Атырау, 29 желтоқсан 05:58
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Үрей туғызған пандустар

6 539 просмотра

- Бірнеше жылдан бері арбада билеп келемін. Ал біздің пандустардың арқасында кешікпей спорттың экстремалды түрін меңгеріп алатын шығармын, - деп мұңдана әзілдейді Асылай Ақбергенова. Мүгедектер жалпы осы ахуалға әзілмен қарауға тырысады. Егер шындығына келсек, жобалаушылар мен құрылысшыларды мүгедек арбасына отырғызып қойып, ресми есептемелерде «пандус» деп аталатын биіктіктен төменге қарай түсіріп жібергің-ақ келеді. «Ой, олар онда мертігіп қалады ғой!» – деп қояды Асылай. Ал оның өзі ше?

«БӘРІНЕ ШАҒЫМ ЖАЗЫҢЫЗ!»

Ал Әкімшілік кодекстің 87-1 бабында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы заңнама сақталмаған жағдайда лауазымды тұлғаға 20-дан 40 АЕК-ке дейін, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектісі боп табылатын заңды тұлғаға 70-тен 200 АЕК-ке дейін, ірі кәсіпкерлік субъектісі боп табылатын заңды тұлғаға 200-ден 400 АЕК-ке дейін айыппұл салу қарастырылған. Ал «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заңның 14-бабы олардың әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына кіру мүмкіндігімен қамтамасыз етілуге құқығы бар екендігі айтылған. Осылайша, пандустардың жоқтығы немесе олардың лайықты сапада болмауы заңды бұзу боп табылады.

Бақылау халықты әлеуметтік қорғау саласындағы өкілетті органның құзырына жатады. Бұл туралы газетімізде таяуда сұхбат берген мүгедектердің республикалық желісінің жетекшісі Қайрат ИМАНАЛИЕВ айтқан еді («АЖ», 15.09.11 жылғы №37 санынан қараңыз – «Мүгедектік – үкім емес»). Ол ірі айыппұлдар салынса, құрылысшылар пандустардың орнына тік сырғанақ төбешіктер салу ынтасынан тез айырылады деп сенеді. Бар мәселе бізде ешкімнің де заңның сақталуын қадағалауға ұмтылмайтындығында.

«Мемлекеттік меншік нысанын салу кезінде жұмыс комиссиясы құрылады. Оған біздің мемлекеттік инспекторлар да кіреді. Оның құрамында мен де бармын. Ғимарат жобасын Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы бекітеді. Оның мамандары барлық құрылыс нормалары мен ережелеріне сай келе ме, соны тексереді. Мүгедектер туралы заңнама бұзылған жағдайда айыппұл салынады», - деп атап өтті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаменті бастығының орынбасары Салауат ИШАЙ. Алайда бізде неліктен заң бұзушылардың еш жазаланбайтындығы және қалада неліктен қолайсыз пандустардың көп екендігі туралы сұрақ шенеунікке қатты тиген секілді.

-  Егер сіз қандай да болмасын заң бұзушылық көрсеңіз, бізге шағым түсіріңіз!

- Неліктен жеке-жеке жағдай бойынша шағым жазу керек? Егер бізде қаламызда дұрыс пандустар саусақпен санарлық болса, қалған басқа пандустар үшін құрылысшылардың бәрін жауапкершілікке тарта беруге бола ма?

-  Ендеше, бәріне де шағым жазыңыз!

-  Ал бұл сіздің жұмысыңыз емес пе?

Соңғы сұрақ Ишай мырзаның әбден ашуына тиген секілді. Ол маған ақыл айтқыңыз келіп отыр ма деп тұтқаны лақтырып тастады.

ӘКІМШІЛІК ҒИМАРАТТАРҒА...

Шағым керек болса, ендеше шағымданайық. Бізде әр аттаған сайын заң бұзушылықтар орын алып жатады. Арбаға таңылған мүгедек жан өздігімен театрға, сотқа, халыққа қызмет көрсету орталығына, сауда орталығына, дәріханаға бара ала ма? Жоқ.

