Атырау, 26 сәуір 01:52
 ашықВ Атырау +25
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

​«Дағдарыс ширатады»

3 895 просмотра

Image 014 сәуірде «Атырау» спорт кешенінде «Атырау Мұнай және Газ» (Atyrau Oil & Gas) және «Құрылыс» (Atyrau Build) деп аталатын екі халықаралық Солтүстік-Каспий өңірлік көрмесі өз жұмыстарын қатар бастады.

УДМУРТИЯ СЕРІКТЕСТІККЕ ӘЗІР

«Atyrau Build» көрмесінде Әзірбайжаннан, Белоруссиядан, Қазақстаннан, БАӘ-ден, Ресей мен Түркиядан 30-дан астам компания; «Atyrau Oil & Gas» көрмесінде – Австриядан, Әзірбайжаннан, Ұлыбританиядан, Германиядан, Даниядан, Канададан, Қытайдан, Нидерландыдан, Ресейден, Түркиядан, Швейцария мен АҚШ-тан 85 компания таныстырылған.

Сонымен қатар, Удмуртия Республикасы мен Нидерланды Корольдігінің ұжымдық ұлттық стендтері қойылған. Ұйымдастырушылар, қазақстандық Iteca көрме компаниясының өкілдері атап өткендей, әлемдегі қиын экономикалық ахуалға қарамастан, биыл көрмеге қатысушы елдер санының көбейгендігі байқалады. Бұл халықаралық компаниялар тарапынан Атырау өңірі мен осы жердегі бизнесті дамытуға деген қызығушылықтың жоғары екендігін көрсетеді.

Ресми бөлімді Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ, Нидерланды Корольдігінің ҚР-дағы елшісі Ханс ДРИССЕР, сонымен қатар, Удмуртия Республикасы үкіметінің төрағасы Виктор САВЕЛЬЕВ ашты.

Ғ.Дүйсембаев атап өткендей, Атырау облысында 900-ден астам компания табысты жұмыс істеуде:

Бүгінгі күні құрылыс индустриясы басымды бағыттардың бірі болып табылады. Елбасы бастамашылық еткен «Нұрлы жол. Болашаққа бастар жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде өңірдегі құрылыс саласына озық технология қолдану көзделген бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылатын болады. Бұл тұрғыда экспозицияларды біздің компаниялар жабдықтауға қабылдап алады деп ойлаймын.

В. Савельевтің айтуынша, Удмуртияны біздің өңірмен айтарлықтай ұзақ қарым-қатынас байланыстырып отыр екен:

2013 жылы біз осы жерге Халықаралық «Атырау Инвест» форумына келдік. Ынтымақтастық туралы ұзақ мерзімді меморандумға қол қойдық. Удмуртия республикасы ірі мұнай-газ өндіруші өңір болып табылады. Бүгінгі күні біз 11 млн тоннадай мұнай өндіреміз, бізде мұнай-сервис жабдықтарын шығаратын 60-тан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Қазіргі көрмеде 14 кәсіпорын таныстырылған.


ГОЛЛАНДЫҚ ФАКТОР

Х. Дриссер өз сөзінде Нидерландының өте маңызды энергия жеткізуші, соның ішінде Батыс Еуропа үшін газ жеткізуші болып табылатынын атап өтті. Бұдан басқа, ірі голландық компаниялар Қазақстандағы энергетика секторын дамыту үшін маңызды рөл атқарады. Көрмеде осындай 13 компания таныстырылған.

Біз Ханс Дриссер мырзаға бірнеше сұрақ қойған едік.

– Халықаралық дағдарыс, сонымен қатар мұнай бағасы құлдырап жатқан кезде көрмеден не күтуге болады?

– Мұнай бағасының құлдырауы, әрине, Қазақстан экономикасына теріс әсерін тигізеді. Өйткені мемлекеттік бюджет аз түсім алады. Бірақ басқа да қыры бар: қазіргі ахуал компанияларды анағұрлым үнемшіл болуға мәжбүр етеді, оларды аз шығынмен жұмыс істеуге, сонымен қатар анағұрлым жоғары технологиялық салаға ауысуға ынталандырады. Бұдан басқа, баламалы энергетиканы дұрыстап қолға алу қажеттілігі туындады. Мұның бәрі - Қазақстан экономикасын әртараптандыру үшін қосымша түрткі, келешекте мұнай бағасына азырақ кіріптар болуға мүмкіндік. Мен кеше осы жерде полиэтилен мен полипропилен өндірісі бойынша зауыттар салынған арнайы экономикалық аймаққа бардым, экономика дәл осыған мұқтаж болып отыр. Голландық компаниялар осы мәселеде ынтымақтасуға әзір, мұны түптеп келгенде біз Атырауда жүзеге асырып жатырмыз.

– Атырауда голландық қанша компания жұмыс істейді және қазақстандық экономикаға салынатын инвестиция көлемі қандай?

– 20-дан астам компания. Өткен жылы инвестиция көлемі, шамамен, 8-9 млрд доллар болатын. Бір жылдары біз нөмір бірінші инвестор, тағы бір жылдары нөмір екінші болғанбыз. Цифрлар жоғары немесе төмен болуы мүмкін, бірақ голландық кәсіпорындардың сіздің еліңізге деген қызығушылықтары зор. Бұдан басқа, тәжірибе, технология алмасу және білімімізбен бөлісу - бұл инвестиция көлеміне қарағанда анағұрлым маңызды.


ҚИЫН-ҚЫСТАУ КЕЗЕҢДЕГІ КРЕАТИВ

Шетелдік көрмеге қатысушылармен болған әңгімеден олардың көпшілігінің орныққандығы және халықаралық дағдарыс жағдайында мұнай өндіруші компаниялардың болжамдарына жауап беруге әзір екендігі аңғарылады. Бұл туралы голландық Damen кеме жасау алыбының өкілі Малика ТӘКІБАЕВА (суретте) былай дейді:

– Біздің мұнай-газ секторына тікелей қатысымыз жоқ. Дегенмен де, бұл ахуал бізге де әсерін тигізеді: әлдебір ұзақ мерзімді тапсырыстар мерзімі бойынша кейінге қалдырылады немесе мерзімі азайтылады, оңтайланады. Біз, әдетте, жағдайды түсінеміз, өйткені кім икемді әрекет етсе, тапсырысты сол алады. Дүние жүзіндегі компаниялар үшін қазір қиын-қыстау уақыт, ол анағұрлым креативтік тәсілді қажет етеді, біздің тапсырыс берушіміз қаржысын қалай үнемдеп, сапалы қызметке қол жеткізе алатынын ойластыруға мәжбүрлейді. Дағдарыс, айталық, ширатып, қамшылап отырады, бұл тұрғыда тіпті біздің тапсырыс берушілерімізге көмегін тигізеді. Екінші жағынан, әрине, ол, әсіресе мәселелерді стандартты шешу шеңберінен аспайтын компанияларға қиындық келтіреді.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген автор

15 сәуір 2015, 14:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.