Атырау, 26 желтоқсан 15:50
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Индерліктер жылусыз қалуы мүмкін

2 416 просмотра

Индербордағы көп қабатты үйлер

Жаздай су зардабын тартқан индерліктер енді жылу проблемасын бастан кешіріп отыр. Жылумен қамтушы «ИндерКомСервис» КМК болса дәрменсіз борышкерге айналатын түрі бар. Қаптаған қарыздың астында қалған кәсіпорынның жағдайы қалай болатынын ешкім айта алмайды. Ал он бес күннен кейін жылу беру маусымы басталмақшы...

БИЫЛ ЖЫЛУ БОЛА МА?

Қазір жұртшылық көкейінде осы сұрақ тұр. Өйткені әлі күнге жылу берушілер тұрғындармен келісім-шартқа отырмаған.

 - Енді жиырма шақты күнге жетер-жетпес уақытта жылу беру маусымы басталмақшы. Бірақ әлі күнге дейін ешкім есігімізді қағып, келісім-шарт парағын әкелген жоқ. Мүмкін жылу тарифы да өсіп жатыр ма, кім білсін. Біз бәрінен хабарсызбыз. Кейбір тұрғындар жылудан бас тартып жатады, оның пәлендей себебі жоқ емес, батареялар қалыпты жылуды көрсетпейді, жылымшы бірдеңе. Біз қанша жылу қазандығы операторларынан сұрасақ жөнді жауап бермейді. Бірақ жылудан бас тартпаймыз. Бұған дейінгі қақаған қысты күндері қосымша газ плитасын қосып, ептеп-септеп шығып келеміз, - дейді Баян есімді келіншек.

«Ауырғанын жасырған өледі» демекші, осы күнге дейін жылу жайы неге шешілмей отыр? Әбден күздің суығы түсе бастағанда  барып проблемаларды тізбектеудің қажеті қанша екеніне жұртшылық дал. Сонымен биыл жылу бола ма?

 

«ОНЫ МЕН АЙТААЛМАЙМЫН»

Жылу беруші «ИндерКомСервис» КМК бастығының  басы қатып отыр екен.

- Бұдан екі жыл бұрын қомақты қаржы бөлініп, сегіз жылу орталығының жабдықтары түгел жаңартылды. Биыл да біз қарап қалмай, жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтадық. Жылу қазандықтары жылу беруге дайын отыр. Бірақ, газ бен токқа бережақ өтелмегесін пломбылап кетті. Рұқсат алмай біз жылу бере алмаймыз, - дейді «ИндерКомСервис» КМК бастығы Асқар ТҰРСЫНҒАЛИЕВ.

 - Қарыздар соншалықты көбейіп отыр ма?

- Жетеді.

КМК бастығының алдымызға тастаған бережақ қағаздарына көз жүгірткенде, мыналар назарға ілікті. Мәселен, «Облтрансгаз» КМК - 5 млн. 234 мың, «Атырауэнергосату» ЖШС-не 211 мың, әлеуметтік салыққа 162 мың, еңбекақыға 704 мың теңге, бұдан басқа берешектерді қосқанда 7 млн. 864 мың теңге қарызға батып отыр. Ал алажақ 1 млн. 274 мың теңгені құрауда. Сонда кәсіпорын 6 млн. теңге бережағын қалай өтемекші?

 Бұл соңғы екі жылда жылу беру маусымы кезіндегі берешектер. Биыл тағы қарыздарға белшеден батайын деп отырмыз. Газшыларды жазғырмаймын, олар қашанғы өтеусіз газ бермекші. Егер КМК осы қалыпта тұра берсе банкрот болуы ғажап емес. Осы себептен биыл жылу беру қалыпты уақытта басталады деу бекер. Құрылтайшымыз аудандық әкімдік. Мүмкін олар тығырықтан шығудың жолын айтып, мәселені шешер. Біз бұдан бұрын кәсіпорынның қиын қалін айтып, аудандық әкімшілікке бірнеше рет хаттар жібердік. Олар жағдайды біледі. Сіз соларға барыңыз, - дейді КМК бастығы А. Тұрсынғалиев.

Жылу орталықтары құлыптаулы. Одан әрі аудан әкімдігіне барғанбыз. Қарауыл аудан әкімі Жангелді Рахметқалиевтің жоқ екенін айтты. Коммуналдық мәселелерге жауапты аудан әкімінің орынбасары Асылбек Сарсенғалиев сот процестеріне байланысты (ҚР ҚК 314 бабы бойынша қылмыстық іс көтеріліп сотпен аяқталған болатын. Л.Қ.) жұмыстан кетіпті. Оның орны бос тұр. Ал екінші орынбасары Әлифолла Балахметовке кіру оңай болмады, қарауыл жалпы бөлімге сілтеді. Сөйткенше болмай өзі де төменге түскен Балахметовтен жай жапсарды сұрағанбыз. Айтуынша, ресми кездесуге асыққан әкім орынбасары «бұл мәселе уақытында шеші-леді ғой» дегеннен басқа ештеме демеді.

Біз ертесіне аудан әкімінің қабылдау бөлмесіне бірнеше рет телефон шалдық, хатшы қыз «жиналыс болып жатыр» деп жауап берумен болды. Ал аудан әкімі Ж. Рахметқалиев ұялы телефонын көтермеді. 

Индербордағы жылу орталықтарында өлі тыныштық

«ҚОСЫЛҒЫШТАРДЫ ӨЗГЕРТКЕНІМЕНҚОСЫНДЫ ӨЗГЕРМЕЙДІ»

«ИндерКомСервис» КМК қазіргі жағдайы математикалық теңеуге тұрарлық. Бұл КМК-ға қатысты аудан әкімі Ж. Рахметқалиев дәрменсіз борышкер есебінде 2010 жылдың күзінде банкротқа жіберу жөнінде шешімін шығарған еді. Бірақ жылу беру маусымы тақалып қалғасын аудан әкімі өзі шығарған шешімнің күшін өзі жойған болатын. Бірақ бұдан кейін де жағдай өзгеріп кеткені шамалы, кәсіпорын қаптаған қарыздың астында қалып қойды. Бұрын тұрғындар төлемақы төлемейді деген жаттанды жауаптарды еститінбіз, ол берешектерді сот арқылы өндіргеннің өзінде қарыздарды жаппайтыны анық болуда. Тұрғындар мардымсыз жылуға ақы төлегісі келмейді. КМК-дан алынған 2011 жылғы 1 сәуірдегі ақпарға көз жүгіртсек, поселке басындағы көпқабатты 14 үйдің 834 пәтер иелері жылу алуы тиіс. Соның 596 пәтер иесі келісім-шартқа отырса, 110-ны одан бас тартқан. Ал 28 пәтер тұрғындары батареясын алып тастапты. Және жиырма сегіз пәтер иесі келісім-шартқа отырмай, жылу ақысын төлеген. Тұрғындардың келісім-шартқа отырмау себебі неде? КМК бастығы А. Тұрсынғалиевтің мәлім-деуінше, оның басты себебі дұрыс жылу болмағандықтан көрінеді.

Еске сала кетсек, облыс әкімдігінде қысқа әзірлікке байланысты бірнеше рет селекторлық кеңес өткенін екінің бірі біледі. Бір ғажабы, Индербор поселкесіндегі қазіргі қиын жағдай ауызға алынған емес.  Айтылып жатқан ақпар бойынша бәрі дұрыс. Сонда бұл көзбояушылықтың кімге пайдасы бар? Жаздай ауыз су азабын шеккен  индерліктер енді жылусыз қалмақ па?

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

29 қыркүйек 2011, 02:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.