Атырау, 29 наурыз 04:30
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Келісімді жоба

3 808 просмотра

Image 0Мамыр айында Мәжіліске «ҚР Экологиялық кодексіне өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы» Заң жобасы түседі. Осы мәселе «ТШО» ЖШС бас кеңсесінде өткен құқықтық конференцияның бас тақырыбы болды.

Баяндамашы, ҚР энергетика министрлігінің мұнай және газ кешендерінде экологиялық реттеу комитеті төрағасының орынбасары Берік БИМҰРАТОВТЫҢ айтуынша, заң жобасында табиғатты пайдаланушылардың кейбір ұсыныстары көрініс тапқан.

Атап айтсақ, қалдықтарды уақытша сақтау мәселесінде оларға жеңілдіктер жасалды. Қолданыстағы Экологиялық кодекске сәйкес, қалдықтарды сақтау мен жерлеу қоршаған ортаға зиянды заттар шығарғаны (эмиссия) үшін ақы төлеу белгіленген қалдықтарды «орналастыру» болып есептеледі.

- Заң жобасында «қалдықтарды уақытша сақтау» түсінігі енгізіледі, ал бұл орналастыру болып табылмайды және бұл үшін ақы төлеудің қажеті жоқ. Дегенмен, уақытша сақтау мерзімі бір жылдан аспауы керек. Бұл өзгерістер бұрғылау жұмыстарымен айналысатын жер қазбаларын пайдаланушылар үшін маңызды, өйткені олар бұрғылау алаңына шығарылған, өңдеуші компания әкетіп үлгермеген бұрғылау шламдары үшін айыппұл төлеуге мәжбүр, - деп атап өтті Бимұратов.

Жаңа заң жобасында қоршаған ортаға рұқсатты шектеуден тыс зиянды заттар бөлуге әкеліп соқтыратын технологиялық ақаулар тақырыбы да көрініс тапты. Энергетика министрлігі өкілінің айтуынша, бұл эмиссиялар үшін айыппұлдар мен үлкен салықтар салынбауы керек:

- Бұл кезеңде технологиялық ақаулардың жалпы критерилерін түсіну керек, талдау мен позицияларды жақындату жүріп жатыр. Бұл жерде газ өңдеуші кәсіпорындарды іске қосу және қолдану бойынша қазақстандық және шетелдік тәжірибелерді есепке ала отырып жасалатын сараптамалық қорытынды қажет.

Жер қазбаларын пайдаланушылардың ең өзекті мәселесі – экологиялық заңнамаларды бұзғаны үшін «үш жақты жауапкершілік» туралы мәселе де қозғалды.

Бірінші аспект – салықтық. Атап айтсақ, қолданыстағы заң жергілікті өкілетті органдарға Салық кодексі белгілеген мөлшерлемені 20 есеге дейін көбейтуге құқық береді.

- Сонымен қатар, Салық кодексінің 495-бабы 10-тармағында қоршаған ортаға белгіленген нормативтерден артық зиянды заттар шығарғаны үшін он еселенген төлем мөлшерлемесін қолдану да қарастырылған, - дейді Бимұратов.

Оның айтуынша, мемлекеттік органдар бұл тармақтарды алып тастау бюджет түсімдеріне әсер етеді деп алаңдауда. Энергетика министрлігі екі жаққа тиімді шешім ұсынады – қоршаған ортаға зиянды заттар шығарғаны үшін заңбұзушылықтың дәрежесіне қарай төлем мөлшерлемерін саралап арттыруды белгілеу керек. Эмиссия нормативтерін 10%-дан аспайтын дәрежеде арттырса, мөлшерлемелер 2 есе көбейтіледі, 50%-дан аспайтын дәрежеде - 3 есе, 100% – 5 есе, 100% және одан да көп болса – 10 есе.

Әкімшілік жауапкершілік турасына келсек, жер қазбаларын пайдаланушылар әкімшілік айыппұлды толықтай алып тастауды немесе оны эмиссия үшін төлем мөлшерлемесінің 10 еселенген көлемінде емес, АЕК негізінде есептеуді ұсынады. Алайда мемлекеттік органдар мен парламент депутаттары бұл ұсынысқа қарсы.

«Үш жақты жауапкершіліктің» үшінші аспектісі – азаматтық-құқықтық. ТШО, Бимұратовтың айтуынша, бұл мәселеде Экологиялық кодекстен жанама әдістерді қолдану мүмкіндіктерін алып тастап, шығынды өндірудің тікелей әдісін ғана қолдану керек деген берік ұстанымда отыр.

Естеріңізге салсақ, тікелей әдіс бойынша қоршаған ортаны қалпына келтіруге қажетті нақты шығындар анықталады. Шығынды бағалаудың жанама әдісі тікелей әдіс қолданылмайтын жағдайларда қолданылып, климаттық баланстың бұзылуы, жануарлар санының азаюы, табиғи ресурстардың сапалық сипаттамаларының нашарлауы және т.б. сияқты көптеген факторлар есептеледі.

Мемлекеттік органдардың ұстанымы да бекем: заңнамлардан экологиялық шығындарды бағалаудың жанама әдістерін алып тастауға мүлдем болмайды.

Мемлекеттік органдар, сондай-ақ, табиғатты пайдаланушылардың эмиссия төлемдерін мемлекеттік бюджетке емес, тек қоршаған ортаны қалпына келтіру іс-шараларына ғана аударайық деген ұсыныстарымен де келіспейді. Мемлекеттік бюджеттің басқа да шығындар баптары жеткілікті...

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген автор

22 сәуір 2015, 11:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.