Асылай АҚБЕРГЕНОВА «Инва-такси» қызметінде диспетчер боп қызмет істейді. Мүгедектердің көбінесе қайда баратынын ол жақсы біледі. Олар емханаларға, ауруханаларға, әкімдікке және «Нұр-Отан» партиясының кеңсесіне жиі барады. «Мен өзім де шаруаларым болып, «Нұр-Отанға» барғанмын. Кіші өнер академиясының жанындағы кеңсеге көтерілу мүмкін емес екен. Ол жерде екі баспалдақ бар, бірі Кіші өнер академиясының алдындағы алаңға апарса, екіншісі тікелей ғимаратқа әкеледі. Пандус жоқ. Сәтбаев көшесіндегі басқа кеңсесінде пандус бар, бірақ ол өте тік болып, тегіс плиткамен жабылғандықтан, оған тіпті басқа адамдардың көмегімен де көтерілуге тәуекел ете алмадым. Арбам аударылып қалар еді. Сөйтіп, хатшыны көшеге шақыртуға тура келді», - деп әңгімеледі ол.  Асылай облыстық әкімдіктің қабылдауына да барыпты. Бұл жердегі пандусты құрылысшылар әдемі материалмен салған. Бірақ онымен жүру қолайсыз екен. Ғимараттағы лифт ыңғайлы, бірақ оған дейінгі бірнеше басқыштан мүгедек тек күші бар бірнеше ер адамдардың көмегімен ғана өте алады екен. 

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі департаментінен комментарий ала алмайтынымды түсініп, тікелей мүгедектер баруға ұмтылатын ғимараттардың қожайындары мен арендаторлардың өздерімен хабарластым. «Нұр-Отан» халықтық-демократиялық партиясы филиалы төрағасының орынбасары Кеңес ҚОСЫБАЕВ мүгедектердің талаптарына түсіністікпен қарады. «Ғимараттың іргетасы шынымен де өте биік. Ғимарат алдындағы алаңға арбамен Студенттер даңғылы жақтан көтерілуге болады, ол жердегі шығар жол сондай жатық. Мүгедектерге арналған арнайы пандус бізде қарастырылмаған. Бірақ біз бұл мәселені шешетін боламыз. Ал әзірге мүгедектерге өздерінің келетіндігі туралы алдын ала хабарлауға кеңес беремін. Сонда оларды біздің партияның жастар қанатындағы жігіттер қарсы алып, көтерілуге көмектесетін болады. Күн сайын біздің қабылдауымызға 18-20 адам келеді. Мен өзім 27 шілдеден бастап 159 келушіні қабылдадым, олардың ішінде мүгедектер болған жоқ».

Ал «Нұр-Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік БАЙМҰҚАШЕВ былай дейді: «Ғимарат біздің иелігімізде емес. Біз оны жалға алған кезде пандус осындай күйде болды. Біз қала басшылығының алдына осы мәселені қойдық. Біздің тереземіздің алдында жаңа ғимараттың құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның аумағын абаттандыру кезінде бізге пандусты қайтадан, анағұрлым еңіс етіп жасап беретін болды».

Тағы бір өте қажетті, бірақ мүгедектер үшін қолжетімсіз нысан – АХАЖ жанындағы Баймұханов көшесінің бойында орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығы. Ол жерге Асылаймен бірге бардық. Ғимаратқа баратын жалғыз ғана қолайлы жолға әлдебіреу көлігін қойыпты. Жобалаушылар кіретін жолды жиекпен әдейі жаппаған, ал біреу болса, ол жерге көлігін қойған. Асылайға көмек сұрауға тура келді. Дегенмен, бөгденің көмегімен де сырғанақ пандус арқылы ғимаратқа кіре алмады. Ал ол жерде ғаріп жанды биік табалдырық түріндегі жаңа кедергілер күтіп тұрған еді.

