстан тарихы бойынша белгілі әдебиеттерде өңіріміз туралы ақпараттар аз, болғанның өзінде жүйелі емес. Ал, ресейлік әдебиеттерде мұндай мәліметтер жеткілікті. Егер қаржы мәселесі мүмкіндік берсе, облысымызға белгілі тарихшылар мен этнографтар кіретін басылымның редакциялық алқасы бұл кітапты 10 томға дейін кеңейтуге болады деп есептейді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

23 сәуір 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.