Гурьевтен шыққан украиналық орыстың хаты
Армысыздар, жерлестер! Менің аты-жөнім Андрей Гавриков. Мен Украинада, Киев облысының Белая Церковь қаласында тұрамын. Неліктен жерлестер деп отырмын? Өйткені, балалық шағым Атырауда өтті. Мен Ресейде, Саратовта дүниеге келдім. Бір жасқа толмай жатып ата-анам Қазақстанға, Гурьев қаласына жұмыс жасауға көшіп келді. Қала ол кезде солай аталатын. Мен Тельман көшесінде тұрдым, Украинаға көшіп кеткенше Калинин атындағы №77 мектепте сегіз сынып оқып үлгердім.
Өзімнің қазақстандық жерлестеріме Украина туралы әңгімелеуге мүмкіндігім бар екенін білген кезде сәл абыржып қалдым. Көп нәрсе туралы айтқым-ақ келеді. Майдан деген не, оның неліктен болғаны туралы ақпаратпен бөлісіп, оған менің көзқарасыммен, яғни, оқиғаның басы-қасында болған әрі белсенді қатысушының көзімен қарауға мүмкіндік бергім келеді. Қырым аннексиясы қалай орын алғанын, іс жүзінде Донбаста кім кіммен шайқасып жатқанын айтқым келеді. Бірақ мұның бәрін бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес, сондықтан бір тақырыппен шектелуді ұйғардым. Таңдау қиынға соқты, бірақ мен Украина халқы қандай екенін қысқаша әңгімелеп, бірнеше әділетсіз аңыздар мен бір көрші елдің насихатымен оған ілінген лақап аттарды әшкерелеп беруді ұйғардым.
1-АҢЫЗ.: “Украиналық «национализм»"
Украиндарда ұлт пен халық (этнос) атауының («нация» және «национальность») арасында айырмашылық жоқ. Украин тілінде де, орыс тілінде де бірдей айтылып, жазылады. «Мен украиндықпын» деген кезде, әдетте дәл осы ұлтты емес, көптеген ұлттан құралатын халықты айтамыз. Тілдің осы ерекшелігінің антиукраиндық насихат үшін қолданылатындығы қынжылтады. Украиндықтарға қатысты «националист» сөзін кейбіреулер бір ұлттың екінші ұлттан артықшылығын насихаттайтын қорқынышты нәрседей түсіндіреді. Бұл мүлдем жаңсақ нәрсе. Украинада мұндай құбылыс атымен жоқ. «Украинша «национализм» - бұл оған кіретін барлық ұлттардың өз халқына адалдығы. Іс жүзінде бұл «патриотизм» сөзінің синонимі, өз халқына деген сүйіспеншілік және Отан үшін өмірін беруге дайын екендігі. Сонда бұл сөзде нашар ұғым бар ма? Өз елі мен өз халқын сүю кез келген мемлекет үшін қалыпты жағдай емес пе?
Қазақстан секілді Украина да - көпұлтты мемлекет. Этникалық украиндықтардан басқа бұл жерде орыстар, румындар, венгрлер, беларустар, поляктар мекендейді. Менің қаламда вьетнамдықтардың үлкен диаспорасы бар, әзірбайжандар, армяндар көп. Достарымның арасында шешендер, ливандар, татарлар бар. Ешкім ешкімді қыспақтап жатқан жоқ, ешкім әлдебір қорғанышқа, оның үстіне басқа мемлекет тарапының қорғауына мұқтаж емес. Мен бұл жерде 1982 жылдан бері тұрамын, этникалық немесе діни тұрғыда бірде-бір жанжалдың болғаны есімде жоқ. Украиндықтар - өте толерантты әрі жылы шырайлы халық. Олар үшін сенің қандай ұлт екендігің немесе қандай дінді ұстанатындығың маңызды емес, сенің қандай адам екендігің және айналаңдағы адамдармен қалай қарым-қатынаста болатының маңыздырақ. Мені, мәселен, 33 жасқа келгенше ешкім бірде-бір рет орыс тілінде сөйлегенім үшін жазғырған емес. Украин тілін өзім біртіндеп, өз еркіммен, өз қалауыммен үйреніп алдым, бірақ негізінен орыс тілінде сөйлесемін.
Біздің ІІМ басшымыз Арсен Аваков – армян, парламент басшысы Владимир Гройсман – еврей, Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің басшысы Александр Турчинов – орыс, Майданда алғаш қаза болғандардың бірі белорус Михаил Жизневский мен армян Сергей Нигоян болса, «национализмнің» нашар мағынасы туралы қандай әңгіме болмақ?
2-АҢЫЗ: “Украина бұрын болмаған жасанды мемлекет"
Мұндай пікірді мен ресейліктерден жиі естимін. Қазақстандықтарға бұл тақырыпты түсіндірудің аса қажеті жоқ. Сіздердің ешқайсыңыздың мұндай сандырақ мәлімдемеге сенбейтіндеріңізге сенімдімін. Сондықтан қысқаша айтып өтуге тырысайын.