«Ғимарат бұрын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің балансында болды. Ол жақында ғана біздің құзырымызға ауысты. Біз жөндеу жұмыстары қажет екендігін талқыға салдық. Бізге мүгедектер шағымданған емес. Бірақ егде жастағы адамдар арызданған болатын. Оларға тайғақ кафель арқылы көтерілу қолайсыз екен. Кірер ауызды қайта жасатуды жоспарлап отырмыз, тек қаржы бөлсе болғаны», - дейді облыстық әділет департаменті бастығының орынбасары Игілік ӘУБӘКІРОВ.

…ЖӘНЕ САУДА ҮЙЛЕРІНЕ КІРУ МҮМКІНДІГІ

«Мен сол жақ жағалауда тұрамын. Бұл жерде түрлі дүкендер көп, бірақ мен олардың бірде біреуіне кіре алмаймын», - деп әңгімелейді І топ мүгедегі Гүлназ ҚОСМҰРЗИЕВА. Темір жол вокзалының жанындағы «Лимон» сауда үйіне барған кезде бұған көз жеткіздік. Кірер ауызда пандус атымен жоқ. Ал басқыштардың қолайсыз болғаны сондай, фототілшімен екеуміздің көз алдымызда оған бір егде әйел адам тайып кетіп, құлап қалды. Бірінші қабаттан екінші қабатқа көтерілетін баспалдақ жанында тік биік төбешік бар. Оны сатушылар жоғарғы қабаттан тауарларды сырғанатып түсіру үшін пайдаланады екен. Дегенмен де, барлық супермаркеттер мен сауда үйлерінде пандустарды осылай пайдаланады. Онымен арбаға салып, тауар тасыған ыңғайлы. Ал арбамен бөгденің көмегінсіз көтерілу мүмкін емес.

«Лимон» әкімшілері сауда үйіне тек бір рет қана арбадағы мүгедектің келгені естерінде қалғанын әңгімеледі. Әрине, ол «пандуспен» көтерілмеген, оны екінші қабатқа күзетшілер жеткізіпті. Ал комментарийді директоры Қанзила Қуанышевадан сұрауға кеңес берді. Алайда біз онымен сөйлесе алмадық. «Сіз екінші қабатқа осы төбешікпен, тіпті мүгедек арбасынсыз көтеріле алар ма едіңіз?» деген сұрақты естіген ол реніш білдіріп, «Мені айыптап отырсыздар ма?» деп, тұтқаны лақтыра салды. Екі түрлі адамның реакциялары бірдей болып шықты.

«Адал» сауда үйі қаланың қақ ортасында орналасқан. Оның кіретін бірнеше жері бар, пандустары еңіс, бірақ ғимарат қабырғасына өте жақын орналасқандықтан, сүйенетін таяныштары жоқ. «Біз осы туралы арнайы сұрағанбыз. Құрылысшылар пандустардың барлық нормаларға сай екендігіне сендірді. Бір ананың арбадағы мүгедек баласын біздің пандуспен өткізгенін өзім көрдім. Енді қабаттар аралығына қолайлы пандустарды қалай орнатсақ екен деп ойластырып жатырмыз. Бұл мүмкін бе, соны жобалаушылармен кеңесуіміз қажет, - дейді сауда үйінің әкімшісі Гуля НҰРСАЯТОВА.

ҮТІР-НҮКТЕСІНЕ ДЕЙІН ЖАЗЫЛҒАН

Мүгедектердің өздерін қолайлы сезінетін және бөгде біреулердің көмегінсіз қозғалып жүре алатын жерлері өте аз. «Атырау» сауда-ойын-сауық кешеніне оңай көтерілуге болады (ондағы есіктердің де табалдырығы жоқ). Әуежайда да еркін қозғалуға болады. Бірақ ондағы елеулі кедергі – басқыш. Онда мүгедекті көтеріп жүруге тура келеді. №1 емхананың пандусы жақсы, алайда ондағы кірер есіктің табалдырығы биік. Тіпті одан өткен күнде де, тіркеу бөлімінен әрі қарай аса алмайды. Бірінші қабаттың едендері екі деңгейлі. Жоғарғы деңгейге көтерілетін пандус биік. Ол біздің қаладағы сән бойынша плиткадан жасалған. Алмагүл ықшам ауданындағы жаңа емхана пандусының көлбеу бұрышы жақсы. Бірақ таяныштар арасындағы қашықтық өте үлкен. Жаңа перзентхана пандусы биіктеу.

