Атырау, 27 сәуір 02:31
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Жұмыртқа да, трикотаж да, тұздалған өнімдер де болады

5 138 просмотра

Image 08 сәуірде «Алмалы құс» ЖШС құс фабрикасына аналық тауықтың 63 мың дана алғашқы партиясы келді. Ал 20 сәуірде жұмыртқаның бірінші партиясы күтіліп отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің Атырау бөлімшесінде болған баспасөз конференциясында «“Атырау" ӘКК ҰК» АҚ басқарма төрағасы Абат ТАСИМОВ хабарлады.

КЕПІЛДІК – 100 ПАЙЫЗ

Қуаттылығы жылына 30 млн дана жұмыртқа шығаратын құс фабрикасы өткен жылдың желтоқсан айында Алмалы ауылында ашылған болатын. Бұл «Атырау» ӘКК (49%) мен «Жігер» шаруа қожалығының (51%) бірлескен кәсіпорны. Сонымен қатар, А. Тасимовтың айтуынша, жалпы сомасы 11,8 млрд теңге болатын бірнеше инвестициялық жобаларды жүзеге асыру басталады, олардың көпшілігі агроөнеркәсіптік кешен саласында болады. Бұл сүт-тауар фермасының қуаттылығын 1 000 бас ірі қараға дейін кеңейту және оның өнімділігін жылына 3 600 тонна сүт және 3 600 тонна сүт өнімдеріне дейін арттыру; Махамбет ауданында қуаттылығы жылына 2 626 тонна бройлерлік тауық етін өндіретін бройлерлік бағыттағы құс фабрикасы; Атырау қаласында түйе және қой жүнін бастапқы өңдеу бойынша өндіріс; Махамбет ауданында қуаттылығы жылына 2 640 мың дана жұмыртқа мен 2,4 тонна ет дайындайтын бөдене жұмыртқасы және еті өндірісі бойынша фабрика; қуаттылығы жылына 25 мың құты қалбырланған өнім мен 53 тонна көкөніс салаттарын шығаратын көкөніс өңдейтін және қалбырлайтын цех; жергілікті шикізаттан жасалатын трикотаж бен тоқыма бұйымдары фабрикасы. Бұл жобаларды жүзеге асыру 280 адамды жұмыспен қамтып, 200 млн теңгеден астам салық түсімдеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Қазір Италия мен Германиядан жабдықтар жеткізушілермен келіссөздер жүріп жатыр. «Баға мен сапа» қатынасы бойынша жеткізушіні таңдау жақын әзірде жүзеге асырылады.

Журналистердің сұрақтарына жауап берген «Атырау» ӘКК басшысы өткен жылы тұрақтандыру қорына өндірушілер тарапынан тауарларды жеткізуде олқылықтар орын алғанын айтып өтті. Іс сотқа дейін жетті.

- Биыл мұндай жағдайларға жол бермес үшін фьючерлік емес, форвардты шарттар жасаймыз. Форвардты шарттың фьючерліктен басты айырмашылығы, біріншісі – жеткізуші мен сатып алушы арасындағы биржадан тыс бір реттік мәміле, ал екіншісі – биржада жүзеге асырылатын мәміле. Бұл Ресей, Белоруссия өндірушілерімен бәсекелестікті реттеуге мүмкіндік береді, - дейді А. Тасимов. – Ал өзімізді сақтандыру үшін біз субсидия мөлшерін 100%-ға жабатын кепілзаттық қамтамасыз етуді енгіземіз деп шештік. Кепілзат ретінде жер телімі, үйлер, жабдықтар мен басқа да мүліктерді қабылдағаннан кейін кәсіпкерге соманың 70%-ы беріледі, ал қалған 30%-ы егінді жинап, тапсырғаннан кейін аударылады.

...БАЛАПАНҒА 120 ТЕҢГЕ

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Серік СӘРСЕКЕНОВ ауыл шаруашылығы мен асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа нормативтері туралы айтты. Бүгінде республикалық бюджеттен келесідей субсидиялар беріледі: асыл тұқымды отандық ірі қара, сондай-ақ Еуропадан сиырлар сатып алуға – 154 мың теңге, ТМД-дан әкелуге – 118 мың теңге, АҚШ пен Канададан – 235 мың теңге (сүтті тұқым) және 200 мың теңге (етті тұқым).

Мұндай субсидиялар басқа да мал түрлерін сатып алуға қарастырылған. Мәселен, қойға 8 мың теңгеден беріледі. Ал егер бұл шаруашылықта 600-ден аса аналық мал басы болса, әр қой үшін қосымша 1,5 мың теңге үстемақы (жылына 1 рет) қарастырылған. Жергілікті бюджетке келетін болсақ, өткен жылдың желтоқсанында мал азығына қосымша үстемақылар бекітілді. Мәселен, әр қой үшін 2 877 теңгеден (шаруашылықта мал басы 300-ден кем болмауы керек). Сонымен қатар, биыл өсірумен айналысатын шаруашылықтарға бір күндік балапандар сатып алуды субсидияландыру қарастырылған – әр балапанға 120 теңгеден. Бұл біздің құс фабрикаларына қатысты емес, өйткені олар тауар өндірушілер болып табылады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

13 сәуір 2015, 11:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.