Мұндай бос сөзді растайтын ресейліктер арасында тарихты мен секілді сол кеңестік оқулықтан оқыған ересек адамдардың жеткілікті екендігі таң қалдырады. Ұмытып қалу ма? Ақиқатты мойындағылары келмей, бұл елді «Ежелгі орыс мемлекеті» деп атап, тарихты көшіріп алу ма? Білмеймін. Украина бұрын Киев Русі деп аталған және Мәскеу княздігіне дейінгі көп ғасырлар бұрын негізі қаланған едәуір көне мемлекет. Алайда сол уақыттан бері және Одақ құлағанға дейін бұл елдің тәуелсіздік жылдарын саусақпен санауға болады. Сондықтан Украина үшін егемендік – жылдар бойы аңсаған аса құнды дүние. Дегенмен, көптеген халықтар да өздері туралы осылай айта алады, алайда украиндықтар мұндай бостандықты ұзақ уақыт бойына өзінің аумақтық тұтастығын қолдарына қару алып қорғау қажеттілігімен бетпе-бет келмеген мемлекет халқына қарағанда, өткірірек сезінеді деп ойлаймын.
3-АҢЫЗ: “Фашистер және бандералықтар"
Украиндықтарды фашизмге айыптайтындардан: «Ал сіз бұл сөздің мағынасын білесіз бе?» деп үнемі сұрағым-ақ келеді.
Ефремов бойынша «фашизм» сөзінің мағынасы:
“Фашизм – идеология крайне воинствующего шовинизма и расизма и практика порабощения (с частичным уничтожением порабощенных народов, с превращением в рабов народом-победителем оставленных в живых побежденных народов), а также опирающиеся на эту идеологию политические течения, открытая политическая диктатура и репрессивный режим, направленные на подавление прогрессивных общественных движений и на уничтожение демократии; идеология превосходства над всеми другими нациями, возведенная в государственную и международную политику".
Украинаның қай жерінде фашистік мемлекеттің ең болмағанда бір белгісі болды? Шовинизмнің, нәсілшілдіктің және «мемлекеттік және халықаралық саясатпен орнатылған, басқа ұлттардан артықшылық идеологиясы» ше? Мен бұл туралы 1-ші аңыз туралы жазғанда әңгімелеген едім.
Басқа халықтарды кемсіту және езіп-жаншу ше? Тіпті, күлкілі емес. Қолына қару ұстаған украиндықты басқа мемлекеттің аумағынан тек БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясының құрамынан ғана кездестіруге болады. Диктатура, саяси қуғын-сүргін, демократияны жаншу ше? Бұл - Янукович қашып кеткеннен кейін арылған нәрсеміз.
Жалпы, антиукраиндық насихаттың бос сөзі.
Әлдебір мемлекеттердің негативтік рең беріп, бұл сөзді гитлеризммен және фашизммен байланыстыру әрекеті ұштасқан «бандералықтар» терминіне келер болсақ. Мынаны айта аламын. Бандераның кім екендігін Украинадан тысқары жерлерде білетіндер аз. Оның не үшін өмір сүргенін және қалай қаза болғанын білмейді. Оны Мюнхенде 1959 жылы МҚК агенті өлтіріп кеткен. Бұл адам өмір бойы Украинаның тәуелсіздігін мойындау үшін поляктармен, ресейліктермен және немістермен күресіп келген. Оны фашист деп атау - ақымақтық. 1941 жылдың 5 шілдесінде немістер оны үйқамаққа алған. Содан кейін 1941 жылы 15 қыркүйекте Степан Бандера орталық Берлин түрмесіне ауыстырылады. 1942 жыл басталғаннан 1944 жылдың тамызына дейін “Целленбау" бункерінде «Заксенгаузен» концлагерінде отырады.
Яғни, Украина тарихын білмейтін адамдар дербес Украина мемлекетін ресми жария етуге әрекеттенгені үшін бүкіл соғыс бойына фашистердің зынданында отырып келген адамға фашист деген пікірді таңып отыр. Әрі қарай комментарий бермей-ақ қоюға болады деп ойлаймын.
Олар, украиндықтар қандай? Қарапайым адамдар. Сіздің қасыңызда өмір сүріп жатқан жандар секілді. Сіздің әріптестеріңіз, көршілеріңіз, достарыңыз, туыстарыңыз секілді. Бізде де сол құндылықтар мен адамгершілік, моральдық нормалар бірдей. Біз өз отбасымызды бағалаймыз, Отанымызды сүйеміз, өз ата-бабаларымыздың, соның ішінде екінші дүниежүзілік соғыста қаза болғандардың (бұл әрбір украиндық отбасына қатысты шығар) рухын құрметтейміз. Өз халқымыздың және елімізде тұратын бүкіл ұлттың дәстүрін құрметтейміз, мәдениетін сақтаймыз. Біз ашық, қонақжай жандармыз. Еркіндікті, тәуелсіздікті сүйеміз және басқалардың еркіндігі мен тәуелсіздігін құрметтейміз. Біз де сіздер секілді бейбітшілікті қалаймыз, жақындарымыздың дені сау, балаларымыз бақытты болып, молшылықта өмір сүруге мүмкіндік беретін жұмысымыз болса дейміз.
Сіздерге бейбітшілік, жақсылық тілеймін, жерлестер!
Өркендей беріңіздер!
Андрей ГАВРИКОВ,
Украина