Мүгедектер облыстық аурухананың консультативтік-диагностикалық орталығының пандусын мақтайды. Егер кірер есіктің биік табалдырығы болмаса, бестік деген баға қоюға болар еді. Оңалту орталығының пандусы мүгедектерге мүлдем ұнамайды. «Ол өте кең. Негізі біз таяныштан екі қолымызбен ұстау арқылы көтерілуге тиіспіз. Бірақ олардың алшақтығы сондай, қолдарымыз жетпейді. Пандустың қақ ортасына жинақы таяныш орнатса жақсы болар еді. Сонда ол екі жақты болып, бізге де оңай болар еді», - дейді мүгедектер. «Қызық екен, бірақ маған ешкім де мұндай шағыммен келген жоқ, – деп таң қалады оңалту орталығының жетекшісі Имантай ХАРЕСОВ. – Бізде еліміздегі алғашқы оңалту орталығының типтік ғимараты салынды. Жобаны астаналықтар арнайы талаптардың барлығын ескере отырып жасақтаған. Жөндеу кезінде келушілеріміздің тілектерін ескеретін боламыз. Ақшаға қатысты проблема болмайды деп ойлаймын. Бастысы – жобалаушыларға өзгерістерді мақұлдатып алуымыз керек».

Жобалаушылар қарсы болмайды, өйткені құрылыс нормалары мен ережелерінде мүмкін-діктері шектеулі азаматтар үшін қоғамдық ғимараттың қолжетім-ді болуы үшін арнайы тұтас тарау бар. Онда пандустарға қойылатын талаптар ғана емес, «өзінен» және «өзіне қарай» есікті ашу кезінде есік алдында арба айналу үшін қанша кеңістік болуы тиіс екендігі көрсетілген.

Ғимаратта мүмкіндіктері шектеулі жандарға арналған кіретін жері біреуден кем болмауы, сондай-ақ, осы ғимаратпен жалғасқан жерүсті және жерасты өткелдері болуы тиіс.

Есік ойықтарында табалдырықтар мен деңгей айырмасы болмауы тиіс. Қажет болған жағдайда табалдырық биіктігі мен деңгей айырмасы 0,025 м-ден аспауы керек. 90 градусқа бұрылған кезде кресло-арба үшін кеңістік көлемі 1,4х1,4 м-ден, ал 180 градусқа бұрылған кезде 1,4х1,5 м-ден кем болмауы тиіс. Пандустың ені біржақты қозғалыс кезінде 1 м-ден кем болмауы, ал екіжақты қозғалыста 1,8 м-ден кем түспеуі керек. Қозғалыс жолындағы барлық бойлық ылдилар пандустар үшін рұқсат етілген тиісті параметрден аспауы тиіс.

Пандустың бір көтерілу биіктігі 8% ылдида 0,8 м-ден аспауы керек. Еден биіктігінің деңгей айырмашылығы 10% дейін артқанда 0,2 м және одан кем мөлшерде болуға рұқсат етіледі. Пандустардың екі жағына бойлай, сондай-ақ барлық деңгей айырмасының биіктігі 45 см-ден көп болғанда тұтқасы бар қоршау орнату қажет.

СОТҚАРҒА АРНАЛҒАН ЭКСТРИМ

Сол күні бүкіл қаланы дерлік айналып шықтық. Жер-жерде тік, тайғақ плиткалармен жабылған пандустар мен сәнді пластик есіктердің биік табалдырықтарымен бетпе бет келдік. Алайда жаңа «Көркем» ықшамауданындағы пандустар біздің қатты таң қалдырды. Кез-келген Атыраудың тентегі қысты күні осындай тік биіктіктен төмен қарай сырғанауға тәуекел ете алмас еді. Ал ресми есептемелерде бұл ауданға «мүмкіндіктері шектеулі жандар үшін кіру мүмкіндігі қамтамасыз етілген» деген белгі салынған...

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген В. Истомин

29 қыркүйек 2011, 00:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.