Атырау, 28 желтоқсан 17:01
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Биші Назгүл ЖҮСІПОВА: «Арманы бар адам бақытты»

32 662 просмотра

Менің бүгінгі сұхбаттасым Атыраудың өнер сахнасында мың бұралған биімен көпшілік көрерменге танылып келе жатқан талантты хореограф Назгүл ЖҮСІПОВА. Ол  жуырда жеке шығармашылық концертін бермекші. Концерт қазан айының соңына таман Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрында өтеді деп жоспарланып отыр.

- Назгүл, би өнеріне қалай келдің?

- Өнерге ықпал еткен бірінші анашым болса, екінші танымал биші Шұғыла Сапарғалиқызы. Анам өнерге өте жақын адам. Атырау облысы, Қызылқоға ауданының тумасы. Өзі дирижер әрі домбырамен ән шырқайды. Отыз жылдан бері Көкшетау колледжінде ұстаздық қызмет атқарып келеді. Бұл колледжде хореография ансамблі бар. Анам сол ансамбльге мені сегіз жасымда қатыстырды. Ол кезде мен үшінші сыныптамын. Сонда мен студенттермен қатар билеп, сахнаға шығып жүрдім. Сол жылдары Шұғыла Сапарғалиқызының аты шыға бастады. Оның би мектебі бар екенін естіп, сонда  тәлім алуды армандадым.

- Сен сонда тікелей Шұғыла Сапарғалиқызының шәкірті екенсің ғой?

- Бірақ, ол кісі бізге дәріс берген жоқ. Бізге әуелі үш жыл оқуымызды бітіруіміз керек болды. Ал оның би мектебі бес жылдық еді. Бір қуанатыным, Шұғыла апай ең мықты деген екі бишіге, оның ішінде мен бармын, қытай халық биін үйретті. Ол бидің ерекшелігі – сегіз қырлы орамалдармен билеуінде. Оны айналдырғанда орамал қолшатыр секілді ашылып, әсемдік сыйлайды. Ал жалпы, мен Шұғыла би мектебінің алғашқы әрі соңғы түлегімін. Өкінішке қарай, ол мектеп қазір жоқ.

- Сонда қалай болды?...

- Астанадан ашылған Шұғыла би мектебі о баста-ақ Астана қаласының балаларына арналды. Би мектебіне қабылданар алдында бірнеше сыннан өттік. Елордадан туыстарды тауып, баспана да таптық, мектепті де ауыстырдым. Ал Шұғыла би мектебін бір күн де жібермеуге тырыстым. Мектепті бітіргенде сертификат беріледі деген. Бірақ, бесінші жылы оқып келе жатқанда сертификат болмайды, жәй оқып жатырсыңдар деген сыбыс шықты. Бұл мәселені біз оқушылар болып көтердік. Одан кейін Алматы хореография училищесінің директоры келіп, Шұғыла би мектебін Астанадан филиал ретінде ашқысы келетінін айтты. Біз мектепте басында жетпіс шақты бала болсақ, бітірерде он шақты қыз қалды. Училище директоры бізді Алматыға оқуға шақырды. Мен ең бірінші болып келістім. Өйткені, Астанада тұру өте қиынға соқты.  Алматыдағы училищеде халық билері бөліміне түстім. Үш жыл оқыдық.

- Өнер жолында өзіңе сенім ұялатқан қай байқауды ерекше атар едің? 

- 2008 жылы Алматы хореография училищесінде І-ші халықаралық «Өрлеу» байқауы өтті. Сонда Гран-при иегері атандым. Ұстазым Әубәкірова Зүлфия Ғалямқызы би қоюға дайындап, костюм табуға көмектесті. Бидің сәтті шығуы елу пайыз костюмге байланысты. Музыкасы тағы бар. Би қою қаражат тұрады. Көп жылдар оқысам да өзіме сенбейтін едім. Алматы хореография училищесі Азия елдері арасында мықты оқу орны саналады. Соның ішінде өткен халықаралық байқауда озық шыққанда барып, өз күшіме сене бастадым. Бұл байқауда Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдерден бишілер қатысты. Қазылар алқасында да Зәуірбек Райбаев, Болат Аюханов секілді атақты, мықты бишілер отырды.

- Репертуарыңда қанша би бар?

- Дәл қазір он шақты би бар. Көбіне қазақ ұлттық билері. Ұйғыр, өзбек, қытай, тибет, испан билері.  Сегіз кесемен билейтін ұйғыр биін дайындауыма ұйғыр театры бишілерінің жетекшісі Гүлнәр Саитова көмектесті. Ал «Сақ» биіне атауды Гүлмаржан апай  тапты.  Оның алғашқы атауы – «Ғасыр үні». Ал бұл биді Еділ Құсайынов ағамыздың музыкасына билеймін. Әзірше мен би орындаушы ретінде қалыптастым. Енді ғана би қоюды үйреніп жатырмын. Бірнеше билерімді жеке концертімде Атырау мұнай және газ институты жанынан құрылған өзімнің жетекшілігімдегі «Асыл мұра» ансамблі де билеп көрсетеді. Ансамбльдің құрылғанына қазан айында бір жыл болады. Бидің композициясын дайындаудың да өз бағасы бар. Мәселен, испан биін қою мен үшін 500 долларға түсті.

- Киімдерді көбіне өзің тігесің бе? Білуімше, киім тігу, УШУ, Тай Зи Суань секілді дүниелерге әуесің бар.

- Өзімнің қиялымды іске қосып, арасында тігетінім бар. «Сақ» биі костюмінің бірінші нұсқасын өтетін шараға бір күн қалғанда тіктім. Шығыс биі костюмін бисермен тігу керек. Оған үш жыл уақытым кетті. Өте жақсы шықты. Өзің тіккен киімің де билеп тұрғанда шабыттандырады. «Сақ» биі киімінің екінші нұсқасын белгілі модельер Гүлмаржан Махамбет тігіп берді.

Соңғы кезде УШУ,  Тайцзи Суаньге де қызығушылығым оянып келеді. Бірақ, бұл жөнінде айту әзірге ерте секілді.

- Атырауға бірден училищені бітіріп келдің бе?

- Алматыдағы оқуды бітіргеннен кейін Астанаға бардым. Онда президенттік оркестрге жұмысқа тұрдық. Пәтер бергенімен, жалақы төлеуде қиындық туды. Жалақымыз берілмеген соң, Алматыға кетіп қалдым. Әнші Амангүл Орынбасарқызы Атырауға шақырып, ұсыныс айтты. 

- Бишілер бұрын зейнеткерлікке 35 жастан шығатын. Қазір бәрімен бірдей. Осы проблемаға қатысты пікіріңді білсек?

- Бұл мәселе әлі де көтеріледі. Өйткені, би деген жастықтың белгісі. Ертең жасың отыздан асып сахнаға шықсаң, сені көруге асық тұратын көп ешкім болмас деп ойлаймын. Қазір де мені кейде «концерт өткізгім келеді» десем, қарсылық білдіретіндер бар. Бірақ, олармен келіспеймін. Менің өзіндік мақсатым бар. Өзімнің отбасымды құрсам деп ойлаймын.

- Әңгімеңе рахмет!

Сұхбаттасқан Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

22 қыркүйек 2011, 16:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.